Сайтқа кіру Тіркелу

Жыл басы Наурыз

Наурыз мейрамына арналған тақпақтар
8 наурызға арналған тақпақтар

Ертеңгілік іс – шараның тақырыбы: «Жыл басы Наурыз»

Мақсаты: Балаларға ұлыстың ұлы күні туралы мағлұмат беру.
Балаларды елін, Отанын сүюге, ұлттық салт – дәстүрін дәріптеуге тәрбиелеу.

Көрнекілігі: киіз үй керегесі, ұлттық бұйымдар.
Барысы:
І Кіріспе
Мейрам өтетін жер салт – дәстүрге байланысты жабдықталады. Балалар ұлттық киімдерімен келеді. Киіз үй керегесінен сахна жасалынады.
Тәрбиеші: Армысыздар құрметті қонақтар. Ұлыс күндеріңіз құтты
болсын!
Келе жатыр жылымыз,
Мейрамдаймыз мұны біз.
Халқы сүйген мейрамды
Қарсы алайық Наурызды!
(Әжесі мен Наурыз қыз ортаға келеді. Әжесі шашу шашады)
Наурыз қыз:
Наурыз тойы - береке,
Наурыз тойы - жыр аңыз.
Қызып дулы мереке
Қызық думан құрамыз.

1 бала: Ағлен
Қош келіпсің Наурыз!
Арман тойы халықтың.
Қуанышы халықтың,
Құтты болсын қадамың!

2 бала: Би биледік бәріміз!
Егін өңін толқытқан,
Елдің көңілін шалқытқан.
Бас иеміз - Наурыз!

3 бала. Ақнұр
Сені тойлап қарсы алып,
Бар әлемге жар салып,
Сәлем бердік, біз сізге!

