Сайтқа кіру Тіркелу

Екінші сәбилер тобына арналған сурет салу сабағының үлгілері

II кішкентайлар тобында сурет сабағына арналған сабақ үлгілері
Жас маманға көмек.

Баланың жан - жақты дамуына әсер ететін басты тәрбие эстетикалық тәрбие беру. Оған сурет салу, жапсыру, құрастыру, мүсіндеу сабақтары арқылы бала өзін қоршаған туралы өз түсініктерін қалыптастырып, дамиды. Сондықтан да мектеп жасына дейінгі бала үшін бейнелеу өнерінің маңызы зор. Бұл балаға зор қуаныш сыйлап, жағымды көңіл күй қалыптастыра отырып, шығармашылық қабілетінің дамуына зор ықпал етеді. Бейнелеу өнері сабақтары басқа сабақтармен тығыз қарым - қатынаста болуы керек. Мысалы сурет сабағында дөңгелекке ұқсас заттарды салған кезде математика сабақтарында шеңбермен таныстыру, тіл дамыту сабақтарында доп туралы тақпақ жаттатқызу, мүсіндеу сабақтарында доптарды мүсіндеу ұсынылса дөңгелек туралы түсініктері жақсы қалыптасады. Берілетін тақырыптар балаларды қызықтыратындай таныс болуы қажет.

Бейнелеу өнері сабақтарының негізгі мақсаты балалардың шығармашылығын арттыру болғандықтан сабақта баланың белсенділігін, өз бетімен жұмыс істеуіне жағдай жасалғаны дұрыс. Сабақтарда үлгіні көп жағдайда қолданбау керек. Тек балаларға таныс емес әдіс - тәсілдерді қолдану кезінде қолданған жөн. Сабақ соңында тәрбиеші балалардың жұмыстарын түгелдей тақтаға іліп, талқылайды. Талқылау міндетті түрде әр сабақ соңында жүргізіліп отыруы тиіс. Сонда бала өз ойын сурет арқылы бере білуге, әр түрлі әдіс - тәсілдерді қолдана білу жолдарын игереді. Нәтиже тапсырмамен байланысты болуы қажет. Талқылау балалардың белсенді араласуымен өткені дұрыс.

Талқылауға тәрбиеші бағыт беріп отырады. Кіші топтарда сәбилер суреттердің ашық түсті бояуларына қуанса, үлкен топтарда талап күшейе түседі. Олар гүлдің сабақтары мен жапырақтары салынды деп айтып қоймай, гүлдер алқызыл, жапырақтары ұзыншақ жасыл, сабақтары сәл иіліп тұрғандай деп сипаттама береді. Екінші кішкентайлар тобында саусақпен салу әдісін қолданбаған жөн. Өйткені балалар бояуға қызығып оны ауыздарына салуы мүмкін. Тәрбиешінің дауысы жайлы, құлаққа жағымды естілуі керек.
Сурет салу барысында әртүрлі саусақ жаттығуларын қолданып отырса, баланың ұсақ қол моторикасы дамып, есте сақтау қабілетінің дамуына көп септігін тигізеді. Баланы қазақ халқының керемет қол өнері туралы түсініктерін терең дамыту мақсатында екінші кішкентайлар тобынан бастап ұлттық ою - өрнектерді қолданып әртүрлі суреттерді салуды ұсыну. Келесі топтарда ою - өрнектермен таныстыру жалғаса береді.
Балалардың жұмыс нәтижелерін ата - аналармен бірге қарап, талқыласа, бала өзіне назар аударғанын сезіп, өз бетімен жұмыс істеуге деген талпынысы күшейе түседі. Балалардың сурет көрмесін балабақшада жиірек ұйымдастыру керек. Әр балаға жеке жұмыс папкасын ашып, баланың еңбектерін түгелдей жинақтап отыру қажет. Бұл баланың жұмысының нәтижесі мен жеткен жетістіктері, алда қандай бағытта жұмыс істеу керектігінің көрсеткіші болып табылады. Оны баланың ата - анасымен талқылаған жөн. Сабақ үлгілерін жазған кезде әртүрлі методикалық нұсқаулар мен балалар журналдарынан үзінділер қолдандым. Қазақ тілінде әдістемелік нұсқаулықтар өте аз. Сондықтан да тәрбиешілер орыс тілінен аударады немесе әртүрлі журналдардан жинақтайды.
Бұл сабақтар сіздерге ұнаса ересектер тобына арналған сабақтарды да ұсына аламын. Тәрбиешілер сабақтарға әртүрлі жұмбақтар мен өлеңдерді, жаңылтпаштарды қосуларына болады.

