Сайтқа кіру Тіркелу

Бремен әншілері

Баяғыда бір диірменші болыпты. Әлгі диірменшінің әрі ақылды, әрі мықты бір жақсы есегі болса керек. Жануар диірменде көп жыл қара жұмыс істеп, қап-қап ұнды таси-таси, ақырында әбден қартайыпты.

Бір күні иесі есегіне қараса, құр сүлдері тұр, жүк тасыр қауқары қалмапты, сондықтан да оны ұрып-ұрып қуып жібереді.

Есектің зәресі ұшады: «Қайда барам, қайтіп күнелтем? Қаусаған, өлмелі түрім болса мынау.

Табанда басына бір ой келеді: «Қой, бүйткенше, неміс шаһары Бременге барайын, көшеде ән салып жүрермін.

Осыған белін бекем буады да, неміс шаһары Бременге қарай беттеп жүріп кетеді.

Есек анда-санда есекше бақырып қойып, жолда жайлап келе жатқан. Бір уақытта тосыннан: жол үстінде тілі салақтап, екі иінінен дем алып жатқан аңшылық итін көреді.

— Неғып шаршап-шалдығып жатырсың, итім-ау?— деп сұрайды есек.— Не болды саған?

— Болдырып жатырмын,— дейді ит.— Ұзақ жүгірдім, содан әбден сілем құрып, шаршап қалдым.

— Сонша жүгіретіндей басыңа не күн туды, итім-ау?—деп сұрайды есек.

Ой, есеке-ай,— дейді ит,— есірке, есіркей гөр мен пақырды! Мен бір аңшының иті едім, талай-талай дала кезіп, саз кештім. Енді қартайдым, ием мені өлтірмек болды.Содан, міне, қашып құтылдым, бұдан былай қайтерімді өзім де білмеймін.

Маған ер, Бремен шаһарына барамыз,— дейді есек.— Көшеде жүріп ән саламыз. Даусың жақсы көрінеді, абалап қатты үретін де шығарсың. Сен ән салып, барабан соғасың,мен ән салып, гитара тартамын.

— Несі бар, барсақ, барайық,— дейді ит.

Екеуі жұбын жазбай жүріп кетеді.

Анда-санда есек есекше бақырып, ит итше абалап қойып жүріп келеді.

Екеуі жүріп келеді, жүріп келеді, бір уақытта тосыннан жол үстінде жабырқап, мұңайып отырған мысықты көреді.

Есек:

Неғып мұңайып отырсың?— деп сұрайды мысықтан.

Ит:

— Неғып жабырқап отырсың? – деп сұрайды.

— Уһ,- дейді мысық, - есек-ау есіркей көріңдер мен пақырды. Мен бір әйелдің мысығы едім, қолында көп жыл тұрдым. Егеуқұйрық ауладым, тышқан ұстадым. Енді, міне, қартайдым, тістерім мұқалды. Тышқан ұстай алмайтынымды білген соң, әйел мені өзенге тастап жібермек болды. Содан қашып құтылдым. Бұдан былай қайтерімді, қайтіп күнелтерімді өзім де білмеймін.

— Олай болса, мысық,— дейді есек,— бізге еріп жүр, Бремен шаһарына барамыз, көшеде жүріп ән саламыз. Даусың жақсы көрінеді сен ән салып, скрипка ойнайсың, ит ән салып барабан соғады, ал мен ән салып, гитара тартамын.

— Несі бар, барсақ, барайық,— дейді мысық.

Үшеуі жұбын жазбай жүріп кетеді.

Анда-санда есек есекше бақырып, ит итше абалап, мысық мысықша мияулап қойып, жүріп келеді.

Үшеуі жүріп келеді, жүріп келеді, бір уақытта бір ауланың жанынан өте бергенде, тосыннан қақпада отырған әтешті көреді. Әтеш кеңірдегін созып, бар даусымен «ку-ка-ре-ку» деп шақырып отыр.

— Әтеш-ау, сонша бақырғандай не болды?— деп сұрайды есек.

— Бір пәлеге ұшырадың ба?— деп сұрайды ит.

— Бәлкім, біреу ренжітті ме?—деп сұрады мысық.

— Уһ,— дейді әтеш,— есек-ау, ит-ау, мысық-ау, есіркеңдер, есіркей көріңдер мен пақырды. Ертең менің қожамның үйіне қонақтар келеді, мені сойып, соларға асып бермекші Енді қайтем?

— Олай болса,— дейді есек,— бізге еріп жүр, Бремен шаһарына барамыз, көшеде жүріп ән саламыз. Даусың жақсы көрінеді, сен ән салып, балалайка тартасың, мысық ән салып, скрипка ойнайды, ит ән салып, барабан соғады, ал мен ән салып, гитара тартамын.

— Несі бар, барсақ, барайық,— дейді әтеш.

Төртеуі жұбын жазбай жүріп кетеді.

Анда-санда есек есекше бақырып, ит итше абалап, мысық мысықша мияулап, әтеш әтешше шақырып қойып, жүріп келеді.

Төртеуі жүріп келеді, жүріп келеді, бір уақытта қараңғы түседі. Есек пен ит дәу еменнің түбіне жайғасады, мысық бұтаққа шығып алады, ал әтеш ағаштың ұшар басына қонақтап, төңіректі шолып, қарауыл қарап отырады.

