Сайтқа кіру Тіркелу

«Ата салтым - асыл қазынам»

«Ата салтым - асыл қазынам»

Мақсаты: Ұлттық сананы ояту, тәрбиелеу, жас ұрпақ санасына, туған халқына деген құрмет, сүйіспеншілік, мақтаныш сезімін ұялату, ұлттық рухты сіңіру. Ана тілін, ділін, дінін, оның тарихын, мәдениетін, өмірін, кәсібін қастерлеп, салт - дәстүрін, рухани - мәдени мұраларын менгеру.

Мұғалім: «Ата көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» дегендей, ата - бабаларымыз ұл - қыздарын жасынан бастап сан алуан іс - әрекетпен, жауапкершілікті талап ететін еңбекпен тәрбиеленген. Ер баланы бес жасынан тай жалын тартып мінуге жарағаннан бастап, оны қолғанат деп есептеген. «Жігітке жеті өнер де аздық етеді» деп халқымыз ер баланы төрт түлік малды бағып - күтуге, жер қыртысын, өсімдік түрлерін білуге, қараңғы түндерде жұлдызды аспанға қарап бағыт - бағдарды белгілеп, қоныс - суды дәл табуға үйреткен.

1 - жүргізуші:
Уа, ағайын, ұмытпа ата дәстүрін,
Баста әркез жақсы өнеге, жақсы ырым.
Қамқорлай жүр, тіл дініңді, салтымды
Жоғары ұста өз ұлтыңның асылын.

II - жүргізуші.
Қарсы тұрғын қылығына жаманның,
Оң іс баста ақта сүтін анаңның
Ғылым үйрен, сәтті болар қадамың,
Шымда қыран елдік, ұлттық сананың
Арын ойла атаң, анаң, бабаңның,
Бірлік сақта жеткенімше шамаңның
Сөзін жатта, ұғын терең данаңның,
Ұлы болған мынау байтақ далаңның.

I - жүргізуші. Жақсы ұрпақтың санасында туған халқына деген құрметтеуді, сүйіспеншілікті, ана тілін, дінін, тарихын, рухани - мәдени мұраларын құрметтеуге арналған қасиетті қара шаңырағымыз Д. Байбосынов атындағы мектеп гимназиясында өткелі тұрған «Ата салтым, асыл қазынам» атты тәрбиелік шарамызға қош келдіңіздер.

Айсұлу:
Ата салтым – асыл мұрам, ардағым,
Бабалардың жалғастырар арманын.
Сан ғасырда қалпын бұзбас қадірім,
Өткенімді бүгінменен жалғадым.

Асан:
Қазағымның салт - дәстүрі жаңғырған,
Тәлімді ой сынағы, тәрбие көзі қалдырған.
Салт - дәстүрді ардақтайық, ағайын.
Қазақ атты үлкен, кіші, балдырған.

Абдулазиз
Жиналыппыз, сәтті күні бәріміз де,
Үлкен, кіші, жасымыз, кәріміз де.
Төрлетіңіз, қадірменді қонақтар,
Гүл - гүл жайнап мына біздің төріміз.

II - жүргізуші. Қазақ даласының қазақ аулында кіндігіміз кесіліп, туған халқымыздың әдет - ғұрпын қалаудай қалап, дәстүрін жадымызға жылудай жинап, асыл тілін аманаттай ардақтайтын, дінін діліме тұмардай тоғып салтын санамызға сыбағадай сақтап, және солардың бәрі құрандай қастерлеп өсіп, ер жеттік. «Ырым етсең адал ет, жамандықтан аман ет» атты ырым - тиымдарға арналған көрініс.

Көрініс:
Әже: Ауылға қонақ келсе, ырыздығын ала келеді деген, кәне, келіңдер қазан көтеріңіздер.
Келін: - Ия, ене, біз қазан көтеріп, аз мәзірін дайындап та қойғанбыз!
Әже: Кәне, жиналып дастархан басына келіңіздер.
- Әй, Берік, Бекжан, Ислам кәне дастарханға келіндер! (қолын жуғасын, Берік қолын сілкіп қалады.)
Әже: - Бәріңе сабақ болсын, естеріңде жүрсін! Сен қолыңды жуған соң бірнеше сілкідің. Бұл өз ырыс - несібіңді төккенің, суыңды айналаға шашып, әдепсіздікке бөккенің. Жаман ырымды бастама, ақылсыздықты жұрт алдына тастама.
Бекжан бір қолымен нанды үзіп жейді де, үгіндісін тастайды.
Әжесі: Нанды бір қолымен үзу деген киелі асты қорлаумен бірдей. Ертеде халқымыздың ұғымында нан уағын тастама «обал» болады, «жеп қойсаң бай боласын» деп тәрбиелеген.
Бекжан: Әже, кешірерсіз енді қайталамаймын. Асыңызға рахмет.
Әже: - Ойбай мына пышағы түскірдің жүзі шалқасынан жатыпты ғой жөндеп қойыңдар. Ол кездейсоқ пәлеге ұрындырар.
(Осы кезде 1 бала төрде тұрған домбыраны ат қылып мінеді.
Келін: Домбыра қазақтың қасиетті дүниесі. Оны тарта алмасаң да, қадірлей біл. Өнерін қастерлей білмеген қазақтың баласы туған халқының жанын түсінбеген адам, тамыры шабылған ағашпен тең. Соны есте сақта!

