Сайтқа кіру Тіркелу
загрузка...

Қаһарман қызы қазақтың

Сыныбы: 3
Сабақтың тақырыбы: Қаһарман қызы қазақтың (Хиуаз Доспанова туралы тәрбие сағаты)

Мақсаты: Ұлы Жеңісті дәріптеу, жас ұрпақтың санасына Ұлы Отан соғысында ерлік көрсеткен ата – бабаларымыздың істерін мақтан тұтып, соның ішінде қазақ қыздарының да Отан үшін жан қиярлық ерлік жолдарын үлгі ете отырып, отансүйгіштікке, адамгершілікке тәрбиелеу.
Көрнекілігі: Кинодан үзінді, суретті слайдтар, кітаптар көрмесі, буклеттер, үнтаспа.
Барысы:
Мұғалім сөзі:

Биыл Ұлы Жеңістің 70 жылдығын тойлағалы отырмыз. Соғыс 1941ж – 1945 жылы аяқталды. Бұл сұм соғыс төрт жылға созылды. Осы сәтті сан миллиондаған адамдар минуттап, сағаттап күтті. Ақыры олардың үміті мен сенімі ақталды. Бірақ сол жеңіс оңайлықпен келген жоқ. Иықтарына қару асынып, Отан үшін от кешіп, жанын пида еткен миллиондаған асыл азаматтар қаза болды. Қаншама ана жарынан айырылып, қаншама бала әкесінен, анасынан айырылып жетім қалды. Ал тылда қалған қарттар, әйелдер, бесіктен белі шықпаған балалар, бірде аш, бірде тоқ күн демей, түн демей еңбек етті. Олардың тілегі орындалды. Себебі олардың Отанға деген сүйіспеншілігі жеңіске жеткізді.
1941 – соғыс жылы
Июньнің 22 – сіне басқан күні
Елімді басып алмақ арам оймен
Германның соғыс ашты сұмырай ұлы
Туған соң қауіп – қатер біздің елге
Жинады қалдырмастан ат пен ерді
Көп жасын Қазақстан жинап алып,
Ленинград қаласына алып келді
«Жеңіске жеткен қуанышқа кенелді, ал жетпеген арманда кетті. Отан соғысында өлгендердің есімін ешқашан ұмытпайық! Өлгенді ардақтай білген ғана тіріні құрметтей алады», - деп Б. Момышұлы айтқандай біз үшін бейбіт өмір сыйлаған, соғыс құрбандарын 1 минут үнсіздікпен еске алайық.
(«Священная война» әуеніне кинодан үзінді)

Әли: Ұлы Отан соғысы басталды. Отанымыздың басына ауыр күндер туды. Отаным еркелеймін енді кімге,
Өзіңмен нені болса көрем бірге.
Қалайша қабырғама батпас менің,
Басыңа қатер бұлты төнген күнде

Диана: Қазақстанда соғыстың алдында 6, 2 млн. халық тұратын еді. Осы жылдары республикадан еңбек армиясына жеті жүз мың адам жіберілді. Сонда Қазақстаннан соғыс жылдары әскери комиссариаттары арқылы 1млн. 900 мыңдай адам сапқа тұрды. Олардың ішінде 42508 атыраулық жауынгерлер және Хиуаз Доспанова да болды.

Мұғалім: Бүгінгі тәрбие сағатымыздың тақырыбы: «Қаһарман қызы қазақтың» деп аталады, яғни Хиуаз Доспанова туралы әңгіме қозғамақпыз.

Жадыра: Х. Қ. Доспанова 1922 жылы 15 мамырда Құрманғазы ауданындағы Зормата ауылында дүниеге келген. Ол өмір жолын Оралдың аэроклубында бастап, кейін Саратовтағы әскери ұшқыштар училищесінде ұстазы, ұшқыш Марина Раскова басқарған 46 шы гвардиялық полкінің құрамында жүріп 300 ден астам әуе шайқастарына қатысқан Х. Доспанова сол кездің өзінде теңдессіз ерлігі үшін «қанатты қыз» атанған еді.

Арайлым: Сөйтіп қабырғасы онша қатпаған Хиуаз, ұшқыш қыз болып шыға келді. Ол тәртіпті, тапсырманы дәл орындайтын, қауіптен сескенбейтін жүректі батыл, қайсар жауынгер болды. Тек тәуелсіздік алғаннан кейін Елбасының Жарлығымен «Халық қаһарманы» атағы берілген болатын.

