Сайтқа кіру Тіркелу

Наурызнама

Ұлы Дала елі
НАУРЫЗНАМА

Әлқисса, Наурыз – Шығыс елінің бүкілхалықтық мейрамы, яғни Ұлыстың ұлы күні. Наурыз бұған дейін мыңдаған жыл бұрын Шығыс халықтарында жыл басы мерекесі ретінде тойланып, ерекше күн ретінде аталып өтетін болған. Қазақ халқы да Наурыз мерекесін айрықша бағалап, оны жыл сайын тойлап отыруды әдетке айналдырған. Шығыстық данышпандар Махмұт Қашқари, Әбу Райхан Бируни, Ә. Фирдоуси, Ә. Науаи, О. Һаямнан бастап қазақтың Абай, Әлихан, Ахмет, Міржақып, Сәкен сынды ғұламалары да Наурыз туралы еңбектер, өлеңдер, жақсы сөздер жазып қалдырған. Наурыз Шығыс елдері үшін бірліктің, татулықтың, еңбектің, көктемнің, ізгіліктің, бақыттың мерекесі ретінде тойланған. Сондықтан да болар, бұл күні шаттанбайтын, қуанбайтын, мейірленбейтін адам болмаған. Бұл күні жақсы тілек тілеу, құттықтау, кешірім жасау, табысу сияқты адамгершілік қасиеттер көрініс тауып, кейінгі ұрпақтар сондай жақсы өнегеден үлгі алған.

Наурыздың айрықша тәлім - тәрбиелік, үлгі - өнегелік, сән - салтанаттылық, мәрт - жомарттық, қадір - қасиеттілік нышан белгілері һәм таным - ұғымдарының үлгі - түрлері өте көп. Оның бәрі әр адамды жоғары саналыққа, әдептілікке, өнегелілікке, бауырмалдыққа, көргенділікке, ізеттілік һәм білімділікке баурайды. Наурызды әр халықтың асыға күтетіні де осыдан болса керек.

Ақиқатында, Наурыз – ежелгі мәдениетті, дамыған елдің бірі Парсының нау – жаңа, руз – күн, яғни жаңа күн деген сөзінен шыққаны көпке бұрыннан - ақ белгілі. Бұл қазіргі күн есебі бойынша наурыздың 22 жұлдызына сәйкес келеді. Қазақтар да бұл күн жаңа жыл, ырыс, береке, мереке, жыл басы деп есептейді. Ұлыстың ұлы күні жұрт жұмыс істемейді, сапарға шықпайды, іс тікмейді, құрылыс, не басқа бір іс бастамайды, ешкімді ренжітпейді, ренжімейді, дауыс көтермейді, әбес сөйлемейді, кір жумайды, шарап ішпейді, құрбан шалмайды. Бұл күні барлық даланы Қызыр ата аралайды.

Шынымен де, Наурыз айы – Шығыс күн есебі бойынша жылдың алғашқы айы. Григориан күн есебінде де, жылдың алғашқы айы есебінде де, күн мен түннің ұзақтығы теңеседі. Сол себептен наурыз жыл басы болып саналған. Сонымен бірге қыстың соңы, көктемнің басы. Күн жылынып, қар еріп, жыл құстары келе бастайды. Сондықтан жылдың құт мезгілі есебінде де наурызды бүкіл халық аса қрметпен қарап, оны есте қаларлық қасиетті ай есебінде бағалаған.

