Сайтқа кіру Тіркелу

Біз мектепке барамыз

Тақырыбы: Біз мектепке барамыз.
Мақсаты: 1. Мектепалды даярлық сыныбының жыл бойы алған білімдерінің, үйренген жұмыстарының нәтижесін көрсету.
2. Оқушылардың сөздік қорын, тілін, ойын дамыту, ой - өрісін кеңейту, өнерді сүюге тәрбиелеу.
3. Оқушыларды бауырмалдыққа, ұйымшылдыққа, Отан сүйгіштікке тәрбиелеу.
Көрнекілігі: шарлармен безендіру, қанатты сөздер, сурет салынған плакаттар, гүлдер« Балғын балалық» суреттер.
Барысы: 1 - бөлім. Әдеби - өлеңдер оқу.
2 - бөлім. Біз білімді баламыз.
3 - бөлім. Біз өнерпаз баламыз.
1. Ұйымдастыру кезеңі: А) Сыныпты безендіру.
Ә) Оқушыларды даярлау.
1. Кіріспе бөлімі:
Мұғалімнің сөзі: Құрметті әріптестер, аяулыда, ардақты Ата - аналар және бүлдіршіндер. Бүгінгі мектепалды даярлық сыныбының «Біз мектепке барамыз» атты ертеңгілігімізге қош келіпсіздер. Кеше ғана мектеп табалдырығынан имене аттаған жас бүлдіршін, бүгін саналы оқушы болып 1 - сыныпқа қадам басқалы тұр. Білім кемесіне мініп ілім іздеп алға қарай ұмтылу әр азаматтың борышы. Қазір осы уақытқа дейін оқушылардың алған білімдерін көрсетіп, өнерлерімізді ортаға саламыз. Бүгін сіздер соның куәсі боласыздар.
Құрметті көрермендер «Біз мектепке барамыз» атты ертеңгілігімізді бастауға рұқсат етіңіздер.
Жүргізуші:
Армысыңдар, мұғалімдер қымбатты,
Біздер үшін ашатын сан жұмбақты.
Құшақ жайып қарсы аламыз сіздерді
Шәкіртіңнің қылықтары тым тәтті.
Қош келіпсіз, ақ жаулықты аналар,
Жүздеріңнен мейірім мен нұр тамар
Алдарыңда жауқазындай құлпырған
Тұр алаңсыз балғын шақты балалар.

1 - бөлім.
Әдеби - өлеңдер оқу
Мұғалімнің сөзі:
Өтті оқу, сан сабақ
Бүгін үлкен салтанат.
Ойыншықтармен қоштасып,
Оқулықпен достаспақ.
Өңкей білгіш балдырған,
Құтты болсын тойларың.

1. Қазақстанның жері үлкен. Батыстан шығысқа қарай үш мың шақырымға, солтүстіктен оңтүстікке қарай бір мың жеті шақырымға созылып жатыр. Қазақстан табиғаты әр түрлі. Мұнда тау да, өзен де, шөлде бар. Рәміздерім - елдігімнің белгісі
Білу керек баладағы ең кіші
Рәміздерім - Әнұран, Ту, Елтаңба
Рәміздерді жатқа білген жөн кісі.
2. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы - тік бұрышты көгілдір мата. Тудың ортасында шұғылалы күн бейнелеген. Оның ортасында қалықтап ұшқан қыран құс бейнесі алтын түсті бояумен берілген. Матаның сол жағында ұлттық өрнек салынған тік жолақ бар. Тудың ені - 1 метр, ұзындығы - 2 метр.
Көк аспандай көкпеңбек,
Қазақстан жалауы.
Көк емес ол тектен - тек -
Елдің ашық қабағы
Ақ ниеті - алтын күн,
Асқақ арман қыраны.
Жалауы бұл - халқымның,
Мәртебесі, мақтаны.
3. Қазақстанның Мемлекеттік Елтаңбасында көгілдір түс аясындағы шаңырақ бейнелеген. Шаңырақты айнала күн сәулесіндей тарап, уықтар шаншылған. Оны аңыз әңгімелердегі пырақтардың қанаты көмкеріп тұр. Елтаңбаның жоғарғы жағында жұлдыз орналасқан, төменгі жағында «Қазақстан» деген жазу бар. Қазақстан Республикасының реңдік бейнесі екі түсті - алтын және көгілдір түс.

Елтаңбасы елімнің
Неткен әйбат, әдемі!
Тұнығындай көңілдің,
Ортада – аспан әлемі.
Құт, береке – шаңырақ,
Орын алған ол төрден.
Қанатты қос арғымақ,
Екі жақтан көмкерген.
Тәуелсіздік жолында,
Талай - талай тер тамған,
Билігім өз қолымда,
Еркіндігім - Елтаңбам.
Хор: Әнұран.

