Сайтқа кіру Тіркелу

Жақсылықтан жақсылыққа

Мектеп: Бірінші мамыр ЖОББМ.
Тақырыбы: Жақсылықтан жақсылыққа.
Құндылық: Сүйіспеншілік Қасиеттер: Мейірімділік, сыйластық, адамгершілік, қайырымдылық.
Мұғалім: Г. Ергешева.
Сабақ мақсаты: Оқушыларға жанындағы жүрген адамдарға жақсылық жасау қажеттілігін сүйіспеншілік құндылығы арқылы түсіндіру.
Сабақ міндеті:
1. Оқушыларды мейірімділікке үйрету.
2. Оқушылардың бойында адамгершілік, сыйластық қасиеттерін дамыту.
3. Оқушыларды қайырымдылыққа тәрбиелеу.
Ресурстар:
Сабақтың барысы:
1. Ұйымдастыру кезеңі. Сабақтағы жағымды күйге келу
Тыныштық сәтi. «Нұрға бөлену»
Ыңғайланып отырыңыздар, денелеріңізді түзу ұстаңыздар. Аяқ - қолыңызды айқастырмаңыз. Қолыңызды тізеңізге немесе үстелге қоюға болады. Көздеріңізді жұмуларыңызды өтінемін.
Елестетіп көріңіз: Күн нұры сіздің төбеңізден өтіп, кеудеңізге қарай бойлап барады. Кеудеңіздің орта тұсында гүл түйнегі орналасқан. Гүлдің түйнегі нұрдан баяу ашылып келеді. Балғын және таза әсем гүл сіздің әр ойыңызды, әр сезіміңізді, эмоцияңыз бен тілек - қалауыңызды шайып, жүрегіңіздің қауызын ашты.
Нұр сәулесі сіздің бойыңызға ақырын тарай бастағанын елестетіңіз. Ол біртіндеп күшейе түсуде. Оймен осы нұрды қолдарыңызға түсіріңіз. Сіздің қолдарыңыз нұрға бөленіп, сәуле шашуда. Қолымыз тек жақсы, ізгі істер істейді және баршаға көмектеседі. Нұр аяқтарыңызға тарады. Аяқтарыңыз нұр сәулесін шашуда. Олар сізді тек жақсылық жасау үшін жақсы жерлерге апарады. Олар нұр мен махаббат құралына айналды.
Одан әрі нұр сіздің аузыңызға, тіліңізге тарады. Тіліңіз тек шындықты және жақсы, ізгі сөздер ғана айтады. Нұрды құлақтарыңызға бағыттаңыз, құлақтарыңыз тек жақсы сөз бен әсем әуенді ғана естиді. Нұр көздерімізге де жетті, көзіміз тек жақсыға қарап, бәрінен жақсылықты ғана көреді. Сіздің басыңыз түгелдей нұрға бөленіп, басыңызға тек ізгі, сәулелі ой келеді.
Нұр бірте - бірте қарқын және шұғылана бастайды, сіздің денеңізден шығып, жан - жағыңызға сәуле шашады. Осы нұрды туысқандарыңызға, мұғалімдеріңізге, достарыңызға, таныстарыңызға бағыттаңыз. Нұрды уақытша түсініспей, ренжісіп жүрген адамдарға да бағыттаңыз, олардың да жүрегі нұрға толсын.
Осы нұр бүкіл әлемге: барлық адамдарға, жан - жануарларға, өсімдіктерге, барлық тірі жанға таралсын... Ғаламның барлық түпкір - түпкіріне нұр бағыттаңыз.
Ойша айтыңыз: «Мен нұрлымын... Нұр менің ішімде... Мен Нұрмын».
Осындай Нұр, Махаббат және Тыныштық күйінде отыра тұрыңыз!...
Енді осы Нұрды жүрегіңізге орналастырыңыз. Нұрға толы бүкіл әлем сіздің жүрегіңізде. Оны осындай әсем қалыпта сақтаңыз. Жаймен көзіңізді ашуға болады. Рахмет.
Балалар қандай сезімде болдыңдар? Нұр денемізге тарап, бізді қандай қасиетке бөледі?
2. Үй тапсырмасы: Оқулықтағы 116 бетіндегі Ы. Алтынсариннің «Асыл шөп» әңгімесін оқып келу берілген.
1. Зылиқа мен Батима қайда бара жатқан еді?
2. Зылиқаның көңіл - күйі неге болмады деп ойлайсыңдар?
3. Бәтиманың көңілді жүруінің себебі неде?
4. Сендердің ойларыңша сабырлы адам қандай болады?
5. Зылиқаның «сабыр» атты шөпті таба алуы мүмкін бе?
6. Сабыр туралы қандай мақал - мәтел білесіңдер? 7. Өмірде сабырлы адамдарды кездестіріп көрдіңдер ме?
8. Өздеріңнің сабырлық танытқан кездерің туралы айтып беріңдер?

