Сайтқа кіру Тіркелу

Күз – мереке, күз – береке

Күз – мереке, күз – береке.
Мақсаты: Балалардың күз туралы білімін кеңейту. Балаларды күз байлығымен таныстыру. Еңбек адамдарының еңбегін қадірлей білуге тәрбиелеу.
Көрнекілігі: Күзгі бақтың көрінісі, сары ала жапырақтар, құстардың бейнесі, жемістер мен көкөністер.
Жүргізуші: Құрметті ата – аналар, ұстаздар!
Сіздер шағын орталық тобының дайындаған «Күз – мереке, күз – береке» атты тәрбие шарасын көруге келіп отырсыздар. Келген қадамдарыңызға нұр жаусын.

Жомарт көңіл, жарқын күз,
Сары алтынға малынған.
Жетті, міне алтын күз,
Сары алтыннан бұрын да.
Сары пүліш көйлегі,
Алтын күзді шынында
Ару дейсің бейнелі.
Келістіріп бар сәнін
Берген сөзі табиғат.
Алтын күзді, ал қане,
Қарсы алайық жамағат

Күз:
Толтырып дәнге қырманды,
Бастадым қырда думанды.
Мәуемді терген бағбанның
Жанарында нұр жанды.
Қадірлімін халқыма,
Баламас бекер алтынға.
Өн бойым толған ырыс – құт,
Көңілім жомарт салтымда.
Астық, жеміс, алмаға
Толып қойма, қамбалар.
Байлығымен ұлы елім,
Алты ай қысқа қамданар.
Жүргізуші: Жомарт көңіл, жарқын күз,
Берекесі халқымның.
Қош келіпсің, Алтын күз.
Құт қонағы төрімнің.
Жоғары шық, кел төрлет!
Абыройсың, бағың – бұл.
Көңілдерді ән тербет
Арналады саған жыр.
Күз:
Егін – терін жиналым,
Қамбаларға толады.
Әр көңілге нұр дарып,
Әр үйде той болады.
Жылы жаққа бағыт ап,
Құстар көкте ұшады
Сары жапырақ қашықтап,
Жердің төсін құшады.
Айтыңдаршы балақай,
Бұл қай кезде болады?
Балалар хормен: Күзде
Жүргізуші: Ал, осы күз мезгілінің қандай кезеңдері бар?
Балалар: Үш кезең: Ерте күз, Алтын күз, Қоңыр күз.
Жүргізуші: Ерте күздің ерекшелігі, жапырақтар жаңадан сарғая бастайды, күн салқындайды. Алтын күзде жапырақтап сары күйге еніп, жеміс – жидек, көкөністер піседі. Ал, қоңыр күзде ағаштар жапырағынан айырылып, шөптер қурайды. Қыстың алғашқы кезеңдері біліне бастайды.
Бүгінгі кешіміздің басты қонағы «Күзге» өзіміздің күз туралы білетін тақпақтарымызды айтып берейік.
1. Баян:
Дәнге толы қызыл қырман,
Қырман басы қызық думан.
Мөлдіретіп жүзімдерін,
Келді алтын күзім менің
Молшылық күз, береке күз
Береке күз – мерекеміз.
2. Мадияр:
Көктемде егін егетін,
Күзде жиып беретін.
Біздің дала бай дала.
Алтын астық айнала.
3. Көзайым:
Сеуіп мейір білімін
Табыстырған біздерді.
Басы оқу жылының
Берекелі күз келді.
4. Мақсат:
Біздің дала бай дала
Алтын астық айнала
Жасады той халқымыз.
Жаса, жаса, алтын күз.
5. Айда:
Қауын, қарбыз, жемістермен
Толтырамыз себетті.
Алтын күз деп аталады
Күз айы сол себепті.
6. Айсана:
Берекесін сыйлауға
Өлкемізге күз келді
Жемістерін жинауға
Шақырады біздерді.
Жүргізуші: Ал, қадірмен, халайық,
Құлағың сап тыңдағың.
Қане, ойланып табайық,
Күздің берген жұмбағын.
Ендеше, қане, жұмбақты шешіп көрейік.