ІІ кіші топ

Тақырыбы: Қағаз, қарындашпен таныстыру.
Мақсаты: Балаларды қарындашпен сурет сала білуге үйрету. Ойлай білу қабілетін дамыту. Әсемдікті сезіне білуге тәрбиелеу.

І. Ұйымдастыру кезеңі.

Балаларға қағаз, қарындаш көрсетіп, оларға қағазда қарындашпен сурет салуға болатынын түсіндіру. Оң қолымен қарындашты қалай дұрыс ұстай білуге болатынын көрсетіп, ал сол қолымен қағазды ұстап тұру керектігін көрсету. Қағазға әр түрлі сызықтар салып көрсету (ирек, түзу, қисық сызықтар).
Қағазға түскен сызықтарға назар аудару. Ол сызықтарды белгілі бір заттарға ұқсату.
Балаларға қарындашты ұстап сурет салуды ұсыну. Сурет салу барысында балалардың қарындашты қалай ұстағанына назар аудару. Не салғандарын сұрау.

Біз не білдік?
Қарындаштар әр түсті болады.
Олармен әр түрлі заттарды бейнелеуге болады.

2. Сурет
Ақ жауын
Керекті зат: көк түсті қарындаш.
Мақсаты: қоршаған ортаға болған әсерін бейнелей білуге үйрету. Сурет салуға деген ынтасын дамыту. Табиғатты сүюге тәрбиелеу.
Жау - жау, жаңбыр, жау жаңбыр,
Жердің шаңы басылсын
Гүлдің аузы ашылсын
Еккен егін көктесін
Бізге нанды көп берсін
Бау - бақшалар гүлденсін.

Сендер жаңбыр жауғанын бақыладыңдар ма? Жаңбыр жоғарыдан төменге қарай жауады
Жерге түскен тамшылар судан жасалған жіптей болып көрінеді екен. Жаңбыр тамшыларын салудың бірнеше әдіс - тәсілдерін көрсету. (қысқа, ұзын сызықтар, нүктелер). Қарындашты дұрыс ұстатып, өздеріне сурет салуды ұсыну. Сурет салу тәсілінің дұрыстығына назар аудару. Сабақ соңында барлық суреттерді қарап, қай жерде күшті нөсер, қай жерде ақ жауын бейнеленгенін таңдап алу.

Біз не білдік?
Жауын табиғат құбылыстарының бірі.
Жауын тамшылары ұзын, қысқа сызықтарға ұқсайды. Олар түзу.

3. Түрлі түсті жіптер
Мақсаты: түзу сызықтарды жоғарыдан төмен қарай салуға үйрету. Қарындашты дұрыс ұстай білу қабілетін дамыту. Әдептілікке тәрбиелеу.
Барысы: Балаға қағазға жапсырылған жіптерді көрсету. Жіптер жуан, түстері ашық болуы қажет. Олардың түзу екендігіне назар аудару. Саусақпен жіптің үстін сипалау. Балаларға сурет салуды ұсыну. Қарындашты дұрыс ұстауына назар аудару. Бояуларды ауыстырып, бояуларына қолдау жасау. Сабақ соңында балалардың назарын қаншама түрлі түсті жіптер салғанына аудару.

