Сайтқа кіру Тіркелу
загрузка...

Қазақтың салт-дәстүрлері №2

Ен салу. Малдың құлағын тіліп, немесе оны ойып белгі – ен салады. Ол малын табу, жоғалып, басқа малдармен араласып кетсе тану үшін жасалады. Енді әр құлақтың алды - артына алмастыра салу арқылы мынандай түрлерін жасайды: тілік ен, бұрыш ен, кез ен, қиық ен, құмырсқа ен, тесік ен, кесік ен, т. б. Енші беру. Ата - анасы баласы балалы болғаннан кейін «енді өз күндерін өздері көре алады» деген сенімге келіп, отау тігіп, бөлек шығарады. Сонда малынан – мал, мүлкінен – мүлік бөліп береді, ыдыс - аяқ сыйлайды. Оған келіннің төркінінен келген дүниесі қосылып, жас жұбайлар жеке шаңырақ болып шыға келеді. Мұны енші беру деп атайды. Ата - анасы қайтыс болса, олардың малы мен дүние - мүлкі қалған ағасы інісіне еншібас беруге тиіс. Әке орнында әке болып отырған ағасының ата - анасынан қалған мұраны бауырына басып алып, оның бар рахаты мен қызығын өзінің ғана көруі – тасбауырлық. Ондай аға кейін інісі өз бетінше күн көріп, бақ - дәулетке ие болғанында «Інім маған, балаларыма қараспайды» деп күңкілдемеуге тиіс. Кейбір ата - ана балаларының енші басын алдын - ала бөліп, атап қояды.

Ерулік беру. Ауылға басқа жақтан бір үй көшіп келсе, бауырларының бірі туған - туыстарына жапсарлас келіп қонса, көрші - көлемі немесе жақындары жаңа үйге «ерулік» деп ас пісіреді, табақ тартып, қонақасы береді. Бұл салтты ерулік деп атайды. Осылайша қазақтар танысын, танымасын бір - бірін бөтенсімей, өз ортасына тарта білген.

Жол беру. Қазақта үлкен адам келе жатқанында алдын кесіп өтпейді, оған жол береді, үйге кіргенінде орнынан тұрып төрге отырғызады. Аң аулағанда да жасы үлкен адам бірінші болып оқ шығарады, олжаның алғашқысын иемденеді. Алыстан келген қонаққа да, қызметі мен шені үлкен адамдарға да әр істе жол береді. Мұның бәрі қазақтың дәстүрлі әдет - ғұрыптарындағы этикалық жоралғы болып саналады.

Жылу жинау. Бір бақытсыздыққа ұшырағанында, үй мүлкі, малынан айырылғанында ауыл тұрғындары, көрші - көлемі, туған - туыстары мал, дүние, ақшалай көмек көрсетеді. Мұны олардың ортасынан бір адам ұйымдас тырады. Бұл жәрдем – жылу жинау деп аталады. Арам жолмен шығынға ұшырағандарға жылу жиналмайды. Олар: дүние - мүлкін қартаға салып ұтқызып жібергендер, зинақорлыққа салғандар, ішіп құртқандар, қоғамның, мемлекеттің дүние - мүлкін жеп қойғандар.

Жұмалық. Бұрындары дәріс алып жүрген шәкірттері жұма күні молдасына сыбағаға ет, қымыз, май, құрт әкелетін болған. Оны халық жұмалық деп атап кеткен.

Көрімдік беру. Нәрестелі болғанында, келін түсіргенінде «құтты болсын» айта келгендерден сәбиді, келінді көрсетпей тұрып «көрімдігін бермесеңдер көрсетпейміз» деп кәдесін сұрайды. Қыз ұзатыларда ұл жағынан келген құдаларға болашақ келіндерінің жасауын көрсетіп те көрімдік сұрайтын әдет - ғұрып бар. Қазір жоғары оқу орнын бітіріп диплом алған жастар да туған - туыстарынан көрімдік сұрап жатады.

Көрісу. Қазақ салты бойынша сағынысып кездескен адамдар бір - бірімен құшақтасып амандасады, кісі қайтыс болғанында құшақтасып жыласады, қыз ұзатылғанда да қимастықпен қоштасып, жылайды. Мұны көрісу деп атайды.

