Сайтқа кіру Тіркелу

Атаның сөзі – ақылдың көзі

Атаның сөзі – ақылдың көзі
Мақсаты:
Білімділік: Балалардың бойында әдептілік пен алғырлық, адамдық қасиеттерді қалыптастыру.
Дамытушылық: Балалардың мәнерлеп оқу дағдыларын, ұлы ғұламалар сөздерін жатқа, мәнін түсіне оқу дағдыларын дамыту.
Тәрбиелік: Жаман мен жақсыны ажырата білуге, аталы сөзден ғибрат алуға тәрбиелеу.
Көрнекілігі: ғұламалар портреттері, мақал - мәтелдер, нақыл сөздер, ұлттық ою - өрнектер, гүлдер, шарлар.
1 - жүргізуші: Аяжан, бүгінгі кеш ерекше сияқты, айналаңа қарасаң саған бәрі ақыл айтып тұрғандай, оның үстіне қонақтардың алдында бір түрлі қысылып тұрамын.
2 - жүргізуші: Мадияр, несіне қиналасың? Алдымен амандасайық «Сөз атасы - сәлем» деген емес пе?
1 - жүргізуші: Армысыздар ұстаздар, ата - аналар!
2 - жүргізуші: Бармысыңдар балалар!
1 - жүргізуші: Бүгін біздің мектебімізде ұлттық тәрбиенің бір айшығы ретінде өткелі отырған «Атаның сөзі – ақылдың көзі» әдеби танымдық кешімізге қош келіпсіздер!
2 - жүргізуші: Ендеше, бүгінгі кешке келгендеріңізге тіптен де өкінбейсіздер, себебі, көптеген аталы сөздер мен ақылдың көзі, бабалар өсиетімен танысасыздар, әсем ән мен би де тамашалайсыздар.
1 - жүргізуші: Халқымның әні қандай, жыры қандай,
Шешеннің нәрі тамған тілі балдай
Шымырлап өн бойыңа тарайтұғын
Ал биі нәзік жанды балқытқандай, - деп «Қазақ» биін тамашалайсыздар!
1 - жүргізуші: Олай болса, көрермендерді кешіміздің барысымен таныстырайық. 1 - кезең «Мен атамның жалғасымын...»
2 - жүргізуші: 2 - кезең «Мақал - сөздің мәйегі»
1 - жүргізуші: 3 - кезең «Ескірмейтін есті сөз»(сахналық көрініс)
2 - жүргізуші: 4 - кезең «Алтын сақа» мақал жалғастыру ойыны
1 - жүргізуші: 5 - кезең «Асылдың сөзі - ақылдың кені»
2 - жүргізуші: 6 - кезең «Ұлылардан қалған ұлы сөз»
1 - жүргізуші: 7 - кезең «Өнерлінің өрісі кең» (сахналық көрініс)
2 - жүргізуші: Міне, құрметті көрермендер, біздің бойымызға халқымыздың тәлім - тәрбиесі ананың ақ сүтімен, әже өнегесімен, аталар ақылымен беріліп, өзіндік қасиетімізді қалыптастырады.
1 - жүргізуші: Ендеше, « Мен атамның жалғасымын» бөліміне құлақ түрелік.
1. Атам маған әмәнда,
Әдепті жан бол деген.
Атамның сөзі санамда,
Жасы үлкенге жол берем.
2. Алдын орап кісінің,
Кесіп өтпе көлденең.
Ізетімен кішінің
Сәлемдесіп қол берем
3. Атам маған әмәнда,
Кішіпейіл бол деген.
Атамның сөзі санамда.
Мақтанбауды жөн көрем.
4. Атам маған әмәнда,
Әділетті бол деген
Атамның сөзі санамда
Жүрмін тура жолменен.
5. Қалдыратын ұятқа,
Жалған сөзге төзбеймін
Жеткізеді мұратқа
Тек шындықты көздеймін.
6. Ей, тәкаппар дүние
Маған да бір қарашы.
Танимысың сен мені?
Мен қазақтың баласы.
7. Атаң болса анаңмен
Алтыннан соққан қорғанмын.
Санаң болса ақылды,
Ешкімнен кем болмадың.
8. Інің болса мақалшы
Семсер қылыш білегің.
Ақылды қыз, ақылды ұл –
Өкпе, бауыр, жүрегің.
1 - жүргізуші: Атасының ерке қызы Жібектің орындауында «Балалық» әнін қабыл алыңыздар!
2 - жүргізуші: Мадияр, біздің балалар мақал - мәтел туралы не біледі екен? Олай болса, «Мақал – сөздің мәйегі» бөліміне кезек берейік.
1. Қазақ – ойға көсем, тілге шешен ақын халық. Мақал - мәтелдер қазақ халқының әдет - ғұрпын, ұғым - сенімін, дүниеге көзқарасын көрсететін өмір тәжірибесімен, тіршілік танымынан түйіп түзіледі.