Біз не білдік:
- Жіптер түрлі түсті болады.
- Сызықты жоғарыдан төменге қарай салуға болады.

4. Түрлі түсті қарындаштар
Мақсаты: жоғарыдан төмен қарай сызықтар сала білуге үйретуді жалғастыру. Қылқаламмен жұмыс істей білу қабілетін дамыту. Әдептілікке тәрбиелеу.
Барысы: Балалармен түрлі түсті қарындаштарды қарап, олардың ашық, әдемі екеніне назар аудару. Бүгін олар осы әсем қарындаштарды салатынын түсіндіру. Қылқаламды бояуға қалай батыру керектігін, артық тамшыларды алу, соңынан оны суда қалай жуу керектігін көрсету.
Бояу қарындашты су бояумен бейнелейміз. Ол үшін қылқаламды бояуға малғандықтан, кейін қағазға қылқаламның қылшалары түгелдей жағылатындай батыра жағамыз. Бояу кезінде түзу сызықты жоғарыдан төмен қарай үзбей кідіріссіз бояу. Бояп болғаннан кейін қылқаламды қалай жуу керектігін көрсетіп, содан кейін келесі бояуға көшу керектігін ғана түсіндіру. Жұмыс соңында түстердің қалай әсем үйлескенін атап өту.

Біз не білдік:
- Суретті субояумен де салуға болады.
- Келесі бояуға көшу үшін қылқаламды жуып отыру керек.
- Сурет әдемі болып шығуы үшін қылқаламды дұрыс қолдана білу қажет.

5. Әжемнің әдемі алашасы
Мақсаты: солдан оңға қарай қылқаламмен сызықтарды сала білуге үйрету. Әр түрлі бояуларды қолдана білу қабілетін дамыту. Үлкендерді сыйлай білуге тәрбиелеу.
Барысы: Әже туралы әңгіме. Ол бізге шұлық тоқып береді. Ол өнерлі адам. Оның өз қолымен жасалған алашасы бар. Біз бүгін сол алашаны безендіреміз. 3 - 4 алашаның үлгісін көрсету. Жолақтардың бағытын өзгерту. Үлгілерді алып тастау. Алашаны салудың әдіс - тәсілін көрсету: алдымен солдан оңға қарай бір түсті жүргізу, келесі бояу екеуінің арасын аса алшақтатпау. Келесі түсті бояу үшін қылқаламды жуып отыру.
Сабақ соңында түстердің әдемі үйлескенін ескеріп, алашаның өте әдемі болып шыққанын атап өту.

Біз не білдік:
- Алаша түсі алабажақ.
- Әртүрлі түстерді үйлестірсе, әдемі зат шығады.

№6 Күзгі жапырақтар
Мақсаты: қылқаламды дұрыс ұстай білуге үйрету. Түстер туралы түсінік дамыту. Табиғатты аялай білуге тәрбиелеу.

Барысы: Күзді ақындар әртүрлі жырлайды.
Күз де болды
Гүл де солды
Қайран бұтақ
Қалды жұтап.- Ол неге жұтап қалды?
Балалармен жапырақтар туралы әңгіме жүргізу. Күзгі жапырақтар қандай? Сары, олар желмен бірге ұшады. Күзде сарғайып, жерге түседі. Оның үстінен жүрсең, олар шытырлайды. Оның түсі сары, яғни сары түсті бояумен бояймыз. Жұмыс барысында қылқаламды дұрыс ұстап, бояуларды қолдану тәсілдеріне назар аудару. Сабақ соңында қаншама күзгі жапырақтар ауада қалыптап ұшып жүргеніне көңіл аудару. Бірге күзгі жапырақтар туралы өлең айту.

Біз не білдік:
Жапырақтар сары, әр түрлі көлемді болады.