Әдемі әуен: «Хрустальная грусть»
3. Жағымды ой - пікір. Дәйексөз
«Ешқандай жақсылық зая кетпейді»
(Үнді нақылы)
Оқушыларға үнді нақылын хормен оқыту.
Осы дәйексөзді қалай түсінесіңдер? (Оқушылардың жауаптарын тыңдау.)
Дәйексөздің мәнін ашу, түсіндіру
Осы дәйексөзді дәптерге жазып алу.
4. Оқиғаларды әңгімелеу (мұғалімнің сыйы)
«Бұлақ сылдыры» М. Коккозов
Қиыршық қызыл құм жолаушының бетіне тиеді. Керуеннің шыққанына бірнеше күн болған. Ұзақ жүрістен, ыстықтан, желден шаршаған керуендегілердің бірі ояу, бірі түйе үстінде мүлгіп келеді. Қанша күн жүргенін де есептемейді. Бір күні жолай аштықтан, шөлден әбден қалжыраған, ес - түссіз жатқан адам кездеседі. Бірақ керуеннің алды бұл адамға назар аудармай өте береді. Сонда керуеннің соңындағы бір шал түйесінен түсіп, ессіз жатқан адамның қасына барады. Жатқан адам; «Су...»- дейді. Аспан айналып жерге түскендей ыстық, аңызақ желмен сапырылған қиыршық құм сексеуіл түбіне ұйлығады.
Шал торсығын алып, жатқан адамның беті - қолын жуып, су ішкізеді. Әлгі адам есін жиған соң, шал оның алақанына қарап: «Сен менің жауым екенсің. Бірақ шөлде бәріміз туыспыз. Мен қартайдым. Сен жассың, су іште, өмір сүр», дейді де, түйесіне мінгізіп, керуеннің соңынан жіберіпті. «Өзіңіз қайтесіз?»- десе, «Менің демім санаулы»,- дейді шал. Жолаушы керуенді қуып жетуге ентелейді. Ұясына батып бара жатқан күн де адамның жақсылығы зая кетпесін дегендей, ұзақ аялдайды. Бұл кезде жолаушы керуенді қуып жетеді.
Шал ақ матаға оранып, құмға жата кетеді.
Күндер, айлар өтіп керуен кері қайтады. Жолаушыларға шексіз құмның арасынан шалқыған су көрінеді. Таяп келсе, көл жиегі көкорай шалғын, қамыс екен. Керуеншілер шал оранған ақ жамылғыны ғана байқайды. Бұлақтың нәзік сылдыры жүректі сипағандай сезіледі. Бұлақ адамға адамның жақсылық жасаған жерінен пайда болыпты. Нәзік сылдыры жақсылықтың өшпес үні тәрізді.
1. Шалдың әрекеті туралы не айта аласыңдар?
2. Сендер солай жасай алар ма едіңдер?
3. Шалдың жасаған жақсылығы қандай жақсылық боп оралды?
4. Сендер айналадағы жақсылық жасаған адамдарды білесіңдер ме?
5. Өздерің жақсылық жасаған кездеріңді айтып беріңдер?
Бейнетаспа «Жақсылық жасай біл»
1. Бейнетаспадан қандай ой түюге болады?
2. Бала айналадағы адамдарға, жануарға, өсімдікке қандай жақсылық жасады?
3. Бейнетаспадан қай құндылық көрініп тұр?
4. Жақсылық жасау үшін адам бойында қандай қасиеттер болу керек?
Адамгершілік, қайырымдылық, мейірімділік, жанашырлық, аяушылық, қамқорлық, рақымшыл, бауырмалдық, кішіпейілдік, жылы жүрегі.
Балалардың жауаптарын толықтыру:
Дұрыс айтасыңдар, егер адам бойында осындай жақсы қасиеттер көп болса жақсы әдетке үйренеді.
- Әлемдегі барлық адамдар тек қана жақсылық туралы ойлап, жақсылық жасауға ұмтылатын болса, онда әлемде тыныштық, ынтымақ орнайды, адамдар бақытты өмір сүреді.
5. Шығармашылық іс - әрекеттер. Топтық жұмыс
Тапсырма:
Балалар екі топқа бөлінеді. Екі топқа екі түрлі әңгімеден үзінді беріледі. Балалар әңгіме желісі бойынша туындаған оқиғадан шығу жолдарын іздестіруі тиіс. Олар топ боп бірлесе отырып, ойланып әңгімені өз ойларымен жалғастырып айтады.
1 - топ. Қарлығаш пен дәуіт.
Бір қарлығаш ұя салып, балапандарын асырап жүреді. Бір күні жауыз жылан
балапандарды жегісі келіп, ұя салынған ағашқа өрмелеп шыға бастайды.
Қарлығаш жыланды көріп, қатты қорқып, қорғап қалатын арашашы іздейді............
II топ. Аю мен тышқан.
Бір тышқан аңдаусызда аюдың апанына тап болып қалады. Одан адасып жүріп, аюдың құлағына кіріп кетеді.
Аю шошып оянып, құлағын баса қояды:
- Менің құлағым – сенің інің деп пе едің? – деп ақырады.
Өзіңді жақсылап сабайын ба?
- Сабамашы. Мен де бір керегіңе жарармын.
- Бармақтай болып, не керегіме жарармын дерсің, - деп күледі аю. Дегенмен босатып жібереді. ………….
1 – топ сахналап көрсетеді. 2 – топ оқып береді.
5. Топпен ән айту (қимыл - қозғалыс жасау арқылы)
Ана туралы жыр - Е. Нуржанов
Әлемнің жарығын сыйладың сен маған
Даланың әр гүлін жинадың сен маған
Сен бердің құстардың қанатын самғаған
Балалық қоштарың өзіңе арнаған
Қайырмасы:
Әлдилеп, аялап өсірген жемісің
Самал жел саябақ құшағың мен үшін
Есейіп кетсем де, мен саған сәбимін
Көңіліңді көктемдей көзіңнен танимын

