Сайтқа кіру Тіркелу
загрузка...

Мемлекеттік рәміздер - Тәуелсіздіктің кепілдемесі

Тақырыбы: Мемлекеттік рәміздер – Тәуелсіздіктің кепілдемесі
Мақсаты: Отанымызды сүюге, Қазақстан Республикасының рәміздерін қастерлеуге, туған елімізге адал қызмет етуге тәрбиелеу.
Көрнекілігі: Ту, Қазақстан Республикасының рәміздері туралы жазылған плакат, шарлар.
Барысы:
I. Кіріспе сөз. 1 - жүргізуші:
Құрметті ұстаздар, ата - аналар, қадірлі қонақтар және оқушылар!
1992 жылы 4 маусымда Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі мемлекеттік рәміздерді қабылдады. Мемлекеттік рәміздеріміз – Ту, Елтаңба, Әнұран.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасының авторлары – Жандарбек Мәлібеков пен Шота Уәлиханов. Елтаңбаның негізгі ойын білдіретін орталық элемент – шаңырақ. Шаңырақ – отбасы ынтымағы мен тыныштықтың нышаны. Қазақта «Шаңырағың биік, керегең кең, босағаң берік болсын» деген тілек сөз бар. Елтаңба авторлары осы сөздерді басшылыққа алған. Уықтар - әлемдегі жылу мен тіршілік нышаны – күн сәулесін еске салады.
Шаңырақ пен уықтар біздің Отанымызда тыныштықта жарасымды өмір сүріп жатқан көптеген халықтардың бірлігін көрсетеді.
Қазақстан Республикасының Елтаңбасының бір бөлігі ертедегі қанатты тұлпар. Пырақ – тұлпар биікке ұшуды, болашақты арман етуді бейнелейді. Пырақтың қанаттары шаңырақты – біздің ортақ үйімізді сақтайды. Алтын жұлдыз – ол биік ойлар белгісі. Елтаңбаның жоғарғы жағындағы бес бұрыш – бақытты өмірге жол сілтейтін жарық жұлдыздың белгісі. Төменгі жағындағы «Қазақстан» деген жазу республиканың атын көрсетеді. Масақ Отанымыздың байлығы іспеттес.
1 - оқушы:
Алтын қанат көмкерген,
Шаңырақ бар, уық бар.
Әсем бейне сен көрген,
Жай бейне емес ұғып ал!
Сүйсіндірген өзіңді,
Түсіне біл таңбаны.
Аңызда ұшқыр, төзімді
Пырақ - халық арманы.
Көгілдір түс аясы,
Бейбіт дала елесі.
Шаңырақ - жұрт панасы,
Уықтар - күн сәулесі.
Жоғарыда түсер көз,
Бес тармақты жұлдызға,
Ал, «Қазақстан» деген сөз,
Таныс барлық ұл - қызға.
Мағыналы, сымбатты
Бар осындай белгіміз.
Маған, саған қымбатты
Елтаңбасы ол - елімнің!
2 - жүргізуші:
Егер де Туға тұтас зер салсаң, автордың оны жасағанда үлкен мазмұнды ойластырғаны байқалады. Ол жер жүзінде әлемге нұрын шашқан Күн сәулесі астында қияға қанат қаққан қыран - тыныштық пен баянды өмірдің белгісі, ал ою - өрнек тудың қай елдікі екенін аңғартады.
Тудың авторы – Шәкен Оңдасынұлы Ниязбеков белгілі монументші - суретші. Біздің туымыз – көгілдір түсті, тік төртбұрышты мата. Ол бірлік пен аман - есендікті көрсетеді. Оның қақ ортасындағы сәулесін шашқан алтын Күн – тыныштық пен байлықтың белгісі.
Қазақ халқы сонау ерте заманнан бері қыранды киелі, қасиетті құс деп есептеген. Туда қыранның орын алуы тәуелсіздік алған Қазақстан қыран сияқты биікте болсын, қыран сияқты ғұмыры ұзақ болсын деген ойдан туған.
Тудың сабын бойлай ұлттық ою - өрнек салынған тік жолақ қазақ елінің өзіндік сипатын, танымдық бейнесін көрсетеді.
2 - оқушы:
Аспан түстес көгілдір,
Тік бұрышты матаның,
Ортасында төгіп нұр,
Күн жаяды шапағын.
Еске белгі - ұрандар,
Сары алтындай сақталған,
Күн, шұғыла, қыран да,
Алтын түспен апталған.
Астында оның қалқыған,
Қыран құстың бейнесін,
Азат елдің шалқыған,
Көңілі деп білерсің.
Сол жағында матаның,
Қызыл түсті жолақ тік.
Мұратындай атаның,
Әсем өрнек ол - ұлттық.
Көк байрағы бабаның -
Бүгінгі ұрпақ алауы,
Мияты әке, баланың -
Қазақстан Жалауы!
1 - жүргізуші: Кез келген мемлекеттік рәміздердің ең маңыздысы – Әнұран. Әнұран мемлекеттің салтанатты әні. Ол халықты әйгілі етеді. Оның сөздерінде халықтың мыңдаған жылғы тарихы, бүгінгі өмірі мен келешек арманы айтылған. Әнұранды түрегеліп, жүректің тұсына қолдарын қойып айтады. Бұл өз мемлекетіңе деген құрметті көрсетеді. Халық өмір салтын бүгінгі тіршілігі мен келешек армандарын, мың жылғы тарихын осы әнге сыйғызған.
2006 жылғы 7 қаңтардағы Конституциялық заңға сәйкес ҚР - ның Мемлекеттік Әнұранының музыкалық редакциясы мен мәтіні жаңа редакцияда жазылды. Мемлекеттік Әнұранның авторы Шәмші Қалдаяқов, сөзін жазғандар Жұмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Назарбаев.
Алғашқы рет Қазақстан Республикасының Әнұраны ретінде
«Менің Қазақстаным» әні 10 қаңтарда 2006 жылы, Елбасын ұлықтау рәсімінде орындалды.
Бұл Әнұранның сөзі республикамыздың барлық халықтарының жүрегіне жақын, жұрттың бәрінің көңілінен шыққан, терең отаншылдық сезімдегі ән.
3 - оқушы:
Әнұраным – жан ұраным
Айтар әнім, сөйлер сөзім
Туған жерім сағынарым
Бақыт - бірлік күн талабы.
Тоқтамайды дабыр әні
Мәңгі бақи шырқалады
Республикам Әнұраны!
2 - жүргізуші:
Қазақстан - туымен тұғырлы,
Елтаңбасымен еңселі.
Әнұранымен айбарлы.
Ендеше Мемлекеттік рәміздер жайлы өлең - жырларға кезек берейік.
1 - оқушы:
Бейнелеп сан ғасырды
Елтаңбасы елімнің,
Таратады хас үлгі
Киесіндей жерімнің.
Бабам тұлпар жаратты,
Құлынында танып - ақ.
Тұлпар барда қанатты,
Шайқалмайды шаңырақ.
Тәуелсіздік көркі ол да,
Өркениет өрінде.
Нұр төгеді елтаңба
Ақ орданың төрінде.
Тұғырлы туымыз.