№7Иірілген жіптер
Мақсаты: сызықтарды үзбей дөңгелете сала білуге үйрету. Есте сақтай білу қабілетін дамыту. Әжелердің еңбегін құрметтеуге тәрбиелеу. Әсемдікті сезіне білуге тәрбиелеу.

Жіп иіру.
Түбіт түтіп шүйкелеп,
Саусаққа әже іледі.
Сұрамайды бір көмек
Бәрін өзі біледі.
Санына тақап ұршығын,
Алақанмен сипайды.
Жүнінен болмай бір шығын,
Жіп болып бәрі ширайды.
- Балалар жүннен тоқылған шұлықтар жылы болады. Оның емдік қасиеті бар.
Балаларға жіптің қалай оралатынын көрсету. Ортасынан бастап, шеңберді үлкейте беру. Балаларға оны алдымен ауада салып көруді ұсыну. Қарындашты қағаздан алмай салу. Жіптерді салуда түрлі түсті қарындаштарды қолданған балаларды мадақтау.

Біз не білдік?
Қылқаламмен әртүрлі заттарды салуға болады
Бояуларды дұрыс пайдалана білудің маңызы зор.

№8Әдемі доптар
Мақсаты: дөңгелек пішінді заттарды салуға үйрету. Қарындашты дұрыс ұстай білу қабілетін дамыту. Әдептілікке тәрбиелеу.
Барысы: Доп туралы жұмбақ.
Доптарды көрсету. Балалардан оның пішіні қандай екенін сұрау, оны ауада қалай салу керектігін сұрау. Өткен сабақтарда қандай дөңгелек пішінді заттарды салғанын еске түсіру. Сурет салу барысында доптар әр түрлі болатынын, сондықтан да әр түрлі қарындаштарды қолданғандары дұрыс екендігін айтып өту. Сабақ соңында балалармен қандай тамаша доптар салғанын талдап, әр бала өз добын қандай түспен бояғанын айтуы керек.

Біз не білдік?
Доптар әртүрлі болады
Доп дөңгелекке ұқсайды

№9Қызыл алма
Мақсаты: Жемістерді сала білуге үйрету. Пішіндер. түстер туралы түсініктерін
дамыту. Табиғатты аялай білуге, қамқор болуға тәрбиелеу.
Барысы: Алма туралы тақпақтар оқу
Мен алмамын, алмамын.
Таңдай жұлар бал дәмім.
Жұмбақ:
Жазда піседі
Аузыңа түседі,

Алма қызыл, сары, жасыл болады. Алма да дөңгелекке ұқсайды.
Оны ауада салу. Қағаздың ортасына салу, Қызыл түспен бояу.
Қылқаламды суға батырып, қызыл түске бояу.
Оның пішіні дөңгелекке ұқсайды.
Біз не білдік?
Алмалар күзде піседі.
Олар әртүрлі болады.
Оның пішіні дөңгелекке ұқсайды.
Қандай сурет салғың келеді, балақай
Мақсаты: балалардың сурет салуға деген ынтасын ояту, мазмұнын ойлап табу. Ойлай білу қабілетін дамыту. Өз бетімен әрекет ете білуге тәрбиелеу.

Барысы: Балалардың көп затты сала білетіндерін еске түсіріп өту. Өз бетімен сурет салуларын ұсыну. Жұмыс барысы кезінде кімнің не салып жатқанын сұрап, бағыт - бағдар беріп отыру.
Қарындашты дұрыс ұстау тәсілдерін естеріне түсіру. Суреттерді талқылау кезінде өздеріне таныс заттардан басқа жаңаша заттарды бейнелеген балаларды мадақтау.

Біз не білдік?
Өз ойыңды суретпен бейнелей білуге болады.
Көп заттар дөңгелек пішінге ұқсайды.

