Сайтқа кіру Тіркелу

У дыбысының дауысты, дауыссыз болып айтылуы

У дыбысының дауысты, дауыссыз болып айтылуы.
Сабақтың мақсаты:
а) білімділігі: у дыбысының қай кезде дауысты, қай кезде дауыссыз болатынын түсіндіру, у дыбысы бар сөздерді дұрыс тасымалдай білуге үйрету.
ә) дамытушылығы: оқушылардың сөздік қорын молайту, тілдегі сөз құрылымының сырларын меңгертуге бағыт беру. Ойлауын, еске түсіру, шығармашылық қабілеттерін, тілін дамыту. Өз пікірін сенімді айтуға, ортаға салуға үйрету.
б) оқушыларды ана тілін құрметтеуге, тіл тазалығын сақтауға, татулыққа, өнерді, еңбекті, сүюге тәрбиелеу. Экологиялық тәрбие беру.

Сабақтың түрі: Ертегі сабақ
Сабақтың әдістері: зерттеушілік, ізденушілік, сұрақ-жауап, интерактивті, көрнекілік
Сабақтың көрнекілігі: интерактивті тақта, слайдтар, орман, құстар суреті
Пәнаралық байланыс: ана тілі, дүниетану, математика

Сабақтың барысы:
І. Ұйымдастыру кезеңі:
Оқушыларды сабаққа дайындау:
Пәнге деген сүйіспеншіліктерін арттыру:
Қазақ тілі – бал тілім,
Өзің барда шалқимын,
Тілімнен нәр табармын,
Тіліме кім тағар мін, - деп, қазақ тілі сабағын бастаймыз.
Балалар, біздің бүгінгі сабағымызға қонақтар келіп отыр. Біз қонақтарды тәрбиелі тәртібімізбен, білімімізбен қарсы алып, шығарып салуымыз керек.

ІІ. Үй тапсырмасын тексеру:
А) 4 – жаттығу
У дыбысы бар сөздерді тауып, неге дауысты болып тұрғанын түсіндіру.
Ә) Өткен тақырыпты еске түсіру:
1. Қазақ тілінде неше дыбыс, неше әріп бар? (40 дыбыс, 42 әріп бар)
2. Дыбыс дегеніміз не? Әріп дегеніміз не?
(Дыбысты естиміз, айтамыз. Әріпті көреміз, жазамыз.)
3. Заттың атын білдіретін сөздердің сұрақтарын ата.
(Кім? Не? Кімдер? Нелер?)
4. Заттың қимылын білдіретін сөздердің сұрақтарын ата.
(Не істеді? Қайтті?)
5. Бас әріппен жазылатын сөздерді ата:
(Адам, жер-су, үй жануарларына қойылатын аттар)
6. Адамға, мамандыққа қандай сұрақтар қойылады?
(Кім?)
7. Жануарларға қандай сұрақтар қойылады?
(Не?)
8. У дыбысы қай уақытта дауысты болады?
(Дауыссыз дыбыстан кейін)
Актуалдау. Филворд шешу.
9. Математикамен байланыс.
Мына филворд шешсеңдер біздің жаңа сабағымыздың тақырыбы шығады.
Шешуі: У дыбысы.

ІІІ. Жаңа сабақ. Мақсаты мен міндетін хабарлау.
- Балалар, бүгін біз қазақ тілі бойынша дәстүрлі емес ертегі сабағын өткіземіз.
Ерте - ерте, ертеде жапан түзде сиреп қалған орманның ішінде бір құс өмір сүріпті. Ол таңның атысы, күннің батысы ағаштарды тұмсығымен шоқып, тоқылдатумен болыпты. Қатты дыбыстан мең-зең болып бастары ауырған ормандағы аңдар мен ағаштар құсты орманнан қуып жіберіпті. Құс кетіп, біраз күн өткен соң ормандағы ағаштардың жапырақтары қурап, бұтақтары сынып, діңдеріне құрт-құмырсқа түсіп, шіри бастайды. Құрт ауруына шалдыққан ағаштар күні-түні көмек сұрап, зарлай береді екен. Оның дауысын естіп, бір күні көгершін ұшып келеді.
Мән-жайды түсінген соң мен дәрігердің кім екенін білмеймін, дегенмен іздеп келейін деп көгершін ұша жөнеледі.
Мұғалім: Балалар, ағаштарға сендердің көмектескілерің келе ме?
Балалар: Иә.
Мұғалім: Олай болса, көгершінмен бірге дәрігер іздеп жолға шығайық. Алдымен мына тапсырманы орындап жіберейік.
Интерактивті тақтадан суреттер көрсету. Суреттегі заттардың атын жазу. У әрпі қандай дыбыстан кейін келіп тұр, оның дауысты, дауыссыз екенін сәйкестендіру арқылы сызу.
Сәйкестендіру.
Тауық------------у дыбысы дауыссыз
сауысқан
уық---------------у дыбысы дауысты
қоңырау
Уық сөзіне сөйлем құрастыру.
Ереже шығарып айту.
Мұғалім: Көгершін одан әрі ұшып кетіпті. Қалың тоғайдың қасына келгенде құйқылжыта ән салып отырған бұлбұлды көреді. Ол бұлбұлдан ағаштарға көмектесуін өтінеді. «Кешір, көгершін, мен үшін әуре болма. Менің қолым тимейді. Менің әнімді тоғайдағы аңдар, құстар түгілі адамдар да жақсы көреді. Мен үшін адамдардан көмек сұра», - дейді. Олай болса, бұлбұлдың тілегін орындап бір сергіп алайық.

