Сайтқа кіру Тіркелу

Имандылық - адамгершіліктің асыл қасиеті

Тәрбие сағаты: 6 - сынып
Тақырыбы: Имандылық – адамгершіліктің асыл қасиеті.
Мақсаты: Қоғамдағы бүгінгі күнгі ең басты мәселе – жас ұрпақты адамгершіліктің ең биік шыңы – имандылыққа, жат діни ағымдардың құрығына түсіп қалуына жол бермеу, оған қарсы тұру. Ислам дінінің адам өміріндегі орны мен қазақ халқының дүниетанымындағы, тұрмыс – тіршілігіндегі рухани құндылықтарының көркем мәтіндеріндегі ғұламаларымыздың тәрбиелік өсиеттерін түсіндіру. Ислам дінінің негізі болып саналатын хадистер мен сүннеттердегі құндылықтарды салт – дәстүр, әдет – ғұрып тәрбиелерімен сабақтастырып оқушы бойына сіңіре отырып, тілін, дінін сүюге, ата - ананы құрметтеуге, сабырлылыққа, төзімділікке, жат әдеттерден сақтануға тәрбиелеу.
Көрнекілігі: Интерактивті тақта, имандылық туралы нақыл сөздер, бейне роликтер.
Барысы:
Ұйымдастыру кезеңі:
1) Оқушылармен сәлемдесу
2) Қонақтарды қарсы алу
І. Кіріспе бөлім:

ІІ. Негізгі бөлім:
1. «Иманды бол!» тақырыбында бейне роликті тамашалау
2. Мұғалімнің сөзі
3. «Иманды қыз» тақырыбында көрініс көрсету.
4. Пікір алмасу (Сұрақ - жауап)
5. Бейне ролик.
6. Ән «Аллаға шүкір»
7. «Имандылық – әдебі»тақырыбында оқушылардың дайындаған әдеби – монтажы.
8. Қорытынды сөз
І. Кіріспе
Мұғалім: Ассалаумалайкум, құрметті ұстаздар, қадірменді қонақтар мен оқушылар! Бүгінгі біздің Аудандық оқушылар үйінде өткелі отырған «Имандылық - адамгершіліктің асыл қасиеті» тақырыбындағы кездесу кешімізге қош келдіңіздер!