Көгентүп беру. Малды адамдар жақын туған - туыстарының кішкентай баласына бұзауларының, құлындарының, қозыларының, лақтарының, боталарының бірін атайды. Бұл көгентүп беру. Атаған көгентүбін кейін бермей кету – өнегесіздік, дүние - қоңыздық.

Қайырлы болсын айту. Бала туғанда, келін түсіргенде, тағы да басқа үлкен қуаныштарға ие болғанында туған - туыстары, көрші көлемі келіп «қайырлы болсын» деп құттықтайды. Ол – қазақтың қуанышты бірге бөлісетін ізгі салты. Адамдар қайырлы болсын айтпағандарға ренжиді де.

Қазан шегелеу. Жақын туыс, әзіл - қалжыңы жарасқан адамдардың үйіне екі - үш адам бірге барып: «Осы үйдің қазанын шегелей келдік» дейді. Бұл олардың түстеніп, ет жеуге келгендігі. Үй иесі оған әзілмен жауап қайтарып: «Жақсы болды, қазан шегелейтін адам таба алмай отыр едік» деп қонақжайлық танытады, әйелі ет асып қонақасы береді.

Қалау айту. Біреудің жақсы малына, мүлкіне көңілі кеткен адам сол үйдің иесіне немесе әйеліне, баласына соған лайықты бағалы бір тарту әкеліп, әлгі дүниені, жануарды «менің қалауым осы» деп сұрайды. Кейде үй иесі мұндай сыйлы, жөн - жоралғысымен келген қонаққа өзі сөз салып: «Бұл үйден қалаған бір заттың бар ма? Қалауыңызды айтыңыз» деп сұрап, қалаған затын сыйлайды.

Қонақкәде айту. Үй иесі қонағына «Қонақ кәде айта отырыңыз», – деп қолқа салатын болған. Ол – өлең айтыңыз, күй тартыңыз, өнер көрсетіңіз, деген тілек, қонақтың өнерін, қабілетін сынау, көңілді отыру. Сол себепті қазақтар баласын жастайынан ән айту, күй тарту тәрізді өнерге баулыған. Өйткені қонақкәде айта алмай қалу – ыңғайсыз жағдай.

Қорықтық құю. Ол – емдік ғұрып. Ауырған адамның төбесінің үстіне (басына тигізбей) май құйылған табаны әкеліп, екінші бір ыдыста қорытылған сұйық (ыстық) қорғасынды оның үстіне құйып кеп жібереді. Сонда «шар» етіп кішкене қорғасын сұйығы бір бейне қалпына түседі. Емші соған қарап ауруға «Сіз иттен немесе адамнан, жыланнан қорыққансыз» дегендей болжам айтып, ауруды жазылатынына сендіреді.

Мойнына бұршақ салу. Ертеде баласы жоқ адамдар мойнына көгеннің бұр шағын салып Аллаһ Тағаладан перзент сұрап жалбарынған, жылаған. Мойынға бұршақты бала тілегенде ғана салады.

Салауат айту. Ол – Аллаһты, Пайғамбарды мадақтап айтылатын дұға. Оны намаздың соңында зор ынта - ықыласпен оқиды. Сауға сұрау. Бұрындары қылмысы үшін бір адам ауыр жазаға, өлімге бұйырылғанында өте беделді кісілер барып оның жазасын жеңілдетуді, кешіруді сұраған. Сөзі өтсе айыптаушы жақ та, билер де ондай адамдардың өтінішін орындаған. Мұны сауға сұрау деп атайды. Сауғаға жазасы сұрап алынған адам да жолынан жығылмай құн, шығын төлеген, екі жақты бітістіруге күш салған.

Сауын айту. Бір ауылда, елде үлкен ас, үлкен той болатын болса, алдын - ала (бірнеше ай, бір жыл бұрын) жан - жаққа хабар жіберіліп, адамдарды соған шақырады. Бұл сауын айту. Яғни, әр жүз, әр ру мұндай асқа қымызын, малын ала келіп, батыр, балуан, ақын, әнші, күйшілерімен өнер көрсетіп, бәйгеге жүйрік аттарын қосып, астың, тойдың жақсы өтуіне жан - жақты қолдау көрсетеді. Жиынға қымыз әкелгендердің ыдысына сойылған малдың жіліктерін салып жібереді. Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» кітабында: «Мырза өз әкесі Өсекеңе ас берем деп, Көкшетауға сауын айтып, елді жиды ғой» деген сөздер бар.

