Сайтқа кіру Тіркелу

Емтиханға қалай дайындалу қажет?

Егер емтихан алдындағы түнде барлық билеттерді оқып шығу сізге қол емес болса, онда бұл мақала сізге арналған деп біліңіз. Мұнда біз сізге алыптың күшін, арықтың тісін жұмсамай - ақ, материалдарды есте сақтаудың және емтихандарды үздік бағаға тапсырудың амалдарын тауып қойдық.

Өзіңіздің оқып - зерделеу стиліңізді анықтап алыңыз
Біз бір - бірімізге ұқсай бермейміз және біздің емтиханға дайындалу стратегиямыз да бір - біріміздікінен өзгеше болады. Өзіңіздің жеке басыңыздың ерекшеліктерін анықтап алудан бастаңыз. Егер аудиал болсаңыз, оқулықтар мен конспектілерді дауыстап оқыңыз, кинестетик болсаңыз — конспектілеріңізден шпаргалка жазып, жауап беру жоспарын жасаңыз.

Тағы бір ұтымды әдіс — ой картасы. Бұл ұзақ уақыт өткеннен кейін де ақпаратты құрылымдаудың, білгеніңді еске түсірудің және тақырыптың мәніне үңілудің керемет тәсілі.

Әуелі қандай сұрақтарға дайындалған жөн? Оқу барысында пәнді тәп - тәуір түсініп жүрген болсаңыз, өзіңіздің хабарыңыз бар сұрақтарға кірісіңіз.

Егер әр блокты алдындағысын білмей тұрып түсіну мүмкін болмаса, бір - ақ жол бар: бәрін бастан аяқ ретімен оқу.
Сондай - ақ, қыйын сұрақтардан, оларды оқып - зерделеуге жеткілікті уақыт бөле отырып, бастаған абзал. Шаршап, жалығып кетпей тұрғанда соларды қып түсініп алған дұрыс. Оңай сұрақтарды кейінге ысыруға болады.

Және жүйеліліктен танбаңыз. Емтихан уақыты жақындаған кезде үрейге бой алдыра бастасаңыз да, таңдап алған стратегияңыздан ауытқымаңыз.

Жаттап алуға емес, түсініп алуға тырысыңыз
Билеттің мәніне үңіліңіз, жаттай беруге талпынбаңыз. Құр жаттау — көп уақытыңызды алып қана қоймай, әуел бастан - ақ абырой әпермейтіні белгілі стратегия. Сұрақтардың логикалық байланыстарын іздеп, ассоциациалар ойлап табыңыз.

Әлбетте, әр пәнде даталар, формулалар, анықтамалар тақылеттес жатқа білу керек ақпарат болады. Алайда, логикасын түсініп алсаңыз, олардың өзін есте сақтау оңай болады.

Жауабыңыз толық, көлемді болуы үшін емтихан кезінде материалды өз сөзіңізбен айтып, өз ойыңызбен толықтырыңыз.

«3 – 4 – 5» әдістемесі
Аз уақыт аралығында емтиханға дайындалу қажет болған кезде қолдануға болатын жақсы әдіс. Небәрі үш күн кетеді, бірақ атқаратын жұмысыңыз көп болады. Әр күні бүкіл материалды қарап шығыңыз, бірақ біртіндеп шомып, әр түрлі деңгейге оқып отырыңыз.

Алғашқы күні пән бойынша бар білетініңізді еске түсіріп, былайша айтқанда кірісу үшін, конспектіңізді немесе әдістеме құралын оқып шығасыз. Шартты түрде сіз қазірдің өзінде емтиханды «үшке» тапсыра аласыз деп есептейміз.

Екінші күні анығырақ, толығырақ білу үшін дәл сол сұрақтарды оқулық бойынша саралайсыз. Тырысып дайындалсаңыз, енді «төрт» алудан үміттене берсеңіз болады.

Соңғы күні беретін жауаптарыңызды мүлтіксіз етесіз: қайталайсыз, әлі де болса түсініксіздеу тұстарды пысықтайсыз, еске сақтайсыз. Үшінші күнгі дайындықтан соң емтиханды «үздік» бағаға тапсыруға әзірсіз.

Екі күн оқып, бір күн қайталау
Бұл өте қарапайым жүйе: бүкіл материалды бірдей екі бөлікке бөліп, оны екі күнде оқып шығу. Үшінші күн басы бүтін қайталауға арналады.

