Сайтқа кіру Тіркелу

Екі дәуір жыршысы

Сабақтың тақырыбы: Екі дәуір жыршысы
Сабақтың мақсаты: Білімділік: Екі дәуір жыршысы, қазақ халқының ұлы перзенті, жыр алыбы - Жамбыл Жабаевтың шығармашылығымен ғұмыр кешкен кезеңіндегі оның бейнесін, қазақ әдебиетіндегі алатын орнын жас ұрпаққа ұқтыру.
Дамытушылық: Шығармашылыққа деген сүйіспеншілікті арттыру, өз ойларын, көзқарастарын еркін жеткізуге үйрету.
Тәрбиелік: Адал және шыншыл болуға тәрбиелеу.
Сабақ түрі: Ой толғау, монолог, зерттеу сабақ.
Сабақтың әдісі: Мәнерлеп оқу, зерттей оқыту, сұрақ - жауап, әңгімелесу.
Пәнаралық байланыс: Тарих, музыка.
Көрнекілігі: ақын портреті, ақын - жазушылардың Жамбылға берген батасы, буклеттер, ақын өлеңінен үзінділер, сурет, кітап көрмесі және интербелсенді тақта.
Сабақтың барысы.
Ұйымдастыру кезеңі.
Сабақтың негізі үш бөлімнен тұрады.
І бөлімі. Арнау.
ІІ бөлімі. Таңдау.
ІІІ бөлімі. Толғау.
Әуен барысында мұғалім сабақ бастайды. Бүгінгі «Жыр алыбы - Жамбыл» атты сабақ радиоқойылым түрінде өтеді:
Жүзге кеп бақыт тапқан ақын Жамбыл,
Дүниеге түгел кеткен атың Жамбыл,
Тілекке қол аңсаған бүгін жеттің,
Далада жасасаң да ғасыр Жамбыл.
Қара өлеңнің алыбы, даланың дархан данасы Жамбыл ата! Өзіңнің үміт күткен ұрпақтарың сіз туралы ой толғап сыр шертпек.
- Ұлы бабам! Туған топырағыңның тұрып бір сәт болса да бізге орал, ортамызда бол!- деп сабағымызды бастап кетейік.
І. Арнау. (Жамбыл Жабаев туралы мәлімет беріледі)
1 - оқушы. Ғасырға жуық ұзақ ғұмырында ол екі дәуірдің, көптеген әлеуметтік дүмпулердің куәсі болды, өмірдің ауыртпалығы мен тіршілік қуаныштарында бір кісідей бастан кешірді, кедеймін деп мойыған жоқ, болдым - толдым деп тасыған жоқ. Жағымпаздық пен өтіріктің құнын білген Жамбыл ешқашан байлыққа да бас иіп көрген емес. Басқаның қасіретін терең қабылдап, зұлымдықпен де аяусыз күресті. Ақындар айтысында оған ешкім тең келе алған жоқ. Жамбылдың домбырасы - Жетісудың жан - жүрегі мен айдай ақиқаты. Ол өзінің көп достары мен туыстарының қазасын көрді, кешегі соғыс қасіреті жүрегін тілгіледі. Тек алмастай айбарлы сөзі онымен өмір көшінің соңына дейін бірге болды, мәңгі өлмес туған топырағы ғана оны бауырына басып, алыстарға бастай берді.
Екінші оқушы. Жамбыл қазіргі Жамбыл облысы Шу өзенінің бойындағы Жамбыл тауының етегінде 1846 жылы туған. Жастайынан өлеңді қолма - қол жанынан суырып айтатын болған. Қаршадай баланың өнеріне сүйсінген атақты Сүйінбай ақын оған ақ батасын берген. «Өлең - сөздің даңғылы» атанған Жамбыл ақындар айтысында бірде - бір рет жеңіліп көрмеген дара жүйрік болған. Оның қазақ жерін, қазақ елін жырға қосқан өлең - жырлары кең тараған. Суырып - салма ақынның жас ұрпақты отаншылдыққа, еркіндікке, ерлікке шақырған даусы Ұлы Отан соғысы жылдарында ерекше естілген. Ол ауыз қазақ әдебиетін жаңғыртып жырлап отырған. Өзі де елге әйгілі батырлар туралы дастан шығарады. Жамбылдың «Өтеген батыр», «Сұраншы батыр» дастандары қазақ әдебиетінің ерлік отаншылдық тақырыптағы іргелі туындыларының бірі болып саналады.