1. Өзі шалғы, өзі орақ,
Өзі қырман, өзі арба.
Өзі күрек, өзі қап. (Комбайн)
2. Іздесең күнде табылар,
Көз жауын ап көктейді.
Қабат – қабат тоны бар,
Түймелеуге жетпейді. (Капуста)
3. Жер астында басы бар,
Жер бетінде шашы бар (сәбіз)
4. Қалың киім ұнатады,
Шешіндірсең жылатады (Пияз)

Жүргізуші: Балалар, осы күздің байлықтарын жинау үшін адамдар көп еңбек сіңіреді: жемістер мен көкөністерді, қырмандағы астықты жинау үшін адал еңбек жасау керек. Ал, балалар біздер еңбек туралы бірнеше мақал – мәтел жаттадық, соларды ортаға салайық.

1. Айда: Еңбек етсең ерінбей,
Тояды қарның тіленбей.

2. Мадияр: Еңбек ер атандырады.

3. Көзайым: Еңбектеп қашпа,
Ырысыңды шашпа.

4. Баян: Еңбектің наны тәтті,
Жалқаудың жаны тәтті.

5. Мақсат: Еңбек еткен емеді.
6. Айсана: Еңбек пен бақыт егіз.

Жүргізуші: - Рахмет, балалар. Еңбек туралы көптеген мақал – мәтел біледі екенсіңдер. Соларды үнемі есте сақтап жүріңдер.
Балалар, енді жомарт күздің сыйларынан қандай тағамдар болатынын көрейік. Алдымен жемістерден қандай салаттар жасауға болатынын көрсетейік.
Ортаға жемістерді шақырамыз:
Алма – Мадияр
Мен алмамын, алмамын,
Таңдай жұлар бар дәмім.

Алмұрт – Баян
Мен алмұртпын, алмұртпын,
Аузындамын бар жұрттың.

Жүзім – Көзайым
Мен жүзіммін, жүзіммін,
Моншақ болып тізілдім.

Банан – Айда
Ай пішіндес келбеті,
Дәмі неткен тәтті еді.

Өрік – Айсана
Мен өрікпін, өрікпін,
Табиғатқа көрікпін.

Иогурт – Мақсат
Жемістердің үстіне мені құйсаң, «Жеміс салаты» дайын болады.

Жүргізуші: Осы жемістерден «Жеміс салатын» дайындап, дәмін татайық. Ата – аналар, балаларыңыздың дайындаған салатынан дәм татайық.

Ойын: «Жемістердің дәмін тату»

Ойынның шарты: ортаға бір баланы шақырып, көзін орамалмен байлап, әр жеміс жидектерден бір – бірден жегізу керек. Дәмінен қандай жеміс, көкөніс екенін айыру керек.

Жүргізуші: Қымбатты ата – аналар, ұстаздар!
Халқымыз үшін қашан да қастерлі нан – ел ырысы, өмір өзегі. Елдің дәулеті дастарханмен өлшенеді. Ал, дастархан сәні наннан басталады. Міне, осы дастархан сәні, тіршіліктің нәрі туралы біздің балаларымыздың дайындаған «Нан қадірі» атты ертегісін көруге шақырамыз.