Дайындалу уақытын шектеңіз
Әр тақырыпты толығырақ біле түсудің түбі жоқ, сондықтан барлық қыры мен сырын есте сақтауға тырыспаңыз. Оқулықтағы үлкен тараудың негізгі - негізгі деген түйіндерін түсініп алыңыз: көлемі аз құрылымдалған материалды ұғып алу оңай.

Барлық билетті топтағы студенттер арасында бөліп алып, әркім алғаны бойынша қысқаша конспект жасауға болады. Сіз оқитын топта өзара көмектесу деген жоқ болса, жоғары курс студенттерінің материалдары мен шпаргалкаларын сұрап алыңыз.

Бір орында қатып қалмаңыз
Егер бір сұраққа дайындалуыңыз ұзаққа кетіп бара жатса, келесісіне көшіңіз. Дайындық кезіндегі ең жақсы мотиватор — таймер. Бір билет бойынша дайындалу уақытын белгілеңіз де, мысалы 30 минут, сол уақыт біткен соң, келесі билетке көшіңіз. Қалып кеткен сұрақтарға бір көз салып өту үшін емтихан алдында бірнеше сағатыңызды арнаңыз.

Билетке жауап беру жоспарын жасаңыз
Кез келген, тіпті шеті - шегі көрінбейтін мәселенің өзін бірнеше сөзбен - ақ сипаттап беруге болады. Бұл ретте әрбір тезис басқалармен байланысып отыруы тиіс.

Бұндай жоспарға емтихан алдында тез көз жүгіртіп шығып, керекті күйге түсуге болады. «Үш сөйлем» әдісі бар: әр сұрақ бойынша проблемасын, ең басты ойын және шешімін жазып алып отырыңыз.

Қалай оқу керегі пәнге байланысты
Жеке - дара ерекшеліктер сізде ғана емес, оқылып жатқан пәнде де бар. Мысалы, нақты ғылымдар — математика, физика — практиканы талап етеді. Гуманитарлық ғылымдарда ақпараттың үлкен көлемдерін өңдей алу, даталар мен адам аты - жөндерін, анықтамаларды есте сақтай білу маңызды.

Бірақ, қайталап айтайын, сұрақтарды ұғынып, түсініп алуға тырысып, кез келген пәнді оқуға бел шешіп кірісу керек.
Емтиханның форматы да маңызға ие. Егер ауызша емтиханға дайындалып жатсаңыз, беретін жауаптарыңызды дауыстап айтыңыз. Тағы бір жақсы тактика — материалдарды үйдегілердің біріне, олар құлшыныс танытпаса, айнаның алдында тұрып алып, өзіңе айту. Біреу тыңдап қана қоймай, түсініксіз нәрсе болса, сұрақтарын қойып тұрса, тіпті жақсы.

Егер тестілеуге дайындалып жатсаңыз, ондаған үлгілік тесттен өтіп, қателеріңізді жазып алып, нашар білетін тақырыптарды қайталап, бәрін тағы тапсырған жөн.

Егер емтихан жазбаша болса, берілетін жауаптың құрылымын алдын ала ойластырып қойыңыз.

Екеу немесе үшеу болып дайындалыңыз
Өздеріңізге ең қиын болған тақырыптарды жазып шығыңыз — ұжымдық сана оларды тезірек түсініп алуға жәрдемдеседі. Ең дұрысы — оқуға ынтасы бар топтастарыңызбен бірігу, әйтпесе, емтиханға дайындық күнде болып тұратын жанға жайлы әзіл - қалжыңды отырысқа айналып кетуі мүмкін.

Иә, бұл қалжыңдасып, тынығуға болмайды деген сөз емес. Әйтеуір жиналыстың негізгі мақсатын ұмытып кетпесеңіз болды.

Емтиханға дайындалу жөніндегі тағы бірнеше кеңес
1. Үзіліс жасап тұрыңыз. Бұның бойыңызды еркін ұстап, жаңа ақпаратты ұғып алуыңызға көмегі тиеді.

2. Телефоныңызды өшіріп қойыңыз, әлеуметтік желілерге кірмей, тв - ға жолаушы болмаңыз.

3. Ұйқыңызды қандырыңыз.

