Сайтқа кіру Тіркелу
загрузка...

«Елімнің бақытын тербеткен Тәуелсіздік»

Тақырыбы: «Елімнің бақытын тербеткен Тәуелсіздік»
Мақсаты:
Білімділік - Оқушыларды еліміздің тәуелсіздік алғалы, жеткен жетістіктерімізбен таныстыру, білімдерін одан әрі толықтыру.
Дамытушылық - Отанды сүюге, болашақта отанымыз Қазақстанды өркендетуге білімді, білікті адамдар керек екенің аңғарту.
Тәрбиелік - Еліне деген сүйіспеншілігін арттыру, әдет - ғұрып, салт - дәстүрді сақтап, әрі қарай жалғастыруға тәрбиелеу.
Барысы:
1 - жүргізуші:
Құрметті ұстаздар, ата - аналар, оқушылар! Сіздерді еліміздің басты мерекесі Тәуелсіздік күнімен құттықтаймыз! Дендеріңізге саулық, отбастарыңыздың амандығын тілейміз!
2 - жүргізуші: Жыл артынан жылдар жүйткіп, уақыт шіркін толассыз зымырап өтіп жатыр. Енді міне дауыл тербеген теңіздей буырқанып, жолындағысының бәрін ырғалта шайқалтып, сол бір қастерлі де қасіретті күндерден бергі 26 жыл да тарих қойнауына тартып барады.
1 - жүргізуші: Желтоқсан бастауы - ғасырлар қойнауынан жалғасып келе жатқан ұлы тарихтың бір елесі.
2 - жүргізуші:
Дауылға желтоқсанның желі айналды,
Ашуға мінді Алатау кәрі айбарлы
«Күтпеген іс, ақыры не болар?» деп
Күллі әлем Алматыға қарай қалды.
1 - жүргізуші: 1986 жылғы 16 - желтоқсан - Үлкен өзгеріс күні. Алматыда Қазақстан компартиясы орталық комитетінің өте қысқа пленумы болды. 18 минут қана өткен пленум қазақ халқының тағдырын тас - талқан етті.
2 - жүргізуші: Жетпіс жыл бойы қыл бұрауға маталған Қазақ халқы 1986 - желтоқсан айында ұлтанның Сұлтан болып, тар жол тайғақ кешуден өтті.
1 - жүргізуші: Кез емес жаугершілік «аттан» атты,
Алаңның шеруі емес салтанатты,
Қытымыр қыстың басы сол бір айда
Желтоқсан желі әлемді жалт қаратты.
( «Менің Қазақстаным» әнін айтып қолдарына ұрандар көтерген қыз - жігіттер алаңға шығады, оларды таяқпен қуған солдаттардың көріністері сахнада көрсетіледі. Көрініс жүріп жатқанда жүргізушілер сахнаның екі жағында тұрып, өлең оқиды.)
1 - жүргізуші: Қасқалдақ ұшып көлінен,
Шүрегей келіп қонған күн
Қыранды қуып көгінен
Қарғалар билік алған күн.
2 - жүргізуші: Нашақор деп ұлтшыл деп,
Қазаққа күйе жаққан күн.
Базары кетіп бір күнде
Қайғыға халық батқан күн.
1 - жүргізуші: Қақаған қыстың ызғары,
Сүйектен өтіп кеткен күн.
Қаракөз қазақ қыздарын,
Жауыздар бастан тепкен күн!
2 - жүргізуші: Жігіттер итке таланып,
Ер басын күрек шапқан күн.
Аппақ қар қанға боялып,
Қып - қызыл мұз боп жатқан күн.
(Солдаттар жастарды алаңнан қуып әрі қарай кетеді. Екі солдат жаралы Қайратты сүйретіп әкеледі)
Қайрат: Қан, қан тағы да қан төгілген,
Отаршылдық жендеті, қанға әлі тоймап па ең?!
Бұрымдыны кекпен тепкен ішінен,
Айбарлыны аттап өткен үстінен,
Қан ішкізіп асфальтпенен сүйреген
Отаршылдық жендеті, қанға әлі тоймап пе ең?!
