Сайтқа кіру Тіркелу

Қуандық Шаңғытбаев "Сабалақ" өлеңі

Сабақтың тақырыбы: Қуандық Шаңғытбаев «Сабалақ» өлеңі
Сабақтың мақсаты:
а) білімділік: Қ. Шаңғытбаев туралы мәлімет беру, «Сабалақ» өлеңінің деректілік негізі, өлеңнен ақын тілінің ұлтжандылық мәні зор екендігіне көз жеткізу, ақындық рухының биіктігін таныту.
ә) тәрбиелік: Оқушыларды ұлтжанды болуға, Отанын сүйе білуге, елінің ертеңгі болашақ жастар екеніне сенімін арттыру.
б) дамытушылық: Оқушының мәтінді мәнерлеп оқу, талдау жүргізе білуге, өз ойын ақын тілімен де, әдеби тілімен де жеткізе білу қабілеттерін дамыту
Сабақтың түрі: Жаңа білімді меңгерту
Сабақтың әдісі: түсіндіру, мәнерлеп оқу, қайталау, сұрақ - жауап, миға шабуыл,, талдау, әңгіме, СТО, шығармашылық, ішінара ізденіс, топтық жұмыс, жеке жұмыс
Сабақтың көрнекілігі: интербелсенді тақта, слайд - презентация, портрет, үлестірмелі кеспе қағаздар, таблица, постер, түрлі - түсті бағалау қағаздары
Пәнаралық байланыс: қазақ тілі, Қазақстан тарихы
Сабақтың барысы
І Ұйымдастыру кезеңі
Оқушылармен сәлемдесу, түгендеу, оқу құралдарын тексеру. Сыныптың тазалығына көңіл бөлу. Оқушылардың зейінін сабаққа аудару.

ІІ Үй тапсырмасын пысықтау:
Үйге берілген тапсырма: Ж. Молдағалиевтың «Ар - ұят туралы» өлеңінен үзінді жаттау, ар - ұят, намыс жайында шағын ой - толғау жазып келу.

ІІІ Жаңа сабақ

1. Интербелсенді тақтада:
1) Батыр туса... (ел ырысы)
Жаңбыр жауса... (жер ырысы)
2) Ер жігіт елі үшін туады... (елі үшін өледі)
3) Бірлік бар жерде... (тірлік бар)
4) Ерлік білекте емес... (жүректе)

2. «Аңырақай» «Сабалақ» «Абылай»

(Тақтада «Аңырақай», «Сабалақ», «Абылай» сөздері шығады. Оқушылар осы сөздерді естігенде алдымен көз алдарына не келеді, сол жайында қысқаша ойларын ортаға салады)

3. Балалар біз бүгін Қ. Шаңғытбаев «Сабалақ» өлеңімен танысамыз. Дәптерлеріңізді ашып, бүгінгі күнді, тақырыпты жазып қоямыз. Енді мен сіздерге Қ. Шаңғытбаевтың өмірімен қысқаша ғана таныстырып өтсем.
Қуандық Шаңғытбаев
(1925 - 2001)
Қ. Шаңғытбаев Ақтөбе облысы Қарабұлақ ауданында дүниеге келген. Әл - Фараби атындағы Қазақтың Ұлттық Университетінің филология факультетін бітірген. Өмір жолында ұстаздық жолдан өткен. "Ар ма, республикам" (1974), "Лирика" (таңдамалылар, 1976), кітаптарын шығарды. 1980 — 1987 жылдар аралығында "Жыр жаһаны", "Гүлтолқын", "Саршатамыз", "Жыл құсы" атты лирикалық шығармалары жарық көрді.
4. Сыныптағы оқушыларды пән аттары жазылған арнайы карточкалардың көмегімен кездейсоқ түрде шағын топтарға бөлемін:
1) «Қазақ тілі» – 1 топ;
2) «Қазақ әдебиеті» – 2 топ;
3) «Математика» – 3 топ;
4) «Химия» – 4 топ.
5. Мәнерлеп оқу (әр топтан бір - бір оқушыдан шығып оқиды)
Сұрақ - жауап әдісі арқылы «Сабалақ» өлеңнің мазмұнын ашамыз.
 Бұл өлең кім туралы жазылған?
 Қазақ халқы кімдермен соғысады?
 Абылай кім? Сабалақ кім?