Көрініс: Сүйінбайдың Жамбылға батасы.
Жамбыл атақты ақын Сүйінбай Аронұлына барып, бата сұрайды. Сүйінбай: «Ақын болудан асқан өнер жоқ. Алған бетіңнен қайтпа! Халқымыздың қорғаны болған батырларды жырла! Әрқашан шындықты айт.»- деп бала Жамбылға өзінің домбырасын ұсынады.
ІІ. Таңдау. (Интербелсенді тақтадан немесе экраннан берілген тақырыптардың біреуін таңдап, ақпарат беру керек)

Ақын Сүйінбай Аронұлы жас ақынның талантын көріп: «Балам, өз өлеңіңді шығар, сенің өлеңің жеке адамдардың көңілін көтеріп, солардың сүйіп тыңдайтын өлеңі болсын». Ақындық өнерді сән үшін емес, қарапайым халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтау үшін пайдалану қажет екенін түсінген Жамбыл өзінің алғашқы өлеңдерінде бай мен билердің, төрелердің елге жасаған қиянатын әшкерелейді. Халық мүддесін өз өлеңдерінде арқау етеді.
Поэзия алыбы. Оның қазақ жерін, қазақ елін жырға қосқан өлең - жырлары кең тараған. Суырып салма ақынның жас ұрпақты отаншылдыққа, еркіндікке, ерлікке шақырған даусы Ұлы Отан соғысы жырларында ерекше естілген. Ол халық ауыз әдебиетін, ескі жыр - дастандарды жақсы білген және жадында жаңғыртып жырлап жүрген. Өзі де елге әйгілі батырлар туралы жанынан дастан шығарды. Жамбылдың «Өтеген батыр», «Сұраншы батыр» аталатын дастандары қазақ әдебиетінің ерлік, отаншылдық тақырыптағы іргелі туындылары саналады.
Жүз жасаған бәйтерек. Халық бақытын арман еткен Жамбыл Кеңес тұсындағы ел өміріндегі өзгерістерді сол кездегі ел саңлақтарының көпшілігі сияқты халық арманының жүзеге асқандығы деп білді.
Туған жер. « Шу өзенінің бойымен жүре берсеңіз, Хан және Жамбыл деген екі тауға кез боласыз. Менің әкем Жапа бір кезде осы тауларды көшіп - қонып жүрген. Жамбыл тауының есімі ат болып қойылыпты. Бұл 1846 жылы ақпан айы екен. Жапа шоқпыт шапанды көшпелі кедей болған. Туған жеріміз құлазыған кең, жазық дала еді. Сондықтан, мен балалық шағымда егісті де, бақты да арықты да көрмедім. Жазық кең дала менің Отаным болды».
Ауыз әдебиет алыбы. ХХ ғасырдың Гомері атанған Жамбылдың туындыларында қазақ қоғамының қайшылықтары, халықтың әлеуметтік жағдайы суреттеледі, Жамбылдың алғашқы өлеңдерінің бірі «Жылқышы» өлеңі. Бұл өлеңде ақын әлеуметтік теңсіздік мәселесін қозғайды. Патша әулетінің 300 жылдығына (1913) арналып, Алматыда көрме ұйымдастырылды. Көрмеге байлары ақ үйлерін тігіп, қымбат дүниелерін қояды, қазақ байлары мен әкімдерінің бұл жағымпаздық қылықтарын шенеп, Жамбыл «Өстепкеде» деген өлеңін шығарды.
