Сайтқа кіру Тіркелу
загрузка...

Қазтуғанның қонысымен қоштасуы

Арайна, билер, арайна,
Арайна десем, болғай ма?!
Арайнасыз әр қайда
Ердің ісі оңғай ма?!
Арайна болған
Қазтуған,
Қайғыланып сонда толғай ма?!

Ел қияға қонғай ма?
Еділ, Жайық арасы
Кеңшілік қоныс болғай ма?!
Ебей басты құба үлек
Ернімен шырпы шалғай ма?!
Бұл қоныста отырып,
Біздің мұсылман баласы
Жағасы босап тынғай ма?!

Еділді қоныс етпеңіз,
Жағалай қалмақ алады.
Жайықты қоныс етпеңіз,
Сыдыра біткен көкжиек,
Кәпірлер қала салады.
Аштарханды қоныс етпеңіз,
Шәһәрін оның алады.

Еділді алса - елді алар,
Енді алмаған не қалар?
Жайықты алса - жанды алар,
Жанды алған соң не қалар?
Ойылды алса - ойды алар,
Ойлашы, сонда не қалар?
Қара мауыты мұшақат
Бүтін тоғай жерді алар.
Жаз кіреге жақсы деп,
Дулығалы нарды алар,
Қыс кіреге жақсы деп,
Шудасы қалың айырды алар.
Сусынына шай алар,
Шайнауына май алар.

Ойыл да Қиыл, Жем, Сағыз,
Қайран саланың жатқан аңғары - ай,
Ақ шалмалы пірлердің
Мешітке жаққан шамдары - ай!
Менің бүйтіп қозғалақтап жүргенім
Аузы түкті кәпірдің
Күшті болған салдары - ай!
Кәпірден тендік алуға
Қайта келер деймісің
Мұсылманның баяғы
Шыңғыстан туған хандары - ай?!
Бұл қоныстан кетпесең,
Мұны талақ етпесең,
Атаңа нәлет кәпірдің
Пайдасына қалмаса игі еді
Ноғайлы, қазақ жұртымның
Кейінгі туған балдары - ай!

Адыра қалғыр көк Жайық,
Аңырап қалған қонысым!
Қонысымнан ауған соң,
Кетпегей еді ырысым.
Таудағы тарлан бөрі едім,
Тарылған сынды тынысым.
Кейінгі өскен жас бала,
Ақ балтырын түрініп,
Басарына ерініп,
Көкірегі күйініп,
Тек тірлікке сүйініп,
Ықтиярсыз жүгіріп,
Аузы түкті кәпірдің
Етпегей еді жұмысын!
Бұл қоныстан кетпесең,
Мұны талақ етпесең,
Екеу - екеу сөйлесіп,
Біздің кейінгі өскен жас бала
Аузы түкті кәпірдің
Соқпаса екен пайдасын!

Буыршынның жалғыз қырқар азуы,
Бөкеннің желіп өтер төрт саны,
Бұғының ауыр қара мүйізі,
Бидайықтың жалғыз соғары,
Қашағанның ұзын құрығы,
Ақ орданың тіреу сырығы,
Айдаса - қойдың көсемі,
Сөйлесе - тілдің шешені,
Арғымағын жаз жіберіп, күз мінген,
Күз жіберіп, жаз мінген,
Жазаласа - екі жылда бір мінген,
Жолдасын жолай іздеген,
Өзіне тиген дұшпанын
Қарт бурадай тіздеген -
Мен - Қарғабойлы Қазтуған,
Қайғыланып асып барамын
Ноғайлы - қазақ елімнен!
Кері қайту
Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
загрузка...
Абайдың қара сөздері, Ашық сабақ, Бастауыш, Информатика, Мұқағали Мақатаев, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері, Русский язык, Сабақ жоспары, Тәуелсіздік, Физика, Химия, абай құнанбаев қара сөздері, абай құнанбайұлының қара сөздері, ана тілі, ашық тәрбие сағаты, ағылшын тілі, ағылшын тілінен сабақ жоспары, бала-бақша, балабақша, бастауыш сынып, баяндама, биология, география, дүниетану, математика, математикадан сабақ жоспары, презентация, сайыс, сайыс сабақ, сауат ашу, сценарий, тарих, тақпақ, технология, тәрбие сағаты, Қазақ әдебиеті, қазақ тілі, қазақ тілінен сабақ жоспары, қысқа мерзімді жоспар, өлең

Барлық тегтерді көрсету