6. Сөздікпен жұмыс
1) Аңырақай – жердің аты
2) Сарбаздар – әскер
3) Омақаса – құлаудың бір түрі
4) Дүбірі – шуы, дыбысы
5) Түзде – далада

7. Қазақтың хандарының билік құрған жылдары бойынша хронологиялық кесте көрсетіліп, таныстырылады. Оқушылар Абылай ханның билік құрған жылдарын дәптерлеріне жазып алады.
8. Интербелсенді тақтада Абылай хан туралы бейнеролик көрсетіледі.

Абылай хан
Абылай (Әбілмансұр) хан — (1733 — 1737) билік құрған. Абылай хан (1711 - 1781) Қазақ Ордасының ханы, қазақ мемлекетінің тарихындағы аса көрнекті мемлекет қайраткері, арғы тегі Жошы хан, бергі бабалары қазақ ордасының негізін салған Әз - Жәнібек, одан соң еңсегей бойлы ер Есім хан, Салқам Жәңгір хан. Абылай – Жәңгір ханның бесінші ұрпағы. «Ақтабан шұбырынды» жылдарында жетім қалып, үйсін Төле бидің қолына келеді. Аш - жалаңаштықтан жүдеген өңіне, өсіп кеткен шашына қарап Төле би оған «Сабалақ» деп ат қойып, түйесін бақтырады. Әбілмәмбет төренің жылқысын да бағады. Абылай хан жиырма жасында «Абылай, Абылай» деп ұран салып, Қалдан Сереннің ұлын Шарышты өлтіреді. Абылай хан – Үш жүздің басын қосқан хан, көрші жатқан ұлы Ресей мен Қытай елдер арасында достық қарым - қатынасты орнатқан демократ. Ол тек 25 жасында Әбілмәмбет қайтыс болғанда ғана таққа отырады. Оның ақылшысы, кеңесшісі – Бұқар жырау. Ол соғысқа Абылайдың қанды көйлек жолдастары Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шақшақ Жәнібек, Қарақалпақ Қылышбек, Шапырашты Наурызбай, т. б. қазақтың белгілі батырлары тізе қоса қатысады. 1781 жылы мамыр айында Абылай хан Түркістанда қайтыс болады. Сүйегі Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің ішінде Қабырхана мен Ақсарай арасындағы дәлізде жерленген. Абылайдың артында 12 әйелінен 30 ұл, 40 қыз қалды. Оның үлкен ұлы Уәли әкесі қайтқаннан соң таққа отырады. Абылай қаһарлы хан болуымен қатар, қазақ халқының рухани қасиетінен еркін сусындаған дарынды күйші ретінде де белгілі. Ол - «Ақ толқын», «Алабайрақ», «Бұлан жігіт», «Дүние қалды», «Жетім торы», «Қайран елім», «Қара жорға», «Қоржыңқақпай», «Майда жел», «Садаққаққан», «Сары бура», «Шаңды жарық», т. б. күйлердің авторы.
Қазақ халқының жадында Абылай қажырлы мемлекет қайраткері, батыл қолбасшы, дарынды дипломат ретінде сақталып келді. Оның есімі тәуелсіздік символына, жауынгерлік ұранға айналды.
Оқушылар, Абылай ханның өмірімен қысқаша ғана танысып өттік. Ал енді хан деген сөзге ассоциация құрамыз.
IV Жаңа сабақты меңгеру
9. Топпен жұмыс. Өлеңді сатылай кешенді талдау (постер арқылы қорғау)
10. Карточка бойынша үлестірме сұрақтарға жауап беру:
1) Ақын Аңырақайдағы соғысты қалай суреттейді? Жауға бүйірден тиген қазақ жауынгерлерін ақын қандай сөздермен бейнелеп көрсетеді? Тілін тарихпен салыстырып көрейік.