Тоймап па ең?!
Тоймап па ең?!
1 - жүргізуші: Алаңға 50 мың әскер, 20 мың милиция адамдары, 16 мыңдай жасақшылар шығарылды. Ал, шеруге 10 мыңдай қара көздеріміз шығып еді. Оларды аяусыз жазалады. Ақ қарды қызыл қанға бояды. Оларды машина – машинаға тиеп қала сыртына апарып төгіп жатты...
Қайрат: (Қайрат орнынан жұлқынып тұрып, жігерленіп:)
Күнәдан таза басым бар,
21 де жасым бар,
Қасқалдақтай қаным бар
Бозторғайдай жаным бар,
Алам десең алыңдар,
Қайрат деген атым бар
Қайрат деген затым бар,
«Еркек тоқты - құрбандық»
Атам десең атыңдар.
Қош аман бол артымда
Ағайын туыс азамат
Артымда қалған ата - анам,
Ел – жұртым саған аманат (екі солдат Қайратты алып кетеді)
(Осы жерде «Желтоқсан» әні айтылады)
2 - жүргізуші: (Музыка фонында)
Асыл сөздердің, асыл істің иесі, Қайрат 21 жасқа қараған шағында, тас түрменің 21 - камерасында, 21 мамыр күні жалдамалы қарақшының құрбаны болып кете барды.
1 - жүргізуші: Жалғыз шырылдағанда жан даусы шыққан тек Қайрат қана емес. Жаланың құрбандары боп қаншама қыршын жастар кетті емес пе? Шаңырақтар үміт күткен жалғыз ұлдан, арман етіп мәпелеген жалғыз қыздан айырылып, қара жамылып қалғаны қаншама?
2 - жүргізуші: Жылдар өтті... Ел еңсесін көтерді. Тәуелсіздікке қол жетті. Аяулы азаматтарымыз Ләззат, Ербол, Қайрат, Қайыргелділер толық ақталды. Қазақстан Жоғарағы сотының 1992 жылдың 21 ақпанындағы пленумының қаулысымен Қайрат Рысқұлбеков толық ақталды.
1 - жүргізуші: Арман орындалды. Еліміздің көк байрағы Астанамызда
желбіреп тұр. Өз ән ұранымыз бар. Енді Қазақстан ешкімнің бодауында бола алмайды. Тәуелсіздігіміз ұзағынан болғай!
2 - жүргізуші: Мен қазақпын, биікпін, байтақ елмін,
Қайта тудым өмірге, қайта келдім,
Мен мың да бір тірілдім мәңгі өлмеске
Айта бергім келеді, айта бергім!
1 - жүргізуші: Қазақстан Республикасының Тәуелсізідік күніне арналаған салтанатты жиынды ашық деп жариялаймыз.
Қазақстан Республикасының әнұраны орындалады
1 - жүргізуші: Армандарды жақындатып тым алыс,
Біздің жаққа жеткен екен жылы ағыс.
Егемендік - ел бақыты, ертеңі,
О, халайық! Құтты болсын қуаныш!
2 - жүргізуші: Азат өлкем күндей күлген шығыстан,
Асыл елім жан - жүректі ұғысқан.
Ата бабам аңсап өткен бақытым,
Айналайын, Қазақстан - Гүлстан!
2 - жүргізуші:
Құттықтау сөз кезегі мектебіміздің директоры ФИО беріледі.
1 - жүргізуші: Қазақстан халқы 1 желтоқсан күні еліміз үшін елеулі оқиға - алғаш рет Тұңғыш Президент күнін атап өтті. Тәуелсіз Қазақстанның қа¬лыптасуы Президенттің қызметімен тікелей байланысты. Яғни Ұлт Көшбасшысының ғылыми, саяси ізденістерімен байланысты десек - қателеспейміз. Бұл - ақиқат.
