Сайтқа кіру Тіркелу

Ұлы Жібек жолы

Байырғы заманда жердің түкпір - түкпірінде тұратын адамдар бір - бірімен сауда байланысын жүргізген. Алғашында бұл зәру заттармен айырбас ретінде жүзеге асқан. Мысалы, асыл тастар, алтын, күміс, тұз, шипалы өсімдіктер, мал, сәйгүлік аттар, қымбат бағалы аң терілері, қола мен темірден жасалған заттар, мата, азық - түлік және басқа да тауарлармен алмасқан. Кейіннен ақшаға сауда - саттық басталып, көптеген елдер мен қалаларды байланыстырған орталықтар — базар, жәрмеңке, сауда жолдары ашылды. Жолдар бір - бірімен ұласып, Шығыс пен Батысқа, Оңтүстік пен Солтүстікке қарай жалғасып, көптеген жаңа аймақтарды қосты. Осылай б. з. б. II ғасырдың ортасында Еуропа мен Азияны біріктірген Ұлы Жібек жолы пайда болды.

Ежелгі керуен жолдары

Ұлы Жібек жолы – Қытай мен Еуропа елдерінің арасын байланыстырған сауда жолы. Ұлы Жібек жолының кей тармақтары сол кезде - ақ іске қосылған. Негізінен, «лазурит жолы», «нефрит жолы» және «құндыз жолындағы» сауда қызып тұрды. «Лазурит жолы» - Мысыр, Иран, Вавилон елдеріне Памир тауларында өндірілген лазурит тасы тасымалданатын жол. Лазурит бұл елдерде өте кәделі саналып, аса жоғары бағаланған. «Нефрит жолымен» қытай патшалары мен бай - шонжарларына арналып жасалатын зергерлік әшекей бұйымдарға қажетті асыл да әдемі гауһар тас, нефрит Қашқардан Қытайға тасымалданған. «Құндыз жолымен» бағалы аң терілері әр елге таралған. Б. з. д. I мыңжылдықтың ортасында «дала жолы» іске қосылды. «Дала жолы» арқылы Қытай жібегі мен Иран кілемі жеткізіліп тұрды.

Ұлы Жібек жолы бүкіл адам ағзасын қоректендіруші қан жүйесіне ұксас жұмыс істеді. Себебі ол бүкіл Еуропа мен Азия елдерінің бір - бірімен қарым - қатынас жасауына мүмкіндік туғызып, ондағы халықтарды біріктірді.

1 - ші ғасырдағы Жібек Жолы, Қытайдан Жерорта теңізіне дейін.

«Ұлы Жібек жолы» ежелгі атау емес, ол 1877 жылы пайда болған. Оны қолданысқа енгізген белгілі неміс географы Фердинанд фон Рихттофен. Жолдың бұлай аталуына сауданың негізгі заты – Қытайдан шығарылатын жібек мата себеп болды.

Сонау Еуропа мен Азияны біріктіріп жатқан бұл жол адамзатты ғажайып жетістіктерге жеткізді. Дамыған елдердің бір - бірімен сауда-саттықпен айналысуына, ғылым салаларының дамуына, діни және мәдени салт - дәстүрлерінің қалыптасуына ықпал етті.
Ұлы Жібек жолы ежелгі Қазақстан жерімен де өткен. Ең негізгі сауда жолы Тянь - Шань тау сілемдерімен, Сырдария, Талас, Шу, Іле аңғарлары арқылы Қытайға ұласқан, Жолдың ендігі бір бөлігі Яқсарт, Сейхун деп аталған Сырдария, Орал (Жайық) өзендерін жағалай ары қарай Қаратеңіз маңы, Византия мен Батыс Еуропа жерлеріне дейін созылып жатты.

Негізгі күре тамырдан Орталық Қазақстан далаларына, Сарыарқа мен Ертіске, Алтай мен Моңғолияға қарай тарамдалған жолдар өткен. Осындай жолдардың бойында Исфиджаб, Усбаникент, Отырар, Түркістан, Тараз, Сауран, Сығанақ, Сарайшық, Жаңакент сияқты ірі қалалар болған. Бұл қалалардың өркендеуіне Ұлы Жібек жолының тигізген әсері мол. Қалалар мен далаларды, тау етектерін сақтар, үйсіндер, қаңлылар, кейіннен түргеш, қарлұқ, оғыз, қыпшақ, қимақ сияқты ежелгі түркі тайпалары мекендеген.

