Сайтқа кіру Тіркелу

Әлемде Ана біреу

8 наурыз мерекесіне орай өткен кездесу кешінің жоспары
Тақырыбы: "Әлемде Ана біреу"
Мақсаты:
Оқушыларға дүниедегі жақсылық атаулының бәрі күннің нұрынан, ананың мейірімінен таралатынын ұғындыру. Анасын сүю арқылы еліне, жеріне деген сүйіспеншіліктерін арттыру.
Барысы:
І. Жүргізушінің кіріспе сөзі.
ІІ. Ән - жырдан шашу.
ІІІ. Қонақтарды қарсы алу.
IV. Тақырыпқа байланысты ой бөлісу.
V. Құттықтаулар, қорытынды сөз.
Жүргізуші:
Армысыздар құрметті аналар, аяулы ұстаздар, көктемгі жауқазындай құлпырған әсем де сұлу қыздар!
Сіздерді көктемнің алғашқы айында еліміздің барлық жерінде тойланатын 8 - наурыз әжелер, аналар, қыздар мейрамымен шын жүректен құттықтаймыз. «Әлемде күн біреу, әлемде ана біреу» атты дөңгелек үстелге қош келдіңіздер деймін.
Күн жер бетіне молынан шуағын шашып, тіршілік ояна бастаған кезде Аналар мерекесі тойланады.
АНА..... Не деген мейірлі, не деген шапағатты сөз еді. Осынау 3 әріптен құралған қасиетті сөздің түп төркінінде қаншама ұлы сезім жатыр десеңізші. Сезім мен қасиетті, бар махаббат пен шапағатты сыйдырып тұрған ана сезімін қадірлемейтін жан бар ма екен бұл өмірде!? Жақсылық атаулының барлығы да ана сүтінен жаралған ғой. Олай болса кешіміздің шымылдығын тамаша әнмен ашсақ.
Жүргізуші:
Енді, бүгінгі кештің көркін кіргізетін, тақырыпты танымды толғаныстарымен талқылайтын, салиқалы ақылдарын, тұшымды ойларын ортаға салып,
қыздарымызбен еркін сырласатын қонақтарымызды шақырсақ.
Жүргізуші:
Қонақтарымыз жайғасып болса, осындай жандардың құрметіне әсем әуенді әнді тарту етеміз. Қабыл алыңыздар.
Жүргізуші:
Енді әсерлі әңгімемізді бастасақ. 8 наурыз халықаралық деңгейде аталып өтілетін мерекелердің бірі ғой.
Қойылатын сауалдар:
1. Осы мейрам сіздердің жанұяларыңызда қандай ерекшелікпен өтеді
2. Алқалы жиынымыздың арқауы ана тақырыбы екенін тағы айтып кетейін. Осы орайда өздеріңіздің аналарыңыз туралы, сол кісілердің тәлімі жайлы аз - кем әңгіме құрсақ.
3. Біз қазіргі уақытта бала тәрбиесінде кездесіп қалатын қиындықтарға бірден заманды, қоғамды кінәлай саламыз. Өздеріңізде бір - бір жанұяның әлпештеп өсірген қыздары болдыңыздар. Бүгін салыстырмалы түрде осы күнгі баланың тәрбиелену процесіне көзқарастарыңызды білсек?
4. «Қызым үйде, қылығы түзде» дейді халық. Өз қыздарыңыздың басқан қадамын қаншалықты бақылауда ұстайсыз?
5. Қыз баланы қонақ, жатжұрттық санап, оның бетінен қақпай, мейлінше еркін жіберіп, не кием, не ішем дегізбей өсіріп жатқан жанұялар бар. Алайда осындай тәлімнің кесірінен келін болған қыздар барған жерінде мінезін көрсетіп, керісіп жатады. Бұған қарсы айтар уәждеріңіз болса тыңдайық.