11. Ағаштар
Мақсаты: көлденең сызықтар салуға үйрету. Көре білу қабілетін дамыту. Табиғатты аялай білуге тәрбиелеу.
Барысы: Балалармен ағаштардың бітімін еске түсіру. Балалармен ауада көлденең сызықтар салу. Суретті қағаздың дәл ортасына, түгел қағаздың бетіне түсіріп жасау. Ағаш бұтақтарының көлденең, әрі төмен қарай сәл иіліп тұратынын атап өту. Балалардың назарын бұтақтардың ағаштағы бұтақтардың қысқасы да ұзыны да бар екендігін атап өту.
Сабақ соңында «Біздің ауладағы ағаштар» атты көрме ұйымдастыру. Балалармен бірге талқылау.
Біз не білдік?
Ағаштардың бұтақтары көлденең сызықтарға ұқсайды.
Бұтақтар ұзын да қысқа да болады.
Ағаштардың бұтақтарын сындыруға болмайды.

12. Шырша
Мақсаты: балаларды көлденең, түзу, қисық сызықтарды салуға үйрету. Ұзындықтар туралы түсініктерін дамыту. Қоршаған ортаға мейірімділікпен қарауға тәрбиелеу.

Барысы: Үлгі суретті қарау. Ауада салып, көрсету. Түсі қандай? Ол мәңгі жасыл. 2 - 3 баланы ортаға шығарып ауада шыршаны салып көрсету. Шыршаның астыңғы бұтақтары ұзын, ал биіктеген сайын қысқара береді. Бұтақтары төмен қарай иіліп тұрады. Сабақ соңында балалармен бірге шыршалардың әртүрлі болып шыққанына назарларын аударту. (биік, қысқа, т. б. әртүрлі.

Біз не білдік?
Шыршалар мәңгі жасыл. Шыршалар биік, аласа, әртүрлі болады.

№13 Тақырыбы; Жаңа жылға безендірілген әсем шырша.
Мақсаты: Жаңа Жылда безендірілген шыршаны бейнелей білуге үйрету. Әдемілікті сезіне білу қабілетін дамыту. Достарының жетістіктеріне қуана білуге үйрету.

Барысы: Жаңа жылдың әсем безендірілген шыршаны салуды ұсыну. Оның (түрлі түсті моншақтар, ирек ирек жіптер, дөңгелек шамдар,) әртүрлі өрнектер салуды ұсыну. Көгілдір, қызғылтым түстермен таныстыру. Бояудың әдіс - тәсілдерін көрсету. Сабақ соңында балалардың қайсы ойыншықты көгілдір, қайсы ойыншықты қызғылтым түске бояғандарын анықтау.

Біз не білдік?
Жаңа Жыл шыршасын безендіру өте қызықты
Қызғылтым, көгілдір ойыншықтар әдемі көрінеді

14. Аққала
Мақсаты: пішіні дөңгелекке ұқсайтын заттарды бейнелей білуге үйрету. Көлемдер туралы түсініктерін дамыту. Әдептілікке тәрбиелеу.
Барысы: Серуенге шыққан кезде аққаланы қалай мүсіндегенін сұрау.
Аққаланың түсі қандай?
Қандай пішінге ұқсайды?
Неше бөліктен тұрады?
Ауада салып көрсету. Оның бөліктері әртүрлі екендігін атап өту.
Үлкен, орташа, кішкене дөңгелектер. Сабақ барысында қылқаламды дұрыс ұстауларын қадағалау.

Біз не білдік?
Аққаланың түсі ақ
Пішіні дөңгелекке ұқсайды
Далада таза ауада ойнаған пайдалы

15. Тақырыбы: «Қарға көмілген ағаштар»
Мақсаты: Қыстың бейнесін суретпен бейнелей білуге үйрету.
Эстетикалық сезімдерін дамыту. Табиғаттың әсемдігін
сезіне білуге тәрбиелеу.
Барысы: Балалар қыстың негізгі белгісі неде?
- Қыста суық болады. Жер, үйлер. жолдар қарға көміліп, жердің бәрі
ақ мамыққа оранып жатады. Үстінен қар басқан ағаштардың бұтақтары майысып тұрады. Ауада ағаштың діңі мен жан - жаққа таралған бұтақтарын салу. Суретті неден бастап салу керектігін
анықтап алу. Қағаздың бетіне үлкен етіп салынған ағаштарды салған
балаларды мадақтау.
Біз не білдік: Қыста жердің бәрі ақ мамыққа оранып жатады.
Қыста ағаштар қарды көтере алмай майысып тұрады.

