Сайтқа кіру Тіркелу

Ұлттық ойындардың тәрбиелік мәні

Ұлттық ойындардың тәрбиелік мәні
Қазіргі кезде қазақтың қимыл – қозғалыс, тапқырлық, ептілік, төзімділік, ой - қиял ұшқырлығына, бірлесіп атқаратын қимылдар үйлестігіне баулитын ойындары тәрбие жүйесіне енгізілген. Олар тек дене шынықтыруға ғана емес, жас ұрпақтың туған халқының өткен жолын, тарихын, тілін, әдет - ғұрпын жақынырақ білуге де жақсы көмектеседі.
Қазақтың ұлттық ойындары баланы ұстамдылыққа, белгілі тәртіпті сақтай білуге жаттықтырады және өмірдің жеке ерекшеліктерін күнделікті өмірімен ұштастырады. Сондықтан да қазақтың халық педагогикасы бала неғұрлым жастайынан әдепке, дәстүрлік танымдарға машықтандырылса, ол болашағына жалғаса кететін көрегендік деп тұжырым жасайды. Осы орайда «ана көрген тон пішеді, ата көрген оқ жонады» деуінің сыры осында. Балалар ойнайтын ұлттық ойындарда мұның барлық көріністері бірден байқалып тұрады. Егер мұны қай кезде болса да, ретті тұтынып, жол - жосығын дұрыс нұсқап, тиісті бағдарда пайдалана білсе, өзінің игілікті нәтижесін берері хақ.
Ұлттық ойындармен таныстырып, оларды үйрету барысында бір ескерелік жағдай – ұлттық ойындардың толық түрінде пайдаланылмауы. Бөбектерге арналған ойындар, негізінен, жас, психологиялық және физиологиялық ерекшеліктеріне байланысты анықталатындықтан, балаларды қазақтың ұлттық ойындарына үйреткенде ойынның негізгі мазмұнын сақтай отырып, баланың жоғарыда айтылған ерекшеліктеріне лайықтап өндеу қажет.
Бала қаншалық ойынның қызығына түсіп кетті деген күннің өзінде де, өмір шындығынан мүлде қол үзіп кетпейді, сондықтан тәрбиеші баланың мінез – құлқы үшін қажетті тәртіпті ескерте отыруы, әсіресе, мінезі тиянақсыз тым шапшаң, ұшқалақ, шыдамсыздарды басынқырап, ұстамдылыққа шақырып, реттеп отыру тәлімгерлік парыз. Дәлірек айтқанда, тиісті тәлім - тәрбиені бала бойына дарытудың педагогикалық, психологиялық кілті. «Шыдамды еңбек, алғыр ой, анық досың біліп қой» деген даналық сөзі бейне бір тәрбиешілер үшін айтылғандай көрінеді. Өйткені балаларға шын мағынасында адамгершілік, мейірімділік әдептерін сіңіру ұстаздың өнегелі әрекеті мен еңбегіне, ақыл – парасатына байланысты.
Ұлттық ойындар

1 Ақсүйек
Мақсаты: ептілік, жылдамдық және зеректікті арттыру.
Ойын барысы: Балалар екі топқа бөлініп, көздерін жауып тұрады. Тәрбиеші немесе ойынды жүргізуші бала ақсүйекті лақтырып: «Ал, табыңдар!» - дейді. Балалар көздерін ашып, жан – жаққа іздеуге аттанады. Қай топтың баласы тауып алып келсе, сол топқа бір ұпай беріледі. Ұпайды неғұрлым көп жинаған топ жеңімпаз атанады.

2 Жүзім алу
Мақсаты: қозғалыс, есту қабілеті мен зеректікті арттыру.
Ойын барысы: Балалар бірінің соңынан бірі жүгіреді. Музыка ойнаған кезде оңға және солға еңкейіп, жердегі «жүзімдерді» тереді. Кім көп жиса, сол – жеңімпаз.

3 Қозы
Мақсаты: есту қабілетін дамыту, жылдамдықты арттыру.
Ойын барысы: Балалар екі топқа бөлініп, бір - біріне қарама – қарсы отырады. Ойынды жүргізетін екі баланы таңдап алады. Біреуі екіншісінің жанына келіп:
Жеткенше саған
Сүрініп жолда,
Қайта - қайта құлай бердім.
Қарайлас маған,
Үйренсін қолға,
Бір қозыңды сұрай келдім, -
дейді. Екінші жүргізуші оған: «Қалағаныңды ал», - деп тіл қатады. ү Бірінші жүргізуші біреуін тандап алады да, көзін байлайды. Өзінің тобынан кез келгенін шақырады. Ол келіп: «Б - е - е», деп дыбыс береді де, тез орнына отырады. Егер көзі байланған бала оның кім екенің тапса, онда дыбыс берген бала қарсыластар тобына ауысады; таппаса, өзі қарсы топқа ауысады.