6. «Баланы жастан» дегенге менде толық қосыламын. Бірде Бернард Шоудан: «Маған ақылыңызды айтыңызшы, баланы қай жастан тәрбиелеген қолайлы?»- деп сұраған екен. Сонда атақты драматург «Балаңыз неше жаста?»- деп қарсы сауал қойыпты. «Өмірге келгеніне екі апта болды»- депті оған сауал қоюшы. Сонда Бернард Шоу: «Сіз дәл екі аптаға кешіктіңіз»- деген екен. Ал бұған керісінше қазақта «Балаңды 7 жасқа дейін патшадай сыйла,....» деген мақал бар. Бұл пікірлердің қайсысына қосыласыз?
7. Данагөй халқымыз «Аяғын көріп асын іш, анасын көріп қызын ал» дегенді тегін айтпаса керек. Өз аналарыңыздың қай тұстарын өмірлік жолда қаншалықты тиімді қолданудасыз?
8. Қазіргі педагогтар мен ата - аналарды толғандырып жүрген проблемалардың бірі «қиын бала» мәселесі. Жалпы «қиын бала» деген кім және ол қайдан шығады?
9. Балаларыңыздың сіздердің қандай жақсы қасиеттеріңізді үлгі тұтатынын анық білесіздер ме, өздері айта осы жайлы?
10. Психологияда «байқатпай тәрбиелеу» деген бар. Бұл әдістің бала тәрбиесіне күшті әсер ететіні анықталған. Психологтар: «Құрғақ сөз тәрбие болмайды. Бала ата - анасының істегенін жасайды» деседі. Демек, балаларға қалай өмір сүруді айту емес, көрсету керек шығар?
11. Біздің сөздік қорымызда «әйел бақыты, ана бақыты» деген тіркестер бар. Осыларға анықтама беріп өтсеңіздер.
Жағдаяттық сұрақтар:
1. Сіздің балаңыз озат оқушы. Үй шаруашылығымен айналысқанды жек көреді, ештеңе істегісі келмейді. Оны қызықтыру үшін не істейсіз?
2. Қызыңыз кешкі ас дайындап, ыдыс жууы керек. Оның орнына ол қозғалмай теледидар көріп отыр. Қандай әрекет қолданасыз?
3. Бала үйге сырттан қатты ашуланып келіп бөлмесіне кіріп шықпай қойды. Сіз не істейсіз?
4. Балаңыз туған күніне достарын шақырғысы келді. Бұл жағдайда қалай шешер едіңіз?
5. Үй шаруашылығына байланысты баласын сабақтан жиі қалдыратын ата - аналар туралы пікіріңіз қандай?
6. «Баламның қарны тоқ, көйлегі көк болса болды. Тәртібіне, оқуына қарайтын уақытым жоқ» дейтін ата - аналарға көзқарасыңыз қандай?
Жүргізуші:
Әйел - Ана! Таих! Өмір! Ұлылық!
Әйел - Ана! Күн шапағы жылылық.
Әйел - Ана! Өмірдің күре тамыры,
Әйел Ана! Пәк махаббат, сұлулық!- деген жыр шумақтарымен сырласу кешімізді аяқтаймыз.
Мереке қарсаңында біздің кешімізге келіп салиқалы да саналы ақыл - кеңетеріңізбен, ой - пікірлеріңізбен бөліскендеріңізге көп рахмет.
Кері қайту
Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Абайдың қара сөздері, Ашық сабақ, Бастауыш, Информатика, Мақала, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері, Ресей, Русский язык, Сабақ жоспары, Тәуелсіздік, Физика, Химия, абай құнанбаев қара сөздері, абай құнанбайұлының қара сөздері, ана тілі, ағылшын тілі, бала-бақша, балабақша, бастауыш сынып, баяндама, биология, география, дүниетану, жыр, математика, презентация, сайыс, сайыс сабақ, сауат ашу, сценарий, тарих, тақпақ, технология, тәрбие сағаты, Қазақ әдебиеті, Қазақстан, қазақ тілі, қазақ тілінен сабақ жоспары, қысқа мерзімді жоспар, өлең

Барлық тегтерді көрсету
×