№16Көктегі ұшақтар
Мақсаты: бірнеше бөліктерден тұратын заттарды салуға үйрету. Түзу сызықтарды әр түрлі бағытта сала білу қабілетін дамыту. Эстетикалық тәрбие беру.
Барысы: Ойыншық ұшақты қарау. Адамдар ұшақты құсқа қарап ойлап тапқан. Оның бөліктері құстың денесіне ұқсайды. Оның бөліктері мен қанаттарының бағытына қарау. Ұшақты қалай салуға болатынын сұрау. Ауада салып көрсету. Бірнеше ұшақты салуға болатынын айту. Суретті қайталап салған балаларды мадақтау. Сабақ соңында суреттерді бағалау.
Біз не білдік?
Ұшақтар әр түрлі бағытта ұша алады

Ұшақ бірнеше бөліктерден тұрады
Ұшақ ұшқан құсқа ұқсайды.

17. Жалауша
Мақсаты: Тіктөртбұрышты көлденең және тік сызықтармен үйлестіріп, белгілі бір затты бейнелей білуге үйрету. Әр түрлі қарындаштарды қолдана білу қабілетін дамыту. Достарын сыйлай білуге үйрету.
Барысы: Жалаушаның пішінін саусақпен сипап көру. Оның пішінін түсіндіру. Бейнелеу тәсілін көрсету, алдымен, екі түзу сызық салу, содан кейін ол сызықтарды көлденең сызықтармен қосу. Түгел балаларға алдымен ауада салуды ұсыну, содан кейін қағазда салу. Ол жалаушалардың түстері әртүрлі. Сондықтан да әртүрлі қарындашпен бояймыз. Түзу жалаушаларды салғаннан кейін, оны бояуды ұсыну. Әдемі жасалып, дұрыс боялған жалаушаларды мадақтау.

Біз не білдік?
Жалауша тіктөртбұрышқа ұқсайды
Оны мерекелерде іледі.

18. Күрек
Мақсаты: тіктөртбұрыш және таяқшадан тұратын затты бейнелеуге үйрету. Оның құрылысы мен сәйкестігін дұрыс келтіре білуге үйрету.
Барысы: Күрек не үшін қажет? Ол саптан және күректің басынан тұрады. Күректің басы тіктөртбұрышқа ұқсайды, ол сабы ұзын таяқша сияқты. Жұмыс барысында жұмысты тез аяқтаған балаларға тағы да күрек салуды ұсыну. Соңында түзу, әдемі жасалған күректерді мадақтау. Балалардың жұмысына талдау жасау.
Біз не білдік?
Күрек - жұмыс құралы
Ол екі бөліктен тұрады.
18. Қараторғайға арналған үйшік
Мақсаты: тіктөртбұрыштан, шеңберден тұратын заттарды салуға үйрету. Бояу тәсілдерін дамыту. Есте сақтау қабілетін дамыту. Құстарға қамқор болуға тәрбиелеу.
Керекті құралдар: қағаздан жасалған құстың ұясы. Құстарға арналған үйшікті естеріне түсіру. Оның бөліктерін анықтау. Ең үлкені тіктөртбұрышты, төбесі түзу, шеңберге ұқсас тесігі бар. Көлемдердің үйлестігін сәйкестендіру. Сурет салу барысында балаларға бағыт - бағдар беріп отыру. Бояуларды дұрыс қолданып, әдемі бояуларын қадағалау.
Біз не білдік?
Құстарға қамқор болу қажет
Құстың ұясы тіктөртбұрыштан, шеңберден құралады