4 Көкпар
Мақсаты: ептілікке, батылдыққа, жылдамдыққа тәрбиелеу.
Ойын барысы: Балалар екі топқа бөлініп, тәрбиеші бір баланың есімін атап, оған қапшық көкпарды лақтырады. Көкпарды алған бала белгіленген сөреге дейін жетіп, қайта жүгіріп келуі қажет. Егер жолда оны басқа топтың балалары ұстап алса, көкпарды тартып алуға тырысады. Көкпарды тартып алған бала өз жағына қашады. Егер оған кедергі жасаса, онда ол көкпарын өз тобының баласына лақтырады. Көкпарды алып келген баланың тобына ұпай қосылады.

5 Бәйге
Мақсаты: тездікке, ептілікке, жылдам жүгіруге тәрбиелеу.
Ойын барысы: Балалар қатарласып, сызықтың ар жағында тұрады. Тәрбиеші сылдырмақпен белгі берген соң, балалар белгілі жерге жүгіріп (не атта шапқандай секіріп жүріп) барып, қайта қайтуы қажет. Бірінші келген бала жеңімпаз болады.

6 Орамал тастамақ
Мақсаты: зеректікке, ептілікке, тездікке тәрбиелеу.
Ойын барысы: Шеңбер жасап отырған балалардың ту сыртында қолына орамал ұстаған бір бала жүріп, өзінше білдірмеген болып, біреуінің артына орамалды тастап кетеді. Ол айналып келгенше әлгі бала орамалды көрмесе, ортаға шығып тұрады. Егер көріп қалса, ойын жүргізушіні қуып жетіп, орамалды соған қалдырып, өзі бұрын келіп орнына отыруға тырысады. Жете алмаса, ойынды әрі қарай өзі жүргізеді.

7 Орамал алу
Мақсаты: Балалардың музыкалық сезімін дамыту, алғырлыққа тәрбиелеу.
Ойын барысы: Балалар үлкен шеңбер бойында бір бірінің соңынан тұрады. Шеңбердің ортасында орамал жатады. Күй ойналған кезде қыздар билейді, ұлдар аттың жүгенін ұстаған болып қимылдайды. Күй тоқтаған кезде шеңбер ортасындағы орамалды алу.

8 Жалау тартыс (Арқан тартыс)
Мақсаты: Күштілікке, бірлікке тәрбиелеу.
Ойын барысы: Ойынға 3 - 4 метр мата қажет (не арқан). Балалар екі жаққа бөлініп, бір - біріне қарама – қарсы тұрады. Тәрбиеші белгі берісімен екі топ екі жаққа тартады. Қай топ қарсыласын тартып әкетсе, сол топ жеңімпаз атанады.

9 Арқан түю
Мақсаты: тездікке, ептілікке баулу.
Ойын барысы: Ойнаушылар шеңбер жасап, дөңгелекке тұрғаннан кейін, қолында арқаны бар ойын жүргізуші топ ортасына шығады да: «Ойынды бастадым», - деп дауыстайды. Содан соң арқанның түйілмеген басынан ұстап шеңбер бойымен айналдырады. Ал ойнаушылар секіріп тұрып, арқанды аяқтарының астынан өткізіп жібереді. Кімде – кім арқанды өткізе алмай, аяғына тигізіп алса, айып тартады. Көпшіліктің ұйғарымымен ортаға шығып, өнер көрсетеді және ойын жүргізушімен орын ауыстырады.

10 Ұшты – ұшты
Мақсаты: тездікке, ептілікке баулу.
Ойын барысы: Бастаушы айнала отырған ойыншыларды жаңылыстыру үшін тез - тез ұшатын және ұшпайтын заттарды араластыра айтып отырады. Шарт бойынша тек ұшатын зат аталғанда ғана ойыншылар қолдарын көтеруі қажет. Ал егер кімде – кім ұшпайтын зат аталғанда қолын көтеріп қойса, айыбын тартады. Ән салып немесе би билейтін болады.

