Сайтқа кіру Тіркелу

Мерекелік ертеңгіліктердің түрлері және оны ұйымдастыру

Тақырыбы: Мерекелік ертеңгіліктердің түрлері және оны ұйымдастыру

Егеменді елдің жас ұрпақтарын тәрбиелеу, талапқа сай білім беру, бүгінгі күннің уақыт күттірмес мәселелерінің бірі болып табылады. Сондықтан да, мектепке дейінгі мекемелердің алдында балаға жүйеленіп, дайындалып берген белгілі бір білімді беріп қана қоймай, оны жалпы дамыту, яғни, сөйлеу, оқу, қоршаған орта жөнінде дұрыс көзқарас қалыптастыру, ойын дұрыс жеткізе білуге, дәлелдеуге, сөйлеу мәдениетіне, шығармашылық бағытта жұмыс істейтін, біртума ойлау қабілетімен ерекшеленетін жеке тұлға қалыптастыру міндеті болып тұр.
Балалар өміріндегі мерекелердің маңызы – адамгершілік, эстетикалық тәрбие беру құралы, әдеби шығармалар, әндер мен өлеңдер патриоттық сезімдер қалыптастырады, балалар бойында тәртіптілік, мінез - құлық, ұжымшылдық негіздерін, мәдениетін тәрбиелейді.
Мейрам күндері – балалар үшін жан тебірентер ән мен күйдің, әсем бидің, көз қуантар көріністердің қызғылықты бір әлемі. Сондықтан да, мейрам күндерін балабақшаның әрбір тәрбиеленушісі асыға күтеді, өз өнерлерін жолдастарына, тәрбиешілеріне және ата - аналарына көрсетуге асығады.
Осы жағынан алғанда, жас жеткіншектерді тәрбиелеп, оларды жан - жақты дамытып, жетілдіруге мерекелік күннің үлесі зор. Жас жеткіншектердің өзін қоршаған ортаға дұрыс қалыптастыруға өз Отанына сүйіспеншілігін арттыруға, еңбекке ынтасын күшейтуге, интернационалдық сезімін оятуға үлкен әсер етеді.
Мерекелік ертеңгіліктердің барлық түрлері (ән салу, музыка ырғағымен қимылдар жасау, би билеу, музыка аспаптарында ойнау) балаларды музыканы сүйе білуге баулудың ерекше бір түрі. Қатар отырып қуанып, толғану жас жеткіншектерді тату ұжымға топтастырады және ұжымды жауапкершілікке баулиды.
Әрбір мерекеге арналған ертеңгілік сол мерекенің қоғамдық зор мәнін, идеялық мақсаттарын жас жеткіншектердің өз сезіміне лайықтап жеткізіп, сол арқылы бүкіл халықты салтанатқа үлес қосуына мүмкіндік береді.
Балалар ертеңгілігін дайындап, өткізуде ересек кісілердің де алатын орны ерекше. Мерекелерге балаларымен қатар отырып қуану үшін ата - аналар да қатысуға тырысады. Өйткені, балалардың көрсеткен өнері, орындаушылық ерекшеліктері көңілді де, мәнді ойын түрлері ата - аналардың да ара - тұра өз өнерлерін ортаға салуы сыйлықтар, әртүрлі естелік кітапшалар беру балалар өміріндегі аса бір қуанышты сәттер болып табылады, мұқият жоспарланады.
Осыған орай, күнтізбелік жоспар жасағанда балалардың өздері тұрған жердегі еңбек адамдарының мерекеге дайындығымен таныстыруға арналған оқу іс - әрекеттері ерекше ойластырылған жөн. Өтетін оқу іс - әрекет жоспары оқылатын әңгімелердің, жатталатын өлеңдердің, көрсетілетін суреттердің жинақталған жүйелерін бұзбай енгізу керек. Ескеретін басты мәселе – олардың балаларға түсінікті болуы. Барлық дайындық жұмыстарын өтетін мереке тақырыбына топтастыру – ең негізгі мақсат десек, бұдан ата - аналарды да шет қалдыруға болмайды. Болғалы жатқан ертеңгілік туралы ата - аналарды хабардар етіп, қажет болса, олардың көмектесуін өтінген жөн. Сол сияқты, тәрбиешілер ата - аналарға мереке күндерін үйде қалай атап өту керектігі жөнінде де кеңес бергені өте орынды болады.
Мерекеге әзірлену және өткізу.