2) Сиреп қалған серіктерін көргенде Әбілмәмбет қандай күйге түсті және қандай шешімге келді?

«Сиреп қалған серіктерден сескеніп,
Әбілмәмбет бас бармағын шайнайды»
Әбілмәмбеттің шешімі.
«Ата нәкес, жықты ма жау туымды»,
Деп ызаға Әбілмәмбет буынды.
«Ала кетем жастығымды мен де» деп,
Қынабынан алдаспанын суырды.

3) Мәтіннен Сабалақ бейнесін тауып оқы. Сабалақ қандай тұлға? Сабалақ мінездеме бер.

«Қыран қанат қас қабағы түйілген,
Жеңіл ғана шидем шапан киінген,
Келе жатыр қол басын бір жігіт
Қаршығадай тас қолданып шүйілген».

4) Әбілмәмбет кімге көңілі толды? Не үшін?

Әбілмәмбет Сабалақ Абылай
(Әбілмансұр)
Абылай сұлтанның немере інісі.
– Осы ұрыста ол «Абылайлап» ұран сап, «кірген жерін тесік қып, шыққан жерін есік қып дұшпанның іргесін айрандай ірітіп, тозаңдай тоздырады. Жұрт ұранына қарап оның төре тұқымы екенін біліп, төбеге көтеріп құрмет көрсетеді. Мән – жайды білген Әбілмәмбеттің ұсынысымен үш жүздің тоқсанға тарта игі жақсылары жиылып Әбілмансұрды (Сабалақ) Абылайды хан сайлайды.
Ел аузында Абылайды алғаш Атығай – Қарауыл хан көтеріп, алты отау тігіп берген деген сөз бар.

«Бүгінгінің Абылайы» кім деп ойлайсыңдар? (3 - 4 оқушы өз ойларын ортаға салады)
11. «5 минуттық эссе» стратегиясы бойынша:
1 - топ. «Абылай ханға хат»
2 - топ. «Егер мен сол заманда өмір сүрсем...»
3 - топ. «Сабалаққа құрдастарынан хат»
4 - топ. «Егер де мен Абылай хан болсам…»

V Білімді бекіту:
1. Қ. Шаңғытбаев қай жылы, қай жерде дүниеге келген?
2. Қандай аудармаларын білесіңдер?
3. Өлеңдегі негізгі кейіпкер кім?
4. Өлеңде қай жердегі соғыс баяндалады?
5. Сабалақ дегеніміз кім?
«Бағдаршам» ойыны бойынша тақтаға қызыл, сары, жасыл түстер ілінеді. Әр оқушы қолдарындағы осы үш түске сәйкес стикерлердің бірін ғана таңдап, тақтаға сәйкесінше жабыстырады. Жасыл түс – сабақ жоғары деңгейде өтті, ұнады; сары түс – сабақ орташа деңгейде өтті, аздап ұнады; қызыл түс – сабақ төмен деңгейде өтті, ұнамады.

VI Бағалау: Оқушылардың жауаптарына қарай қолдарында жиналған стикерлердің санына байланысты білімдері бағаланады. Өзін - өзі бағалау және өзара бағалау нәтижесінде қорытынды бағалары белгіленеді

VII Үйге тапсырма. «Сабалақ» өлеңінен үзінді жаттау. Абылай хан туралы мәліметтермен танысу
Кері қайту
Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Абайдың қара сөздері, Ашық сабақ, Бастауыш, Информатика, Мақала, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері, Ресей, Русский язык, Сабақ жоспары, Тәуелсіздік, Физика, Химия, абай құнанбаев қара сөздері, абай құнанбайұлының қара сөздері, ана тілі, ағылшын тілі, бала-бақша, балабақша, бастауыш сынып, баяндама, биология, география, дүниетану, жыр, математика, презентация, сайыс, сайыс сабақ, сауат ашу, сценарий, тарих, тақпақ, технология, тәрбие сағаты, Қазақ әдебиеті, Қазақстан, қазақ тілі, қазақ тілінен сабақ жоспары, қысқа мерзімді жоспар, өлең

Барлық тегтерді көрсету
×