Сайтқа кіру Тіркелу
загрузка...

Қазақ тілінен диктанттар жинағы №7

Көз көрген
— Құтыбай, өлең айтшы, көңіл көтерші! — деді бір кезде, сөзден іш толды, құлақ сарсыды. Қақыраған қыста торғай екеш торғай да күнелтеді. Құдайым сол құрлы жаратқан шығар. Қазақтың босқаны бір бұл ма «Ақтабан шұбырындыдан» кейін де ел болдық. Әлі де болармыз.
— Әй, Жәмила - ай, Махамбетше атаның аруағымен, еркектігімен асып жүр - ау! Әйтпесе, нағыз би өзіңсің ғой, — деп Құтыбай қолына домбыра алғанша, Жәмила жауап қайырып үлгерді:
— Көпшікке зәру едім, өркенің өссін. Бірақ есіңе сақта, бақ шіркін қонарында әйел түгілі ақымақтың да басына қона салады. Қонбасында еркек түгіл ақылдының да басынан қашады.
— Иә…- деді де, Кұтыбай домбыра шертті. Ән емес, күй емес, әлдеқандай бір сарын, айтып түсіндіру қиын. Әйтеуір бойды сергігіп, сезімді қоздырып барады. Жап - жаңа шұқанақ, батпақ көңіл жайнаған мынау көк майса даладай далиып сала береді. (119 сөз)
(Ғ. Мұстафин)

Айқас
Гонг сыңғыр ете қалды. Айқас басталды. Екеуінде де аянатын пиғыл жоқ.
Алғашқы бір - екі минут үсті - үстіне қойғыласумен өтті. Әуелгіде Мұрат Садыққа қарағанда сергек, пысық еді. Енді ол тағы да тез алқынып, біраздан соң шаршағандығы білініп қалады. Ал Садық болса әлі тың. Тығыршықтай денесі түйіліп алған күйінен айныр емес. Мұрат шабуылға шыққан сайын, зілдей қолдарымен оны қарсы төпеп, ұрып - ұрып жібереді де, түк сезбегендей болып, мойнын алқымына тыға түсіп, тағы да аңдыса қалады.
Біраздан соң Мұратты тер басып, бүкіл денесі еріп кеткендей, былғалаңдай бастады, шаршады. Қолдары өзіне бағынудан қалды. Енді Садық шабуылдай бастады. Мұрат досының жеңілейін дегені Шәкірге де батып барады. Бірақ амалы жоқ, не істейді? Нендей жәрдем көрсете алады? Стоп! - деп, команда берді ол. (115 сөз)
(Б. Сокпақбаев)

Балуан Шолақ
Балуан Шолақ цирктен шықса, түн тынық қараңғы екен. Дала араның ұясындай, ызыңдаған бір тұтас дауыс. Ол дауыстың кімдікі екенін, қараңғыда көзі үйренбеген Балуан Шолақ алғаш аңғара алмады.
— Бері жүр, Балуан — деген жолдасының таныс дауысы естілді оған.
— Қайда барамыз?
— Нең бар, қайда барғаныңда. Атқа мінуді біл, аржағын көре жатарсың.
Ызың қаққан қалың дауыстың арасын қақ жарып, жолдасының соңына ерген Балуан Шолақ атына жетті де, тез мінді. Сол кезде қараңғыға аздап үйренген көзі айналаны шолып еді, түнде толқыған теңіздің бетіндей, ұшы - қиыры жоқ тұтасқан бір қимыл.
— Қайда, Балуан Шолақ? — деген дауыс естілді.
Айналадағы қою қимылдың ішінен:
— Кім, мені іздеген? Мен мұнда, — деді Балуан Шолақ.
— Енді неге қарап тұрсыңдар. Тартыңдар, Балуан Шолақ шықса, — деген дауыс гу ете түсті.
— Ал, жөнелдік. (117 сөз)
(С. Мұқанов)

