Сайтқа кіру Тіркелу

Ақиқаттан айнымаған қалам

Тақырыбы: «Ақиқаттан айнымаған қалам»
Мақсаты: Жазушының өмірі мен шығармаларымен таныстыру.
Өлеңдерін мәнерлеп оқу.
Көрнекіліктер: Ақынның портреті, кітаптары, «Ақтөбе» газеті 2008 жыл тамыз
Барысы: Ұйымдастыру
Жерлес жазушы Өтежан Нұрғалиев ағамыз биыл 70 жасқа толды. Өтежан Нұрғалиев 1938 жылы 15 тамызда Байғанин ауданы Ақжар ұжымшарында дүниеге келген. Көрнекті қазақ ақыны қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін 1964 жылы бітірген. «Жалын» баспасында редактор, қазақ телевизиясында қызметкер болды. Қазақ поэзиясында өзгеше құбылыс ала келген ақын оның «Менің махаббатым» ( 1962 жылы), «Ақ нөсер» (1968 ж), «Нөсерден кейін» (1969 ж), «Кәмелет» (1971 ж), «Ай астында ақ боз үй» (1972 ж), «Қайыңды тоғай» (1973ж), «Соғыстың соңғы жазы» кітаптары жарық көріп оқырмандардың жоғары бағасын алды.
1 - оқушы:
Өтежан аға - өз бағасын баяғыда алған, қазақтың ұлы ақындарының бірі. Ақын інілеріміздің бірі айтқандай көзі тірісінде аңызға айналған ақындардың бірі.
«Соғыстың соңғы жазында» Өтежан типтік тұлғалардың жалпы қазаққа ортақ галереясын жасады. Ал «Афины мектебі» кітабы көпшіліктің сауаты жете бермейтін философиялық туынды екенін ашық айтуды және артықтығы жоқ.. Расында да әлемдік философия мен әлемдік әдебиетті білетіндер аса көп емес қой. Әдетте бізде ақынның алдын - ала жасалып қойылған қалыпты түр сипаты болады. Ал бұл кісі ол қалыпқа сыймайды, өзіне ғана ұқсайды. Бұл кісіні ешкім қайталамай алмайды. Еліктігіміз келеді қолымыздан келмейді.
«Жауынның алдында» өлеңі
Бұлттарды сабап күйініп
Найзағай әбден шаршады.
Жібермей бұлтты иіріп
Кемпірқосақ қоршады....
- Нөсерлі еді найзағай
Шыбыртқы соққан шартылың
Бұлттарды түріп айдамай
Қуатың қайда, жарқыным!?
Тіл қатты таулар осылай
Аспанның найзағайына
Қаһары келіп найзадай
Таулардың қайрағанына
Ашумен жұлып кетті де
Жартысын кемпірқосақтың
Қосақтап қойған тамшыны
Қылышпен кесіп босатты.
Шөлдеген жерді шолғандай
Тамшылар бір сәт бөгелді.
Енесін көріп қалғандай
Жамырап жерге жөнелді
2 - оқушы:
Қасиетті Байғанин өңірінен қазақ өлеңінің топырағын құнарландырып, көк жиегін кеңіткен талантты ақындар көп шықты. Соның бірі - Өтежан Нұрғалиев
«Ол осыдан біраз уақыт бұрын өзінің өте сәтті қадамымен – жасандылықтан ада, жатық табиғи да төгілмелі, өрісі кең өлеңдерімен жыр құмар әлеуметтің ықыласын иеленген болатын. Алғашқы махаббат, бақытты да баянсыз жастық, керім даланың көз жауын алатын әдемі суреттері әсем өрнегін тауып, қанық бояуларымен қайта бір тірілген кезде, кім де болса өлең авторына деген ризашылығын жасыра алмастай жағдайда қалар еді»,- деп Әбдіраштың жарасқаны жазғандай, алпысыншы жылдарда жарқ етіп шығып өлеңдерінің шынайылығымен жұртты баулап алған Өтежан ақын сол деңгейден түскен жоқ. Аты аңызға айналған ақынның өлеңдерін жыр құмар қауым іздеп жүріп оқып, әр кітабын асыға күтті.
3 - оқушы:
«Сағындым, анам мен сені» өлеңі
Алдымда биік таулар бар
Таулар биік еңселі!...
Самал жел соқты сайлардан
Сағындым анам мен сені!
Көгілдір көкте қыран жүр
Мекендеп бұлттың ар жағын
«Жан анам» аты бұл әннің
әнімді саған арнадым!
Келемін алыс аймақтан
Жылдарды желге қалдырып
Сағындым асыл анамды
Тауларды айттым ән қылып
Алтынды күннің нұрымен
Бұлттарға жаздым жандырып
Мәңгілік өмір сен сүрсең
Сағына берем мәңгілік
4 – оқушы.
Әсіресе, оның төрт жинақтан түзілген «Соғыстың соңғы жазы» атты кітабын жұртшылық жеңсік астай қабылданды. Ақынның әр жылдарда жарық көрген «Менің махаббатым», «Ақ нөсер», «Нөсерден кейін», «Кемпірқосақ», «Ай астында ақбоз үй», «Қайыңды тоғай», «Таңдамалы», «Соғыстың соңғы жазы», «Тыныштық», «Афины мектебі», секілді жыр кітаптары қазақ өлеңін мың санбояулармен байытып, деңгейін бір саты көтерді. Өтежан ақынның тума жырлары өзінен кейінгі ақындарға қатты әсер етті. Сол тума бұлақтан мейірі қана ішкендер бірте – бірте өз арнасын тапты. Тамырын Өтежан өлеңдерінің топырағынан тартқан нәп – нәзік шыбықтар бір – бір бәйтерекке айналды.
5 – оқушы.
«Өлекселер қашатын тірілерше, өксіп жүрген өлеңнің тілі келсе» дейді Жұматай Жақыпбаев Мұқағали туралы өлеңінде. Біздіңше, осы теңеу Өтежан Нұрғалиевке де келетін сияқты. Оның қалыпқа сыймайтын ой пікірлері кей адамдарға ұнай бермегенімен бұқара арасында ерекше ілтипатқа ие. Ағамыз сұхбат берген газет – журналдарды елдің іздеп жүріп оқитыны содан.