4. Анам - күнім, жүрегім,
Әкең - өмір тірегің,
Сен - бақытты ұлансың,
Бәрі саған қуансын!
Ағаң қамқор асқарың,
Інің мөлдір аспаның.
Сен - бақытты ұлансың,
Бәрі саған қуансын!
Қарындасың қанатың,
Ел - Отаның – жаннатың.
Сен – бақытты ұлансың,
Бәрі саған қуансын.
Хор: Біз өмірдің гүліміз.

5. Денсаулығың - бірінші
Сол жадында жүрсінші!
Екіншісі - еркіндік,
Құсша самғап желпіндік!
Үшіншісі - тіліміз,
Онсыз жоқ - ау, күніміз
Төртіншісі - күш - қайрат
Арманыңа ұш жайлап!
Аспаныңдай мөлдірмін,
Жайлауымдай жазықпын.
Өзенімдей өршілмін,
Гүлдерімдей нәзікпін.
Қуат алған өзіңнен
Туған елдің ұлымын
Бақытты етіп өсірген
Отанымның гүлімін.

6. О, алақай, туған жер!
Жақсы - ау, бақша - бауларың!
Көзге ыстық көрінер,
Сенің асқар тауларың.
Туған жердің жырларын,
Қызғалдақтай терейік,
Кең өлкенің қырларын,
Жүр, аралап келейік!
Жүр аралап келейік!

7. Тіліңді үйрен күнде сен,
Ол іс деме жай ғана.
Өз тіліңді білмесең,
«Білгішпін» деп ойлама.
Өзге тілді үйренсең.
Өркендейді адамдық,
Өз тіліңнен жиренсең.
Өлім, қылмыс, надандық.
Ақ сүтіндей ананың,
Ана тілің - жан арың!
Ақыл – ойын дананың
Ана тілден аламын.
Ана тілім ардақты
Ақ сүтіндей ананың.
Өсірген ой, білімді
Сүйем туған тілімді.
Мақсат етем әр сөздің
Мәнін терең білуді.

8. Ардақты тіліңді,
Ал одан білімді,
Өз тілің үйретер
Өнерді, ғылымды.
Тіліңсіз білім жоқ,
Білімсіз күнің жоқ.
Хор: Болайықшы осындай.

9. Сөздерді ең аяулы
Жақсы көріп жаттадым
Енді білдім оларды
Кімнің ойлап тапқанын
«Ана» деген сөзді де,
«Аға» деген сөзді де
«Әке»деген сөзді де
«Тәте» деген сөзді де,
«Апа» деген сөзді де,
- Ойлап тапқан балалар!
«Күнім, жаным» дегенді,
«Құлыншағым» дегенді,
«Ботақаным» дегенді,
«Қошақаным» дегенді
«Айналайын» дегенді,
«Толған айым» дегенді,
- Ойлап тапқан аналар!

10. Өмірде ана - бұлақ, ана - пана,
Өмірді өркендетер ана ғана.
Өсірген талай көсем, талай шешен,
Талай ер, талай ақын, талай дана.
Ана! Ол - біздің елде ардақты адам,
Кіші де, үлкенде оны ардақтаған.
Өзінің аяулысы - Отанды да
«Ана» деп біздің халық текке айтпаған.

11. Келбетінде ұлылық,
Даладай кең пейілі.
Ана деген – жылылық,
Ана деген – мейірім
Ақыл құйған санама,
Күннен де артық, расында.
Күн алыста, ал анам,
Ылғи менің қасымда.

12. Отан - жерім,
Отан - суым,
Отан қуат нәр береді.
Отан - ұран,
Отан - туым,
Отан мәңгі гүлденеді!
Отанды біз атамекен,
Деп аялап атаймыз
Өйткені онда бәріміз де
Бабамыз мен атамыз.
Отанды Жас, кәріміз де
Туған жер деп сүйеміз,
Өйткені онда бәріміз де
Туып өмір сүреміз.
Отанды әркім анасындай
Қастерлейді бағалап.
Өйткені отан баласындай,
Бізді өсірер аялап.
Отан деген – атамекен
Отан деген - туған жер
Отан - ана
Отан - үлкен
Қазақстан – туған ел!

13. Көркіңе көз тоймайтын
Елжіретпей қоймайтын
Шуақты күндері
Көгілдір түндері
Хош иісті ауасы -
Жанның жаннат саясы!
«Жасқанба,- деп, балдырған»-
Батырлыққа баулыған
Қойыны көркем бұл
Өнерлі өлкем бұл
Жүрегімде жалынды
Берем саған барымды.

14. Отан - әкем, Отан - атам
Осы сөзім қате ме екен?!
Қате болса, неге біздер
Дейміз оны «Атамекен»
Отан - әжем, Отан - анам
Құшақ жайған қатар маған
Туған ел!- деп, туған жер - деп
Ол бекерге аталмаған
Атам, әжем, әкем, анам
Төртеуі де Отан маған
Төртеуі де ботам дейді
Ер азамат атан - дейді
Мақтанамын Отаныммен
Отаныма ботамын мен
Хор: Отан.

