Сайтқа кіру Тіркелу

Тіл дыбыстары

Қызылорда облысы, Шиелі кенті,
№46 А.С.Пушкин атындағы мектеп-лицейінің
қазақ тілі мен әдебиеті пән мұғалімі Рүстемова Гүлмира

Сыныбы: 5
Пәні: Қазақ тілі
Сабақтың тақырыбы: Тіл дыбыстары ( Фонетика )
Сабақтың мақсаты: А) Тіл дыбыстары туралы бастауышта алған білімдерін еске түсіре отырып, тіл дыбыстары туралы, дыбыстау мүшелері туралы жалпы түсінік беру.

Ә) Алынған білімді есте сақтауға дағдыландыру, логикалық ойлау қабілеттерін, нақты, дәлелді сөйлеу дағдыларын дамыту.
Б) Орындалатын тапсырмалар арқылы бір-бірін тыңдауға, сыйлауға дағдыландыру. Шапшаңдыққа, ұқыптылыққа тәрбиелеу.
Сабақтың түрі: «Жеті ата» ауылына саяхат
Сабақтың типі: Жаңа білім беру
Сабақтың әдісі: түсіндіру, талдау, жаттығу орындау, ойлау, дәлелдеу.
Сабақтың көрнекілігі: интербелсенді тақта, слайдттар, буклет
Пәнаралық байланыс:тәнтану, әдебиет, әдеп.

Сабақтың барысы:
І. Ұйымдастыру кезеңі:
Оқушыларды түгендеу.
Оқу - құралдарын тексеру.
Оқушылардың зейінін сабаққа аудару:
Кіріспе:
Жеті ата
Жеті атасын білмеген – жетесіз (мәтел). Өмір тәжірибесі мол халқымыз кейінгі ұрпаққа жеті атасын білуді міндеттеген және оны үйреткен, жаттатқан. Мұның әлеуметтік зор мәні болған.Қазақ халқы жеті атаға дейін қыз алыспаған. Бұрынғы адамдар бір – бірімен танысқанда, жүздескенде руын, тегін сұрауы осыдан шыққан. Сондықтан әр қазақ баласы өз ата-тегін білу тектілік әрі ұлттық тәртіп пен жөн білудің бір саласы болып саналған.
«Жеті атасын білген ұл, жеті жұрттың қамын жер» деген қазақ аталы сөзді арқау етіп, баласына ата тарихын жастайынан жаттатқан. Ел-жұрт тарихын білу ер-азаматты ерлікке, елдікке, Отансүйгіштікке баулитынын білген.
Олай болса жеті ата: 1.Ата. 2.Әке. 3.Бала. 4.Немере. 5.Шөбере. 6.Шөпшек. 7.Немене.

ІІ. Үй тапсырмасын тексеру: (Ата ауылы)
«Лексика» тарауын қорытындылау мақсатында «Қызықты грамматика» бойынша «Ойнайық та, ойлайық» тапсырмаларын орындатамын:
1.Мына сөйлемдердегі тура және ауыспалы мағынада тұрған сөздерді табыңдар:
Ыстық күн төбемнен өтіп барады. Ыстық сезім бойын биледі. Терең көлді мұз басыпты. Оқушылар терең білім алды.
2.Өздерің оқыған бір жұмбақ төрт сөзден құралған. Оның біріншісі – сарай сөзінің синонимі, екіншісі – астында сөзінің антонимі, үшіншісі – ірі сөзінің антонимі, төртінші сөзі –тау жынысты қатты зат. Ол не деген жұмбақ? (Үй үстінде ұсақ тас)
3.Синонимдік қатарға кірмейтін сөзді алып таста: Аласа, Пәкене, кіші, бағалы, қымбат, құнды, дұшпан, маржан, көп, үлкен, мол, қыруар, қатыгез, қас, пәс, жау.

4. Берілген суреттерге қарай отырып тұрақты тіркестерге мысалдар келтір:
5. Адассөз
Ағаштарды жарамын,
Гүлге келіп қонамын. (Ара-ара)
Ұйықтап жатып көремін,
Мезгілді де білемін. (Түс-түс)
ІІІ.Жаңа сабақ: ( Әке ауылы)
1. Тіл дыбыстары дегенде қандай түсініктер ойларыңа келеді? Бастауыш сыныпта өткендеріңді естеріңе түсіріңдерші.
Оқушылардан күтілетін жауап: дауысты дыбыстар, дауыссыз дыбыстар т.б.
2. Сөздік жұмыс (дәптерге жазғызу)

Фонетика-(гректің «фоне» деген сөзі негізінде қолданысқа енген) Фоненің мағынасы-дыбыс,үн, дауыс.Фонетика-тіл дыбыстарының жүйесін, жасалуы мен ерекшеліктерін,әр түрлі сипаты мен бір-бірімен тіркесу заңдылықтарын зерттейтін тіл білімінің саласы

Тіл дыбыстары, біріншіден, адамның дыбыстау мүшелері арқылы пайда болып шығатын дыбыстар, екіншіден, белгілі жүйелік сипаты бар , саны шектеулі ғана дыбыстар, үшіншіден, белгілі ұғымды білдіретін сөз құрайтын ең кіші тілдік бөлшек болып табылады. Сөйтіп, тіл дыбыстары жеке тұрғанда ешбір мағына білдірмей, мәні болмаса да, белгілі бір жүйемен, тәртіппен тіркесуі арқылы бір ұғымның атауы болып табылатын, мағынасы бар сөзді құрайды.
3. Проблемалық сұрақ қою арқылы жаңа сабақты түсіндіру
Мына сөздерге назар аудартып, сөздердің қандай өзгеріске ұшырап тұрғанын айтқызу:
Бас, тас, жас, қас, нас
Ескек, кек, ек
Қал- лақ, түс- сүт, кел- лек

4. Тіл дыбыстары кестедегі сөйлеу мүшелері арқылы жасалатынына назар аударту.( слайд арқылы түсіндіру): тыныс жолы мүшелері, ауыз және мұран қуысы мен иек, жақ жатады. Тыныс жолына өкпе мен көмей, желбезек (дауыс шымылдығы), ауыз қуысына тіл, ерін, езу, тіс, таңдай, кішкене тіл жатады. Тіл дыбыстары осы мүшелердің қатысуы арқылы жасалады да, сол мүшелердің ерекшеліктеріне қарай дыбыстардың сипаты анықталады.
5. Үн- өкпеден шыққан ауаның кедергіге ұшырамай еркін шығуынан пайда болады.

