Сайтқа кіру Тіркелу

Тәрбие, үлгі-өнеге туралы мақал-мәтелдер

Қарағайға қарап тал өсер, Құрбысына қарап бала өсер.

Су ішкен құдығыңа түкірме!

Балапан ұяда не көрсе,
Ұшқанда соны алады.

Келінім, саған айтам,
Қызым, сен тыңда.

Бала тәрбиесі бесіктен.

Ұлық болсаң — кішік бол.

Ананың ізін қыз басар,
Атаның ізін ұл басар.

Жас жемісті жұлма, жас баланы ұрма

Алдыңғы көш қайдан жүрсе,
Соңғы көш сонан жүрер.

Тәрбиелі адам — тағалы атпен тең.

Кеме келсе, қайық судан шығады.

Бір елі ауызға —
Екі елі қақпақ.

Жақсы адамның жасын сұрама,
Жақсы аттың тісін қарама.

Көн қатса, қалпына барады.
Көпке түскен іс анығына барады.

Тауда туған құлынның
Екі көзі таста,
Ашаршылықта туған баланың
Екі көзі аста.

Қайтып кірер есікті
Қатты серппе.

Өтірікші алдымен
Өзін алдар.

Тек жүрсең,
Тоқ жүрерсің.

Ұлың өссе,
Ұяттымен ауылдас бол,
Қызың өссе,
Қылықтымен ауылдас бол.

Тасты бассаң, кетілер,
Сазды бассаң, жетілер.

Баланы жастан,
Келінді бастан тәрбиеле!

Сумен ойнама, батарсың,
Отпен ойнама, жанарсың.

Ойнақтаған бота
От басады.

Еркенің көзі кеппес,
Жорғаның тері кеппес.

Алдияр,
«Алдияр» десең, дандияр.

Есіктен орын тапсаң,
Төрге озба.

Ұялмаған бұйырмағанды ішер.

Бар, барын жейді,
Ұятсыз арын жейді.

Ұялған сыбағасынан құр қалар.

Жасыңда көндігерсің,
Көндігерсің де,
Жөндігерсің.

Балапан басымен,
Тұрымтай тұсымен.

Атпаз көрген ат таныр,
Ұстаз көрген хат таныр.

Өзін өзі мақтаған —
Өлімнің қара басы.

Көре тұра айтпасаң,
Көргенсіз дер,
Біле тұра айтпасаң,
Жетесіз дер.

Ұялған тек тұрмас.

Жасыңда қалжың болсаң,
Өскенде мылжың боларсың.

Асық ойнаған азар,
Доп ойнаған тозар,
Бәрінен де қой бағып,
Қозы өсірген озар.

Алмақтың да салмағы бар.

Бәлелі жерді баспа,
Басыңа түссе, саспа.

Ашу — дұшпан, ақыл — дос,
Ақылыңа ақыл қос.

Талап — талмас қанат.

Есік көргенді алма,
Бесік көргенді ал.

Жаны сұлудың
Тәні сұлу.

Ақымақтың ала-құласы болмайды.

Опаға барған — ағарар,
Жосаға барған — қызарар.

Еркенің көзі жасты,
Етегін бұзау басты.

Қарыстан сүйем жуық.

Жарылғанды жау алады,
Бүлінгенді бөрі жейді.

Кемеңгерден кеңес шығар,
Кер кеткеннен кейіс шығар.

Есерден ерке жаман.

Үміттің оты сөнбейді.

Мың асуға — бір тосу.

Ақыл — ауыздан,
Мерей — көзден.

Жығылып жатып,
Сүрінгенге күлме.

Қолы ұста адамның
Қойнында алтын бар.

Еңкейгенге еңкей,
Атаңның қара құлы емес.
Шалқайғанға шалқай,
Пайғамбардың ұлы емес.

Сыйға — сый,
Сыраға — бал.

Буынсыз жерге пышақ ұрма,
Қисынсыз жерге қолыңды сұқпа.

Таспен ұрғанды
Аспен ұр.

Алдыңа келсе,
Атаңның құнын кешір.

Тігілмеген етігіңді мақтама,
Орылмаған тарыңды ақтама.

Бетегеден биік,
Жусаннан аласа.

Жоқ болсаң — жасыма,
Тоқ болсаң — тасыма.

Ақымақтан арқан бойы алыс жүр,
Тұрлаусыздан тұсау бойы алыс жүр.

Ақпейілдің аты арып, тоны тозбас.

Жеңіл желек
Жел шақырып тұрады.

Биік ағаш бұрын құлайды.

Сұраған алады,
Іздеген табады.

Көшуден бұрын,
Керуен басыңды сайла.
Қарыз алудан бұрын,
Береріңді ойла.

Сағырдың ақысын жеме.

Кішіпейіл болғанмен,
Кішірейіп кетпейсің.
Өр көкірек болғанмен,
Ұлылыққа жетпейсің.

Болатын жігіт епшіл,
Болмайтын жігіт кекшіл.

Жемісті ағаш жер бауырлап өседі,
Жетелі жігіт ел бауырлап өседі.

Біреудің қолымен от көсеме.

Өнерлі баланың он саусағы тең,
Өнерсіз баланың бір саусағы кем.

Тең құрбыңнан кем болсаң,
Көрінгенге жем боларсың.

Абырой қонар жігітке
Ажалды қоян тап келер.

Жұпары бар жігіттің
Жанында жүр,
Жұтары бар жігіттің
Малында жүр.

Ұят жүрген жерде
Абырой төгілмейді.
Абырой бар жерде
Ар шапаны сөгілмейді.

Тәрбиелі кісі —
Қант қосқан жармадай,
Тәрбиесіз кісі —
Шаң боратқан арбадай.
Кері қайту
Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Абайдың қара сөздері, Ашық сабақ, Бастауыш, Информатика, Мақала, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері, Ресей, Русский язык, Сабақ жоспары, Тәуелсіздік, Химия, абай құнанбаев қара сөздері, абай құнанбайұлының қара сөздері, ана тілі, ағылшын тілі, бала-бақша, балабақша, бастауыш сынып, баяндама, биология, география, дүниетану, жыр, математика, нақыл сөздер, презентация, сайыс, сайыс сабақ, сауат ашу, сценарий, тарих, тақпақ, технология, тәрбие сағаты, Қазақ әдебиеті, Қазақстан, қазақ тілі, қазақ тілінен сабақ жоспары, қысқа мерзімді жоспар, өлең

Барлық тегтерді көрсету
×