Сайтқа кіру Тіркелу

Қорылдаудың себептері және одан құтылудың жолдары

Қорыл айналамыздағы туыстардың мазасын алады, бірақ негізгі мәселе бұл емес. Қорыл инфаркт пен инсульт қатерін арттырады.

Қорыл — кең тараған мәселе. Ересектердің 45%-ы ара-тұра қорылдайды, ал 25%-ы — үнемі.

Ауа мұрын жұтқыншағы мен ауыз жұтқыншағының артқы бөлігі арқылы қиындықпен өткен жағдайда қорыл пайда болады. Бұл аймақта тыныс алу жолдарының жұмсақ тіндері, тіл, таңдай, кішкене тіл кездеседі. Олар (түрлі себептен) қабысып, ауаның әсерінен тербеле бастайды, ал біз сол дыбыстарды түрлі деңгейде естиміз.

Қорылдаудың едәуір көп себебі бар, сондықтан одан құтылудың жолдары да аз емес.

Қорылдың себебі неде және оны қалай емдейді?

1. Мұрынның бітелуі
Дұрыс тыныс алу мұрын арқылы жүзеге асады. Мұрынның негізгі қызметі де сол. Түрлі себептермен(аллергия, тұмау т.б) мұрын толып немесе бітеліп қалса, ауа “қосымша” жолдар арқылы өте бастайды, ал бұл қорылға себеп болады.

Шешімі
Бітелген мұрынды ашуға дәрілер көмектесе алады, тұмаудың түріне қарай олардың сан түрі кездеседі. Бірақ мұрынға тамызатын дәрілерді көп қолдануға болмайтынын есте сақтаңыз. Егер бір аптадан кейін де мұрынның біткені қайтпай, дәрілерсіз де тыныс алуыңыз қиын болса, дәрігерге көрінгеніңіз жөн.

2. Мұрын қалқасының қисаюы
Екі танау арасындағы жіңішке қалқа танаудың бірі екіншісінен айтарлықтай жіңішкерек болатындай қалыптасуы мүмкін және бұл мұрынның тыныс алуына кедергі жасайды.

Шешімі
Қорылдың мұндай түрін xирургиялық жолмен, яғни ринопластика жасау арқылы ғана емдеуге болады. Кейде қалқаның формасы жарақат себебінен өзгеруі мүмкін. Оның да емі сол — xирургия.

3. Бадамша (көмекей) бездерінің қабынуы
Үлкейген бадамша бездері (соның ішінде аденоидтар) — көбіне балаларда туындайтын мәселе. Сондықтан бала қорылдаса, міндетті түрде отоларингологқа барып, бадамша бездерін тексерту қажет.

Шешімі
Лор беретін нұсқаулықтарды орындау. Жағдайға байланысты қабыну түрлі себептен туындауы мүмкін, сәйкесінше жүргізілетін ем-шара да түрлі болады.

4. Шалқасынан жатып ұйықтау
Тіпті сау адамның өзі шалқасынан жатқанда қорылдайды, бұл осы жатысқа байланысты.

Шешімі
Ең қарапайым жолы — шалқасынан жатып ұйықтамау. Оны қалай іске асыруға болады? Жастықтар көмегімен барынша ыңғайын келтіріп жағдай жасау, ыңғайлы матрас таңдау. Және ең тиімді тәсіл — жатар киімнің артқы жағына қалташа жасап, ішіне теннис добын (немесе өзге кішірек келген тығыз домалақ зат) салып қою. Мұндай зат ыңғайсыздық тудыратындықтан, шалқасынан жата алмайсыз.

5. Дәрілер
Дәрілердің күтпеген жанама әсерлері болады. Солардың бірі — қорыл. Ұйықтататын, тыныштандыратын, бұлшық еттің босаңсуын тудыратын (миорелаксант) және депрессияға қарсы дәрілер жұтқыншақ және тіл бұлшық етінің әлсіреуіне әкеледі де қорылға себеп болады.

Шешімі
Қабылдап жатқан дәрі мен қорылдың арасында байланыс бар екенін байқасаңыз, дәрігермен ақылдасып, басқа дәрі-дәрмек таңдағаныңыз дұрыс болады.

6. Әлсіз бұлшық ет тонусы және анатомиялық ерекшеліктер
Бұлшық еттер тым әлсіз болған жағдайда, тіл тамаққа қарай аздап түсіп кетіп, ауаға қажетті кеңістікті қысып тұруы мүмкін. Кейде бұл мәселеге адам өсе келе тап болады, кейде генетика себебінен, ал кейде адамдардың өздері кінәлі болады ( мысалы бұлшық етті қатты әлсірететін ішімдік немесе есірткі қабылдау).

Кейбір жағдайда таңдай ауаның еркін өтуіне кедергі жасайтындай пішінде болуы мүмкін, бұл да қорылдаудың бір себебі. Тілшіктің де тым ұзын болуы қорылға себеп болуы мүмкін. Мұндай анатомиялық ерекшеліктер адамда туғаннан немесе жас келе және артық салмақтың қосылуымен пайда болады.

