Сайтқа кіру Тіркелу

Науыз туралы өлең шумақтар

Ұлы күнде тауып мезгіл бір ретін,
Атқарғандай қасиетті міндетін.
Жаратылыс нұрын бөліп Жаратқан,
Жылына бір теңелген сәт Күн мен Түн.
Жан байытып жұрттың жылы лебізі,
Ізгі жолда сайрап жатты ел ізі.
Орындадық нақыштарын Наурыздың,
Салт - дәстүрге бай ұлтпыз ғой, негізі.
Аққа тиіп ағайынның ауызы,
Артты бір күн Наурыз көже маңызы...
Бойындағы нәрін берген аямай,
Табиғаттың адамға жоқ қарызы! Асыл жандар қысқы сүрден ас қамдар,
Бел алады берекелі бастаулар.
Жақсылықтар жиынтығы әз - Наурыз,
Жамандықты өткен жылға тастаңдар!
Күн - ернімен аспан жерді сүйеді,
Кемсеңдейді бұлт - сақалды иегі…
Жанды - жансыз құбылысты қамтыған,
Мерекелік ұғым – түгел киелі!

Наурыз айы туғанда,
Той болушы еді бұл маңда.
Сақталушы еді сыбаға,
Сапарға кеткен ұлдарға,
Наурыз айы туғанда.
Наурыз, наурыз күні игі,
Күні игі жердің түрі игі!
Бауыры жылып науат қар,
Бабымен ғана жібиді
Наурыз, наурыз күні игі,
Күні игі жердің түрі игі!
Шашылып ырыс шанақтан.
Шақырып бір үй бір үйді,
Шаттанушы еді бір игі!
Осынау игі кең жерге,
Наурыз айы келгенде.
Наурыз тойын бергенде,
Көрмегендер де арманда,
Арманда оны көрген де.
Келіп ем өмір - орманға,
Наурыз айы келгенде.

Ұлыс күні
Мақсұт Неталиев
Су жылтырап бүрін ашқан жас талдан,
Бу бұрқырап қатып қалған тастардан.
Күн күркіреп, жасын ойнап аспаннан,
Бар тіршілік Наурыздан басталған!
Ел де тыныш!
Жер де тыныш – бұл күні,
Көреміз тек қуаныш пен күлкіні.
Табысқан жұрт таныс тауып жатады,
Жамалғандай жүректердің жыртығы!
Саф тыйылып Сарыарқаның бораны,
Күн өрлейді күмбезінен жоғары.
Наурыздың жиырма екісі толғанда,
Тоғысады тоғыз жолдың торабы...
Жылғалардан су аққанда сырғанап,
Шаң - тозаңнан тазарады нұрлы алап.
Толтырады шаңырақтың шаттығын –
Наурызбай, Ұлысжандар – іңгәлап?!
Жалғасады жақсылықтар – «Иә, сәт!»
Қарлығаштар үй сыртына ұя сап –
Жүрсе, Бақыт қонатынын хабарлап,
Бұлт көшеді ақ жаңбырын құя сап!
Жат боп бұрын бастары ешбір қосылмай,
Жүрген жандар таныс тапса – досындай.
Ол – осынау Наурыздың арқасы! –
«Ұлыс күннің» шапағаты осындай!
Шәкәрім Құдайберді ұлы
Ұлыстың ұлы күнінде,
Бай шығады балбырап.
Қасында жас жеткіншек,
Тұлымшағы салбырап.
Келіншек шығар керіліп,
Сәукелесі саудырап.
Қыз шығады қылмиып,
Екі көзі жаудырап.
Бозбала шығар бұрқырап,
Ақбөкендей сырқырап.
Құл құтылар құрықтан,
Күң құтылар сырықтан.
Кетік ыдыс, шөміштің,
Түтіні шығар бұрқырап.

Наурыз
Б. Тұсын қызы
Наурыз менің елімнің берекесі,
Жаңа жылы қазақтың мерекесі.
Шаңырағы биіктеп күнге жақын,
Ұлаңғайыр керілсін керегесі.
Қымбат білген адамға сөз өнері,
Бұрқ - сарқ етіп қайнасын көжелері.
Жаңа жылда елімнің көркі өсіп,
Гүлге толсын көгеріп көшелері.
Шат күлкіге шомылып замандары,
Бақыт кешсін ғайыптан адамдары.
Әрбір жанның арманы орындалып
Сәтті болсын биылғы қадамдары.
Ел - жұртымның тілеуін тілесейік,
Жаңа жылда қалайық бір есейіп.
Наурызым
Ибрагим Исаев
Ақбоз үйді үлпілдеткен,
Боз даланы бүлкілдеткен.
Қуанышты күлкің – көктем,
Әсем едің, шіркін, неткен,
Наурызым!
Құлпырады сәнді бақтар,
Жұлқынады арғымақтар.
Сылқылдайды бал бұлақтар,
Мерекемсің мәңгі мақтар,
Наурызым!
Жарқыраттың шығыс Күнін,
Бар адамдар туыс бүгін.
Тілеп елдің тыныштығын,
Жүректерде жүр ұшқының,
Наурызым!
Аңсап жүрсең осы күнді,
Ашып таста есігіңді.
Болайықшы кешірімді,
Ән тербетсін бесігіңді,
Наурызым!
Бұл әлем қалғығандай,
Ұшты көкке ән қырандай.
Наурыз көже дәмді балдай,
Сенің көшің сәнді қандай,
Наурызым!
Аталардың – Қара Нардың,
Ақ жаулықты Аналардың.
Бас иетін саған әр күн,
Ақ батасын ала барғын
Наурызым!
Ғашықтардың түр - түсінде,
Сәбилердің күлкісінде.
Ел үшін де, жұрт үшін де,
Қара Жерге кір түсірме,
Наурызым!
Кері қайту
Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Абайдың қара сөздері, Ашық сабақ, Бастауыш, Информатика, Мақала, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері, Ресей, Русский язык, Сабақ жоспары, Тәуелсіздік, Физика, Химия, абай құнанбаев қара сөздері, абай құнанбайұлының қара сөздері, ана тілі, ағылшын тілі, бала-бақша, балабақша, бастауыш сынып, баяндама, биология, география, дүниетану, жыр, математика, презентация, сайыс, сайыс сабақ, сауат ашу, сценарий, тарих, тақпақ, технология, тәрбие сағаты, Қазақ әдебиеті, Қазақстан, қазақ тілі, қазақ тілінен сабақ жоспары, қысқа мерзімді жоспар, өлең

Барлық тегтерді көрсету
×