1 жүргізуші
Қазақ халқының салт - дәстүрі болашақтың айқын көрінісіне үлесін тигізеді. Сауатты да, салмақты, адамгершілік қасиеті мол жас ұрпақ салт - дәстүр, әдет - ғұрыппен өте тығыз байланыста.

Аяулым:
Шілдехана – сәби дүниеге келген соң бір жеті бойы ана мен баланы күтіп, оның көңілін көтеріп, оның қасына дастархан жаю әдеті. Қазақ елінің әр түкпірінде бұл рәсім әр қалай өтеді. Сол күні баланы шілде суына шомылдырып, сыңғырлаған тиындар салады, балаға денсаулықпен бірге байлық та тілейді. Шілдехана өткізілетін күні ана әбден сорпаланып өзінің шілде терін шығаруы тиіс.

Меруерт:
Қырқынан шығару – бөбек дүниеге келген соң 40 күннен соң оның алғаш рет шашы мен тырнағы алынып, бесікке салу рәсімі орындалады.

Айжан:
Есімін атау (ат қою) – бұл рәсім ұлағатты кісіге жүктеледі.. Ат қою «көз тимесін» деген оймен қойылады. Ат таңдалғаннан кейін баланың құлағына 3 қайтара айтылады.

2 Жүргізуші:
Бесікке салу – бұл кішігірім той ретінде өтеді. Бесікке салу немесе бөлеу тәжірибелі әжеге немесе анаға жүктеледі. Бесікті түбегімен, жабдығымен кіндік шеше алып келеді, Бесіктің түбегі орналасқан жерден кішкене бұршақ тәрізді тоқаштар өткізіліп, оны «тыштырма» деп айтады. Осы жерде жиналған аналар бесік жырларын айтады.

Зәуре
Алас, алас, баладан алас,
Иесі келді, пәлесі көш!
Алас, алас, бәледен алас,
Көзі жаманның көзінен алас!
Тілі жаманның тілінен алас!
Қырық қабырғасынан алас,
Отыз омыртқасынан алас!
Алас, алас, аласы,
Келді, міне, баласы.
Көш, көш, пәлесі,
Келді, міне, егесі.

Меруерт
Әлди, әлди, ақ бөпем,
Ақ бесікке жат, бөпем!
Жылама, бөпем, жылама,
Жілік шағып берейін,
Байқұтанның құйрығын
Жіпке тағып берейін.
Әлди, әлди, аппағым,
Қойдың жүні – қалпағың.
Жұртқа жаман болса да,
Өзім сүйген аппағым.

1. жүргізуші: ән Шілдехана

Жадыра:
Тұсау кесер – бір жасқа толып еркін жүре бастаған бал бөбектің басқан қадамы құтты болып, одан әрі жаны жамандық көрмей жақсы жүріп кетуіне тілек білдіру салтанаты ретінде өтеді. Бөбектің тұсауын ата - ананың қалауы кеседі. Тұсауы кесілген баланы «Ақ жол болсын» деп ақ орамалдың үстімен немесе жұмсақ болсын деп кілем үстімен жүргізеді.

Айзада:
Сүндетке отырғызу – ислам дінінде ер баланың жыныс мүшесіндегі тері бөлшегін кесу арқылы жасалатын ғұрып. Сүндет әуел баста араб халқының әдет - ғұрпы болатын Меккеде ер балалар 3 – 7 жасында сүндетке отырғызылады. Сүндетке отырғызылатын баланың құрметіне арналып той - думан жасалып, балаға ең әсем киімдер кигізіп, атпен серуендетеді Сүндетке отырғызатын адамды ерекше құрметтейді.