«Ол күнде Наурыз деген бір жазғытұрым мейрамы болып, наурызнама қыламыз деп той - тамаша қылады екен» (Абай). Кей жерлерде наурыз тойы деп те аталады. Бұл күні үлкен болсын, кіші болсын осы мейрамға келіп, көңілді ойын - сауықтар жасалады. Мұнда ішімдік ішу, ренжісу сияқты жағымсыз әдеттерге қатты тыйым салынған. Тойға ат жарыс, палуан күрес, басқа да спорт бәсекесі, айтыс, түрлі ойындар мен көңілді жұмбақтар, ән, өлеңдер, наурыз жырлары айтылады. Әркім үлкендерден бата тілейді. Наурызнама бұрын 3 - 9 күнге созылатын, халықтың ұлттық дәстүрлері һәм әдет - ғұрыптары кеңінен қолданылатын ерекше үлкен жиын той. «Қазақтың қазақ болғанда өзіне арналған, сыбағасына тиген жалғыз мейрамы – Наурызнама. Ол күні қожаларға оқытатұғын наурызға арналған кітап болады. Наурыз жайын ұқтыратын ол кітаптың атын «Салдама» дейді» (Мәшһүр Жүсіп). Наурызнамада қыз - жігіттер жиналып, бас қосып ұйқыашар әзірлейді. Ол ет, уыз сияқты дәмді тағамдардан жасалады. Жігіттер қыз - келіншектерге сақина, сырға, айна, тарақ сияқты сыйлықтар береді. Оны селт еткізер деп атайды. Бұл күні қарттар да естен шықпайды. Оларға арнап жылы - жұмсақ тағамдардан бел көтерер деп аталатын дәм дайындалып, тартылады. Бұлардың соңы келер күні наурыз көжеге жалғасады.

Наурыз тойына ғана тән, көпшілікке арналған мерекелік тағам – Наурыз көже. Оны әр үй жеті түрлі дәмнен: сүт, ет, су, тұз, құрт, жеміс, тағы сол сияқты тағам түрлерінен жасап, оған қазы, шұжық сияқты мүшелер қосып, мерекемен құттықтауға келгендерге ықыласпен ұсынады. Наурыз көженің дәстүрлік, мерекелік, ұлттық тағылымы өте зор. Ол барлық адамдарды жомарттыққа, ізгілікке, ұйымшылдыққа, татулыққа, бірлікке шақырады.

Наурыз мерекесінде айтылатын халық ауыз әдебиетінің түрлерінің бір саласы – Наурыз жыры. Жыр - өлең осы күнге лайықталып, мадақтау, тілек, бата, әзіл түрлерінде айтылады. Оның түрлері халық арасында өте көп тараған. Наурызға арналған бұрынғы, соңғы ақындардың шығармалары да көптеп саналады. Айталық,

Ұлыс күні қазан толса,
Ол жылы ақ мол болар,
Ұлы кісіден бата алсаң,
Сонда олжалы жол болар...
Ұлыстың ұлы күнінде,
Бай шығады балбырап,

Қасында жас жеткіншек,
Тұлымшағы салбырап.
Бәйбіше шығар балпиып.
Күндігі баста қайқиып,

Келіншек шығар керіліп,
Сәукелесі саудырап.
Қыз шығады қылмиып,
Екі көзі жаудырап.

Абзалында, халықта батаның түрлері көп. Соның бірі – Наурыз бата. Мұнда наурызнама өткізгендерге, осы күнге арнап «Наурыз көжеге» шақырғандарға, тойда өнер көрсеткен ақын, әнші, палуандарға, тағы да басқа өнерпаздарға, жас талапкерлерге ақсақалдар мен әжелер, ел ағалары бата береді. Бата жалпы жұртшылыққа, көпшілікке, бүкіл қауымға, ауылға да беріледі. Айталық,

Өркенің өссін!
Әр күнің Наурыз күніңдей берекелі болсын!
Ұлың – оңға, қызың – қырға қонсын!
Еліңе елеулі, халқыңа қалаулы бол!
Айың тусын оңыңнан,
Жұлдызың тусын соңыңнан!
Бақ берсін, қыдыр дарысын!

Жастар бұл күні үлкендерден бата алуға тырысады һәм наурызда алған батаның орны бөлек.

Зерделесек, табиғатқа, аспан әлеміне, ауа райына, күн мен түнге байланысты айтылатын жұмбақтар Наурыз жұмбақ деп аталған. Онда ақындар, қыз - жігіттер осы тақырыптарға ғана тән құбылыстарды жұмбақтап, өлеңдетіп айтысатын болған. Айталық,

Ұшарқар Айдай туып, Күндей батар,
Туғанда Шабансары таң сонда атар.
Аспаннан жұлдыз тарап, Шолпан туып,
Таң райы Күнменен манауратар.

Шығыстан Үркер туса егініңді ор,
Батса көктен, егісті егетін бол.
Қырық күн, қырық түн сол Үркер көктен безіп,
Жоғалып қараңғыда шегеді жол.