Ақырғы бәйге
Қанаты кең жазылған бәйгешілер, айыл - тұрмандарын ат үстінде отырып алып, айдаушының шаршы орамалына қарасты. Тықыршып, кісінеп, жер тарпыған сәйгүліктер көздері жайнап, ауыздықпен алысады.
Айдаушы орамалды көкке көтеріп тұрып, серпіп қалды. Өрт тигендей дүр етіп, бес жүз ат жұла тартқанда, аспан асты шайқалып, теңселіп кеткендей болды. Дүңк - дүңк еткен қара жер қозғалғандай дірілдеп, тербеліп, тып - тынық ауаны екі мың тұяқтан ұшқан шаң көміп кетті. Күздің аласапыран қою бұлты жерге аунап түскендей Ерейменге, Құсақ көліне қарай ұйытқып жөңкіле көшіп барады. Екі мың тұяқ жерді тасырлата шертіп, жалпақ түзді лекіткен дала күйіне бөлеп жіберді. Кемеріне сыймай лықылдап, буырқанып тұрған өзен арнасын ашып жібергендей, лақ етіп төгілген бұйра толқын кең жазықта айдаһардай бүктеліп, зымырап барады. (109 сөз)
(С. Жүнісов. «Ақан сері» романынан үзінді)

Тойда
Ел - жердің тұрмыс - тіршілігімен, жай - жағдайымен әбден таныспын. Қасым жырларын сүйіп оқып, құрметтеушілердің бірімін. Ежелден еңбекқор елдің еңсесі көтеріліп, Қасым сынды қасиетті ұлының мерейтойын осылайша тойлап, мерекелегеніне куә болғаныма қуаныштымын. Туған халқымен бірге өзінің талантты ұлы Қасым да мәңгілік жасай бермек, — деді Шер - ағаң.
Осы тойды көре жүріп, айналадағы табиғатқа мұнартып тұрған мынау тауларға қарап, менің ойыма Қасымның: «Жата алмас ем, топырағында тебіренбей, ақын болмай, тасың болсам мен егер», — деген сөзінің қасиетін енді түсінгендей болдым. Мынау қатар - қатар қаланған тау тастары кәрі тарих шежіресіндей. Бұл араның тасы да жыр жырлап, ән салып тұрғандай, — деп тебіренеді белгілі публицист - журналист, жазушы ағамыз Сарбас Ақтаев.
- Осынау ізгі тілек, ұлағатты ойлар Қасым тойына қатысқан әр адамның жүрегінде өзіндік үнімен, өзіндік лебізімен сайрап тұрғанына еріксіз көз жеткізіп, елжірей сүйсінесің.
Екі күн бойы жыры да, сыры да таусылмайтын қасиетті Қасым бейнесі бұрынғыдан бетер зорайып, тұлғалана түскендей. (137 сөз)

Күйші
Атақты күйші, композитор Дина Нұрпейісова 1861 жылы Орал облысы, Жаңақала ауданына қарасты Бекетай құмында дүниеге келген.
Динаның музыкаға деген зеректігі өте ерте байқалады. Ол жеті - сегіз жасында қолына домбыра ұстайды. Тоғыз жасында Құрманғазыны көреді.
Бұдан кейінгі жылдарда Дина өз заманының тамаша күйшілері Дәулеткерей, Түркеш, Ұзақ, Мәмен, Байжұмалардың күйлерін үйренді. Олардан тәлім - тәрбие алады. Өзі де күй шығара бастайды.
Құрманғазы, Дәулеткерей және басқа композиторлардың күйлерін біздің заманымызға жеткізгендердің бірі Дина болды. Динаның «Той бастар», «Әсем қоңыр», «Жеңіс», «Бұлбұл» күйлері қазақ халқымен бірге жасайтын асыл қазына. (84 сөз)

Ауыл тұрмысы
Ел жайлаудан тараған. Шөкен, Мақаш ауылдары қыстақта «Жамбас құдықта» отыр. Кешеден бері күн көзі көрінбейді. Аспан қалың бұлт, жел тынық. Анда - санда толасы бар. Ыбылжыған ақ жауын мазаны кетіріп тұр. Талай үйде отын жоқ, тезек су, панасыз нәрсенің бәрі су. Көп мінілген көлік, көп сауылған төл бүрсеңдеп, үй паналап немесе ықтай оттап жүр. Үйлердің түндігі шақтап ашылған, қайсыбірі қалпымен жабық. Түтін шыққан шаңырақтар некен - саяқ. Жаз бойы жайлауда жадыраған жан - жануар күздің бір лайсаңында - ақ кірбеңдеп қалды. Қараша үйлердің адамы кәдімгідей күйзелді. Киіз жыртық, отын жоқ. Отын болса, ішті жылытатын ас жоқ.
От жағылмаса да, Шәкен үйі бұл күндерді елемеді. Шәкен басына тысы қара барқыт, іші түлкі пұшпақ бөрік киіп, арқасына күрең сәтенмен тыстаған су жаңа түйе жүнді күпі жамылып отыр. (119 сөз)
(Ғ. Мүсірепов)