Шешімі
Кейде тыныс алуды жөнге келтіру үшін қалыпты салмақты қайтарудың өзі жеткілікті болады. Себебі басқада болса, оларды анықтап, жою керек.

Ішімдік пен есірткіден бас тарту керектігін айтпаса да түсінікті. Ал егер себеп басқада болса, бұлшық еттерді тыныс алу жаттығуларын жасау және ән айту арқылы күшейтуге болады екен. Ән айту міндетті түрде көмектеседі дегеннің сенім артатындай дәлелдері жоқ, бірақ бұл әдістің ең болмағанда зарарлы тұсы да жоқ.

Егер мәселе түсіп тұратын тілде болса, ортодонтикалық аппараттарды қолдануға болады. Олар тіс протездеріне ұқсастау келеді және ұйқы кезінде ауаның еркін өтуіне жол беру үшін ауыз жұтқыншағындағы мүшелерді дұрыс орналастыруға көмектеседі.

Таңдайға ота жасау — қорыл және апноэ жөніндегі Британиялық ассоциацияның берген кеңесіне сәйкес, болмай бара жатқан жағдайда ғана жүгінуге болатын емдік шара. Ең алдымен емдеудің барлық өзге тәсілін істеп көріп, қорылдың себебі таңдай құрылымына байланысты екеніне нақты көз жеткізу керек. Өкінішке орай, бұл жарақаттайтын әрі қорылды біржолата кетіруге кепілдік бермейтін сенімсіз әдіс болып табылады.

Қорыл несімен қауіпті?
Айналадағы бар адамның мазасын алып, қорылдаушыны жеке бөлмеге көшіруге мәжбүрлеумен қатар, қорыл денсаулыққа қауіп төніп тұрғанның белгісі болып табылады.

Ұйқыдағы апноэ — бұл айналадағылардың ұйқысын бұзатын жай ғана қорыл емес. Апноэ — бұл тыныс алудағы іркіліс. Жоғары тыныс алу жолдарындағы бұлшық еттердің тонусы ұйқы кезінде төмендейді де, адам 10 секундтан көп уақытқа тыныс алуын тоқтатады.

Мұндай аурумен ұйқыны қандыру қиын, өйткені ми оттегінің жетіспеушілігі туралы белгі алып, адамды оятуға тырысады. Ауру адам түніне бірнеше рет оянуы мүмкін, ол терең ұйқыға батпайды, нәтижесінде демалу үшін түн жеткіліксіз болып, тұрақты шаршағандық сезімі пайда болады. Ертесіне ауыз құрғап, бас ауырады.

Ұйқыдағы апноэ жүрек-қан тамыр ауруларының (инфаркт, инсульт) даму қаупін арттырады. Денсаулықтың мұндай күйі қауіпті, бірақ оны емдеуге болады. Мысалы, аурулар үшін ұйқы кезінде толыққанды тыныс алуға мүмкіндік беретін арнайы құрылғылар бар (оларды CPAP(Constant Positive Airway Pressure) - құрылғылар деп атайды).

Сондықтан, егер қорылдайтыныңызды біліп, ұйқыңыз қанбай, әлсіз және шаршаған күйде жүрсеңіз, дәрігерге қорылға байланысты көрінгеніңіз дұрыс.

Қорылдайтыныңызды қалай білуге болады?
Әдетте түн ортасындағы жағымсыз дыбыстарды естіп мазасы кеткен отбасы мүшелері xабардар етеді. Жалғыз тұратын адамдарға өз қорылын байқау қиынырақ, алайда ол да мүмкін.

Ұйқысы сергек досыңызды үйге қонуға шақырыңыз (бірнеше түнге болса тіпті жақсы) немесе өзіңізді диктофонға жазып алуға тырысып көріңіз.

Түйін: қорылды қалай кетіруге болады?
1 - Қырынан жатып ұйықтауға әдеттену.
2 - Ұйықтар алдында ішімдік ішпеу (ең дұрысы — мүлдем ішпеу!) және ауыз жұтқыншағын тітіркендірмеу үшін темекі тартуды тастау.
3 - Салмақты қалыпты күйде сақтау.
4 - Суық тию және тыныс алу жолдарының ауруларынан толықтай емделу.
5 - Жаттығулар жасау немесе ән айту.
6 - Қорылға қарсы аппарат таңдау немесе ота жасау қажеттігін анықтау үшін тіс дәрігеріне, лорға және терапевтке қаралу.
Кері қайту
Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Абайдың қара сөздері, Ашық сабақ, Бастауыш, Информатика, Мақала, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері, Ресей, Русский язык, Сабақ жоспары, Тәуелсіздік, Физика, Химия, абай құнанбаев қара сөздері, абай құнанбайұлының қара сөздері, ана тілі, ағылшын тілі, бала-бақша, балабақша, бастауыш сынып, баяндама, биология, география, дүниетану, жыр, математика, презентация, сайыс, сайыс сабақ, сауат ашу, сценарий, тарих, тақпақ, технология, тәрбие сағаты, Қазақ әдебиеті, Қазақстан, қазақ тілі, қазақ тілінен сабақ жоспары, қысқа мерзімді жоспар, өлең

Барлық тегтерді көрсету
×