ІІ. Негізгі бөлім:
Құрметті қонақтар, сіздерге арналған бақша бүлдіршіндерінің «Алтын сақа» ертегісінің желісімен қойылған «Жыл басы - Наурыз» атты ертеңгілігімізді тамашалауға шақырамыз.
Көрініс.
(Шал қолында қамшысы бар, қой жайып жүреді)
Шал: Шек, шеку, ей кебенек! Мына ешкілер әбден мазамды алды. «Қой бақтым қоңырау тақтым, ешкі бақтым еңіреп бақтым» деген осы екен ғой. Уһ, әбден шаршадым, дем алайыншы,- деп малдас құрып отыра кетеді. Сол кезде артынан Мыстан кемпір келіп шалды қылқындыра бастайды.
Мыстан: Уһ, бәлем қолыма түстің бе?
Шал: Ойбай, ойбай жіберші, қылқынып барамын.
Мыстан: Сен маған не бересің?
Шал: Бір отар қой беремін.
Мыстан: Жоқ маған қой керек емес, балаңды бер әйтпесе жібермеймін.
Шал: Жарайды, жалғыз Кенжебек деген ұлым бар еді, соны ал.
Мыстан: Онда келісемін, оны қалай бересің?
Шал: Баламның жақсы көретін алтын сақасы бар, соны саған беріп кетейін, балам алтын сақасын іздеп келгенде өзің ұстап ал.
- Міне, алтын сақа,- деп қалтасынан алтын сақасын алып береді де өзі кетіп қалады.
Мыстан алтын сақаның жанында отырады.
( Бала сақасын іздеп шығады)
Бала: Апа, апа анау сақамды алып беріңізші?
Мыстан: Ой, мен отырсам тұра алмаймын, тұрсам отыра алмаймын, өзің ал.
Бала еңкейіп сақаны ала бергенде мыстан оны шап беріп ұстап алады. Осы кезде қыздар Кенжебекті іздеп шығады.
Қыздар: Кенжебек, Кенжебек, қайдасың? Біз сені іздеп жүрміз.
Осы кезде ортаға Мыстан атын шығып, қыздарды қорқытады. Қыздар қорқып бірінің артына бірі тығылады.
Мыстан: Сендерге Кенжебек керек болса, менің шартымды орындаңдар.
Қыздар: Орындаймыз, апа орындаймыз.
Мыстан: Онда маған Наурыз туралы тақпақ айтып беріңдер.
(Балалар Наурызға байланысты жаттаған тақпақтарын айтады)
Салтанат
Жасыл көктем келеді,
Самал беттен өбеді.
Дариға
Жасыл көктем келеді,
Самал беттен өбеді.
Көкте бұлттар көбейсе,
Мөлдір тамшы төгеді.
Айкөркем
Көлде аққу, көкте қаз,
Орманда бұлбұл сайраған.
Дәурен
Көптен күткен көктем кеп,
Құлпырып дала жайнаған.
Жания
Бүршік шашып, жапырақ ашып,
Даланы гүлдер басады.
Тамирлан
Сұлу көктем есігін ашып,
Шуағын бізге шашады.
Інжу
Мен көктеммін,
Бүршік болып бүр жардым.
Мыстан: Жарайсыңдар!
Қыздар: Апа, енді Кенжебекті жібересіз бе?
Мыстан: Жоқ, маған енді өнерлеріңді көрсетіңдер
( Балалар Наурызға арналған ән, билерін ортаға салады)
Мыстан: Ой, рахмет, көңілім көтеріліп қалды ғой.
Қыздар: Енді, жібересіз бе?
Мыстан: Наурыз мерекесіне барғым келіп тұр.
Қыздар: Апа, Кенжебекті жіберсеңіз, біз сізді наурыз тойын тойлауға апарамыз.
Мыстан: Жарайды, мені алдамайсыңдар ма!
Қыздар: Әрине, сізді алдамаймыз. Мыстан, Кенжебек, қыздар бәрі Наурыз тойлауға келеді.
Наурыз тойында көрініс «Бесікке салу»
Бесікке салу — нәрестені алғаш бесікке бөлеу рәсімі. Бесікке саларға шақырылған ауыл - үйдің әйелдері шашуын, жол - жоралғысын ала келеді. Баланы алғашқы бөлеу үлгілі ұрпақ өсірген қадірменді әйелге тапсырылады. Ол өзінен басқа тағы бір - екі келіншектің көмегімен бесікті жабдықтайды, сәбидің әжесі не шешесі түбектің тесігінен балаларға тәтті үлестіреді. Осыдан кейін бесікті отпен аластап, баланы бөлейді. Бесікке салған әйелдерге көйлек, жаулық сияқты сый тартылады. Үлкендер батасын беріп, баланың ер жетуіне, ананың үбірлі - шүбірлі болуына тілектестік білдіреді.
Және Бесік жыры айтылады:
Айыр қалпақ киісіп,
Ақ бесікке жат бөпем
Ақырып жауға тиісіп,
Батыр болар ма екенсің?
Бармақтарың майысып,
Түрлі ою ойысып,
Шебер болар ма екенсің?
Таңдайларың тақылдап,
Сөзіңді жұрт мақұлдап,
Шешен болар ма екенсің?
Тәрбиеші: Наурыз тойы салтымыз,
Аман болсын халқымыз,
Ұлыс оң болсын,
Ақ мол болсын.
Қазақ халқының ұлттық тағамдарымен таныстыру.
Әжелер наурыз көженің жасалуын әңгімелеп көжені балаларға тарату.
Мыстан достарға рахмет айтып наурыз мерекесіне тілек айтып өз үйіне қоштасып кетіп қалады. Достарым мені кешіріңдер енді сендерге қиянат жасамаймын.
Тәрбиеші: Наурыз құтты болсын!
Дендеріміз сау, мықты болсын!
Наурыз тойы келе берсін!
Барлық халық бақытты болсын,
Қош, сау болыңыздар, халайық!
Көріскенше күн жарық болсын!

Барлықтарыңызды Наурыз дастарханына шақырамыз.
Көжеден дәм татыңыздар.

Ақтөбе облысы, Ойыл ауданы
"Асанәлі" балабақшасы тәрбиешісі:
Жолдаева Жанаргүл Ертілеуқызы
Кері қайту
Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Абайдың қара сөздері, Ашық сабақ, Бастауыш, Информатика, Мақала, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері, Ресей, Русский язык, Сабақ жоспары, Тәуелсіздік, Физика, Химия, абай құнанбаев қара сөздері, абай құнанбайұлының қара сөздері, ана тілі, ағылшын тілі, бала-бақша, балабақша, бастауыш сынып, баяндама, биология, география, дүниетану, жыр, математика, презентация, сайыс, сайыс сабақ, сауат ашу, сценарий, тарих, тақпақ, технология, тәрбие сағаты, Қазақ әдебиеті, Қазақстан, қазақ тілі, қазақ тілінен сабақ жоспары, қысқа мерзімді жоспар, өлең

Барлық тегтерді көрсету
×