Ақбілек
Әкем айттырған Жаманбаланың шотпақ қара қызын менсінбей, Мамырбайдың Ақбілегін елден таңдап айттырып едім. Мал - жанды соққан екен, малымды түгел алмай, есік көрсетпеймін деп, көнбей қойды. Бойжеткен калыңдығым тұрғанда, қарап жатайын ба, «жасырын барам» — деп кісі жіберіп алып, «өзі біледі» деген соң, бүгін жолыққалы келе жатыр едім. Дулыға тастың бөктерінен жолымызды кесе қашқан ор қоянды өткізбеймін деп бірталай ат қинап, алданып қалғанымыз.
Әйтпесе мана келетін кісі ғой. Ауылға таяна бергенде, шулаған иттің дауысын естіп, тұра қалып едік, бір мезетте «апатайлаған» Ақбілектің, одан мылтықтың даусын, аттың дүбірін есіткен соң, дәтім шыдамай, не де болса қолында өлейін деп куып бердім.
Қараңдаған екі аттыға жаңа жете бергенде, оқ иығымнан кетті. Не болғанымды білмедім. Әй, жолдас шіркін, сондай жерде керек қой! Аттарын тежеп, қорқып шаппады ғой! Әйтпесе түсіріп алатын кісі едік. Есіл жарым, екі көзің жаудырап, орысқа қор боп кетті - ау. Жұртым - ау, менде не жазық бар? Ақбілекті жіберіп қойғандарың ба? Кеудеде шыбындарың болса, неге қимылдамайсыңдар! (150 сөз)

Толық нұсқасын қарау
Кері қайту
Загрузка...
Ұқсас жаңалықтар:
Қазақ халқының күйшілері

Қазақ халқының күйшілері

Сабақтың мақсаты: Білімділік: Ұлы күйшілердің өмірі және шығармашылығымен таныстыру, тақырып аясында еркін сөйлей білуге жағдай жасау, білімдерін...
Нағыз қазақ, қазақ емес. Нағыз қазақ – домбыра!

Нағыз қазақ, қазақ емес. Нағыз қазақ – домбыра!

Жезқазған қаласы, «№21 Жалпы білім беретін орта мектебі» КММ Ғылыми - зерттеу жұмысымен айналысушы: 1«В» сынып оқушысы Әшір Балжан Жамбылқызы Ғылыми...
Құрманғазы, Дина-қазақтың ұлы күйшілері

Құрманғазы, Дина-қазақтың ұлы күйшілері

Атырау қаласының Мектептен тыс жұмыс орталығы Домбыра мұғалімі Сарсенғалиева Айзада Хайратқызы...
Сәбит Мұқанов «Каронмен күрес»

Сәбит Мұқанов «Каронмен күрес»

Қарағанды қаласы, №20 орта мектебі, қазақ тілі және әдебиет пәні мұғалімі Асанова Гульмира Сейсембаевна Сабақтың тақырыбы: Сәбит Мұқанов «Каронмен...
Балуан Шолақ Баймурзин

Балуан Шолақ Баймурзин

  Балуан Шолақ (шын аты Нұрмұхамбет, кейде Нұрмағамбет деп те атайды) Баймурзин қазіргі Көкшетау облысы, Еңбекшілер ауданында туған. Әкесі кедей...
Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
загрузка...
Абайдың қара сөздері, Ашық сабақ, Бастауыш, Информатика, Мұқағали Мақатаев, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері, Русский язык, Сабақ жоспары, Тәуелсіздік, Физика, Химия, абай құнанбаев қара сөздері, абай құнанбайұлының қара сөздері, ана тілі, ашық тәрбие сағаты, ағылшын тілі, ағылшын тілінен сабақ жоспары, бала-бақша, балабақша, бастауыш сынып, баяндама, биология, география, дүниетану, математика, математикадан сабақ жоспары, презентация, сайыс, сайыс сабақ, сауат ашу, сценарий, тарих, тақпақ, технология, тәрбие сағаты, Қазақ әдебиеті, қазақ тілі, қазақ тілінен сабақ жоспары, қысқа мерзімді жоспар, өлең

Барлық тегтерді көрсету