Сүйінші сұрау. Өте қуанышты хабарды жеткізуші адам ол үйге «Сүйінші, сүйінші!», – деп кіреді. Бұл сөз тосынан естілсе де үй ішіндегілерді шошындырмай, қайта қуантады. Сол кезде үй иесі: «Қалағаныңызды алыңыз» дейді немесе ол риза болатындай бір жақсы сыйлық береді. Сүйінші алудың сөкеттігі жоқ.

Сәлемдеме. Біреу арқылы беріп жіберілген затты сәлемдеме деп атайды. Сәлемдемеге жіберілетін заттар: сыбаға, ақша, көйлек - көншек, орамал (бір ұшына сақина, білезік байланған). Сәлемдеме жолаушының жүгін ауырлатпай тындай болуға тиіс. Алыстағы адамдар бір - біріне таныстары арқылы ауызша сәлем, өтініштерін де жолдайды. Сірге мөлдіретер. Бие ағытар күні берілген қымызды – «Сірге мөлдіретер» деп атайды. Оған ауылдың ақсақалдары, әжелер, ел ағалары шақырылады.

Сүйек жаңғырту. Бұрындары құда - құдағи болған жақтар қайтадан қыз алысып, қыз берісіп құдалықты одан әрі жалғастырса, оны сүйек жаңғырту дейді. Бұл салт қыз бен жігіттің келісімімен қазір де жасалып жүр.

Той малы (дәстүр). «Жүз жылқы той малына кетіпті» (М. Ж. Көпеев). Келін алуға келген қадірлі құдалар ел дәстүр салты бойынша сән салтанатымен, жөн жосығымен келіп түседі. Бұл жолдың кәде жоралары да көп болады. Соның ішінде ең басты кәдесінің бірі осы топқа арнайы әкелген «той малы» деп аталатын жолды дәстүр. Бұған әр құда өз дәулеті мен шамасына қарай жылқы немесе бірнеше қой әкеледі. Күйеудің абырой, беделі осы кәдеге де байланысты болады. Бұған қымбат мата, бұйым, жеміс, қант, шәй да қосылады. Әкелген мал арқылы құдалар қыз әкесінен, атасынан немесе сол ауылдағы жолы үлкен ақсақалдан бата тілейді. Батадан кейін әлгі мал сойылып, тойға жиналғандар одан ауыз тиеді. Той малы толымсыз болса қыз жеңгелері құдалардың бетіне басады. Сондықтан да «той малының» мүшесі түгел әрі семіз болуы қатты қадағаланады.

Дәмету. «Дәметкен сары майдан кеудең құрсын» (халық өлеңі).

Дәметудің әр түрі бар Ал ырымда жас келіншектердің дәметуінің жөні бөлек. Жас балалар мен келіндер ата енелері қонақтан келсе, олардан тәтті дәмететтін әдеті бар. Әсіресе, балалы жас келіндер дәметсе оның меселін қайтаруға болмайды. Өйткені, дәметіп отырып ойындағысы болмаса оның емшегі ісіп кетеді. Бұл өмір шындығы. Ал үлкен кісілер, аналар, әжелер жас келіншегі бар үйге дәметіп қалар деп қашанда қалтасына дәм тұзын сала жүреді. Бұл әркім ескере жүретін ескіден келе жатқан ырым.

«Қалың мал» (дәстүр, кәде). «Мен ат тон айыбымен қалың мал қайтартпақшы болдым ғой» (С. Көбеев). Құда түсу рәсімі келісілген соң дала заңы бойынша күеу жағы «қалың мал» төлеуге тиіс. Бұл қазақ, қазақ болғалы бұлжымаған ежелгі дәстүр. Оның мөлшері құдалардың дәрежесі мен дәулетіне байланысты екі жақ келісе отырып шешеді. «Бұрынғы кедейлер арасындағы қалың мал мөлшері бес алты малмен тынса, ірі байлар арасында екі жүз, бес жүз, мың жылқыға дейін жеткен. Би мен байлар, хан мен төрелер арасында қалың мал үстіне «бес жақсы» деп аталатын бес түйеге қосып бір «жетім қыз (күң), «аяқ жақсы» днп беретін үш түйеге қоса бір «еркек жетім» (құл) бергендігі кейбір деректер арқылы белгілі. Қалың малдың «қырық жеті», «отыз жетінің бүтіні», «отыз жеті», «отыз жетінің жартысы», «жақсылы отыз жеті», «жиырма жеті», «он жеті», «домалақ қалың мал», «домалақ бата» сияқты түрлері болған. Мұның сыртында той мал, сүт ақы, күйеу апаратын ілу, өлі тірі апаратын, тағы басқа көптеген бағалы кәде, жоралар да болады. Бұған кеңес үкіметі кезінде «қызды малға сату» деп қара күйе жағылып келді. Ал шындығында қыздың жасауы «қалың мал» мөлшерінен кем болмаған. Демек, бұрынғы дала заңында бұл ескерілген сияқты.

