Сайтқа кіру Тіркелу

Түркістан

Түркістан — екі дүние есігі ғой,
Түркістан — ер түріктің бесігі ғой.
Тамаша Түркістандай жерде туған
Түріктің Тәңірі берген несібесі ғой.

Ертеде Түркістанды Тұран дескен,
Тұранда ер түрігім туып - өскен.
Тұранның тағдыры бар толқымалы,
Басынан көп тамаша күндер кешкен.

Тұранның тарихы бар отты желдей,
Заулаған қалың өрттей аспанға өрлей.
Тұранның жері менен суы да жат,
Теңіздей терең, ауыр ой бергендей.

Тұранның егі - шексіз шөлі қандай,
Теңіздей кемері жоқ көлі қандай!
Тұранның дария аталған өзендері
Тасыса, шөлді басқан селі қандай!

Тұранның таулары бар аспанға асқан,
Мәңгіге басын аппақ шаштар басқан.
Бауырында ерке бұлақ салады ойнақ,
Жаралып таудан аққан салқын жастан.

Шөлдер бар, жел де жүрмес, сап - сары құм,
Моладай ешбір үн жоқ мәңгі тып - тын.
Болмақ па жан - жануар шексіз шөлде,
Сары құмда салар ойнақ пері мен жын.

Тұранның теңіз дерлік көлдері бар,
Шалқыған егі - шетсіз Теңіз, Арал.
Бір шетте қасиетті Ыстықкөлдің
Бауырында дүние көрген түрік көкжал.

Ертеде Оқыс, Яқсарт - Жейхун, Сейхун,
Түріктер бұл екеуін дария дейтін.
Киелі сол екі су жағасында
Табасың қасиетті бабаң бейітін.

Тұранның Тянь - Шаньдай тауы қалай,
Пар келмес Тянь - Шаньға таулар талай!
Еріксіз ер түрікті ойға аларсың
Көкке асқан Хантәңіріге қарай - қарай.

Балқашты бауырына алған Тарбағатай,
Жоталы, жер кіндігі - Памир, Алтай.
Қазығұрт қасиеті тау болмаса,
Топанда Нұх кемесі тоқтар қалай?

Тұранның жері де жат, елі де жат,
Құйындай бастан кешкен күші де жат!
Тұранды түгелімен билеп тұрған
Ертеде ертегі хан Афрасияб.

Ежелден жер емес ол қарапайым,
Білесің, тарихты ашсаң Тұран жайын.
Тұранға қасиетті құмар болған
Ертеде Кей - Қысырау мен Зұлқарнайын.

Тұранға жер жүзінде жер жеткен бе?
Түрікке адамзатта ел жеткенбе?
Кең ақыл, отты қайрат, жүйрік қиял,
Тұранның ерлеріне ер жеткенбе?!

Тумайды адамзатта Шыңғыстай ер,
Данышпан, тұңғиық ой, болат жігер.
Шыңғыстай арыстанның құр аты да
Адамның жүрегіне жігер берер.

Шыңғыстан Шағатай, Үкітай, Жошы, Төле
Атаға тартып туған бәрі бөрі.
Шыңғыстың қол бастаған екі көзі —
Жолбарыс Сұпытай мен көкжал Жебе.

Тұранның билері бар Тарағайдай,
Сол биден Темір туған от боп ойнай.
От шашып жер жүзіне Ақсақ Темір,
Жарқ етіп өте шыққан найзағайдай.

Тұранды мақтамаймын тіпті текке,
Онсыз - ақ Тұран таныс талай шетке.
Сырласқан үйде отырып аспан - көкпен
Білгіш аз жеткен жүйрік Ұлықбекке.

Асыл қан - қасиетті түрік қаны,
Сол қаннан — Ибн - Сина Әбуғали.
Молдығы білімнің сиқыр дерлік,
Дүниеге мұндай адам тудыма әлі?

Түріктің кім кеміткен музыкасын,
Фараби тоғыз ішекті домбырасын
Шерткенде тоқсан тоғыз түрлендіріп,
Жұбанып, кім тыймаған көздің жасын?!