2 - оқушы:
Айнымайды аспаннан
Біздің тудың болуы
Оны халық қашанда
Биікке іліп қояды.

Жанатын да өзі отша
Жалын шарпып бетіңді
Туымыз да қазақша
Сөйлеп тұрған секілді.

3 - оқушы:
Барша халық таныған
Біздің үміт, тілекті.
Шырқалғанда әнұран
Шаттық кернер жүректі
Жеңіс туын көтерген
Жарыстарда сан қилы,
Жетіп бізге шетелден
Көкке әнұран шалқиды.
Шәмші атаның сазды үні
Жігер беріп қайратты,
Бәрімізді мәз қылып,
Жаңғыртады аймақты.
Қатар шапқан қос тұлпар,
Ай астында қазақ үй
Қалықтаған жас сұңқар,
Шарықтаған таза күй.
Бұл таңбасы елімнің,
Елдігімнің белгісі.

4 - оқушы: Бәрі болған қазақ сынды көне елде,
Ел белгі де, ерлік, өрлік, өнерде.
Жаһандағы ең жауынгер халықта,
Кім сенеді,
Ту болмады дегенге?
5 - оқушы: Батырлыққа уызынан жарылған,
Ер түркіні байрағынан таныған.
Өзі ақын, өзі әнші халықта,
Кім айта алар,
Болмаған деп, - Әнұран?!
6 - оқушы:
Бас білгізіп жер тарпыған тарпаңға,
Жасы тұрмақ, шығады екен қарты аңға.
Қалай оның Елтаңбасы болмайды,
Түлігіне дейін салса ең – таңба?!
7 - оқушы:
Желбірейді шалықтап,
Қазақстан Жалауы.
Көкте қыран қалықтап,
Қанат қағып барады.

Ұлттық өрнек мұрамыз,
Адастырмас мұраттай.
Нық көтеріп тұрамыз,
Жалауды біз құлатпай.

1 - жүргізуші: Мемлекеттік рәміздерді қадірлеу тәуелсіз Қазақстанның әрбір азаматының қасиетті борышы. «Біз Тәуелсіздікке аңсап, зарығып жеттік. Енді сол тәуелсіздіктің қасиетті белгілерін де ерекше қадірлеуіміз, қастерлеуіміз керек. Әрбір азамат Қазақстанның Туын, Елтаңбасын, Әнұранын тұмардай қасиет тұтуы қажет. Елдігіміздің сыналатын бір тұсы - осы»,- деген Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев.
2 - жүргізуші: Қазақ елінде тұратын және оны өз отаным деп білетін әрбір азамат жүрегінің терең түкпірінде сақтап, қашанда жадында ұстауы керек. Бұл баршамыздың туған ел алдындағы перзенттік борышымыз! Осымен әдеби - музыкалық кешіміз аяқталды. Егемендігіміз мәңгілік жасасын!
Кері қайту
Загрузка...
Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
загрузка...
Абайдың қара сөздері, Ашық сабақ, Бастауыш, Информатика, Мұқағали Мақатаев, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері, Русский язык, Сабақ жоспары, Тәуелсіздік, Физика, Химия, абай құнанбаев қара сөздері, абай құнанбайұлының қара сөздері, ана тілі, ашық тәрбие сағаты, ағылшын тілі, ағылшын тілінен сабақ жоспары, бала-бақша, балабақша, бастауыш сынып, баяндама, биология, география, дүниетану, математика, математикадан сабақ жоспары, презентация, сайыс, сайыс сабақ, сауат ашу, сценарий, тарих, тақпақ, технология, тәрбие сағаты, Қазақ әдебиеті, қазақ тілі, қазақ тілінен сабақ жоспары, қысқа мерзімді жоспар, өлең

Барлық тегтерді көрсету