Бүгінгі кешіміздің мақсаты:
Қоғамдағы бүгінгі күнгі ең басты мәселе – жас ұрпақты адамгершіліктің ең биік шыңы – имандылыққа, жат діни ағымдардың құрығына түсіп қалуына жол бермеу, оған қарсы тұру. Ислам дінінің адам өміріндегі орны мен қазақ халқының дүниетанымындағы, тұрмыс – тіршілігіндегі рухани құндылықтарының көркем мәтіндеріндегі ғұламаларымыздың тәрбиелік өсиеттерін түсіндіру. Ислам дінінің негізі болып саналатын хадистер мен сүннеттердегі құндылықтарды салт – дәстүр, әдет – ғұрып тәрбиелерімен сабақтастырып оқушы бойына сіңіре отырып, тілін, дінін сүюге, ата - ананы құрметтеуге, сабырлылыққа, төзімділікке, жат әдеттерден сақтануға тәрбиелеу.
ІІ. Негізгі бөлім
Олай болса келесі кезекте «Иманды бол!» тақырыбында бейне роликті тамашалайық.
«Бисмилләh»деп, Аса қамқор, мейірімді, ерекше Рақымды Аллаһтың атымен бастаймын! Қадірлі қауым, еліміздің«Қазіргі кезде ел болашағы – жастардың қолында, Қазақстанның келешегін көркейтетін білімді ұрпақ» — дейді Елбасы Н. Ә. Назарбаев. Қай халықтың да болмасын, мемлекеттік даму стратегиясында жастарға, жас буынға, олардың тәрбиеленіп, ортаға сай озық білім игеріп шығуына баса назар аударылады. Бүгінгідей ақпарат пен техникалық жаңалықтар кең құлаш жайған заманда, оқуға, ғылымға, тәжірибеге сүйеніп, бұл салалардағы жетістіктерге иек артқан дұрыс. Алайда, жастардың саналы азамат болып қалыптасуының кілті тек білімде деп айтсақ жеткіліксіз. «Жастары иманды елдің - болашағы зор» - деген Жүсіп Баласағұн. Имандылық дегеніңіз не? Адамның қоғамдағы, күнделікті өмірдегі іс - әрекеттерін белгілі - бір қалыпқа түсіретін ішкі рухани реттеуіш қадір - қасиет, адам бойындағы адамгершілік, ізгілік, кісілік белгісі. Дәстүрлі қазақ қоғамында адамның имандылығына – мінез - құлық жүйесіндегі ерекшеліктеріне көп көңіл бөлінген. Адамның жарық дүниеге келуі, өсуі, ержетуі, тіршілік етуі, қартаюы, ата мен баланың қарым - қатынасы, үлкендік пен кішілік, сыйластық, әдептілік пен арлылық, инабаттылық тәрізді маңызды мәселелер имандылықтың маңызды құрамдас бөлігі ретінде ешқашан да назардан тыс қалмаған. Жастардың үлкендерге құрмет көрсетуі, үлкендердің кішілерге ізет білдіруі өмір сүру салтына айналған. Қоғамда берік қалыптасқан осындай көргенділікпен өмір кешу дағдылары жинала келіп, барша адамгершілік қағидалардың, имандылықтың жазылмаған кодекстерінің қалыптасуына негіз болған. Бойына адамгершілік асыл қасиеттерді жинап өскен жасты “көргенді” деп, жүрегінен нұр, өңінен жылу кетпейтін, әрдайым жақсылық жолын ойлайтын, әр істе әділдік көрсететін адамдарды “иманды” деп атаған. Мұсылмандық дүниетаным бойынша, имандылық иманнан пайда болады. Ал иман – жүректегі нұр, нұрдың сыртқы болмысы, яғни имандылық – Алла тағалаға иман еткен адамға бітетін көркем мінез. Алла жіберген әрбір пайғамбарының міндеті – иман мен имандылыққа уағыздау деп саналған.
Бүгінгі тақырыбымызды өрбіту үшін кездесу кешімізге құрметті қонақтарымызды шақыруды жөн деп санадық. Олай болса, бүгінгі кешіміздің қонақтарымен таныс болыңыздар.
Аудандық Марал баба мешітінің бас имамы:
Олай болса сөз кезегін өздеріңізге берейік.
«Иманды қыз» тақырыбында көрініс көрсету.
Автор: Халифа Омардың кезінде сүт сатушыларға – сүтке су қосып сатуға тыйым салынады. Қаланың тәртібін бақылау үшін, бір күні Халифа Мәдина қаласын аралап жүріп, қатты шаршап демалуды жөн көріп бір үйдің қабырғасына сүйеніп отырады. Сөйтіп отырып сол үйдің ішіндегі анасы мен қызының сөзін естиді. Анасы:- Кәне қызым тұрып сүтке су қос. Қызы:- Апа Халифаның сүтке су қосуға тыйым салғанын естімедіңіз бе? Анасы:- Естідім әрине. Қызы:- Халифа тыйым салған нәрсені қалай орындаймын. Анасы:- Тұр да сүтке су қос! Омар сені көріп тұрған жоқ қой. Қызы:- Омар көрмесе де Аллаһ көріп тұр ғой. Мен Омардың көзінше жасамайтын ісімді, ол жоқ жерде де жасамайтыныма ант етемін! Автор: Хазірет Омар мына әңгімені естіген соң үндемей үйіне қайтады да, аз күннен соң дініне берік, иманы түзу бұл кедей қызды өзінің ұлы Асымға жұбайлыққа айттырып келеді.
Пікір алмасу (Сұрақ - жауап)
Дін - иманжүзділікті, қайырымдылықты, тазалықты уағыздайды. Осы бағытта өз ой - пікіріңізді ортаға салсаңыз?
1 - сұрақ: Үлкен әжелеріміз - аталарымыз «Өмірдің өзі - сынақ»- дейді. Балалардың көпшілігі осы сөздің мағынасын түсіне бермейді, соны түсіндірсеңіз.
2 - сұрақ: Үйдегі ата - анамыз мектепте болып жатқан қиындықтарды ақыл мен сабырмен шешу керек деп айтып жатады. Сабырлық тұрғысынан бір мысал келтірсеңіз.
3 - сұрақ: Баланың, ата - анаға, ата - ананың балаға деген құқығы жайлы құран – хадистерден толық түсіндіріп өтсеңіз.
4 - сұрақ: Қазір жастардың дін туралы түсініктерін қалай бағалайсыз? Ол туралы өз пікіріңіз?
5 - сұрақ: Дін мен мемлекеттің саясаты бір ме?
6 - сұрақ: Өткен дәуірдегі ата - ана тәрбиесі мен қазіргі отбасылар тәрбиесі арасында қандай алшақтық бар, болмаса оны қалай теңестіруге болады?
Бейне роликті тамашалау.