Қарай-қарай, ақырында анандай жерде жылт-жылт еткен отты көзі шалады.

— Бір от жылтылдайды!—дейді әтеш айғайлап.

— Ол не от екен, білу керек. Бәлкім таяу жерде үй бар шығар,— дейді есек.

— Бәлкім, ол үйде ет бар шығар. Шіркін, жер ме еді,—дейді ит.

— Бәлкім, ол үйде сүт бар шығар. Шіркін, ішер ме еді,— дейді мысық.

— Бәлкім, ол үйде тары бар шығар. Шіркін шоқыр ма еді,— дейді әтеш.

Төртеуі орындарынан тұрып, отқа қарай жылжиды.

Бір алаңға шыға келсе, алдарында үй тұр, терезесінен от жылт-жылт етеді.

Есек таяу барып терезеден қарайды.

— Есек-ау, не көріп тұрсың?—деп сұрайды әтеш.

— Көргенімді айтсам,— дейді есек,— түрлі тағам алдарында, дастарқан басында бір топ қарақшы отыр.

— Шіркін, қарнымның ашып тұрғаны-ай!— дейді ит.

— Шіркін, шөлдеп тұрғаным-ай!—дейді мысық.

— Қарақшыларды үйден қалай қуып шығамыз?—дейді әтеш.

Есек алдыңғы екі аяғын жайлап апарып терезенің жақтауына қояды, ит есектің, мысық иттің арқасына шығып алады, ал әтеш болса мысықтың басына ұшып барып қонады.

Сол-ақ екен, бәрі бірден: Есек есекше, ит итше,төртеуі әрі ойлап, бері ойлап, мынадай амал табады.

Мысық мысықша, әтеш әтешше — бәрі шақырып, бақырып, абалап, мияулап лап қоя береді.

Сол бетімен олар улап-шулап, терезеден үйге қарғып түседі. Қарақшылар қорқып, тым-тырақай қашып, орманға кіріп кетеді.

Есек, ит, мысық, әтеш — төртеуі дастарқан басына алқа-қотан отырып тамақ жеуге кіріседі.

Тойғандарынша ішіп, жеп болып, ұйқыға бет алады.

Есек қорадағы шөпті жастанып, ит табалдырықтың алдына жайғасады, мысық жылы пештің үстіне бүк түсіп жатады, ал әтеш болса қақпаға шығып қонақтайды.

ІІІамды сөндіріп, бәрі ұйқтап қалады.

Ал қарақшылар болса үйлеріне тасадан көз жүгіртіп, орманда бұғып отырған бола.

Терезеден жарық өшіп, қараңғы болғанын көреді.

Үйде не болып жатқанын біліп келуге бір қарақшыны жібереді. Бәлкім, олар бекер қорыққан болар.

Қарақшы үйге келіп, есік ашып, ас үйге кіреді. Пештің үстінде жылтыраған екі отқа көзі түседі.

«Сірә, бұл көмір болар,— деп ойлайды қарақшы.— Шырағданымды тұтатып ала қояйын».

Отқа шырағданын тигізіп қалады, ал бұл от мысықтың көзі болатын. Мысық ашуланып, атып тұрып, быр ете түседі де, қарақшыны тырнап кеп алады.

Қарақшы есікке қарай жалт бергенде, ит аяғын қауып алады. Қарақшы қораға атып шыққанда, есек бүйіріне теуіп жібереді.

Қарақшы қақпаға қарай беттегенде, әтеш «кукәреку» деп бақырып жібереді.

Қарақшы аяғы аяғына тимей, орманға қарап зытып береді. Жолдастарына келіп:

— Құрыдық!—дейді.— Үйімізді бір дәулер келіп мекендеп алыпты. Біреуі ұзын саусақтарымен бетімді тырнады, екінші біреуі пышақпен балтырымды орып жіберді, үшінші біреуі арқама шоқпармен періп қалды, ал төртіншісі ұста ұрыны!» деп соңымнан айғай салды.

— Қап,— дейді қарақшылар,— онда бұл арадан тезірек қарамызды батыруымыз керек.

Шынында да, қарақшылар бұл орманға енді қайтып аяқ баспастай болып, көздерін жоғалтады.

Ал Бремен әншілері — есек, ит, мысық, әтеш — төртеуі әлгі үйде өмір бақи мекендеп қала берсе керек.
Кері қайту
Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Абайдың қара сөздері, Ашық сабақ, Бастауыш, Информатика, Мақала, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері, Ресей, Русский язык, Сабақ жоспары, Тәуелсіздік, Физика, Химия, абай құнанбаев қара сөздері, абай құнанбайұлының қара сөздері, ана тілі, ағылшын тілі, бала-бақша, балабақша, бастауыш сынып, баяндама, биология, география, дүниетану, жыр, математика, нақыл сөздер, презентация, сайыс, сайыс сабақ, сценарий, тарих, тақпақ, технология, тәрбие сағаты, Қазақ әдебиеті, Қазақстан, қазақ тілі, қазақ тілінен сабақ жоспары, қысқа мерзімді жоспар, өлең

Барлық тегтерді көрсету
×