2. Мақал - мәтелдер – атадан қалған асыл мұрамыз, ауызша жеткен халық шығармасы. Мақал - мәтелдер сөз мәйегі ғана емес, ұлт тәрбиесі құралы ретінде қолданылады.
3. Мақал - мәтелдер балаларды ұлтжандылыққа, отансүйгіштікке, бауырмалдыққа, батырлық, ерлік қасиетін ұғынуға, бойға сіңіруге көмектеседі.
4. Ел аузында, жазба әдеби шығармаларда және баспасөз беттерінде мақал - мәтелдер сияқты « Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін» білдіретін нақыл, қанатты сөздер көп кездеседі.
5. Мұндай қанатты нақыл сөздер мақал - мәтелдерге өте ұқсас. Бұлардың өзара жақындығы сонша, ішкі - сыртқы құрылысы, мазмұны жағынан бір - бірінен ажырату қиын.
6. Кейде жеке адам айтқан немесе, белгілі бір оқиғадан, құбылыстардан шыққан, тарихи дерегі бар нақыл сөздер мақал - мәтел ретінде айтылады. Нақыл сөздер ерте кезден, қазіргі күнге дейін айтылып келеді.
7. Өткір, тапқыр нақыл сөздер – тілімізді байыта түсетін халықтың асыл қоры. Оның жұртшылық үшін пайдасы мен атқаратын ролі зор.
8. Ақын - жазушылардың ішінде қанатты сөздер қорының молығуына, әсіресе, Ұлы Абай, «ХХ ғасырдың Гомері» атанған Жамбыл, батыр Бауыржан, Сәбит Мұқанов, Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырзалиев есімдерін ерекше атауға тура келеді.
Ән: Ана тілім
1 - ші жүргізуші, Адамның сәні – өнер - білім, ақылы,
Жердің сәні – жеміс, өнім дақылы.
Сөздің сәні – өнегелі өткір нақылы.
Пікірдің сәні – ең пайдалы мақұлы.
1 - жүргізуші: Келесі кезекте «Ескірмейтін есті сөз» (Сахналық көрініс) А: Сәлеметсің бе, Ақторғын. «Сәлем – сөздің анасы» демекші сәлем беруге келдім.
Ақторғын: Амансың ба, Аяжан. «Қуыс үйден құр шықпа» деген тізеңді бүгіп, дәм ауыз ти.
Аяжан: «Сыйлап берген су, сатып алған балдан артық» дегендей отырайық.
Ақторғын: «Сыйға сый, сыраға – бал» демекші, өткенде өздеріңізге риза болып қайттық қой.
Аяжан: «Аз да бітер, көп те бітер, татулыққа не жетер» демекші - татулық пен ауыз бірлікке не жетсін.
Ақторғын: «Төртеу тату болса алар, алтау ала болса алдырар» деген ғой, о не дегеніңіз?
Аяжан: «Бірлік түбі - тірлік» деген ғой балаларымыз, бірлік болсын!
Ақторғын: «Биік төбеге шықсаң көзің ашылар, жақсымен сойлессең көңілің ашылар» демекші көңіліміз марқайып қалды ғой.
Аяжан: «Әңгіме – әңгіме дегізер, әңгіме бұзау емізер»- демекші, қой қайтайын, мал келетін уақыт болды.
Ақторғын: «Тау - тауға қосылмас, адамға адам қосылар»- деген әлі кездесерміз. Сау бол!
2 - жүргізуші: Мадияр, біздің балалардың арасында ойлының ойлысы, тапқырдың тапқыры, жүйріктің жүйрігі бар шығар.
1 - жүргізуші: Оны қалай байқаймыз?
2 - жүргізуш і: Балалардың бұл қасиетін «Алтын сақа» бөлімінен байқайсыздар.
(екі жүргізуші қоржыннан мақал - мәтелдің жартысы жазылған асықтар алады да мақалдың бір жартысын оқиды. Қатысушы балалар мақалдың екінші жартысын жалғастырады)
1. Болат қынға тоқтайды,
Тентек көпке тоқтайды,
Жомарт жоққа тоқтайды.
2. Алғаш өз айыбыңды біл,
Кейін басқаға күл.
3. Аюды жеңген – жарты ер,
Ашуды жеңген – бүтін ер.
4. Дарақының күлкісі қанбас,
Жалқаудың ұйқысы қанбас.
5. Жақсыға айтсаң – бітірер,
Жаманға айтсаң - жекірер
6. Еңбек өмірді ұзартады,
Ұят бетті қызартады.
7. Жүк ауырын нар көтерер,
Ел ауырын ер көтерер.
8. Көп ойласаң – дана боласың,
Көп ойнасаң бала боласың.