15. Апам үшін күнде мен
Отынға ағаш жарамын
Су құямын гүлге де,
Дүкенге де барамын.
Жоқтатпаймын әпкемді
Қоям шайын қайнатып
Жылай қалса бөпемді
Жұбатамын ойнатып
Сыпырамын үй ішін
Жуам аяқ - табақты
Апам бірақ мен үшін
Оқымайды сабақты.
Мектепке енді барамыз
Біз оқушы боламыз
Жақсы оқып сабақты
Кілең бестік аламыз
Ойыншықты жинаймыз
Бөбектерге сыйлаймыз
Үлкен болып өссек те
Даярлықты қимаймыз.
Хор: Мұғалім - ол біздің.

16. Біз мектепке барамыз
Қолға қалам аламыз
Кітапты да оқимыз
Суретті де саламыз
Үлкендердей тап - таза
Жазамыз бормен тақтаға
Үлгілі бала боламыз
Жүретіндей мақтана.

17. Адамдықтың бастауын
Өзіңнен алып барамыз
Даярлық сынып енді біз
Қоштасамыз сізбенен
Ашып мектеп есігін
Мінеміз білім кемеге

18. Даярлық сынып қош енді
Әр кез аман бол деймін
Тәрбие берген ұямыз
Тәртіпті бала боламыз
Даярлықпен қоштасып,
Біріншіге барамыз.

19. Мектебің мынау класың,
Осында он жыл тұрасың
Тарыдай болып кіресің
Таудай болып шығасың.
Хор: Әліппе.

2 - бөлім.»Біз білімді баламыз»
Балалар біз мектепалды даярлық сыныбында қандай пәндерді өттік?(балалар пән аттарын атап шығады
1. Сауат ашу пәні бойынша:
- Алфавитте неше әріп бар? 42
- Дыбыс нешеге бөлінеді? 2
- Дауысты дыбыс нешеу? 15
- Дауыссыз дыбыс нешеу? 25
- Неше белгі бар? 2 белгі
Сөздер, сөйлемдер құрату.

2. Математика пәні бойынша:
Хор: Есеп сабағы
- 1 - 20 - ға дейін санау, үш тілде санату.
- Мына пішіндерді ата.
- Есептер шығарту.
Хор:»Бүгін қай күн?»

3. Тіл дамыту пәні бойынша:
- Біздің еліміз қалай аталады?
- Біз қандай мемлекетпіз?
- Елбасымыз кім?
- Елордамыз қай қала?
- Рәміздерді ата!
Мұғалім сөзі: Балалар, сендермен танысуға кімнің келгенін қараңдаршы.
Әліппе: Сәлем, гүлдей балғындар,
Бақшадан тәлім алдыңдар.
Ер жеткен достар ақылды,
Енді мектеп шақырды.
Үлгеріңдер әр іске
Үйретемін білімге
Кәне, қалмай бірің де
Мектеп жаққа жүріңдер.
Бәрі:
Әліппені сүйеміз
Әдеппен бас иеміз
Мұғалім:
Оқуға, ойға жан құмар
Оқысын сені балғындар.
Қанықсын әрбір сөзіңе
Қамқоршы болғын өзің де.
Әліппе:
Әріптен ғылым басталған
Оқуды менмін бастаған.
Ұстазын кімдер тыңдаса,
Ұқыппен оқып, тынбаса.
Сыныпта қалмай өтеді,
Мақсатына жетеді.
Бәрі:
Мектепте жақсы оқимыз,
Ойға бәрін тоқимыз.

3 - бөлім. Біз өнерпаз баламыз.
Ән: Апа туған күніңмен.
Би: Қара жорға.
Ән: Апатайым - анашым
Би: Үнді биі.
Ән: Құттықтаймын мама.
Би: Қуыршақтар.
Ән: Анашым.
Би: Чунга - чанга
Ән: Әрқашан күн сөнбесін.
Би: Кукарелла.

Хор: Адам етіп баптаған,
Ардақтап бізді мақтаған,
Тәрбиешімізге мың алғыс!

Мұғалім сөзі: Құрметті ата - аналар, ұстаздар, қонақтар. Біздің бүлдіршіндердің білімдерімен, өнерлерін тамашаладыңыздар. Сіздерге рахмет айта отырып, бүлдіршіндерге өз тілектеріңізді білдіріңіздер демекпін. Құттықтау сөз кезегі беріледі.
Кері қайту
Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Абайдың қара сөздері, Ашық сабақ, Бастауыш, Информатика, Мақала, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері, Ресей, Русский язык, Сабақ жоспары, Тәуелсіздік, Физика, Химия, абай құнанбаев қара сөздері, абай құнанбайұлының қара сөздері, ана тілі, ағылшын тілі, бала-бақша, балабақша, бастауыш сынып, баяндама, биология, география, дүниетану, жыр, математика, презентация, сайыс, сайыс сабақ, сауат ашу, сценарий, тарих, тақпақ, технология, тәрбие сағаты, Қазақ әдебиеті, Қазақстан, қазақ тілі, қазақ тілінен сабақ жоспары, қысқа мерзімді жоспар, өлең

Барлық тегтерді көрсету
×