Ән орындалады: «Аллаға шүкір!»
Жасыратыны жоқ, бүгінде космополиттік идея кеуделерін улап, туған ұлтына жандары ашымайтын «мәңгүрт» типіндегі жастардың көбейіп келе жатуы алаңдатарлық жайт. Біз өркендеп өскен өскелең ұрпақты жаһанданудың жойқын соққысына, тілсіздік дертіне ұрындырып алмай, өз ұлтының мәдениет мәйегінен алшақтамай өсуіне жол ашуымыз керек. Ол үшін рухани құндылықтарымызды ұрпақ санасына ендірген абзал. Бабаларымыздың қастер тұтып, атадан балаға аманаттап, жүрекке дарытып келген асыл қасиеттері көп. Халқымыз сырт көзбен емес, жүрекпен ұғатын адамгершілік құндылықтарды жоғары дәріптеген. Имандылық, әділеттілік, ізгілік, мейірімділік мұраттарын терең игеруге күш салған. Мал – мүлкінен, дәулетінен иманын жоғары бағалаған қазақ «Ер жігіттің үш байлығы бар: бірінші – иманы, екінші – ырысының тұрағы, үшінші – дәулетінің тұрағы» деп аталы сөз қалдырған. Қазіргідей «дүние үшін біреуді алдап, біреуді арбаған» жандар кездесіп отырған кезде мұндай сөздің маңызы да жоғары. Жиған – терген дәулетіне жүрегін байламай, одан да биік нәрсе бар деп білген аталарымыздың имандылық төңірегіндегі түсінігіне біраз толғаныс жасауды жөн көрдік.
«Имандылық - әдебі»тақырыбында оқушылардың дайындаған әдеби – монтажын тамашалаңыздар!
1 - оқушы:
«Бисмилләһир - Рахмәнир - Рахим»-
Берекеге толған сөз.
«Бисмилләһ»- барлық байлыққа
Басынан бастау болған көз.
«Бисмилләһ!»- деп бастаған
Барлық амал бітер тез.
«Бисмилләһ»- ты әрқашан
Айтып жүрер болсын кез!
«Бисмилләһ»-- сөздің анасы,
Бәрінен қымбат бағасы.
«Бисмилләһ!»- деп іс бастар
Мұсылманның баласы.
2 - оқушы:
Ислам діні – бір мектеп,
Шариғатты үлгі етпек.
Мұсылман бала жүреді
Ата - ананы құрметтеп.
Сәт сайын сұрап хал – жайын,
Жан - жақты жасап жағдайын,
Мұсылман бала сыйлайды
Ата - ананы әрдайым.
3 - оқушы:
Ардақтап ата - ананы,
Әрқашан тілін алады.
Әке мен шеше жұмсаса,
Жер түбіне барады.
Айтқандарын құптайды,
Мүлдем қарсы шықпайды.
Ата - анаға ешқашан:
«Түһ!»- деп қабақ шытпайды.
4 - оқушы:
Бір Аллаға табынар,
Ата – анаға бағынар.
Ибалы да иманды
Балалардың бағы бар.
Сауап пенен күнәні
Ажыратып, ұғады
«Ата - анамды кешір!»- деп
Аллаға дұға қылады.
5 - оқушы:
Құдіретті шексіз бір Аллаһ,
Үмітке үміт жалғадым.
Көп еді менің арманым,
Шуаққа толды жан – жағым.
Жолымды Аллаһ оңғарсын.
Иманым болсын жолдасым.
Жастықтың оты жалындап
Гүлдерім мәңгі солмасын.

6 - оқушы:
Жебесін Аллаһ нұрымен,
Иманның жарық күнімен.
Өмірім әркез жайнасын
Өнердің аппақ гүлімен.
Құран сөзі бәрі рас,
Нұры екен ғой Аллаһтың
Кеш біліппін өмірдің
Өтпелі әрі жалғанын.
7 - оқушы:
Мекке менен Мәдине жолдың ұшы,
Алыс сапар дейді ғой барған кісі.
Ата менен анаңды құрметтесең,
Мекке болып табылар үйдің іші.
8 - оқушы:
Атаңды сыйла анаңмен
Меккені іздеп таппаққа,
«Меккені іздеп нетесің,
Меккеге қашан жетесің?
Әзір Мекке алдыңда
Пейіліңмен сыйласаң
Атаң менен анаңды!» — деп ата - анаңа көрсеткен сый – құрметің құдай жолын қуып, Меккеге барумен пара - пар деген ақындарымыз адамзаттың ардақтысы хазірет Пайғамбардың осы хадистеріне сүйене отырып атқан екен.

Қорытынды сөз.
Ел болуға Ислам дінің керек,
Екінші ардақты Ана тілің керек,
Шындық және адал иман керек,
Мейірімділік және терең білім керек.
Еңбек керек адамды адам еткен
Еш шүбәсіз осылардың бәрі болса,
Ұрпағы – иманды ел болар едік – демекші, адамгершіліктің асыл қасиеті болған – имандылығымызды жүрегімізден өшіріп алмайық - деп қорытынды сөз аудандық оқушылар үйінің басшысына беріледі.
Дұға қылып қойыңыз,
Рахым айтып біздерге.
Баршамызға Құдайым,
Иман берсін сіздерге! – деп Аллаһ Тағала баршамызға көркем мінезді болуға жазсын!- деп бүгінгі тәрбиелік шарамызды аяқтаймыз. Келіп қатысқандарыңызға көп - көп рахмет!,
Кері қайту
Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Абайдың қара сөздері, Ашық сабақ, Бастауыш, Информатика, Мақала, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері, Ресей, Русский язык, Сабақ жоспары, Тәуелсіздік, Физика, Химия, абай құнанбаев қара сөздері, абай құнанбайұлының қара сөздері, ана тілі, ағылшын тілі, бала-бақша, балабақша, бастауыш сынып, баяндама, биология, география, дүниетану, жыр, математика, презентация, сайыс, сайыс сабақ, сауат ашу, сценарий, тарих, тақпақ, технология, тәрбие сағаты, Қазақ әдебиеті, Қазақстан, қазақ тілі, қазақ тілінен сабақ жоспары, қысқа мерзімді жоспар, өлең

Барлық тегтерді көрсету
×