Сайтқа кіру Тіркелу

«Нәр берген ән бұлақтан» Шәмші Қалдаяқовтың еске алуға арналған ән кешінің сценарийі

«Нәр берген ән бұлақтан» Шәмші Қалдаяқовтың еске алуға арналған ән кешінің сценарийі.
Әдеби - музыкалық кештің мақсаты:
1. Ән өнерімізге жарық жұлдыздай сәуле шашып, айрықша із қалдырған, «Вальс падишасы» атанған Шәмші Қалдаяқовтың өмірі мен шығармашылығына шолу жасау, әндерімен танысу.
2. Шәмші әндерін жасөспірімдерге насихаттау арқылы халық арасында шоқтығы биік жұлдыздар шығуына ықпал жасау
3. Халқымыздың ұлы сазгері Ш. Қалдаяқовтың әндері арқылы оқушыларды сұлулыққа, әсемдікке елжандылыққа тәрбиелеу.
1 - слайд: ( Шәмші өмірі туралы)

1 – оқушы: Ақниет
Сол күндер ғой жүректің аңсағаны,
Саған шөлдеп, айызым тамсанады.
Өкініш пе білмеймін, қуаныш па?
Өз - өзімнен жүрегім ән салады.
Әнсіз өмір - өмір ме, қаңсымай ма?
Өзегіңді өртеп дерт, жаншымай ма,
Махаббатқа арнап бір ән шығарсын
Шәміл – ау, Шәмші қайда? Шәмші қайда?
Шәмшіге айт, тағы да бір таңдандырсын,
Жындандырсын жүректі, жандандырсын.
Мәңгі өлмес махаббатым айта жүрер
Мәңгілік өлмейтұғын ән қалдырсын.

2 – оқушы – Нұрдәулет
Құрметті өнер сүйер қауым, әнді қадір тұтатын ағайын.
Аяулы ана, мөлдір махаббат, шынайы бақыт туралы тамаша әндер жазып, ән әлемінің падишасы атанған бірегей талант иесі, қазақ халқының ұлы мақтанышы Шәмші Қалдаяқовты еске алуға арналған «Нәр берген ән бұлақтан» атты ән кешіне қош келдіңіздер!
Дегенмен, ұлы дарын өмірден өткенімен, көңілден кетпеді. Халқымызды әсем әуенімен әлдилеген ұлын, Атамекені әлдилеп жүр. Оған дәлел қыстың құлазытар қара суығында жылытатын Шәмші әуендері болмақ.

Ән: Ш. Қалдаяқов әндерінен «Попурри»

Көрініс:
Қалқожа Жолдықпаев – Дінмұхаммед
Шәмші Қалдаяқов – Бисембаев Нұрсұлтан

Автор: Бір күні Шәмшіге бір қара торы, дембелше жігіт жолықты да «Мен Қалқожа Жолдықпаевпын» деді
- Е, болсаң бол. Оны маған несін, айтып отырсын?
- Екеуміз де Арыстың бойында туыппыз. Бір өзеннің суын ішіппіз. Артымда Арыс тұрғанда алдымда сескенбеймін. Осы өзеннің жағасында мен өзімнің ең сұлу нақ сүйерімді тауыппын. Шәмші деген атыңыз бар, қалайша осы өзеннің бойында бір сұлу жолықпады сізге?
- Неге олай дейсің? Ондай сұлу менің қиялымда осы Арыстың бойында туды.
- Олай болса, әндеріңізде неге Арыс жоқ? Айналайын ерке өзеннің аруларын неге ән етпедіңіз? Оларды әлде жақтырмайсыз ба?
- Әй, бала, сен қалай – қалай сөйлейсің? Мен кімді ән қылам, кімді.... онда шаруаң бар?
- Шаруам бар! Өскен жеріңіздің сұлуларын неге жырламайсыз? Мен Қалқожа, соны айтуға келдім – деді де тайып тұрды.
- Өй, әлгі ит не деп кетті? – деді Қасымдағылар.
- Ол менің нағыз ауру жерімді түртіп кетті, - дедім мен. Шәмшінің
«Арыс жағасында» әннің жазылуына әлгі жігіт себеп болды. Оның көз алдындағы небір аруларды келтіріпті.

Ән «Арыс жағасында» орындайтын

4 оқушы – Аружан: Әр адамға әлемнің жарығын сыйлаған кім?
5 оқушы – Ақбота: Жер бетіндегі тіршіліктің қайнар бұлағы, нәр беруші сол АНА!
АНА – теңдесі жоқ таусылмайтын жыр. Өнер қайраткерінің қай – қайсысы болмасын өз шығармаларында арнайы сөз етпей кетпейтін болған.
«Ана туралы жырдың» тууы
Әннің шығуына себеп болған Шәмшінің ән дүниесіне жетелеген аяулы анасы Сақыпжамал Бұқарбайқызының мезгілсіз дүние салуы. Ананың арманда кетуі Шәмшіні қатты тебірентті. Жазылмастай дертке шалдыққан анасы Алматыдағы баласын шақыртады.
Аружан: Анашым, ортамызға келсең күліп,
Болады Алатаудай еңсем биік.
Мен сенің қарызыңды өтеймін бе?
Әлемнің жақсылығын берсем жиып?!
Көрініс: «Ана туралы жыр»