Әр адам өзіне, отбасына немесе жақын туыс - туғандары мен дос - жарандарын Ұлыстың ұлы күнімен құттықтап, жақсы тілек тілейді, бір - бірінің үйіне кіріп дәм татады. Айталық,

Пәле - жала жерге енсін!
Төрт түлік ақты болсын!
Өрісің малға, үйің жанға толсын!

Осынау тілек достық көңіл һәм тілектестіктің, адамгершіліктің белгісі, әрі тойдың жарасты салтының бірі ретінде айтылған.

Наурыз айында мал төлдей бастайды. Олар наурыз төлі деп аталып, төл басы ретінде бағаланып, малжанды қазақ баласы оны ерекше күтіп бағады. Төл басы сатылмайды, ешкімге сыйға берілмейді.

Наурыз айында ұшып келетін көктем құсы – наурыкөк. Қарасы шағын ғана осынау құсты Шығыс елі күтіп жүреді. Оны алғаш көргендер «Наурыз келдің бе?» деп шақырып, жем шашады. Наурызкөкті ешкім қумайды, үркітпейді.

Наурыз күнінде немесе айында туғандарды халық бақытты, ерекше адамдар деп ұғынған. Сондай себеппен оларға Наурыз есімін беретін болған. Айталық, қазақ халқында Наурызбай Құтпанбайұлы, Наурыз Қасымұлы атты әйгілі батырлар болған. Алтын Ордада Наурыз есімді хан болғаны тарихтан белгілі. Наурызгүл, Наурызбек, Наурызәлі деген адам аттары да жиі кездеседі.

Наурыз айында өсетін жапырақты, түрлі - түрлі гүлді, қауашақты әсем өсімдік, шөп – наурызшешек. Оны үйде де өсіреді. Майының дәрілік қасиеті бар. Қазақстанның таулы аймақтарында оның бірнеше түрі өседі. Наурызшешек «Қызыл кітапқа» енген сирек кездесетін өсімдік қатарына жатады.

Наурыз айында жұп - жұқа, қиықша қырбық қар түседі. Оны халық наурызша дейді.

«Самарқанның көк тасы жібиді» дегеніміз наурыз күніне байланысты сөз. Оның бірнеше мәні бар. Бірінші аңызға әйгілі астроном Ұлықбек обсерваториясындағы көктасқа дәл 22 наурыз күні Күн сәулесі түсетін болған. Сол сәуледен түскен жылу тасты жібітеді - мыс. Екінші, бұл күні әр адам қателігі болса, кешірім сұрауға һәм ол кешірім беруге тиіс. Ешірмесе «бұл күні Самарқанның да көк тасы жібиді, сен тастан қаттысың ба?» деп тоқтатады екен. Сол сияқты бұл күннің әлемге жылулық әкелетін сәтін де бейнелеп айтқан.

Шығыс елінің ұғымы бойынша күн мен түннің теңелер тұсында, яғни 22 наурыз күні, жер - көкті жарып ерекше бір гуіл - дыбыс өтетін көрінеді. Оны жан - жануарлар ішінде жұмақтан шыққан қой ғана сезеді дейді халық. Сол күні барлық жаратылыс, оның ішінде адам бойында да ерекше сезім, қасиет болады. Мұндай қасиетті күндерде тырнақ, шаш алдыруға болмайды. Әркім өзін жаман әдеттен аулақ ұстағаны жөн.
Асылында, Наурыз қай жағынан алып қарағанда да бүкіл халық үшін ерекше мерекелі күн қатарында аталып өтіледі.

әзірлеген
Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
Кері қайту
Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Абайдың қара сөздері, Ашық сабақ, Бастауыш, Информатика, Мақала, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері, Ресей, Русский язык, Сабақ жоспары, Физика, Химия, абай құнанбаев қара сөздері, абай құнанбайұлының қара сөздері, ана тілі, ағылшын тілі, бала-бақша, балабақша, бастауыш сынып, баяндама, биология, география, дүниетану, жыр, математика, нақыл сөздер, презентация, сайыс, сайыс сабақ, сауат ашу, сценарий, тарих, тақпақ, технология, тәрбие сағаты, Қазақ әдебиеті, Қазақстан, қазақ тілі, қазақ тілінен сабақ жоспары, қысқа мерзімді жоспар, өлең

Барлық тегтерді көрсету
×