2 жүргізуші:
Беташар — қазақтың келін түсіргенде жасалатын салтының бірі.
Шымылдық ішінде отырған келіннің басына орамал жауып, той өтіп жатқан үйдің ең жақын, үлгілі келіндері екі жағынан қолтықтап алып шығады. Орамалдың теңге түйілген ұшын домбыраның мойнына не таяқтың ұшына байлап, жырау беташар жырын бастайды. Ол шаңыраққа жаңа түскен келінге ата - енесін, үй - ішін таныстырады, қандай туысқандық жақындығы бар екенін, беделін, қадір - қасиетін шебер тілімен жеткізіп, әрқайсысына жеке - жеке сәлем жасатады.

Аида:
Шашу, шашу, шашайық,
Ақ сандықты ашайық.
Бұл мереке, бұл тойда
Керемет рәсім жасайық!
Шашу — дәстүрлі қазақ қоғамындағы ұлттық әдет - ғұрып. Шашу бала туылғанда, тұсау кескенде, сүндетке отырғызылғанда, келін түскенде, күйеу келгенде, отау көтергенде т. б. қуанышты жағдайларға байланысты шашылатын құрт, ірімшік, өрік - мейіз, кәмпит жиынтығы. Шашуды, әдетте жасы үлкен әйелдер, әжелер шашады да, оны жастар, балалар теріп алады. Кейде тойдан тәбәрік ретінде үлкендер де алып, үйдегі жас балаларына апарып береді.

2 жүргізуші: жігіттердің орындауында ән

1 Жүргізуші:
Бүгінгі кешіміз қызықты өту үшін келесі танымды ойынға берейік. Мына қоржында асықтар салынған. Ол асықтардың бетінде сан жазылған. Қоржыннан кез келген бір асықты аласыңдар. Шыққан сол санға байланысты сұрақ қоямыз, кім көп жауап береді екен?

1 - сұрақ
Жігіттің үш жақын жұртын ата.
(Ағайын жұрт, нағашы жұрт, қайын жұрт.)

2 - сұрақ
Төрт қонақты ата
Арнайы қонақ, құдайы қонақ, қыдырма қонақ, Қылғыма қонақ.

3 - сұрақ
Төрт түліктің пірін атаңыз.
Түйе пірі - Ойсыл қара, жылқы пірі - қамбар ата, сиыр пірі - Зеңгір баба,
қой пірі - Шопан ата, ешкі пірі - Шекшек ата.

4 - сұрақ
Бес дұшпанды ата
(Өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекермал шашпақ.)

5 - сұрақ
Үш мақсатты ата.
(Жол мақсаты - жету, дау мақсаты - біту, сауда мақсаты - ұту.)

6 - сұрақ
Үш арсызды ата.
(Ұйқы арсыз, күлкі арсыз, тамақ арсыз.)

7 - сұрақ
Үш алысты ата
Кәрі мен жас, жақсы мен жаман, алыс пен жақын.

8 - сұрақ
Бес қаруға нелер жатады?
(Мылтық, садақ, найза, қылыш, айбалта.)

9 - сұрақ
Жеті жұтты ата
(Құрғақшылық, мал жұтау, оба, өрт, соғыс, жер сілкіну, сел (тасқын)

10 - сұрақ
Жеті атаны таратыңыз.
(Әке, бала, немере, шөбере, шөпшек, немене, туажат.)

1 Жүргізуші: Келесі кезекте мың бұралған бишілеріміз алдарыңызда өнерін көрсетеді.

2 - ші жүргізуші.
Дәстүрдің жақсылығын қарсы алайық,
Достықтың құдыретін бағалайық.
Сарғайған санамызда сарқыншақтай
Арылып жан сарайын тазалайық

Ойын
Айзада: - Қыздар, жігіттер мен бір сақина салмақ ойнын ойнатайын деп едім. Бұл ойынның шарты тіпті оңай. «Бір, екі, үш сақина ұш» дегенде сақина салынған адам орнынан лезде тұру керек.- дейді. Ойын ойналады.
- Бұл ойында Бекзат сен бір осалдық таныттың.
- Кәне, кәне, өнеріңді көрсет.( Қыздар сықылықтап күледі).
- Көрсетсем, көрсетейін. Ал қанекей жігіттер!
Жігіттердің орындауында би.

2 - жүргізуші: Енді салт - дәстүрлеріміздің келесі ойындар түріне қысқаша тоқталып өтейік.

АУДАРЫСПАҚ - бұл ойынға екі ер бала қатысады. Бір - бірін арқалап та немесе ересек балалар болатын болса ат үстінде отырып бірін - бірі аударып аттан құлатуы керек.