Мен не берем?
Ақ көшек арымменен
Аспаныңды бояйтын жалын берем.
Көктеміңнен төсіне гүл боп қонам.
Базар болып бойдағы барымменен.
Оранып ап үлде мен бүлделерге.
Кемпірқосақ төгемін шілделерге.
Бұлбұлдарға бітпеген салтанатпен
Күй шертемін тотыдай түрленем де
Көкірекке керемет енсе енді.
Сол енген күй тек саған сүйенсе еді.
Майыспайтын терегім – туған халқым,
Саған ғана сенемін, сүйем сені! – деп жырлаған ақын, мінеки, жетпіске толып, сол қуанышын бөліскелі ауылымызға келді. Өзінің туған жері – Жарқамыста ақынмен кездесу өткізілді. Оқушы кезінде математика пәнін үздік оқыған Өтежан ақынның ұстазы Нұрман Тампилов, ақынның бала жастан бірге өскен Асау Алдабергенов шерткен сыр көптің көңілін жібітті. Ал бұдан соң Төбегеңге барды.
- Мынау тақырланған жер Өтежанның үйінің орны. Тап осы жерде осыдан дәл 70 жыл бұрын 15 тамызда қазаққа белгілі Өтежан ағаларыңның кіндігі кесілген екен. Кезінде бұл жер тек шабындық еді, енді, міне, жиде тал өсіп орман болып жатыр. Анау жерден беріректе бұлақтың көзі ашылды. Осы арадан Өтежан сонау 3 - 4 шақырым жердегі Жарқамысқа жаяу қатынап оқитын. Мына мүйісте біздің аталарымыздың аты берілген Кәдірқұл бұлағы деген бұлақ бар. Өтежан сабаққа жаяу жүгіріп бара жатып сол бұлақтан су ішіп алады екен, - деп әңгіме сабақтады Өтежан ағаның құрдасы Асау ақсақал.
- Осы жерде қырық бұлақ бар. Жердің бетінде бұдан артық қасиетті жер жоқ. Бұл Төбегеңнің атын шығаруға тиіспіз.
Жүргем жоқ Төбегеңде жалғыз болып,
Ымыртта түндігіме байғыз қонып.
Болса да жасы кіші, жаны құрдас.
Ойнайды ерке өлеңім балдыз болып, - деген өлеңімді осы жерде 18 жасымда жазып едім, - деп еске түсіреді Өтежан ақын.
6 – оқушы.
Ө. Нұрғалиев өлеңінің топырағы да, тақырыбы да өзі елі, өз жері, тіпті керек десеңіз өз ауылы.