IV. «Ұйқасын тап» ойыны.
1. Өзінше ноян,
Қорқақ кім? ... (қоян)
2. Алмастан тыным,
Шабады ... (құлын)
3. Бата алмас түлкі
Үсті тікен ... (кірпі)
4. Айбат шегер алыстан,
Аң патшасы ... (арыстан)
Енді тапсырмалар орындайық.

5. Сабақтан мен ...
Жаман бала ...
Жақсылармен ...
Айтқан серттен ...
Үлкендерді ...
Айтқандарын ...
Көмектесем ...

V. Оқулықпен жұмыс.
Көріңдер, мен ... !
2-жаттығу. Мақалдарды түсініп оқу. У әрпі бар сөздерді көшіру. У дауысты ма,дауыссыз ба, ажырату.
3-жаттығу. Көп нүктенің орнына ұ, ү, у әріптерінің бірін қойып, мәтінді көшіріп жазу.
Көгершін ілгері қарай ұшып кетеді. Айдын көлде сыланып жүзіп жүрген аққуға келеді. Оған да «ағаштарды емдей көр» деп өтініш айтады. Сонда аққу:
- Мен қасиетті, киелі құспын ғой. Мен бұл жерден кете алмаймын. Маған көп құстар келеді, ақыл-кеңес сұрайды. Осы тоғайда үйсіз-күйсіз, жұмыссыз жүрген құстар бар, сен солардың біреуін тауып, өтініш айт. Мүмкін солардың біреуі саған ілесіп, ағаштарды емдеп қалар, - дейді. Кәне, көгершінге ілесіп, мына тапсырманы орындайық.
4-жаттығу. (ауызша)
Жұмбақтар шешу.
У дыбысы дауыссыз болып тұрған сөздерді табу. Ол неге дауыссыз болып тұрғанын түсіндіру.
Шаруа, тауда, жауды, тоқтауды, таптауды, оқтауды.
Көгершін аққудың ақылын тыңдап, орманды аралайды. Онда бос жүрген құстардың ішінен бір құсқа кез болады. Ол құс көгершіннің тілегін орындап, орманға келіп, ағаштарды емдеп құрт ауруларынан жазған екен дейді.
- Ол қандай құс болуы мүмкін, сендер қалай ойлайсыңдар?
Балалар: Тоқылдақ, тоқылдақ.
Мұғалім: Дұрыс айтасыңдар, бұл тоқылдақ екен.
Орманның біз емшісіміз,
Тоқ-тоқ-тоқ.
Құрт біткенді жоқ етеміз,
Жоқ, жоқ, жоқ,
Жоқ, жоқ, жоқ,
Тоқ-тоқ-тоқ.
- Олай болса, ертегімізге қандай тақырып қоясыңдар?
Балалар: Тоқылдақ – орман дәрігері.
Мұғалім: Міне, балалар, ақымақ ағаштар тоқылдақтың пайдасын түсінбей, орманнан қуып жіберіп, өздері құрып кете жаздады. Тоқылдақтың кешірімді, ақылдылығының арқасында ағаштар құрт ауруынан құлан-таза айықты. Қазір орман жайқалып өсіп тұр дейді.
(Гүлденген орман суреті)

VІ. Семантикалық карта толтыру.
VІІ. Сабақты қорыту.
Жасыл ағаш, гүлденген өсімдіктердің пайдасы зор екенін күнде айтып жүрміз. Енді осы ертегі бойынша екі тоғай суретін салыстырайық.
Салыстыру әдісі.
Қураған тоғай
Гүлденген тоғай
Венн көрсетуі
Дауысты У
Ортақ белгісі
Дауыссыз У
Дауыссыз дыбыстан кейін немесе сөз басында дауыссыз дыбыстан бұрын келеді.У дыбысының дыбысталуы да, таңбалануы да бірдей Сөз басында дауыстыдан бұрын және дауысты дыбыстан соң келеді.

VІІІ. Сабақты бекіту, пысықтау.
- Балалар, бүгінгі сабақта ертегі желісі бойынша қандай дыбыспен таныстық?
- У дыбысының басқа дыбыстардан қандай ерекшелігі бар екенін білдік!

ІХ. Үйге тапсырма.
Х. Сабаққа жақсы қатысқан балаларды парақшалармен мадақтау

Атырау қаласы №35 мектеп-гимназиясы
Мухадиева Жанат Шәріпқызы
Кері қайту
Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Абайдың қара сөздері, Ашық сабақ, Бастауыш, Информатика, Мақала, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері, Ресей, Русский язык, Сабақ жоспары, Тәуелсіздік, Физика, Химия, абай құнанбаев қара сөздері, абай құнанбайұлының қара сөздері, ана тілі, ағылшын тілі, бала-бақша, балабақша, бастауыш сынып, баяндама, биология, география, дүниетану, жыр, математика, презентация, сайыс, сайыс сабақ, сауат ашу, сценарий, тарих, тақпақ, технология, тәрбие сағаты, Қазақ әдебиеті, Қазақстан, қазақ тілі, қазақ тілінен сабақ жоспары, қысқа мерзімді жоспар, өлең

Барлық тегтерді көрсету
×