9. Қой тілегі - амандық,
Бөрі тілегі – жамандық.
10. Жазда үй - жай құрмасаң,
Қыста сызда отырасың.
11. Өнерлі өрге жүзер
2 - жүргізуші: Келесі кезекте: «Асылдың сөзі – ақылдың кені»
1 - жүргізуші: Ассалаумағалейкум, Абыз баба,
Жасыңыз келіп қапты 120 - ға.
2 - жүргізуші: Атамыз, айтып еді – дейтұғын ұрпақтары,
Айтыңызшы өсиет бір асқан дана.
Абыз баба:
Е, ұрпаққа жеткізетін болсаң,
Мен айтайын, сен тыңда
Ата - анаңның қадірін.
Балалы болғанда білерсің,
Ағайынның қадірін.
Жаманы болғанда білерсің
Балалықтың қадірін.
Саналы болғанда білерсің
Асыл менен пасықты
Бағалы болғанда білерсің
Бостандықтың қадірін.
Жабылғанда білерсің
Қалтаңдағы ақшаңды
Қағылғанда білерсің
Денсаулықтың қадірін
Ауырғанда білерсің
Ақ бетіңнің қадірін
Қан кеткенде білерсің
Ақ білектің қадірін
Әл кеткенде білесің
25 - тің қадірін
Жас өткенде білерсің
Қара көздің қадірін
Нұр кеткенде білерсің
Татулықтың қадірін
Дос кеткенде білерсің
Жақсы әйелдің қадірін
Өлгенінде білерсің
Жақсы туыс қадірін
Көмгенінде білерсің
Аяқ - қолдың қадірін
Ақсағанда білерсің
Отыз тістің қадірін
Қақсағанда білерсің
Қызыл тілдің қадірін
Тоқтағанда білерсің
Білгеніңді сөйлеп қал,
Білгендерден ғибрат ал.
2 - жүргізуші: Құлақтан кіріп бойды алар,
Әсем ән мен тәтті күй.
Көңілге түрлі ой салар,
Әнді сүйсең менше сүй.
Ән: «Сәлем саған туған ел» әнін Ұлмираның орындауында тыңдаңыздар.
1 - жүргізуші: Иә, қазақ халқы не деген философ десеңші! Міне, артына сөз қалдырған бабалар өсиеті не дейді екен.
2 - жүргізуші: Олай болса, ұлы ғұламалардың сөзіне құлақ салыңыздар(сахнаға ӘБУ - Насыр әл - Фараби, Махмұд Қашқари, Сүйінбай ақынның портретімен 3 оқушы шығады
1 - жүргізуші:»Өнерлінің өрісі кең» бөлімінде мақал мазмұнына құрылған
көріністі тамашалайсыздар.
Көрініс: « Қарынбас, Шибұт, Қылмойын» ертегісі
1 - жүргізуші«Ұрлық түбі – қорлық» деген осы да!
1 - жүргізуші: Иә, ұрлықты бір жасайсың, екі жасайсың, үшіншіде тұтыларсың. Мұндай жаман әдеттен аулақ болайық, балалар!
2 - жүргізуші: Атам кітап мен дәптер,
Ақыл толы сөзінде
Қызығам да әлбетте
Көшіремін өзіме
1 - жүргізуші: Еш дүкенде сатылмас,
Тегін кітап атамыз
Қанша оқысаң сарқылмас
Өмір кітап - атамыз.
2 - жүргізуші: Жаңарғаны сананың,
Ұмытады мұны кім?
Өсиетін атамның
Мұра тұттық біз бүгін.
2 - жүргізуші: Десек те уақытпен жарыспайды,
Қияға қиялымыз қарыштайды.
Шәкірттер шын жүректен тебіреніп,
Аспанда көк туымыз қалықтайды.
Хор: « Көк тудың желбірегені»
1 - жүргізуші: Құрметті ұстаздар, бүлдіршін құрдастар бүгін біз бабалар өсиетін
қасиетті ана тілімізде осылай жырладық. Ықылас қойып тыңдағандарыңызға рахмет!
Кері қайту
Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Абайдың қара сөздері, Ашық сабақ, Бастауыш, Информатика, Мақала, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері, Ресей, Русский язык, Сабақ жоспары, Тәуелсіздік, Физика, Химия, абай құнанбаев қара сөздері, абай құнанбайұлының қара сөздері, ана тілі, ағылшын тілі, бала-бақша, балабақша, бастауыш сынып, баяндама, биология, география, дүниетану, жыр, математика, презентация, сайыс, сайыс сабақ, сауат ашу, сценарий, тарих, тақпақ, технология, тәрбие сағаты, Қазақ әдебиеті, Қазақстан, қазақ тілі, қазақ тілінен сабақ жоспары, қысқа мерзімді жоспар, өлең

Барлық тегтерді көрсету
×