Сайтқа кіру Тіркелу

Қазақтың салт-дәстүрлері №1

Ақ құйып шығару. Халқымызда: «Үйге кірген жыланға да ақ құйып шығарады» деген мәтел бар. Қазақтың ақ деп атайтыны: сүт, қымыз, шұбат, айран. Қалың өрт келіп қалғанында алдынан ақ шашады, үйге жылан кіріп кеткенінде басына сүт не айран құйып үйден шығарып барып өлтіреді. Бұл қазақтың үйіне келген жауына да жамандық жасамайтын ұлттық мінезінен шыққан әдет.

Ат тергеу. Ол – адамды сыйлауға арналған ізеттілік әдет - ғұрып. Ұлттық болмыс бойынша әйелдер атасына, қайнағасына, қайнысына, қайын - сіңілісіне атын атамау үшін қосымша ат қояды. Мұны ат тергеу деп атайды. Мұндайда қойылатын аттардың кейбірі мынандай: «Мырза қайнаға», «бай атам», «би аға», «тентегім», «еркежан», «шебер шешей», «ақ әже», «сырғалым», «шашбаулым». Жеңгелері қайныларына әзілдеп, бойлары тапал болса «сұңғақтым», жайбасар болса «жүйрігім» деп те ат қояды. Ер адамдар да өзінен үлкендерді Мәке, Сәке деп құрметтейді. Анттасу. Жаудан кек қайтару үшін, адамдар бір - біріне деген адалдықтан айнымау үшін, еларалық тату келісімді сақтау үшін ант айтатын салт - дәстүр бар. Халық антын бұзған адамды «Ант атқан» деп жек көріп, «Уа, айтылған ант, серттескен уәде, алысқан қол қайда?»» – деп, кінәласады.

Араша түсу. Дауласқан, жанжалдасқан адамдарға басу айтып, ажырату, сабасына түсіру – араша түсу деп аталады. Бұрындары мұндай жанжалда ауылдың, елдің абыройлы абызы «Араша!» Араша! деп айқайлап, от шыққалы тұрған ортаға барып, ағайынға араша түскен.

Арыздасу. Бұл фәнидегі (өмірдегі) тататын дәм - тұзы таусылып, өмірден өтіп бара жатқан ғаріп отбасымен, туған - туыстарымен, көрші - көлем, дос - жарандарымен соңғы рет тілдесіп, хош айтысады. Мұны арыздасу деп атайды. Арыздасуда бақилық болғалы жатқан пенде біліп, білмей жасаған қателік, күнә, кінәлары үшін жиналғандардан, олар одан кешірім сұрайды.

Асар жасау. Үй салу, қой қырқу, тай таңбалау, киіз басу, егін ору, шөп шабу тәрізді қауырт жұмыстарды көптің күш - қайратымен, көмегімен тез атқару үшін ру басының, үй иесінің ауылдастарын, туған - туыстарын шақырып, бірлесе қимылдауын асар жасау деп атайды. Оның екінші атауы – үме, серне. Үй иесі жәрдемдесуге келгендерге тамақ дайындап, сый - құрметін көрсетеді. Асарға келгендер атқарған жұмысына, көмегіне ақы алмайды.

Асату. Оны С. Мұқанов өзінің «Халық мұрасы» деген кітабында кең насихаттап жазған. Дастарқан басында ет жеп отырғандар тоғая бастағанында, төрде отырған ақсақал қалған етті қолымен қонақтарға, жас балаларға асатады. Бұрындары ауыл балалары ет асаймыз деп қонақ келген үйдің қасында жүретін - ді.

Ат тұлдау. Ер адам қайтыс болғанында мініп жүрген атының жал - құйрығын күзеп, оны бос жібереді де, өлген адамның жылында сол атты әкеліп сояды. Бұл дәстүрді ат тұлдау деп атайды. Аунату. Қазақтар үйіне келіп қонақ болған, қонып кеткен адамдардың отырған, жатқан жеріне «баламыз осы атасына тартсын, бойына осы атасының қасиеттері қонсын» деп балаларын ауна тып алатын болған. Елге, ағайынға сыйлы азамат кіндік қаны тамған туған жері не келгенінде халық, туған - туыстары, дос жарандары оны сол жердің топырағына аунатып алған. Шыңғыс Айтматов үйіне Мұхтар Әуезов келгенінде, ол отырған орындыққа ұлын аунатып алған көрінеді.