Әрине «қалың мал» құдалардың дәулетіне байланысты болған. Бұл істе әркім өз шама шарқына қарай белгілеген. Бұрынғы заманда «қалың мал» байлық пен мырзалықтың дәрежесін әйгілейтін көріністің айғағы болғаны шындық. ХІХ ғасырдың алғашқы ширегінде Кіші жүзде Байсақал мен Орта жүзде Сапақ құда болған. Сонда Байсақалдың қызының «қалың малы» бес жүз жылқы болған. Үш жүз жылқы қара малы, жүз жылқы үйге кіргізер, жүз жылқы той малына кетіпті (М. Ж. Көпеев).

Күйеуаяқ (ғұрып). Жігіт қалыңдығын алғаннан кейін әдеп бойынша енесін қошаметпен өз үйіне апарып салады. Ата енесі күйеу баласына ірі мал атайды. Мұны «күйеуаяқ» дейді.

Түйемұрындық (ғұрып). Ұзатылып жатқан келіншек көшінің жолында отырған ауылдың адамдары (жастары, әйелдері) керуен атының ноқтасынан, не түйесінің бұйдасынан ұстап тұрып сұрайтын кәдесі. Қыз анасы оларға кәдесін жасайды, кәде алған риза болып, бақыт тілеп батасын беріп, жол болсын айтады.

«Қыз қашар» (дәстүр). «Былайша қыз қашар дәстүрін өткізетін үйді «болыс үй» дейтін көрінеді». (Х. Арғынбаев). Күйеудің келуін «ұрын келу» десе, қыздың атастырылған күйеуін көруі «қыз қашар» дейді. Бұл «ұрын тойы» өтетін күні болады. «Ұрын той» жастар үшін көңілді, думанды тойлардың бірі. Бұған жас жеңгелер мен жастар қатынасады. Күйеуден алынатын «қол ұстатар», «шаш сипатар», «қыз құшақтар», «арқа жатар», «көрпе қимылдатар» тағы сол сияқты кәделер осы жолы беріледі. Екі жастың бірін бірі көріп, тілдесуі де осы тойда болады. Екеуі де бірін бірі ұнатып, қалыңдық жігітке қыз белгісі орамалын және оның іні қарындастарына да түрлі сыйлықтар береді.

Күйеу ұрын барғаннан кейін құдалық бұзылатын болса қазақ заңында өте ауыр іс. Үлкен дауға кетеді. Күйеу себепсіз бас тартса бұрынғы берілген мал қайтарылмайды және айып салынады. Батаны қыз жағы бұзатын болса қалың мал толық қайтарылады әрі айып төлейді.
Кері қайту
Загрузка...
Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
загрузка...
Абайдың қара сөздері, Ашық сабақ, Бастауыш, Информатика, Күнделікті сабақ жоспары, Мұқағали Мақатаев, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері, Русский язык, Сабақ жоспары, Тәуелсіздік, Физика, Химия, абай құнанбаев қара сөздері, абай құнанбайұлының қара сөздері, ана тілі, ашық тәрбие сағаты, ағылшын тілі, ағылшын тілінен сабақ жоспары, бала-бақша, балабақша, бастауыш сынып, баяндама, биология, география, дүниетану, математика, математикадан сабақ жоспары, презентация, сайыс, сайыс сабақ, сауат ашу, сценарий, тарих, тақпақ, технология, тәрбие сағаты, Қазақ әдебиеті, қазақ тілі, қазақ тілінен сабақ жоспары, қысқа мерзімді жоспар

Барлық тегтерді көрсету