Әрбір сценарийді алдын - ала ұқыпты, жан - жақты әзірлейді. Сценарийде ертеңгіліктің мазмұнына қарай үлкен кісілер мен балалардың айтатын сөздері және орындау реті жоспарланады. Әрине, ертеңгілікті үлкендерге арнаған балалар концертіне айналдыруға болмайды. Балалардың көрсеткен ойындары олардың өздерін де қуанышқа бөлейді, бірақ олардың естерінде ұзақ уақыт сақталатындай ерекше құбылыс бола алмайды. Сондықтан, балалар өнерін үлкен кісілердің (балабақша қызметкерлерінің) орындауындағы концерттік нөмерлерімен кезектестіріп, өткізсе, эмоциялық әсерге толы, есте қаларлық мереке болуы сөзсіз.
Ертеңгіліктің терең мазмұнды ойын ретінде ұйымдастырылғаны дұрыс. Балалар өнер көрсетіп жатқанда ойыншықтар тиелген машиналар шыған келсе немесе қолында сиқырлы таяғы бар бөгде бір кісі кіріп келсе, не болмаса екі адам қатар тұрып, пілдің бейнесін жасап, балпаң басып кіріп келсе, әлде сыпыртқыға отырып, құйындатып шауып кірген Жалмауыз кемпір, не болмаса ертедегі Қаңбақ шал не Алдар көсе кіріп келіп, ертеңгілікті әрі қарай жалғастырып, ойынды қыздырып әкетсе, әрине балалар өздерін бір ертегідей сезінеді, ішек - сілелері қатқанша күледі. Мұндай көріністерден кейін қызықты атрибуттарды пайдаланып, билер биленсе, әртүрлі ойындар ойналса орынды болады.
Тақпақтар айту, ән орындау, би билеу сияқты көңілді ойындарды алмастыра отырып, балалар белсенділігін арттыру ертеңгіліктер кезінде іске асуы тиіс. Күтпеген жерден сыйлықтар таратылып, оның өзі домалап келген қарбыздың ішінен немесе қонаққа келген адамның кәрзеңкесінен, бөлке нан немесе бауырсақ түріндегі қораптардан тосын түрде шығарылып жатса, балалар дүрліге мәз болып қуанып қалады.
Ертеңгілік кезінде ойынның бала өмірінде алатын орны зор, ойнау балалардың табиғи қажеттілігі, оның өсіп - жетілуінің негізгі шарты десе де болады. Сондықтан, ертеңгілік кезінде ойындарды ұйымдастыруға қажетті атрибуттар алдын - ала ескерілуі қажет. Ойналатын ойындардың бірсарынды болмауы, ойынға қатысатын, оны тамашалайтын балаларды жалықтырып алмауын қатты қадағалаған жөн. Ертеңгілікте музыкалық ойындармен қатар көп дайындықты қажет етпейтін және өте жеңіл ойналатын, күтпеген жерден басталын кететін тосын ойындарды да ойластырудың артықтығы жоқ.
Ертеңгілікті өткізу кезіндегі орналастыру (построение) ретін әр кезде әр қилы ойластырмаса болмайды. Өйткені, орналастырудың ұқсастығы балаларды жалықтырып жіберуі мүмкін. Ертеңгілік кезінде балалардың қысылмай еркін отырып - тұруы олардың көңілділігі мен қуанышты күйі табиғи да шынайы болуына барлық мүмкіндік жасалғаны дұрыс.
Мерекелерді салтанатты түрде мектепке дейінгі ұйымда атап өтудің маңызы зор. Мерекелер өзінің ойластырылған бағыты мен құрылымына қарай үш түрге бөлінеді:
• Қоғамдық - саяси мерекелер
• Тұрмыстық мерекелер
• Маусымдық мерекелер
Қоғамдық саяси мерекелер салтанатты түрде өтеді. Бұл мерекелер музыка залына балалардың көгілдір жалаушалар, шарлар, гүлдер ұстап, салтанатты шеру жасап кіруінен басталады. Оған қоса ұрандар айтылып, Отанымыздың ұлылығына арналған құттықтаулары шатты түрде естіліп жатса, мереке салтанатының әсері арта түспек. Салтанатта көңілді сауықтар, ойындар, билер, топпен айтылатын әндер мерекені жандандырып отырады. Балалар ептілік, тапқырлық жөнінде сайысқа түседі. Мерекенің соңына қарай ересектердің құттықтаулары болады.