Қазақстанның ортағасырлық қалаларында жүргізілген қазба жұмыстары кезінде археологтар Қытай мен Византия, Иран мен Үндістан елдерінің теңге сарайларында нақыштап соғылған теңгелер мен ділдәлар қазып алған. Сонымен бірге сол жерде жасалған әрі сауда керуендерінен келген басқа бұйымдар да табылған. Алматы маңындағы ежелгі Талхир қаласының орнын қазған кезде Иранда жасалған қола табақ, қытай фарфоры мен жапон фаянс тостағанының сынығы және т. б. бұйымдар қолға түсті. Әсіресе, беті түрлі таңғажайып оюлармен, тамаша суреттермен безендірілген табақ ерекше қызықтырып, ықылас тудырады. Қызыл түсті жапон фаянс тостаған сынығының іші мен сыртында айдаһар, тау мен теңіз, «алтын» киім киінген ер кісі мен әйел әсем бейнеленген.

Көз қызықтырар қола айналар – Таяу Шығыс пен Қытайдан шығып, кең таралған заттардың бірі. Олардың сырт жағына гүлді оюлар, ұшып бара жатқан тырналардың суреттері салынып, араб жазулары да түсірілген.

Ұлы Жібек жолы бойымен Ферғананың әйгілі жүйрік аттарын, араб және түрікмен арғымақтарын, түйе мен пілдерді, арыстан мен керіктерді, сілеусін мен қарақұйрықтарды, сұңқар мен қаршығаларды, тауық пен тотықұстарды, тіпті түйеқұстарды да сату үшін алып өткен.
Сонымен қатар осы жол арқылы қант, жүзім, шабдалы, қауын сияқты өсімдіктер мен азық - түлік түрлері де саудаланған.
Ортағасырлық Шығыстың ұлы ақыны Фирдауси ұлы Жібек жолын былай деп тамаша бейнелеген:

Сансыз қымбат жүк тиелген,
Мыңдаған алып түйелер.
Жүз сары нарға дирхем артса,
Қырық нарға динар жегілген.

Ең керемет мускус пен алойыны,
Ғажап жібек маталарды,
Иран мен Мысыр керуені артқан
Тағы бар отыз түйесі.

Түйме және қоладан жасалған құмыра. Греция.
Б. з. І - IV ғғ. Батыс Қазақстаннан табылған.

Жібек жолы арқылы тауарлармен қатар ортағасырлық өнер: сәулет, мәдениет, әуен мен би өнері, көркем қойылымдар да жан - жаққа таралған. Иран, соғды, түрік бишілері мен әртістері Қытай хореографиялық мәдениетіне зор үлес қосқан. Ұлы Жібек жолы бойымен дін өкілдері де өз уағыздарын шет елдерге таратқан. Бүкіл Орта Азия мен Шығыс Түркістан арқылы Үндістаннан, Қытай, Корей, Жапон халықтарына будда, ал Сирия, Иран, Арабия елдеріне христиан діндері енген.

Еуропа мен Азияны, Шығыс пен Батысты ұштастырған бұл жол түрлі мәдениеттің дамуына ықпал етіп, алыс - жақын елдердің өзара қарым - қатынас жасауына өте қолайлы еді. Қазақ даласында өмір сүрген сол замандағы отырықшы қала тұрғындары мен көшпелі тайпалар адамзат мәдениетінің дамуына әсерін тигізген. Халықтың тұрмыс - тіршілігі жақсарып, білім деңгейлері көтерілді. Саусағынан өнер тамған қолөнер шеберлері өздерінің таңғажайып туындыларын дүниеге әкелді.
Кері қайту
Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Абайдың қара сөздері, Ашық сабақ, Бастауыш, Информатика, Мақала, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері, Ресей, Русский язык, Сабақ жоспары, Тәуелсіздік, Физика, Химия, абай құнанбаев қара сөздері, абай құнанбайұлының қара сөздері, ана тілі, ағылшын тілі, бала-бақша, балабақша, бастауыш сынып, баяндама, биология, география, дүниетану, жыр, математика, нақыл сөздер, презентация, сайыс, сайыс сабақ, сценарий, тарих, тақпақ, технология, тәрбие сағаты, Қазақ әдебиеті, Қазақстан, қазақ тілі, қазақ тілінен сабақ жоспары, қысқа мерзімді жоспар, өлең

Барлық тегтерді көрсету
×