Сайтқа кіру Тіркелу

Нан туралы баллада

Жүр едім серуенде тал түсте мен,
Жер қара, әлі үстіне қар түспеген.
Шыққаны әлде дүкен, әлде мектеп,
Бір бала келе жатты нан тістеген.

Ендігі жартысы қалған ақ шүректі
Лақтырып, табанымен басты, кетті.
Жүрегім шымыр етіп, ми қозғалып,
Қайдағы еске салды тақсіретті.

...Жыл еді елге түскен жеті қырсық,
Аштықтан бар төңірек кетті ыңырсып,
Шөп қайзап, сарсу ішіп, сарымсақ жеп,
Нан түгіл, көзден ұшты құрт-ірімшік.

Жамылып құрым киіз, жамау шоқпыт
Тіршілікке не істетпеді амал жоқтық.
Іздеген талғажауды табан асты
Жүрдік біз жеген иттей "айналсоқтық".

Соғыстың іште, сыртта желі аңырап,
Сатылап құлап жатты сан шаңырақ,
Астынан сол шаңырақтың қылтидық біз
Секілді жауын күнгі саңырауқұлақ.

Дегендей "өлмегенге өлі балық",
Жаз шығып, жерден жуа теріп алып,
"Атшоқай", "Атқұлақ" пен "Көк буылдық"
Жеуші едік қолмен үгіп дәнін жарып.

Аңдыдық азаматы бар үйлерді,-
Ол үйде таба жауып, нан илейді.
Лақтырар әр ауызға жарты тілім,
Жарылқап жаутаңдаған сәбилерді.

Сол нанды содан қайтып түсте көріп,
Жатамыз жеген болып, тістеленіп,
Қарынын қайта оянғанда, қайта ашады,
Не пайда түспеген соң ішке келіп...

Бұл - тарих қоятұғын еске алмай-ақ,
Сұм заман қалдырмаған еш жанды аяп,
Оянды тағы кеуде түкпірінен
Ақ нанды қарғыс атқыр басқанда аяқ.

Ұмтылып келдім дағы қолыма алып,
Үргілеп, иіскедім, шаңын қағып,
Әлгі нан сөйлегендей болды маған
Адамдай әрі мұқап, әрі налып:

- Кесапат осы күнгі болып жатқан
Қарғысым қалың елді менің атқан,
Құтырып кеткен жоқ па иттен жаман
Тойынса, асыраған иесін қапқан.

Қашанда ұрмас тегін кепиетім,-
Кез болды бастан бақыт кетіретін,
Нан-иман, ұмыттыңдар иман атын,
Әдетің өткізіп ап, өкінетін...

О, ғажап! Нанның сонша тілі жатық,
Болғанмен зілмауырдай мұңы батып,
Бала емес, бар жазаны мен алғандай
Орнымда оңала алмай тұрдым қатып.
Кері қайту
Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Абайдың қара сөздері, Ашық сабақ, Бастауыш, Информатика, Мақала, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері, Ресей, Русский язык, Сабақ жоспары, Тәуелсіздік, Физика, Химия, абай құнанбаев қара сөздері, абай құнанбайұлының қара сөздері, ана тілі, ағылшын тілі, бала-бақша, балабақша, бастауыш сынып, баяндама, биология, география, дүниетану, жыр, математика, презентация, сайыс, сайыс сабақ, сауат ашу, сценарий, тарих, тақпақ, технология, тәрбие сағаты, Қазақ әдебиеті, Қазақстан, қазақ тілі, қазақ тілінен сабақ жоспары, қысқа мерзімді жоспар, өлең

Барлық тегтерді көрсету
×