4. Тамақ туралы да ұмытып кетпеңіз: бұл сіздің организіміңізге қосымша күш - қуат береді. Артық жеуге де болмайды. Әдеттегі жағдайда тойып тамақ ішкен соң ұйқы келіп, оқуға зауқың соқпай қалады.

5. Күйзеліске түсіретін жағдайлар мен басқа адамдардың негативті көңіл - күйінен аулақ жүріңіз. Оқып дайындалу кезінде ахуал мейлінше жайлы болуы тиіс.

6. Шпаргалкалар мен көшіріп алу мүмкіндігіне көп үміт артпай - ақ қойыңыз. Егер көшіріп алуды жақсы білмесеңіз (бұған да ептілік керек екеніне келісетін шығарсыз), бастамай - ақ қойғаныңыз жөн.

7. Дайындық орнын жайластырыңыз: жарық, ыңғайлы, қажетті материалдардың бәрі бар болатын болсын. Төсек ең қолайлы жер емес: қызық емес тақырыпты оқып жатып ұйықтап қалу ықтималдығы жоғары.

8. Маркермен белгіленген тізімдерді жасаңыз: оларды еске сақтап қою оңай.

9. Басқа нәрселерге көңіл аударып, ұзақ отырып оқу кезінде ұйып қалған бұлшық етке қан жүгіртуге спортпен айналысу көмектеседі. Оның үстіне, жүгіріс, велосипед тебу немесе солар сияқты басқа физикалық тұрғыдағы белсенділік кезінде асықпай қыйын сұрақтар жайында ойланып көруге болады.

10. Егер оқуға зауқыңыз соқпай тұрғанын сезсеңіз, сізді ең көп қызықтыруы мүмкін тақырыптан бастаңыз. Бұл сізге ынтаңызды оятуға көмектеседі.

11. Кешкі уақытта серуендеңіз. Дайындық кезінде, әдетте жүйке жұқарып тұрады, сондықтан бір сәт арқаны кеңге салып тұру керек.

12. Нақты дайындық жоспарын жасап алыңыз.
Кері қайту
Ұқсас жаңалықтар:
Телефон тәуелділігінен құтылудың 7 тәсілі

Телефон тәуелділігінен құтылудың 7 тәсілі

Телефоныңызды бір минутқа да қолыңыздан тастай алмай, қайта - қайта хабарламаларды тексере беретін болдыңыз ба? Бұл мақалада осы дерттен арылуға...
Қытай тілі: болашаққа бағдар

Қытай тілі: болашаққа бағдар

Жаңа тілді меңгеруге кірісу жайлы шешімнің қабылдануына кәсіптік қажеттілік те, сонымен бірге заман ағымына сай болуға деген тілек те себеп болуы...
Жемісті тәрбиенің он кілті

Жемісті тәрбиенің он кілті

Сауатты, жақсы ата - ана болуға тырысып жүрген, тәрбиенің үйлесімділік стилін қалаушы ата - аналар үшін тәжірибелік басшылыққа алуға АҚШ мұғалімдері,...
Ағылшын тілі сабағында ойын түрлерін қолдана білу

Ағылшын тілі сабағында ойын түрлерін қолдана білу

«Айғыз жалпы білім беретін орта мектеп»КММ-нің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Нұрғалиева А. К....
Мектеп бітірушілерге тестке қатысты психологиялық кеңес

Мектеп бітірушілерге тестке қатысты психологиялық кеңес

Мектеп бітірушілерге тестке қатысты психологиялық кеңес. 1. Тестке кіретін кезде өзіңе сенімді бол. 2. Тестке барарда, алдын-ала өзіңді-өзің іштей...
Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Абайдың қара сөздері, Ашық сабақ, Бастауыш, Информатика, Мақала, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері, Ресей, Русский язык, Сабақ жоспары, Тәуелсіздік, Физика, Химия, абай құнанбаев қара сөздері, абай құнанбайұлының қара сөздері, ана тілі, ағылшын тілі, бала-бақша, балабақша, бастауыш сынып, баяндама, биология, география, дүниетану, жыр, математика, нақыл сөздер, презентация, сайыс, сайыс сабақ, сценарий, тарих, тақпақ, технология, тәрбие сағаты, Қазақ әдебиеті, Қазақстан, қазақ тілі, қазақ тілінен сабақ жоспары, қысқа мерзімді жоспар, өлең

Барлық тегтерді көрсету
×