11 Жаяу тартыс
Мақсаты: Күштілікке, ептілікке баулу.
Ойын барысы: Екі ойыншы бір – біріне арқасын беріп, түзу сызықтың екі жағына тұрады. Екі ұшы байлаған арқанды түйінін ортасына келтіріп, екі ойыншы да иық арқылы қолтықтың астынан өткізіп алады.
Бір...
Екі...
Үш... «Үш» деген кезде екі ойыншы да теңдей арқанды өз жағына тартады. Қарсыласын сызықтан асырғанша тарта алған ойыншы жеңеді.
12 Соқыр теке
Мақсаты: зеректікке, жылдамдыққа тәрбиелеу.
Бұзау, Бота, Қозы, Лақ
Тоқты, Серке, Құлыншақ
Торпақ, Тона, Тай, Тайлақ,
Құнан, Дөнен, Бесті бар –
Бәрін біліп, естіп ал!
Сүзегенсің, тентек Теке аппақ.
Ізде оларды, ұстап оларды, бақ - бақ!
Ойын барысы: Ойнайтын балалар қатар – қатар тұрады. Ойын басқарушы тұрғандардың әрқайсысын жеке – жеке мал атымен атап шығады. Ең соңғы аты аталған бала «Соқыр теке» болады. Далада ойналғанда жерге шеңбер сызылады. Ойын басқарушы ортаға көзі орамалмен таңылған «Соқыр текені» шығарады. Содан кейін балалар:
Соқыр теке, бақ, бақ,
Қайдан бізді тақпақ?! деген өлеңді барлығы қосыла айтады. Өлең айтылып болысымен, шеңбердің ортасында қалған «Соқыр теке» балаларды ұстауға ұмтылады. Бірақ, бұл кезде ойнаушылардың шеңберден шығып кетпеуі қатты қадағаланады. «Соқыр теке» ұстаған бала оның орнына тұрады, ойын ары қарай жалғаса береді.
Ескерту: Келесі баланың көзін байларда орамал мен көздің аралығына таза қағаз қойылып отырғаны жөн. (гигиеналық талап бойынша).

13 Шымбике
Мақсаты: зейінің дамыту, ептілікке, бірлікке тәрбиелеу.
Ойнаушылардың саны он баладан кем болмауы керек.
Ойын барысы: Ойын басталмас бұрын арасы бес метрдей көмбе белгіленеді. Бірінші көмбеде ойнаушылар топ басқарушының артына қатарға тұрады, ал екінші көмбеде санамақ айтып белгіленген «Жалмауыз кемпір» (ақсақ) қарап тұрады. Қатардағы ең бірінші ойыншы немесе топ басқарушысы «Жалмауыз кемпірге» қарап:
- Шым - шым, шымбике
Шымылдығыңды құр, бике.

Ақсақ кемпір тоңқылдап,
Бұрама темір солқылдап.
Мына судан қайтіп өтейін? – дейді.
«Жалмауыз кемпір».

- Ақсақ – кемпір тоңқылдайды,
Бұрама темір солқылдайды
Көйлегіңді салып өт!
Мұны естіген ойыншы алға бір секіреді де, тағы да:
- Мына судан қайтіп өтейін? – дейді.
- Тоныңды салып өт!
Ойыншы тағы секіреді. Осылайша төртінші рет секіргенде «Жалмауыз кемпір» қолынан ұстап өткізеді дейді де:
- Неше аяқ көже ішесін? – деп сұрайды да отырғызып қояды.
Келесі ойыншы да осылай өтеді.
Бәрі өтіп болған соң «кемпір» нөкерлерінің бірін шақырып алып:
- Адам баласы жалмауыздың қолына түсті, жазалайсың, - деп бұйрық береді. Нөкер бұйрық бойынша неше аяқ көже ішемін деген болса, сонша рет маңдайынан шертеді (отырғызып тұрғызады). Бәрін жазалап болған соң «жалмауыз кемпір» рөлін ауыстырады да, ойын жалғаса береді.

14. Асау мәстек
Мақсаты: ептілікті, жылдамдықты арттыру.
Ойын барысы: Ойынға балалар «Асау мәстек» құрады. Ол үшін арасын 4 - 5 қадамдай қашықтықта екі мықты қада қағады. Жерден 50 - 70 см, биіктікке арқан байлайды да, оның үстіне көрпеше салады. Ойын жүргізушісі балаларды ойынға тақпақ айтып шақырады:
Әй, ер екенсің білейін
Ешкі сойып берейін
Тақия алсаң еңкейіп
Құламасаң теңкейіп,
Ерлігіңе сенейін!
Өзінің ептілігін сынағысы келген ойыншы:
Асау мәстек бұл болса,
Үйретейін көріңіз,
Маған таяқ беріңіз! –
Деп ортаға шығады. Ойын жүргізуші таяқты беріп, тұрып сынай бастайды:
Міне, саған таяқ
Үшке дейін санақ
Бір...
Екі...
Үш...
Ойынға шыққан бала санақ біткенше таяқтың көмегімен арқанның үстіне атша мініп алуы тиіс те, жерден еңкейіп тақия алады. Жеңіп шықса өзі айып тартады.
Айып өлең айту, ән салу немесе қораз болып шақыру, түедей боздау, ешкі сияқты маңырау түрінде болады.