Айсұлтан: Хиуаз даңқты ұшқыш М. Раскова жасақтауға кіріскен қыз – келіншектердің авиаполкіне сұранғанда, ол қаршадай қазақ қызының талдырмаш тұлғасына сенімсіздікпен қараса да, жанары оттай жанып, жігері тасып тұрған жалынды қызды қабылдамасқа лажы қалмайды. 1942 жылдың көктемінде әуе күштері тарихындағы тұңғыш авиполктің құрамында майданға аттанады. Полктің қаруы «ПО - 2» деп аталатын жеңіл ұшақтардың міндеті – түнде ұшып, алдын ала белгіленген жау күштерін талқандау болатын.

Мейрамбек: Осы Хиуаз апамыз туралы оның құрбысы, звено командирі, Кеңес Одағының Батыры, Марина Чечнева: «Хиуаз – нағыз жаужүрек батыр. Ол өз ұшағын қашанда нысанаға қатесіз шығарып, өз аэродромына жолды жаңылмай табатын. Қашан болсын жарқылдап жүретін» деп жазды естелігінде.

Оңғарсын: 2004 жылы 16 – шы қарашада Республикалық «Ана тілі» газетінде Хиуаз апамыздың ерлігі туралы былай делінген екен. (үнтаспадан тыңдалады)
«21 жастағы қайсар қыз Хиуаз ылғи «ПО - 2» аталатын бомбалаушы ұшақпен жау бекіністерінің үстінде жүреді екен. Ылғи түнде ұшады. Бомбалаушы ұшақта штурманның атқарар қызметі тым ерекше. Тапқырлық, батылдық, өжеттік керек. Ұшақты «шыңғыртып» отырып аспанға тік көтеріліп, әбден биіктеп алып, лезде жердегі аңға шүйілген қарақұс құсап оқыс құлдилап келіп жау бекінісінің, қару – жарақ қоймаларының үстінен ұшақ қанатының астына арнайы тұтқада бекітілген бомбаларды шуылдатып төгіп – төгіп жіберіп, лезде аспанға шығандап қайта көтерілуі үшін қаншалықты тапқырлық керек екенін шамалауға болатын шығар. Немістердің зенитшілері де жарқұл – жұрқыл оқ атып, у – шу күйге түседі, артынша Хиуаз тастаған бомбалардан жаппай отқа оранып, үндері өшеді.»

Мұғалім сөзі: Міне өздеріңіз тыңдағандай ұшқыш Хиуаз, құрбыларының арасынан жеке дара көзге түскен қазақтың қайсар қызы екені біз үшін үлкен мақтаныш. Ол ерлік көрсете жүріп, үш рет ауыр жарақат алып, он төрт рет ұшақпен жерге құлаған.

Индира: Соғыстан кейін лауазымды қызметтер атқарған даңқты жерлесіміз 1960, 1963 жылдарда орыс тілінде «Под командованием Расковой», қазақ тілінде «Халқым үшін» деген өзінің жазған кітаптары жарық көрді. Әкесі Қайыр Доспанов, сол кезде партия қызметіне ерте араласып, Орал қаласына қоныс аударуына байланысты Хиуаз туған ауылдан тым бүлдіршін кезінде кетті. Хиуаз апамыз туған жерге оқта – текте соғып кететін. Ол кезде 1950 – ші жылдарда Қайыр ақсақал осындағы «Коминтерн» колхозында басқарма төрағасы болатын. Хиуаз Алматыда партия, комсомол жұмыстарында болды да, анда – санда арнайы келгенде әкеге сәлем беріп кететін.

Алдияр: Соғыста сонымен қатар ерлік көрсеткен батыр қыздарымыз Әлия, Мәншүкті де естен шығармауымыз керек. Сонда Батыс өңірінен шыққан екі қыз емес, үш қыз болды. Айырмашылығы Әлия, Мәншүк соғыста 18 – 19 жастарында ерлікпен қаза тапса, Хиуаз апамыз аман – есен елге оралды.

Аида: Ару қыздар - алаулатып от кешкендер
Сыздап тұр – ау әлі күн оқ тескен жер
Қаласыңдар мәңгілік ел есінде
Ару қыздар – алаулатып от кешкендер.