Тұранда түрік ойнаған ұқсап отқа,
Түріктен басқа от болып жан туып па?
Көп түрік енші алысып тарасқанда,
Қазақта қара шаңырақ қалған жоқ па?

Арыстан елге Отан болған Тұран,
Тұранда қазағым да хандық құрған.
Қазақтың қасқа жолды Қасым ханы
Тұранның талай жерін билеп тұрған.

Әділ хан аз болады Назардайын,
Алашқа Есім ханның жолы дайын.
Тәукедей данышпан хан құрған екен
Басында Күлтөбенің Құрылтайын.

Бұл Тұран ежелден - ақ алаш жері,
Тұрансыз тарқамаған алаш шері.
Тұранның топырағында тыныштық тапқан
Алаштың арыстаны — Абылай ері...

Тұраннан Сарыарқаны бөлек деме,
Түркістан алты алашқа болған Кебе.
Тұранның топырағын құшып жатыр
Кешегі ердің ері көкжал Кене.

Шер батса — кім іздемес туған елін,
Тұлпар да көксемей ме туған жерін?
Арқанын ардагері - қалың алаш,
Тұран да, біле білсең, сенің жерің!

Қырағы Тянь - Шань мен Памир, Алтай,
Күтеді көптен сені қарай - қарай.
Кене мен Абылайдың жолын қумай,
Жапанда жайылудың мәні қалай?!

Ертеде Оқыс, Яқсарт - Жейхун, Сейхун,
Түріктер бұл екеуін дария дейтін.
Киелі - сол екі су жағасына,
Болмаса, барсаңшы іздеп бабаң бейітін!
Кері қайту
Ұқсас жаңалықтар:
Жадырап күн нұрымен қыран көгі

Жадырап күн нұрымен қыран көгі

Жадырап күн нұрымен қыран көгі. Талайды тамсандырған Тұран жері. Даласы егер дархан болмаса Алла, Қазақтың пейілін кең қылар ма еді....
Әулие Мәшһүр Жүсіптің астрологиялық болжамы

Әулие Мәшһүр Жүсіптің астрологиялық болжамы

Жемтік үшін жан қинап, таласпа құр, Босаға мен төріңді аласта бір; Адамзатта болмаған алтын заман Келе жатыр Алладан Алашқа бұл....
Мен қазақ

Мен қазақ

Мен – қазақ, қазақпын деп мақтанамын, Ұранға Алаш деген атты аламын. Сүйгенім қазақ өмірі, өзім қазақ, Мен неге қазақтықтан сақтанамын?...
Мағжан Жұмабаев “Түркістан”өлеңі

Мағжан Жұмабаев “Түркістан”өлеңі

Қожа Ахмет Яссауи кесенесі – орта ғасырлық сәулет өнерінің үздік асылы болып табылады. Бұл теңдессіз сарайлар кешені 30 әр түрлі бөлмелер мен...
Түркістан – екі дүние есігі ғой

Түркістан – екі дүние есігі ғой

Оңтүстік Қазақстан облысы, Шымкент қаласы №25 Т. Рысқұлов атындағы мектеп - гимназиясы Шораева Перизада Еренқызы...
Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Абайдың қара сөздері, Ашық сабақ, Бастауыш, Информатика, Мақала, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері, Ресей, Русский язык, Сабақ жоспары, Физика, Химия, абай құнанбаев қара сөздері, абай құнанбайұлының қара сөздері, ана тілі, ағылшын тілі, бала-бақша, балабақша, бастауыш сынып, баяндама, биология, география, дүниетану, жыр, математика, нақыл сөздер, презентация, сайыс, сайыс сабақ, сауат ашу, сценарий, тарих, тақпақ, технология, тәрбие сағаты, Қазақ әдебиеті, Қазақстан, қазақ тілі, қазақ тілінен сабақ жоспары, қысқа мерзімді жоспар, өлең

Барлық тегтерді көрсету
×