АСЫҚ ОЙНАУ - бірнеше балалар жиылып алып асық атысып ойналады. Әрбір асықтың құлағаны әртүрлі есептелініп, әртүрлі аталады.

АҚСҮЙЕК – ақсүек алысқа лақтырылады, яғни кешқұрым уақытта оны тауып алу қиынырақ, сондықтан бұл ойынның қызығы кім бірінші іздеп тапса сол жеңімпаз. Ауыл жастары жиналып іздеуге кіріседі, таппай артынан оралған адам не өлең, не болмаса жұмбақ жасырып, яки өлең айтып беруі керек.

АРҚАН ТАРТЫС - арқанның екі жағына балалар бөлініп тұрады да тартысады. Қай жақ жылдамдық танытып бірінші өз жағына тартып алса сол топ жеңімпаз атанады.

1 - жүргізуші: Келесі кезекте ән «Қазақы дастарханым»

Бекжан:
Жеті қазына — қазақтың дәстүрлі дүниетанымындағы философиялық түсініктердің бірі. Қазақ халқы Жеті қазынаны ер жігіттің өмірімен байланыстырып, оның ұғымына мыналарды жатқызады:
жүйрік ат;
қыран бүркіт;
құмай тазы;
берен мылтық;
қанды ауыз қақпан;
майланғыш ау;
өткір кездік.
Ер жігіттің жүйрік аты — қанаты. Қыран бүркіт — қуаты. Құмай тазысы — абыройын асырар сенімді серігі. Мылтығы — қаһарлы оты. Қақпаны — серті, ауы — әдіс - айласы, кездігі — сұсы. Халық Жеті қазынаны өмір қажетіне негіз етіп таратқан. Қазақ халқының Жеті қазынаны — жеті ырыс деп атауының да мәні осында.

2 жүргізуші:
Өлең өнер дегенмен
Өнері бар, әні бар,
Бойжеткені елімнің.
Салт — дәстүрдің әр сөзін
Сақтап жүрген ойына дей отырып келесі кезекте қыздарымыздың орындауында би.

1 - жүргізуші: Құрметті ұстаздар, сіздерге де көңіл бөлген дұрыс сияқты. Қазақта конак - кәде деген бар. Олай болса сергіту сәтімізде сіздерге қояр тапсырмамыз: мына үзік - үзік сөздерден мақал құрастыру керек.

1. Ұяда… ұшқанда …
(Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің)

Ата… бала…
(Ата — бәйтерек, бала жапырақ)

Өле… бөле…
(Өле жегенше, бөле же)

Таяқ… сөз…
(Таяқ еттен өтеді, сөз сүйектен өтеді.)

Тентек… ақыл…
(Тентектің ақылы түстен кейін кіреді)

Сүйіндіреді… күйіндіреді…
(Жақсы сөз сүйіндіреді, жаман сөз күйіндіреді)

Мысық… тышқан…
(Мысыққа ойын керек, тышқанға өмір керек)

Мектеп… білім…
(Мектеп — кеме, білім — теңіз)

2 - жүргізуші: Құрметті оқушылар, бүгінгі біздің сабағымыздың мақсаты — заман өзгерсе де ұлттық салт - дәстүріміздің көнермейтіндігін еске салып, ұлттық мұраны кайта жаңғырту. Бүгінгі тәрбие сағатымызда өздеріңіз куә болған дәстүрлерді көкейлеріңізге тоқып, саналарыңызға сіңіріп алсаңыздар артық болмас.

1 - жүргізуші: «Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні бар» демекші, салтын сүйген әрбір жас ұрпақ болашақта халқын сүйетін, еліне адал қызмет ететін, тілінің, салт - дәстүрінің жанашыры болатындығына сенімдімін. Бүгінгі біздің «Ата салтым – асыл қазынам» атты ашық тәрбие сағаты өз мәресіне жетті, қатысқандарыңызға көп – көп рахмет!
Кері қайту
Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Абайдың қара сөздері, Ашық сабақ, Бастауыш, Информатика, Мақала, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері, Ресей, Русский язык, Сабақ жоспары, Тәуелсіздік, Физика, Химия, абай құнанбаев қара сөздері, абай құнанбайұлының қара сөздері, ана тілі, ағылшын тілі, бала-бақша, балабақша, бастауыш сынып, баяндама, биология, география, дүниетану, жыр, математика, нақыл сөздер, презентация, сайыс, сайыс сабақ, сценарий, тарих, тақпақ, технология, тәрбие сағаты, Қазақ әдебиеті, Қазақстан, қазақ тілі, қазақ тілінен сабақ жоспары, қысқа мерзімді жоспар, өлең

Барлық тегтерді көрсету
×