Сайтқа кіру Тіркелу

Туған жер туралы жыр

Көне тарих баспалдағын сатылап,
Жаңа күнде жайып жаңа жапырақ.
Кәрі Торғай шаңырағын көтеріп,
Орда тікті облыстың атын ап.
Дастаны бар таусылмайтын мың жылға
Куәсі оның қалған іздер құм-қырда.
Ұлытаудан ұзына аққан көк өзен
Су аяғы сіңген барып құрдымға.
Өзен жайлап көшті қанша ауылдар,
Өзен бойлап өсті қанша қабырлар.
Көшке ере алмай қалған қарттар секілді
Айдалада шегіп жатқан адырлар.
Сар даланы жүндей түтіп шаң қылып,
Ат үстінде көз шырымын алдырып.
Жортты ерлер ай көтерген аспандай
Қалқандарын қара түнде қарға іліп.
Аз ба, көп пе жауын тіпті санамай,
Ажалына анталаған қарамай.
Шапты ерлер шапқыншылық заманда
Қолдарында құдай найза-қарағай.
Құдай найза-қыл арқанды қырық құлаш,
Көк желкеден тие қалса, қырықты бас.
Талайлардың аты шығып ойнақтап,
Талай көздің кемерінен ытты жас.
Дауыл күні дүр сілкініп дала ақын,
Көлдерімен күңіреніп алатын.
Күркіреген күн отымен тыныстап
Қыран құстай қомданатын қанатын.
Өтетіндей көздерінен жүзіктің,
Сәулелермен судың бетін сызып күн.
Аққуменен бірге ойнайды айдында
Түңғиықтан жүргендей-ақ үзіп гүл.
Көлеңкесі ай секілді аққудың,
Көлеңкесі жай секілді ақ күннің.
Бұл даланың ашады айқын ақ жанын
Аттары да Ақшығанақ, Аққұмның.
Көңілімде қалды аппақ көлеңке,
Көңілімде қалды — толқын жел ерке.
Аппақ жанмен құя берді ақ нұрын
Торғай деген қыран бүркіт ер өлке.
Бірінші боп қаққан дала дабылын,
Бірінші боп жаққан дала жарығын.
Бүкіл қазақ даласында бірінші
Революцияның таққан жаңа қаруын.
Осы дала омырауында шаң аунап,
Аманкелді аты шапқан танаулап,
Ұран салған ер Әліби комиссар,
Ленин берген қолға қызыл жалауды ап.
Ой-қой дала шетсіз-шексіз кеңістік,
Жалпақ дала, жазық дала тегістік.
Болсаң-дағы бораны көп терістік,
Қысыңды да көрем жаздай мен ыстық.
Құрсауында жатқанымда қатердің,
Торғай деген демеу болды аты елдің.
Түсіме ендің өзі болып анамның,
Түсіме ендің өзі болып әкемнің.
Жатты жанда байтақ жерің мекендеп,
Жатты тауың, көлің, шөбің мекендеп.
Жалт қарадым жапырақтар дір етсе,
Жеткен іздеп сенің желің екен деп.
О, туған жер, өттің талай ғасырдан,
О, туған жер, өттің талай асудан.
Сол ғасырлар сол асулар бұлт болып,
Менің-дағы көшіп жатты басымнан.
Арқадағы қашанғы бір қарт алып,
Орталығың болды бүгін Арқалық.
Торғай, сенің көтеруге бағыңды
Ұл-қыздарын аттандырды бар халық.
Жаңа күннен шашылады шапағат,
Тұрсың енді, Торғай, биік атақ ап.
Аспаныңды жалын болып жауып тұр
Жерден ұшқан саған деген махаббат.
Өтті заман елді езген сұм қарау,
Торғай, сенің тарихың бар мың тарау.
Республика картасында өзіңсің
Жанып тұрған таң нұрындай бір жалау.
* * *
Хабаршы бір жұлдызын таң алдының,
Қарсы алдым сұлу қызға балап нұрын.
Қол создым құшпақшы боп, сүймекші боп,
Аспанның ай маңдайлы ақ аруын.
Ол өзі қол жетпейтін қиян екен,
Ол өзі таң сағымы қиял екен.
Кезінде он сегіздің, уа достарым,
Аспан, жер құшағыңа сияды екен.
* * *
Шақырды орман көлеңкесі көлеңдеп,
Бір ғажайып ертегі айтып берем деп.
Көк жалындай көрінді орман көгілдір,
Көк жалынға сүңги бердім тереңдеп.
Ұмыттырар дүниені тыстағы,
Орман екен жер бетінің ұшпағы.
Бір опера маған арнап қойды да,
Шулады орман, жырлады орман құстары.
Ақ қайыңдар сахнаның жасауы,
Жапырақтар төгілген зер шашағы.
Құстар желпіп қанатымен жібектей,
Операның шымылдығын ашады.
Кері қайту
Ұқсас жаңалықтар:
Бауырлар

Бауырлар

Менің жерім мына жер - сенің жерің, Жарасып тұр сол жерге келулерің. Осы алқапта сенің де малың жатыр, Жайқалып тұр шабылмай егіндерің....
Қыстың күні

Қыстың күні

Күн күлмейді еркінше нұрын шашып, Дамылсыз көк күмбезін бұлт басып. Отыр міне қарт анам ойға шомып, Таянып ұршығына, құты қашып....
О,туған жер,топырағыңнан жаралдым

О,туған жер,топырағыңнан жаралдым

Туған жерім асқарлысың айбынды, Тең көрмеспін саған мөлдір айдынды. Сенің таза тұнық ауа келбетің, Ұмыттырар көңілдегі жай, мұңды....
Табиғат туралы жұмбақтар (қыс, көктем, жаз, күз)

Табиғат туралы жұмбақтар (қыс, көктем, жаз, күз)

Бұлттар төніп, жерге төгіліп, Дымқыл тұман басады. Шөп сарғайып, өңі тайып, Дала нұры қашады. Ойнай алмай, Денең мұздап тоңады. (Күз )...
Орман ғажайыптары (ғылыми жұмыс)

Орман ғажайыптары (ғылыми жұмыс)

Шығыс Қазақстан облысы, «Шаңырақ» көпсалалы мектеп – гимназия» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің 2 «б» сынып оқушысыХамзаев Бағлан Толеуахметұлы...
Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Абайдың қара сөздері, Ашық сабақ, Бастауыш, Информатика, Мақала, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері, Ресей, Русский язык, Сабақ жоспары, Тәуелсіздік, Физика, Химия, абай құнанбаев қара сөздері, абай құнанбайұлының қара сөздері, ана тілі, ағылшын тілі, бала-бақша, балабақша, бастауыш сынып, баяндама, биология, география, дүниетану, жыр, математика, нақыл сөздер, презентация, сайыс, сайыс сабақ, сценарий, тарих, тақпақ, технология, тәрбие сағаты, Қазақ әдебиеті, Қазақстан, қазақ тілі, қазақ тілінен сабақ жоспары, қысқа мерзімді жоспар, өлең

Барлық тегтерді көрсету
×