Нан қадірі
Рөлдерде ойнаушылар:
Автор –
Айжан – Көзайым
Гүлжан – Баян
Әкесі – Мадияр
Кемпір – Айсана

Автор: Баяғыда бір патша болған екен, оның Гүлжан мен Айжан атты екі қызы болыпты. Екі қызы байлыққа өте құмар екен.
Бір күні Гүлжан мен Айжан таңертеңгі тамақта дастархан үстінде тұрған нанды көріп жерге лақтырып жібереді.
Айжан: Әке, мен енді нан жемеймін. Нан өте жаман.
Гүлжан: Мен де жемеймін. Нан тәтті емес.
Әкесі: Қыздарым, бұл қылықтарың дұрыс емес. Сендерге көтергендеріңше алтын берейін. Сендерді мына сарайдан қуып шығамын. Сендерді енді көрмейтін болайын.
Автор: Әкесі оларға көтергендерінше алтын береді де, сарайдан қуып шығады. Екі қыз орманға келеді. Гүлжан мен Айжанның қатты қарны ашады. Қолдарында алтыннан басқа ештеңе жоқ.
Айжан: Гүлжан, менің қарным ашты, нан жегім келіп тұр. Қолымызда алтыннан басқа ештеңе жоқ.
Гүлжан: Алтынды жеуге болмай ма?
Айжан: Жоқ, жеуге болмайды.
Автор: Сөйтіп, қарындары ашып сандалып жүргенде, орман ішінде бір кедейдің үйін көреді. Екеуі сол үйге келеді. Үйде саулығы кем бір әжей жатады.
Айжан: Бізге нан тауып бер!
Кемпір: Ана қапта ұн бар, өздерің пісіріп жеңдер.
Гүлжан: Айжан, сен нан пісіре аласың ба?
Айжан: Жоқ, сен білесің бе?
Гүлжан: Біздің қылығымыз дұрыс емес екен. Әкемізден кешірім сұрайық.
Айжан: Сөйтсек, сөйтейік
Екеуі: Әке, бізді кешіре көр. Біздікі дұрыс емес екен.
Әкесі: Қыздарым, қателіктеріңді түсінгендеріңе рахмет. мен өте ризамын.
Автор: Әсте алаңды білмейміз
Нан болса ойнап күлеміз.
Тіршіліктің көзі – нан ғана
Нан қадірін білеміз,
Баспа нанды абайла.

(рөлдерде ойнаған балаларды таныстырады)

Мол байлық тергені
Шаттығы қаншалық
Аспанға өрледі
Құстар да ән салып.
Құстар (Құстар қанат қағып, көлді айналып ұшып жүреді)

Қош бол өскен жеріміз.
Айдын шалқар көліміз.
Аман болып тұрыңдар,
Қамқор болған еліміз.
Қаһарлы қыс өткенде.
Қайтып келіп көктемде,
Күнде думан құрамыз.
Күн шуағын төккенде.
Қош бол өскен жеріміз
Айдын – шалқар көліміз.
(Құстар қанат қағып ұшып кетеді)
Құстармен келесі көктемде аман – есен жүздесейік!

Жүргізуші: Берекелі бақ – дәулет,
Арта берсін тойланып.
Сау болайық, әлеумет,
Келгенше жыл айналып.
«Күзді» келесі кездескенше деп, шығарып салайық!
Қош бол жомарт күз!

Атырау облысы, Исатай ауданы,
Тұщықұдық селосы, Чапаев бастауыш
мектебінің мектепке дейінгі шағын
орталық тәрбиешісі Қасанғалиева Айгүл
Кері қайту
Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Абайдың қара сөздері, Ашық сабақ, Бастауыш, Информатика, Мақала, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері, Ресей, Русский язык, Сабақ жоспары, Тәуелсіздік, Физика, Химия, абай құнанбаев қара сөздері, абай құнанбайұлының қара сөздері, ана тілі, ағылшын тілі, бала-бақша, балабақша, бастауыш сынып, баяндама, биология, география, дүниетану, жыр, математика, презентация, сайыс, сайыс сабақ, сауат ашу, сценарий, тарих, тақпақ, технология, тәрбие сағаты, Қазақ әдебиеті, Қазақстан, қазақ тілі, қазақ тілінен сабақ жоспары, қысқа мерзімді жоспар, өлең

Барлық тегтерді көрсету
×