Сайтқа кіру Тіркелу

Сымбатты сұлуға

Сүйдірген сені маған қыли көзің,
Томардай кедір-бұдыр топас сөзің.
Құбыжық қорсылдаған мінездерің,
Арман жоқ пида болсам саған өзім.
Сымбатты сұлу тамашам,
Шашыңнан жұлып сабасам!

Сүйдірген сені маған ешкі басың
Қол жумай обырланып жеген асың.
Қоя ма сүйдірмеске ықтиярға,
Ұйпалақ ит жүніндей желке шашың.
Сымбаты сұлу тамашам,
Құсқым келер қарасам.

Сүйдірген сені маған шошақ мұрның
Кіші-гірім бір үйге ошақ мұрның.
Жіберіп анда-санда тартып алып,
Жылтылдатып тұратын қос ат мұрның.
Ойқы-шойқы беттерің,
Көмірден аппақ еттерің.

Сүйдірген сені маған көкшіл тісің
«Адыра қалғыр, ойбай» деп қылған ісің.
Салды балақ қарғамсың салпылдаған,
Біткен жоқ бұл әлемге сендей пішін,

Былжыраған жүрісің,
Жоғал әрмен құрысын!

Сүйдірген сені маған салтақ бетің,
Кәрі саулық етіндей төстек етің.
Қарағым, сыртың сұлу жапалақтай
Анауыңа келгенде, ойбай, бетім.
Сасып кеткен маңайың,
Мұрнымды басып жабайын!

Сүйдірген сені маған кірлі мойның,
Арбадай қиратылған доғал ойның.
Ә, дүние, кіріл бойым жылытар ма едім
Қаңтардың аязындай ыстық қойның.
Ызғар шығар қойныңнан,
Жанжал шығар ойныңнан!

Сүйдірген сені маған дудар шашың,
Қысты күнгі қыраудай қырбық қасың.
Кер тапал, кердеңдеген жас баласың,
Асса да 25-тен үйде жасың.
Арбаңдаған дөрескел,
Барлық ісің өрескел!

Сүйдірген сені маған қола жүзік,
Қолыңа саудырлатып қойған тізіп,
Кісі алдында қасынып теріс қарап,
Битіңнің бытырлатып мойнын үзіп.
Нас басқандай бит басқан,
Міне, сұлу жұрт асқан!

Сүйдірген сені маған тырысқаның
Көрінгенмен бұрқылдап ұрысқаның.
Әкең бүгін өлгендей қабақ жауып,
Қонақ келсе қуарып құрысқаның.
Қалқам, жаным, қарағым!
Бетіңе келмес қарағым!

Сүйдірген сені маған өсектерің,
Өзім бірге салысқан төсектерің.
Инені ұстай білмес шеберлігің
Апырмай, мен бекерге өсектедім.
Міне сұлу, асылың,
Мойныңдағы масылың!

Сүйдірген сені маған майлы қалтаң,
Аузыңа теріс қарап салған малтаң.
«Бас» дегенге «құлақ» деп жауап беріп,
Аңырайып алаңдап жалтаң-жалтаң.
Ер жігітке бұ да сор,
Қосылсаң басың болар қор!

Сүйдірген сені маған теріс аяқ,
Бір-бірі саусағыңның жуан таяқ.
Өлі сүйек, елексе өлімтік қып,
Құдайым саған берген аямай-ақ!
Мұндай жанды, құдайым,
Кез келтірме ылайым!
Кері қайту
Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Абайдың қара сөздері, Ашық сабақ, Бастауыш, Информатика, Мақала, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері, Ресей, Русский язык, Сабақ жоспары, Тәуелсіздік, Физика, Химия, абай құнанбаев қара сөздері, абай құнанбайұлының қара сөздері, ана тілі, ағылшын тілі, бала-бақша, балабақша, бастауыш сынып, баяндама, биология, география, дүниетану, жыр, математика, презентация, сайыс, сайыс сабақ, сауат ашу, сценарий, тарих, тақпақ, технология, тәрбие сағаты, Қазақ әдебиеті, Қазақстан, қазақ тілі, қазақ тілінен сабақ жоспары, қысқа мерзімді жоспар, өлең

Барлық тегтерді көрсету
×