Авторы – Ақбота
Анасы – Нұрсезім
Шәмші – Нұпсұлтан
Автор: Шәмші өз анасы туралы былай толғанады. Менің анамның ең сүйікті әні «Қорлан» еді дейді.
Анасы өнерді бағалайтын, жақсы ән айтатын адам болса керек. Шәмші өзінің аяулы анасына әндерінің ең асылын арнады. Ол «ана туралы жыр». Бұл әннің туу тарихы былай екен:
Бірде анасы қатты ауырып, өзінің о дүниелік боларына көзі жетті. Алматыдан Шәмші баласын шақырып, өзінің соңғы сөздерін айтып келіп:
Анасы: Бұл өмірден жас кеттім демеймін! Жазмыш маған келіннің қызығын көруді, немере сүюді жазбады. Тағдыр солай. Жалғыз тілеуім – сен аман бол!
- Балам, - деді көзіне жас алып, - жалғыз тілегім сен аман бол. Бұл өмірде салған әнің айтылмай жатып үзілмесін. Ол әнің ұзаққа жетсін. Бақытты бол, балам.
Автор: Шәмші анасынан бұл дүниеде шын айрылғалы тұрғанын біліп, анасының кеудесіне басын төсеп, өксіп жылап жібереді.
Шәмші: - Апа, қарыздармын саған.... Қарыздармын, апа!... Сенің басыңа кесенеден ескерткіш орнату менің қолымнан келе қоймас. Бірақ саған әсем әннің ең асылынан ешқашан ұмыт болмайтын ескерткіш қалдырамын, - деді Шәмші
Автор: Бұл 1959 жылы 4 қыркүйек болатын. Шәмші уәдесінде тұрып, 1961 жылы «Ана туралы жыр» әні дүниеге келді.
1959 жылдың 4 қыркүйегі болатын. Шәмші анасына берген уәдесін 2 жылдан соң, 1961 жылы орындады.
Бұл ән ана алдындағы ешқашан өтелмейтін борышын сезінген баланың төгілген көз жасы еді. Бұл ән аналар туралы Әнұран болатын.

Ән: «Ана туралы жыр» орындайтын
6 оқушы – Ақерке: Ән де адам секілді өз тағдырымен туады. 1963 жылы Қызылорда облыстық комитетінің хатшысы Жарқымбек Қаржаубаевтың нұсқауымен ән – би ансамблін құру керек болды. Бағдарлама дайын болғанда ансамблдің шыққан тегін, затын, білдіретін, жалау етіп ұстайтын ән жоқ екен. Сол кісінің тапсырмасымен Алматыдан Шәмші Қалдаяқовтың шақырып алып, «Сыр сұлуы» әнін жазғызады. Сөзін Зейнолла Шүкіров жазған.

Ән «Сыр сұлу» қабыл алыңыздар.

Ақерке: Серік Жанәбілдің сөзі. Шәмші қайтыс болар алдынды әлде бір нәрселер ойыма түсіп:
- Шәмші! Сен осы «Қайықта» әнін жазарда Нұрсұлтан Әлімқұловқа тақырып бердің ба? – деген едім.
Шәмші сәл ойланып, күрсініп:
- Өмірдің өзі ұшан – теңіз. Бәріміз осы қайықпен жүзіп өтеміз.
Ал, менің қайығымда ескек болған ж оқ. Бүгінге дейін ескексіз
қалқып келемін. Соны жазғыздым, - деді...
Ащы жазылған мақала екен. Жүрегім ауырып кетті.
Ән: «Әнім сен едің» орындайтын
Жайнар: Шәмшінің әндері құлаққа жағымды, жүрекке жылы қабылданып, жұртшылықтың сүйіспеншілігіне бөленді. Композитор шығармасының тақырыптық, мазмұндық ауқымы аса кең. Елге, жерге, отанға, ата – анаға, жарға, дос – жаранға деген сүйіспеншілік – Шәмші шығармаларының басты тақырыбы. Оның азаматтық лирикаға тұнған, республикамыздың жерін жырға қосатын: «Ақ ерке - Жайық», «Отырардағы той», «Сыр сұлу», «Байқоңыр», «Отан», «Мойынқұмда», «Өмір – өзен» т. б туындыларын жұртшылық ерекше ықыласпен қабылдады.
Шәмші тек сазгер ғана емес, суырып салма ақын еді.
Әлі де бұл кеудеме толмай арман
Жас көңіл еш нәрсеге болмай алаң
Бейхабар жүр едім ғой махаббаттан
Қол созып, құшақ жайған қандай адам? - дей келе шыр
шумақтары Шәмші жүрегімнің толқыны мен тебіренісі.
Шәмші ағамыз өмірде көп қиыншылық көрді. Себебі, бар өмірін
шығармашылық іске арнаған.