Өтеуге борышын анашым жан сырым
Іздедім сен үшін әлемнің асылын
Әлемнің байлығын сыйлар ем кеш мені
Сыйлар ем ай - күнін қолыма түспеді
Қайырмасы:
Ете көр қанағат, әзірге берерім
Балалық махаббат, балалық жүрегім
Бол риза анашым, қолдағы осы бар
Өзіңе арнаған әнімді қосып ал
7. Үй тапсырмасы
1. Жақсылық туралы мақал - мәтелдерді дәптерге жазып келу.
2. Келесі сабаққа Ә. Табылдиевтің «Атаның өнегесі» мәтінін оқып келу
8. Сабақтағы соңғы тыныштық сәті.
Әдемі әуен «Шепот цветов»
Бүгінгі сабақта игерген жақсы қасиеттерді есімізге түсіріп жүрегімізге сақтайық.
Пайдаланған әдебиеттер:
1. Өзін - өзі тану пәні бағдарламасы 1 - 11 сынып « Бөбек» 2010
2. Әдістемелік құрал - 4 сынып « Бөбек» 2010
3. Өзін - өзі тану 4 сынып « Бөбек» 2010
Кері қайту
Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Абайдың қара сөздері, Ашық сабақ, Бастауыш, Информатика, Мақала, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері, Ресей, Русский язык, Сабақ жоспары, Тәуелсіздік, Физика, Химия, абай құнанбаев қара сөздері, абай құнанбайұлының қара сөздері, ана тілі, ағылшын тілі, бала-бақша, балабақша, бастауыш сынып, баяндама, биология, география, дүниетану, жыр, математика, презентация, сайыс, сайыс сабақ, сауат ашу, сценарий, тарих, тақпақ, технология, тәрбие сағаты, Қазақ әдебиеті, Қазақстан, қазақ тілі, қазақ тілінен сабақ жоспары, қысқа мерзімді жоспар, өлең

Барлық тегтерді көрсету
×