(бастауыш сынып оқушыларының тақпақтары)
2 - жүргізуші: Еліміздің тірегі, халқымыздың жүрегі Елбасымыз Н. Ә. Назарбаевтың қолдауымен «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы құрылды. «Жас Ұлан» ұйымының жастары егеменді елімізді биік белестерден көрсету керек екенін сезініп, ұшқыр ойымен асқақ армандарынан қорықпай алға ұмтыла отырып, жұмыс жасауда. Біз «Жас Ұлан» ұйымының мүшелері, Президентіміздің саралы саясатының арқасында жасөспірімдерге арналып құрылған ұйымға шексіз ризамыз.
2 - жүргізуші: Келесі кезекте «Жас Қыран» қатарына қабылданатын оқушыларды салатанатты түрде шақыруға рұқсат етіңіздер. (Патриоттық ән ойнайды (Мысалы: «Атамекен», «Елім менің» «Саржайлау» және т. б.)
«Жас Қыранның» 1 мүшесі ант береді, қалғандары «Ант етеміз, ант етеміз, ант етеміз» деп 3 рет қайталайды.
1 - жүргізуші: «Жас Қыран» ұйымына қабылданушыларға төсбелгілерді және галстуктерді табыстау рәсімін: мектеп директорына, мектеп ұстаздарына, және «Жалын» өзін - өзі басқару ұйымы мен «Жас Ұлан» ұйымының «Ұлан басшысы» мен ұйым мүшелеріне табыстаймыз.
«Жас Ұланның» әнұраны орындалады. Қошемет көрсетіледі.
1 - жүргізуші:
«Жас Ұлан» қатарына қабылдау салтанатты рәсімі аяқталды.
2 - жүргізуші: Бақытым - Республикам Қазақстан,
Көгінде ақ көгершін, қаздар ұшқан.
Саған жетпес құшағы әлемнің де,
Қыс болса, бір шетінде жаз ауысқан.
Алдарыңызда 6 б сынып қыздарының әсем биін қарсы алыңыздар!
БИ
2 - жүргізуші: Кең байтақ, көз жетпейтін жерім менің
Таулы орман, жасыл жайлау көлім менің
Бүгінде бар әлемге даңқың жетті
Тәуелсіз Қазақстан – елім менің
Ән «Жаса Қазақстан» орындайтын 5 а сынып оқушысы Маралов Айбек
1 - жүргізуші:
Күй, сені тәтті көрем, жаным сүйіп,
Тыңдаймын тыным алмай, жанып - күйіп
Өмірдің сырын ашып жүрегіме
Музаның әміріне басымды иіп.
Алайық ескі күйдің бәрін жиып,
Жандырған ой - қиялды қалың күйік
Шерттіріп құнарлырақ домбыраға
Тербеліп ырғағына тамылжиық
«Әке толғауы» күйі. Орындайтын: Орымбаева Сара мен Дүзбаева Қаракөз.
1 - жүргізуші:
Қазақ елім!
Туды жастық дәуірің.
Алғандайсың жұлдызыңның жарығын.
Тәуелсіздік құтты болсын, қымбаттым,
Туған күнің құтты болсын, алыбым!
Барлығы бірге: «Атамекен» әнің орындайды.
2 - жүргізуші: Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік, халқымыздың еңсесі жоғары, егемендігіміз баянды болсын деп тілейік, ағайын.
Келесі кездескенше сау саламатты болыңыздар!
Кері қайту
Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
загрузка...
Абайдың қара сөздері, Ашық сабақ, Бастауыш, Информатика, Күнделікті сабақ жоспары, Русский язык, Сабақ жоспары, Тәуелсіздік, Физика, Химия, абай құнанбаев қара сөздері, абай құнанбайұлының қара сөздері, ана тілі, ашық тәрбие сағаты, ағылшын тілі, ағылшын тілінен сабақ жоспары, бала-бақша, балабақша, бастауыш сынып, баяндама, биология, география, дүниетану, математика, нақыл сөздер, презентация, сайыс, сайыс сабақ, сауат ашу, сценарий, табиғат, тарих, технология, тәрбие, тәрбие сағаты, Қазақ әдебиеті, қазақ тілі, қазақ тілінен сабақ жоспары, қысқа мерзімді жоспар, әдебиет

Барлық тегтерді көрсету