Ән: «Отырардағы той» орындайтын

Гүлзат: Сазгер Шәмшіге көрсетілген алғашқы да соңғы құрмет 1991 жылдың 29 желтоқсанында Алматы қалалық әкімшілігі атынан, «Қазақстан халық әртісі» деген атақ берілді. Бұл күндері Шәмші ауруханада еді. 1992 жылы 29 ақпанда соңғы сапарға аттанды. Шәмші бұл атақты небәрі 60 күн ғана алып жүрді.
Артында өнер өшпес мұра қалды,
Әніне табындырып барша жанды.
Қазақтың сазгер ұлы, сал – сері,
Ғасырдың ұлы едің маңдай алды.

Мәңгілік өлмейтұғын ән қалдырған «Шәмшіге арнау» оқушы: Мерует:
Отырарда туып, өсіп, ер жетіп
Жалауын әннің көтердің аға өрге тік.
Сіз де өттіңіз опасыз мына жалғаннан,
Ғашықтардың жүрегін әнмен тербетіп.

Кетті аға, әннің қазақтың жерін шарықтатып
Көгершін болып көк аспанда қалықтап.
Байлық пен мансап бақытқа бастар жол емес,
Қоныпты сол кез басыңа аға, анық бақ.

Әніңе қосып Ақжайық, Каспий, Арқа елін
Ғашықтардың жүрегін аға өртедің.
Жалаң аяқ көбелек қуған сәбиін
Іздейді бүгін кіндік қан тамған Сарыкөлің.

Ол рас аға өмірден сыйды аз көрдің,
Қиындыққа сыр бермей өтті жаз көңілің.
Қайыққа мінген Сыр сұлу күтіп жүрме екен
Бір соғар деп оралмай кеткен сазгерін.

Жабына жоқтап, тұлпарды көзге ілмеген,
Санасыздар қызғаныш отын үрлеген.
Бүгіндер жүр бармағын шайнап өкініп,
Уағында қадіріңізді білмеген.

Әніңе бөлеп бозторғай ұшқан қарқынды,
Ән салдың аға таңға ұрып тағы бір таңды.
Әлемнің қазір төрінен биік дауыспен,
Әніңіз сіздің Ән ұран болып шырқалады.

Күндіз туды төріне өнер өрлейтін,
Ерлерде шықты, намысын ердің тербейтін
Өлді деп сізді кім айта алар жан аға,
Ән салдырған мәңгілік өлмейтін.

Ән: «Ән аға» орындайтын:

Дамира: Әр адамның өз өмірі секілді, әр әннің өз тарихы бар – деп, Шәмші бір жолдасына «Менің Қазақстаным» әнінің қалай туғанын еске алады.
Ол кезде Ақмоланы (қазіргі Астана) «Целиноград» деп атап, сол жақтағы бес облысты бір өлке етіп, Ресей жаққа бермекші болып жүрген кез еді. Қазақ жері осылай бөлшектенгелі жатқанда оның асқақтаған жырлайтын ән қажеттігін сезінді. «Менің Қазақстаным» әні осылай туды.
«Менің Қазақстаным» әнін елімнің ұраны болар деп Шәмші біліп айтқан екен. 1986 жылы 17 желтоқсанда бостандықты аңсаған қазақ жастары Алматыдағы Республика алаңына «Елім - ай» мен бірге осы әнді де айтып шықты. «Менің қазақстаным» деп шырқаған жастардың армандары орындалды. Қазақстан тәуелсіз мемлекет болды.
Шәмші Қалдаяқовтың ХХІ ғасырдың басында «Менің Қазақстаным» атты әні мемлекеттік әнұранға айналып, ол алтын әріппен ел тарихында қалды...

Хор: «Менің Қазақстаным»

Нұрдәулет:
Шәмші ағаның әндері,
Жүректерді тербеді.
Көңілдегі жақсы үміт,
Әнмен бірге жаңғырып,
Болашаққа беттеді
Жақсы әндердей мәңгілік,
Ұрпақтарды таң қылып,
Тозбасын тарих беттері – дей келе бүгінгі кеш халқының нәзік жүрегінен әндері ерекше орын алған, қазақ халқының өнер әлемінде өшпес із қалдырған сазгер Шәмші Қалдаяқовтың өнегесі ешқашан ұмтылмайды, сүйікті ағамыздың өнер жолын ары қарай жалғастырушы сіздерсіздер жас түлектер. Осымен әдеби сазды кешіміз аяқталды.
Кері қайту
Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Абайдың қара сөздері, Ашық сабақ, Бастауыш, Информатика, Мақала, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері, Ресей, Русский язык, Сабақ жоспары, Тәуелсіздік, Физика, Химия, абай құнанбаев қара сөздері, абай құнанбайұлының қара сөздері, ана тілі, ағылшын тілі, бала-бақша, балабақша, бастауыш сынып, баяндама, биология, география, дүниетану, жыр, математика, презентация, сайыс, сайыс сабақ, сауат ашу, сценарий, тарих, тақпақ, технология, тәрбие сағаты, Қазақ әдебиеті, Қазақстан, қазақ тілі, қазақ тілінен сабақ жоспары, қысқа мерзімді жоспар, өлең

Барлық тегтерді көрсету
×