15 Көш гөк
Мақсаты: Жылдамдыққа, бірлікке тәрбиелеу.
Ойын барысы: Санамақ айтып бір қыз баланы «кемпір» етіп сайлайды, қалғандары қаз болады. «Кемпір» шетке шығып тұрады, басқа ойыншылар қаздай тізіліп, бірінің соңынан бірі ұстап
Гөк, гөк, көш гөк,
Гөк, гөк, көш гөк,
Гөк, гөк, көш гөк, - деп қаздың жүрісіне еліктеп, ақырып он мен солға шайқалып «кемпірдің» қасына келеді. Бірінші келген балаға «кемпір» ине (шөп, не таяқша) беріп: «Жоғалтпаңдар!» - деп тапсырады. Балалар айнала жүгіріп, қайтадан қаздай тізіліп «кемпірге» келеді. «Кемпір»:
- Әлгім қайда? Әлгім қайда? – деп сұрайды. Балалар бәрі бірдей:
- Әлгің қайда? Қалды сайда! – деп жауап береді.
- Олай болса, сендердің біріңді алып қаламын, - деп «кемпір» балаларды бас салып
қуады. Балалар тізбегін жазбай қаша жөнеледі. Қолға түскен біреуін «кемпір» қасына алып қала береді.

16 Үй артында қолағаш
Мақсаты: Зеректігін, ептілігін арттыру.
Ойын барысы: Ойнаушылар бірінің қолынан бірі ұстап дөңгелене тұрады. Ойын бастаушы орамал алады да, топтың сыртынан айналып жүгіріп былай дейді:
- Үй артында қолағаш,
Желбеу тартам, есік аш.
Бұл сөзді бірнеше рет қайталай береді. Дөңгелене тұрған балалар:
- Үй артында қолағаш,
Жел кірмесін, есік бас, -
деген сөзді қайталай береді.
Тұрған балалар ұстасқан қолын ажыратпайды. Ол – ашпағанның белгісі.
Енді:
- Үй артында қолағаш,
Желбеу тартам, есік аш, - деп жүгіріп жүрген бала өзі таңдаған бір баланың артына орамалмен бір соғып қалады да, орамалды сол балаға тастай салады.
- Үй артында қолағаш
Озам деген, ала қаш, - деп өзі сол бетімен жүгіре береді. Осының боларын біліп әзір тұрған бала да «Қолағашты», ала сала, әлгі балаға қарай қарама - қарсы жүгіреді. Бұл кезде дөңгелене тұрған балалар:
- Үй артында қолағаш,
Қолағашты ала қаш,
Бұрын келген балаға,
Тездеп бар да есік аш, - деп хормен айтып тұрады.
Қолағаш, қолағаш!
Жел кірмесін есік бас! – деген сөзді барлық балалар хормен тағы айтады. «Есік жабылады». Енді осы қалып қойған бала бәрін қайталап орындайды. Ойын осылай жалғаса береді.

17 Ақ серек, көк серек
Мақсаты: Күштілікке баулу, бірлікке тәрбиелеу.
Ойын барысы: Ойынға қатысушылар екі топқа бөлінеді. Аралығы 30 - 40 метрдей жерге бір - біріне қарама - қарсы орналасады. Қаз - қатар қол ұстасып тізіліп тұрады. Шарт бойынша ойынды алғаш бастаушы топтың балалары әндете өлең айтады.
Ақ серек, көк серек,
Бізден сізге кім керек?
Екінші топтағылдар:
Ақ шанаш, көк шанаш,
Ішінде бар көп шанаш
Бізге..... бала керек! – деп бір ойыншының атын атайды. Сол кезде аты аталған бала өз тобынан шығып, екпіндей жүгіріп келеді де, қарсы топтың тізбегін үзіп кетуге тырысады. Егер үзіп кетсе, бір баланы жетелеп апарып, өз тобына қосады. Үзе алмаса, өзі сол топта қалады. Кезек бойынша ойынды екінші топ әлгі әдіспен бастайды. Қай топ өз ойыншыларынан көп айырылып қалса, жеңілген боп есептеледі.
Кері қайту
Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Абайдың қара сөздері, Ашық сабақ, Бастауыш, Информатика, Мақала, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері, Ресей, Русский язык, Сабақ жоспары, Тәуелсіздік, Физика, Химия, абай құнанбаев қара сөздері, абай құнанбайұлының қара сөздері, ана тілі, ағылшын тілі, бала-бақша, балабақша, бастауыш сынып, баяндама, биология, география, дүниетану, жыр, математика, презентация, сайыс, сайыс сабақ, сауат ашу, сценарий, тарих, тақпақ, технология, тәрбие сағаты, Қазақ әдебиеті, Қазақстан, қазақ тілі, қазақ тілінен сабақ жоспары, қысқа мерзімді жоспар, өлең

Барлық тегтерді көрсету
×