Салдыр-өкпеден шыққан ауаның сөйлеу мүшелерінің біріне соқтығып, кедергіге ұшырауынан пайда болады.
Осы үн мен салдырдың дыбысқа қатысуына қарай тілдегі дыбыстар дауысты және дауыссыз болып келеді.
6. “Әліпби” сөзі араб алфавитінің алғашқы екі әрпі –алив пен би атауларының бірігуінен жасалған. Әліпби жазуда қолданылатын әріптердің рет тәртібі дегенді білдіреді. Әліпбидегі көрсетілген таңбалар - әріптер. Әріп-дыбыстың жазудағы таңбасы.

Оқулықпен жұмыс:(Бала ауылы)
233-жаттығу: Төмендегі сөздердің дыбыстарын мүмкіндігінше өзгерте отырып, олардың сөз мағынасына тигізетін әсерін бақылау.
Сал, жат, тас, тық, қаш, жан.
234-жаттығу: Төмендегі сөздердің дыбыс санын көбейту арқылы мағынасы басқа-басқа сөздер жасау:
Ал, ат, у, ыс, ас.
236- жаттығу:Мәтінді түсініп оқыңдар.

Тіл деген сөзге назар аударыңдар және оның бірнеше мағынада жұмсалатындығына мысалдар тауып жазыңдар.
А.Байтұрсынов туралы білетіндеріңді айтыңдар.
7. Осы жаттығу барысында адамның сөйлеу мүшелерін схема арқылы түсіндіріп өтемін.
1 – сурет. Адамның сөйлеу аппараты
I – мұрын қуысы; II – ауыз қуысы; III – дауыс түтігі; IV – тамақ (кеңірдектің кеңейген жоғарғы тұсы); V - өңеш (тамақ жүретін жол).
1 – тістер; 2 – еріндер; 3 – қатты таңдай; 4 – жұмсақ таңдай; 5 – тілшік (увула);
6 – жұтқыншақ; 7 – тіл (a – тіл алды, б– тіл ортасы, в – тіл арты, г– тіл түбі).
2 – сурет. Тамақ
a – бойлық қиық: 1 – жұтқыншақ; 2 – жалған дауыс шымылдығы; 3 – қалқан шеміршек; 4 – нағыз дауыс шымылдығы; 5 – дауыс саңлауы; 6 – кеңірдек шеміршегі.

б – көлденең кесік: 7 – желбезек шеміршек., 8 - сақина шеміршек.
(Немере ауылы)
Сергіту сәті:
1. Әзіл жұмбақ
Фонетикалық екі ұғым
Бірі мен бірі сыбайлас,
Бірі – айтылады да естіледі,
Екіншісі – жазылады а көрінеді. (Дыбыс, әріп)
****
Өз құрамында үш буын, жеті әріп бар,
Жалпы қарауындағы әріптері
Құрамындағыдан алты есе көп. (Алфавит)
****
Бір ағашта отыз жеті алма,
Оны алып жемек болсаң,
Он шақтысы тамағыңнан еркін өтіп кетеді
Қалғандары қақтығып барып өтеді. (Дауысты, дауыссыз дыбыстар)
2. Адасқан әріптерді орнына қой. Кім жылдам?

і, м, б, л, і ш, о, б, а, л, қ, а
к, р, е, м, т, е, е с, ұ, з, а, т
к, т, е, м, е, т, е а, л, а, д
ІҮ.Бекіту. (Шөбере ауылы)

Метаграмманы мәнерлеп оқып, көшіріп жаз.
Оңға қарай оқысаң да- бір халық.
Солға қарай оқысаң да –бір халық.
Бір буыным-құс,

Бір буыным-түс (қазақ,қаз,ақ)
Ү. Қорытындылау: (Шөпшек ауылы)
Фонетика нені зертейді?
Әріп пен дыбыстың айырмашылығы неде?
Сөйлеу мүшелеріне не жатады?
ҮІ. Үйге тапсырма беру: (Немене ауылы)
235-жаттығу: Метаграммаларды шешіңдер. Балалардың өздеріне де осылай етіп метаграммалар жазып келу.
ҮІІ. Бағалау:
Кері қайту
Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Абайдың қара сөздері, Ашық сабақ, Бастауыш, Информатика, Мақала, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері, Ресей, Русский язык, Сабақ жоспары, Тәуелсіздік, Химия, абай құнанбаев қара сөздері, абай құнанбайұлының қара сөздері, ана тілі, ағылшын тілі, бала-бақша, балабақша, бастауыш сынып, баяндама, биология, география, дүниетану, жыр, математика, нақыл сөздер, презентация, сайыс, сайыс сабақ, сауат ашу, сценарий, тарих, тақпақ, технология, тәрбие сағаты, Қазақ әдебиеті, Қазақстан, қазақ тілі, қазақ тілінен сабақ жоспары, қысқа мерзімді жоспар, өлең

Барлық тегтерді көрсету
×