«Барсаң сәлем айта бар Байғанинге!» өлеңі.
Ақ қағаздан қорқушы ем нүктесі жоқ,
Айдаладан қорқушы ем бүкпесі көп.
Нүктесін де көп көрдім, бүкпесін де,
Маған сірә, бұл жердің өкпесі жоқ.
Ерғараның иесіз орманында
Таңды көрдім Ақтамда қонғанымда
Күнді көрдім мен тұңғыш құмға батқан
Қызыл жирен Құмсайдың Ар жағында.
Атты көрдім аяғы тұсалмаған
Құсты көрдім аспанға ұша алмаған
Айдын көлдің, аққуын сонда көрдім
Құшамын деп, құшам деп, құша алмаған.
Өтті, кетті жасық боп – жыламаймын.
Өткен күнді еске алам, сынамаймын
Жемнің арғы бетінде құлан құсап,
Жылқылары жүр ме екен Жұмабайдың?
Жауды көрсе әлі де ақия ма,
Тар болмай ма жетпіс жас тақияға
Бір тай мінер уақытым болды менің.
Барсаң, сәлем бере шық Жақияға.
Сәлем беріп, мен болып тайға мін де,
Барсаң сәлем айта бар Байғанинге,
Анда – санда құлап сап жүр дегейсің.
Жүрегенде жоғалмай қалған үнге.
7 – оқушы.
Ол қалдырған күй даланы кернейді,
Ұшқан аттай құс қанатын сермейді.
Тыңдар құлақ тығындалып қалмаса,
Басқа өлсе де Абай сөзі өлмейді.
Омырауды бояп аққан жас құсап,
Өткен сөзге жаңа мезгіл, аш құшақ.
Біз жетпейтін замандарға жетсін ол
Жұлдыздардан жеткен бізге тас құсап.

8 – оқушы «Ыбырай» өлеңі.
Алтынсың, сен қазаққа Ыбырайсың,
Кеше туған жұлдыз ең, бүгін айсың.
Кел, балалар, оқылық, оқылық деп
Ғасырлардың үстімен зымырайсың.
Хат тануға жетер деп аз ғана күй,
Тарылғанда ететін талғажау үй
Кембағылдың ашсын деп көкірегін
Сені оқытқан ер екен Балғожа би!
Қолдарыңнан сенің көп жұмыс кеп тұр,
Жолдарыңнан сендердің ырыс кеп тұр.
Абай, Шоқан, Ыбырай бір кеңседе
Бірі ақын, бірі поручик, инспектор.
Үшеуің үш торапта жанып апсың.
Төрінде тарихтың қалып апсың,
Белгісі қазақтықтың: үш кемеңгер
Үшеуің бір – біріңді танымапсың.
9 – оқушы.
«Жаяу Мұса» өлеңі.
Ақынның кей мінезі баладай – ау,
Ән салса ол қала да ояу, дала да ояу.
Болғанмен аты Жаяу – Жаяу Мұса
Ұқсайды болмағанға қара жаяу
Не жетсін ат шіркінге желіп кетер,
Желіп кетсең қайғыны бөліп кетер.
Намыстың құлы болған Жаяу Мұса
«Жаяусың» деген сөзден өліп кетер.
Әрине, тағдыр басқа, дарын басқа,
Ат түгіл, кетер қолдан қарындас та
Атыңды тартып алған арсыздарға
Ант еткенде шығарсың жалынбасқа.
Бұл қазақ берген дарындарды.
Дарыннан сөнбейтұғын жалын қалды.
Атынан айрылған жалғыз жаяу
Артында аңыз болған әкең қалды.
Кері қайту
Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Абайдың қара сөздері, Ашық сабақ, Бастауыш, Информатика, Мақала, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері, Ресей, Русский язык, Сабақ жоспары, Тәуелсіздік, Физика, Химия, абай құнанбаев қара сөздері, абай құнанбайұлының қара сөздері, ана тілі, ағылшын тілі, бала-бақша, балабақша, бастауыш сынып, баяндама, биология, география, дүниетану, жыр, математика, нақыл сөздер, презентация, сайыс, сайыс сабақ, сценарий, тарих, тақпақ, технология, тәрбие сағаты, Қазақ әдебиеті, Қазақстан, қазақ тілі, қазақ тілінен сабақ жоспары, қысқа мерзімді жоспар, өлең

Барлық тегтерді көрсету
×