Қоғамдық саяси мерекелер:
- 6 шілде - Астана күні;
- 30 тамыз - Конституция күні;
- 16 - 17 желтоқсан - Тәуелсіздік күні;
- 8 наурыз - Халықаралық Әйелдер күні;
- 1 мамыр - халықаралық ынтымақтастық күні;
- 7 мамыр - Қарулы күштер күні;
- 9 мамыр - Жеңіс күні

Тұрмыстық мерекелер балалардың тұрмысы мен өмірі, көркемдік безендірілуі мен құрылымы жағынан өзгеше. Балалар үшін асыға күтетін сүйікті мереке – Жаңа жыл. Жаңа жыл мерекесі ертегідегі сияқты сиқырлы ғажайыптарға толы, ол балаларға толып жатқан қызықтар әкеледі. Оттарымен, ойыншықтарымен жарқыраған шырша - жаңа жыл мерекесінің орталығы. Шырша өзінің әдемілігімен балаларды тартады. Әрбір мерекелерде бала өзі ұнатқан кейіпкерді алып, ойын ойнауы керек. Мектепке шығарып салуға арналған ертеңгілік даярлық топтары үшін ұйымдастырады. Қонаққа келген сәбилер тобы өз өнерлерін көрсетіп аяқтағаннан кейін ересек жолдастарын құттықтайды, бір - біріне естелік сыйлықтар береді.

Тұрмыстық мерекелер:
- Жаңа жыл мерекесі;
- 22 наурыз - ұлыстың ұлы күні;
- Балаларды мектепке шығарып салу мерекесі

Маусыдық мерекелер жыл мезгілдеріне байланысты өткізіледі. Олардың тақырыбы балаларға күнделікті өмір мен іс - әрекеттен алынатынын, мыс: жазғы мереке кезінде балабақша ауласында концерт түрінде өткізіп, жаңа әндер айтып, би билеуі қаншалықты әсер ететінін байқауға болады. Күз мерекесінде өсімдіктердің көк сабағынан, гүлдерден өрілген әшекейлі тізбектер, жемістер макеті балалардың күз мезгілі туралы түсініктерін одан әрі кеңейте түседі. Қыс мезгілінде боранның уілдеген даусын салып, қар лақтыру ойынын ойнаса, көктем мезгілінде гүлдермен билеу, жапырақтардың бүршік жаруы туралы түсінік алуы балаларға маусым құбылыстары туралы мағлұмат береді.

Маусымдық мерекелер:
- Көктем келді шуақты"
- Жаз келді жасыл...!
- Сары алтындай сары күз!
- Қыс мезгілі тамаша!

Мерекелік ертеңгілікке неше топ қатысуы тиіс?
[center][/center]
Ертеңгілікті сәбилер тобын басқа топтармен біріктіріп өткізуге болмайды, өйткені балалардың өз мерекесіне қатысуын олардың белсенділігін арттыруға пайдаланғаны дұрыс. Мұндай жастағы балаларға сырттан қонақтар шақырылса, балалар көңілін басқа жаққа аударып, мереке оларға қызықты болмай қалуы мүмкін. Ондай сәттерде кейбір балалар жылап та жібереді.
Басқа топтың балаларын қажеттілігіне қарай біріктіруге болады. Бұл жағдайда сценарий бойынша орындалатын бағдарламаға әр түрлі екі топтың балалары қатысуын қамтамасыз етуі қажет.
Кез келген ертеңгіліккке балалардың толық қатысуын қамтамасыз ету керек. Ертеңгіліктерде орын алатын басты рольді балалардың бірінен екіншісіне ауыстырылып отырғаны жөн. Әрине, әр баланың мүмкіндігі мен мінез - құлқын да ескерген жөн. Баланың барлық кезде тек орындаушы, не тек көрермен боп қалуы дұрыс болмайды. Көпшілік ойынға нашар қатысатын бала мейрамға да аса қатты қызықпайды, ондай бала өз күшіне өзі сенбей күннен - күнге тұйықталып, жеке - дара қалуы мүмкін. Сондықтан, педагогтың міндеті әр балаға көпшіліктен орын тауып беру.
Адам өзін - өзі жетілдіруге де, сонымен қатар, өзін - өзі жоюға да қабілетті болады. Адамның өз болмысын тануға ұмтылып, тереңде жатқан талап - тілегін, қабілеттерін дамыту, сол арқылы оған толыққанды өмір сүру үшін жаңа рухани күш беру білімнің ең маңызды мақсаты болып табылады.
Кері қайту
Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Абайдың қара сөздері, Ашық сабақ, Бастауыш, Информатика, Мақала, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері, Ресей, Русский язык, Сабақ жоспары, Тәуелсіздік, Физика, Химия, абай құнанбаев қара сөздері, абай құнанбайұлының қара сөздері, ана тілі, ағылшын тілі, бала-бақша, балабақша, бастауыш сынып, баяндама, биология, география, дүниетану, жыр, математика, презентация, сайыс, сайыс сабақ, сауат ашу, сценарий, тарих, тақпақ, технология, тәрбие сағаты, Қазақ әдебиеті, Қазақстан, қазақ тілі, қазақ тілінен сабақ жоспары, қысқа мерзімді жоспар, өлең

Барлық тегтерді көрсету
×