Данагүл: Сол бір қиын тым сұрапыл шақта олар
Кеудесіне ерлік отын жақты олар
Отан үшін опат болған арулар
Есімдері мәңгі бақи сақталар

Жадыра: 70 жыл - бейбіт көктем таң атқалы
70 – жыл шуақты күн таратқалы
Есімде сонан бері 70 рет
Ашылды Жеңіс күннің парақтары
Талай құс содан бері қайта оралды
Талай бақ әлеміне қағы оранды
Соғыста өлгендер тек оралмайды
Тек ұрпақ олар жайлы айтады әнді
70 жыл - үзілмеді құстар әні,
Кетті енді сұм соғыстың қыспағы әрі
70 - жыл жауымыздың ажал оғы
Біздің ел үстімізден ұшпағалы
Миржан: Барша халық Жеңіс күнін тойлайды
Жас сәбилер думандатып ойнайды
Ардагерлер көздеріне жас алып
Ұрпақтардың амандығын ойлайды

Құндыз: Елге қауіп төнбесін
Егестен адам өлмесін
Есен – аман болайық
Енді соғыс болмасын
Өртенбесін туған жер
Өркендесін туған ел
Шайқалмасын асқар бел
Шайқалмасын шалқар көл

Ақерке: Қорған болған елімнің елдігіне
Батырлардың бас идік ерлігіне
Ұрпақтары қаһарман батырлардың
Тәуелсіздік қамалын көрді міне.

Мөлдір: Сүйінші, халқым, сүйінші
Беліңді бекем буыншы,
Жеңдік жауды күйрете
Жасаған той мереке

Мұғалім сөзі: (слайд көрсету) Х. Доспанова Ұлы Отан соғысында ерлікпен шайқасып, аты аңызға айналған қазақтың тұңғыш ұшқыш, офицер қызы. Жауынгерлік ерліктері үшін «Қызыл Жұлдыз», І, ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, көптеген медальдармен марапатталған. Қ. Р. – ның Жарлығымен «Халық қаһарманы» құрметті атағын алды.
Осы ретте Н. Назарбаев: «Өз басым осынау ғажайып жанға шынымен – ақ қайран қалам, 20 – ға жетпеген уыздай жас қыз өзі тіленіп майданға аттанып, соғыстың басынан аяғына дейін қатысты. Міне, бұл жеңімпаздардың құрыштай шыңдалған айрықша ұрпағы. Олар бір сәтте тыныш таппай қабырғасы қаңыраған елді көтеруге кірісіп кетті» деген екен соғыс ардагерлерін марапаттау рәсімінде. Бұл сөздерінде қаһарман қыздың бүкіл өмірі жатыр.
Хиуаз әжеміз (жылы жымиып ) өзі былай деген екен
«Мендей әжелердің ойы тек отбасы мен Отанының тыныштығы ғана».
Х. Доспанова 2008 жылы 26 мамырда дүниеден озды.
Сөзімнің соңында Кеңес Одағының Батыры Қ. Қайсеновтың мынадай өлең шумақтарымен аяқтаймын. «Соғыс зор апат. Сондықтан дүниежүзіндегі барлық ізгі ниетті адам бейбітшілік болуын тілейді.»
Ән: «Ел қорғауға әзірміз».

Атырау облысы, Махамбет ауданы,
Чкалов атындағы орта мектебінің
бастауыш сынып мұғалімі
Иманғалиева Раушан Хамидоллақызы
Кері қайту
Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
загрузка...
Абайдың қара сөздері, Ашық сабақ, Бастауыш, Информатика, Күнделікті сабақ жоспары, Мұқағали Мақатаев, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері, Русский язык, Сабақ жоспары, Тәуелсіздік, Физика, Химия, абай құнанбаев қара сөздері, абай құнанбайұлының қара сөздері, ана тілі, ашық тәрбие сағаты, ағылшын тілі, бала-бақша, балабақша, бастауыш сынып, баяндама, биология, география, дүниетану, математика, математикадан сабақ жоспары, презентация, сайыс, сайыс сабақ, сауат ашу, сценарий, тарих, тақпақ, технология, тәрбие сағаты, Қазақ әдебиеті, қазақ тілі, қазақ тілінен сабақ жоспары, қысқа мерзімді жоспар, өлең

Барлық тегтерді көрсету