Суырып салма ақын. Ұлы Жамбылдың ақындық шеберлігінде айтыс елеулі орын алды. Жамбыл өзінің ақындық өнерін көбінесе осы айтыстар үстінде көрсетті. Жамбылдың айтыстағы бір ерекшелігі - өзінің ақындық өнерін тиісті идеялық бағытта пайдалана білгендігі. Ақын айтыста қалың көпшіліктің көңіліне қонымды ел ішіндегі әлеуметтік теңсіздік, әділетсіздік сияқты мәселелерді қозғайды. Айтыс үстінде халық атынан сөйлеп, халыққа арқа сүйеп отырған. Жамбылдың бұрынғы айтыстарының ішінде, әсіресе оның Құлмамбет ақынмен айтысы ерекше көзге түседі. Жамбыл Құлмамбет ақынмен 1881 жылы айтысып, оны жеңіп шыққан.
Құлмамбетке Жамбыл орынды, өтімді пікірмен қарсы шығады:
Адамдықты айт, ерлікті айт, батырлықты айт,
Ел бірлігін сақтаған татулықты айт.
Қарынбайдай сараңдар толып жатыр,
Оны мақтап әуре болмай, жөніңе қайт.
Ақын өлеңі бойынша 5 жолды өлең құрау.
Тақырып /Зат есім/ Ақындар.
Суреттеу /Сын есім/Суырып салма, шешен.
Қимыл/ етістік/айтады, жырлайды, толғанады.
Сезіну/сөз тіркесі немесе сөйлем/
Ақындар бір - бірінің өнерін жоғары бағалайды.
Мәнін қайта айту. Ақын - үздік өнер иесі.
ІІІ. Толғау. (Ж. Жабаевтың толғаулары мен жырларынан үзінді оқылады, оқушылар қалай аталатынын тауып, жалғасын айту.)
1. Шып - шып етіп молданың
Қолындағы тобылғы,
Қозғалтпайды жонымды,
Талай дүре соғылды. (Шағым)
2. Сәлем айт, барсаң Абайға,
Кеңесі кеткен талайға.
Ауырды жеңген қара жер,
Сабырлы болсын қалайда. (Жалғызбын жүрмесін)
3. Балалар, аманбысың, шырақтарым,
Майысып көлге біткен құрақтарым!
Жүрмесем есендесіп тұра алмаймын,
Ішінен асып кетсе бір аптаның. (Балаларға)
4. Ұзынағаш, Қаратас,
Қалқабайдай қайран жас.
Бекеттен нан қоймайды,
Жалаң аяқ, жалаң бас. (Кедей күйі)
5. Нева өзені сүйкімді
Бұлағымдай көремін.
Көпіріне қарасам,
Көмкерген су көлемін.
Өркеш - өркеш жарасқан,
Шоқылардай дер едім. (Ленинградтық өренім)
« Ақын өлеңінен алған әсерім» 5 минуттық ой толғау (эссе) жазады. Әр қатардың белсенділері сөз алады.
Сабақты қорытындылау.
Оқушылардың білімін бағалау.
Үйге тапсырма: «Жамбыл салған ізбенен» тақырыбында шығарма.
Кері қайту
Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Абайдың қара сөздері, Ашық сабақ, Бастауыш, Информатика, Мақала, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері, Ресей, Русский язык, Сабақ жоспары, Тәуелсіздік, Химия, абай құнанбаев қара сөздері, абай құнанбайұлының қара сөздері, ана тілі, ағылшын тілі, бала-бақша, балабақша, бастауыш сынып, баяндама, биология, география, дүниетану, жыр, математика, нақыл сөздер, презентация, сайыс, сайыс сабақ, сауат ашу, сценарий, тарих, тақпақ, технология, тәрбие сағаты, Қазақ әдебиеті, Қазақстан, қазақ тілі, қазақ тілінен сабақ жоспары, қысқа мерзімді жоспар, өлең

Барлық тегтерді көрсету
×