Ауыз тию. Алыс сапарға аттанарда сол адам ауылындағы немесе әулетіндегі үлкен үйге кіріп дәм татып, жолға шыққан. Сонда ол «Осы қара шаңырақтың киесі қолдайды» деп сенген. Отбасы тамақтанып отырғанда дастарқан үстіне келген адам ондағы дәмнен ауыз тиюге тиіс. Әсіресе, таңғы астан ауыз тимеуге болмайды. Ас тан ауыз тию – үй иелерінің қонаққа, қонақтың дастарқандағы асқа деген ыстық ықыласының бір белгісі болып саналады.

Аузына түкірту. Бұл – қазақтардың ертеден келе жатқан ырымы. Олар батырлар мен билерге, ақындарға, тағы да басқа атақты адамдарға баласының аузына түкіртіп алатын болған. Түкіргенде оның ырымы ғана жасалады. Бұл ырым баламыз сондай адамға ұқсап, өнегелі болсын дегеннен туған. Баласының аузына бір адамға түкіртсе, жеткілікті.

Аяғына жығылу. Кешірім сұраудың ең үлкен, кішіреюдің ең ауыр түрі – осы ғұрып. Оны орындағанда айыпты адам жанына абыройлы, қадірлі кісілерді ертіп алып, тиісті адамның үйіне рұқсат сұрап кіріп, кешірім сұрайды. Айыбы үлкен болса, айыпкер өзі кінәлі болған адамның аяғына жығылып, оны құшақтаған қалпы жылап, кешірім сұрап, жалынған. «Аяғына жығылу» – әрі ғұрып, әрі жазаның бір түрі.

Байғазы беру. Үлкеннің кішіге, яғни балаға беретін сыйы. Жас ұл - қыз, бойжеткен, бозбала жаңа киім кигенде, жаңа зат алғанда аға, апа, ата - әжесінен, туған - туыстарынан оған байғазы сұрайды. Олар байғазыға ақша, мал, мүлік, әйтеуір бір зат беріп, құтты болсын айтады. Базарлық әкелу. Алыс сапарға шыққан, қыдырып қайтқан, сауда жасап келген адамдар туған - туысқандарына, көрші - көлемдеріне, дос - жарандарына ірілі - ұсақты сыйлықтар әкеліп береді. Мұны базарлық деп атайды. Ол жақсы көргеннің, сыйлағанның белгісі.

Бастаңғы жасау. Үйдегі үлкендер жолаушылап кеткенінде қалған жастар өздері бас қосып (келіндер, абысындар, күйеулер, балдыздар болып), немесе замандастарын шақырып ойын - суық өткізеді, әңгіме - дүкен құрады, әр түрлі дәмді тағамдар жасап ішеді. Бұл әдет - ғұрыпты бастаңғы жасау деп атайды.

Бәсіре атау. Ежелгі әдет - ғұрыптардың бірі. Ата - анасы баласына арнап жас төлге ен салады да оны «бәсіре» деп атайды. Бәсіре аталған төл өскен соң сол баланың қажетіне, тойына жаратылады. Оны ен салып, малды таңбалаумен шатастырмау қажет.

Босаға майлау. Жастар шаңырақ құрғанында немесе біреу жаңа үй алғанында жақын туған - туыстары келіп жаңа үйдің босағасына май жағу салтын жасайды. Ол осы үй берекелі, майдай жұғымды, көптің үйі болсын деген ниеттен туған. Босағасын майлаған адамға шаңырақ иелері кәде береді.
Кері қайту
Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Абайдың қара сөздері, Ашық сабақ, Бастауыш, Информатика, Мақала, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері, Ресей, Русский язык, Сабақ жоспары, Тәуелсіздік, Физика, Химия, абай құнанбаев қара сөздері, абай құнанбайұлының қара сөздері, ана тілі, ағылшын тілі, бала-бақша, балабақша, бастауыш сынып, баяндама, биология, география, дүниетану, жыр, математика, презентация, сайыс, сайыс сабақ, сауат ашу, сценарий, тарих, тақпақ, технология, тәрбие сағаты, Қазақ әдебиеті, Қазақстан, қазақ тілі, қазақ тілінен сабақ жоспары, қысқа мерзімді жоспар, өлең

Барлық тегтерді көрсету
×