Сайтқа кіру Тіркелу

Мектеп және келін

Мектеп және келін
(Әзіл әңгіме)
Мамандар бұл күнде мектеп қабырғасында жүргенде оқытылатын әр түрлі пән негіздерінің тек адамның болашақ өмірінде мамандық таңдау үшін ғана емес, қазақ отбасына түсетін келіндердің өмірінде де және ұрпақ сабақтастығында да өзіндік рөл атқаратындығына назар аударып отыр. Мысалы, мектеп қабырғасында оқып жүргенде келініңіз математика немесе физика сияқты пәндердің біріне тым жақын болып келсе, онда мұндай келіндер шаңыраққа түскен уақыттан бастап - ақ отбасылық экономист болып табылады екен. Мұндай келін түсірген үйлердің дәулеті де, сәулеті де арта түсетін көрінеді. Осындай келіндер отбасылық өмір мен тұрмыстағы анау - мынау қиындықтардың кезінде де тым салқынқандылық таныта алады дейді мамандар. Мұндай келіндерден болашақта ғалым балалар дүниеге келетін көрінеді.

Егер келініңіз мектеп қабырғасында оқып жүргенде химия, биология сияқты пәндерге тым жақын болып келсе, онда мұндай келіндер ата - енесінің басы ауырып, балтыры сыздағанда өте таптырмайтын көмекші жандар болып келеді екен. Олар адам ағзасы туралы білімді жақсы меңгерген және дәрі - дәрмектердің маңызы туралы да жақсы хабардар. Оларды отбасылық кішкене дәрігер десе де болады. Осындай келіндерден болашақта дәрігерлер және халық емшілері дүниеге келетін көрінеді.

Егер келініңіз мектеп қабырғасында оқып жүргенде шет тілі пәндерінің біріне тым жақын болып келсе, онда мұндай келін түсірген ата - енелердің таным - түсінігі де келін түсірген күннен бастап арта береді екен. Ондай ата - енелер өз үйінде күллі дүние күн сайын қонақта болып кеткендей сезінбек. Бір қызығы, осындай ата - енелер көрші - көлем немесе өз замандас, тұрғыластарымен сөйлескенде өзінің жаһандық тұрғыдағы таным - түсінігінің тереңдігіне келінінің көп үлес қосқандығын мақтаныш сезіммен алға тартып, «осыны біздің келін айтып отырады» деп сөйлеуге әуес келетін көрінеді. Мұндай келіндерден халықаралық саясатты терең меңгерген перзенттер өмірге келеді екен.

Дегенмен мамандар ана тіліміздің маңызын да тым жоққа шығаруға болмайтынын алға тартады. Мектеп қабырғасында жүргенде өзінің ана тіліне тым жақын жүрген келіндер мемлекеттік тілде өтіп жатқан әрқандай мәртебелі жиындарда және келін болып түскен күннен бастап келін ретінде қатысатын той - қуаныш дастарқандарында өзінің орнықты, ұтырлы сөйлеуімен дараланады екен. Олар сөздің әсер ету күшін жақсы меңгерген. Енемен, атамен қарым - қатынаста олардың тілін тауып, естілік танытады. Шай үстінде дәмді сұхбат құруды ұнататын ене болсаңыз, онда мамандар нақ осындай келінді үйіңізге келін етіп түсіруге кеңес берер еді. Осындай келіндерден ақын - жазушылар дүниеге келеді.

Өмірде өзін ширақ және сергек сезінетін енелер аз емес қой. Олар келінінің де тым ширақ болғандығын қалайтындығы анық. Ендеше, мамандар мұндай енелерге мектеп қабырғасында жүргенде дене тәрбиесі пәніне тым жақын келген келінді келін етіп түсіруге кеңес берер еді. Ондай келіндер тұрмыстың ыстық - суығында анау - мынауға бой алдыра бермейтін жандар болып келеді екен. Егер ұрпағыңыздың ішінен спортшы шыққанын қаласаңыз, нақ осындай келінді үйіңізге келін етіп түсіре қойыңыз. Мамандар сонымен бірге әскери дайындық пәніне тым жақын болып келген келіндерден де жауынгер ұландардың өмірге келетіндігін алға тартып отыр.

Егер келініңіз мектептегі дінтану пәніне тым жақын болып келсе, онда үйіңізге тым тақуа жанды келін етіп түсірдім деп ойлай беріңіз. Мұндай келіндер үнемі құдайға сиынып, жаратқан иені аузынан тастамай жүреді екен. Осындай келіндерден ерекше иманды перзенттер өмірге келетін көрінеді.

Мектепте оқылатын ән және музыка пәнінің де маңызы зор болмақ. Осындай келінді үйіне келін етіп түсірген ата - енелердің әулет арасындағы отырыстарда шоқтығы биік бола бермек. Әулет арасындағы дастарқан басындағы отырыстарда мұндай келіндердің бағасы тым арта түседі екен. Ондай келіндерге үлкендер үнемі «өркенің өссін, шырағым, құлақ құрышымызды бір қандырып тастадың ғой» деп бата беріп отыратын көрінеді. Мұндай келіндерден болашақ өнер жолына түсетін сәбилер дүниеге келмек.
Кері қайту
Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Абайдың қара сөздері, Ашық сабақ, Бастауыш, Информатика, Мақала, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері, Ресей, Русский язык, Сабақ жоспары, Тәуелсіздік, Физика, Химия, абай құнанбаев қара сөздері, абай құнанбайұлының қара сөздері, ана тілі, ағылшын тілі, бала-бақша, балабақша, бастауыш сынып, баяндама, биология, география, дүниетану, жыр, математика, нақыл сөздер, презентация, сайыс, сайыс сабақ, сценарий, тарих, тақпақ, технология, тәрбие сағаты, Қазақ әдебиеті, Қазақстан, қазақ тілі, қазақ тілінен сабақ жоспары, қысқа мерзімді жоспар, өлең

Барлық тегтерді көрсету
×