19. Сүйкімді қол арба
Мақсаты: бірнеше бөліктерден тұратын заттарды салуға үйрету. Есте сақтау қабілетін дамыту. Өз бетімен шешім қабылдауға тәрбиелеу.
Барысы: Қол арбаны қарау. Оның пішініне, құрылысына көңіл аудару. Ол төртбұрыш, ал дөңгелектері шеңберге ұқсайды. Ауада салу. Суретті салудың бірізділігін көрсету. Алдымен арбаны салу, яғни тіктөртбұрыштан, келесісін дөңгелектен салу. Өздеріне ұнайтын түспен бояуларына болатынын айтып, суретті қағаздың бетін түгел алатындай етіп салу. Суретті салып біткен балаларға тақырыпқа сәйкестендіре тағы да бір зат салуға болатынын айтып өту. (Арбада не бар, т. с. с.). Соңында түгел суретті іліп, қаншама әртүрлі арбалар салынғанын атап өту. Балалардан олардың қол арбасында не бар екенін сұрау.

Біз не білдік?
Арба бірнеше бөліктен тұрады
Арбамен жүк тасуға болады.

№20. Өз ойларымен сурет салу
Мақсаты: балалардың өз ойларын суретпен бейнелей білуге үйрету. Бояудың түстері туралы түсіндіру. Эстетикалық талғамын дамыту. Әдептілікке тәрбиелеу.
Барысы: әр балаға өз ойларын салуды үйрету. Ол өте қызықты болса, жақсы болар еді, - деп балаларды жігерлендіру. 2 - 3 балалардан қандай тақырыпта сурет салатындарын сұрау.

Біз не білдік?
Суретте өз ойыңды салуға болады.

21. Гүлденген алқап
Мақсаты: гүлді сала білуге үйрету. Сурет салудың әдіс тәсілдерін дамыту. Табиғатты аялауға үйрету.
Барысы: серуенге шыққан кезде қандай гүлдерді көргендерін еске түсіру. Бақ - бақ гүлін салуды ұсыну. Оның түсі қандай? Балаға оның сабағы мен жапырақтарын қалай салуға болатынын көрсету. Қағаздың бетін тұтастай алатындай етіп салу. Сурет салудың бірізділігін көрсету. Алдымен, сабағы мен жапырақтарын, келесі гүлді салу керектігін ескерту. Сабақ соңында жасыл алқапта бақ - бақ гүлдер әдемі болып өседі екендігін түсіндіру. Ең әдемі гүлді таңдап аламыз.
Біз не білдік?
Гүлдер әртүрлі болады
Ол сабақтан, гүлден және жапырақтан тұрады.
№22Түрлі – түсті шарлар
Мақсаты: сопақша заттарды салуды үйретуді. Бояу тәсілдерін қолдана білу қабілетін дамыту. Жақсы нәтижеге жетуге деген талпынысқа тәрбиелеу.
Барысы: балалармен бірге әртүрлі сопақша шарларды қарау. Сопақша мен дөңгелектің айырмашылығын дәл көрсете білу керектігін ескерту. Сопақшаны ауада салып көрсету. Қарындашпен салып тұрып ұзыншақ, яғни сопақ шарлар, - деп түсіндірме беру. Домалақ шарлар. Балаларға өздеріне ұнаған шарды салу, сосын бояуды ұсыну.
Дидактикалық ойын «Дәл осындай затты тап»
Сопаққа – діңке, қияр, жұмыртқа, сопақша шарлар, жер жаңғақтарға ұқсайды, домалаққа қауын, доп, дөңгелек, күн, жер ұқсайды.

Біз не білдік?
Көп заттар сопаққа ұқсайды
Сопақ домалақтан қарағанда ұзыншақ болады.
Оны әртүрлі түспен бояуға болады.

23Тауықтың жұмыртқасы мен алтын жұмыртқа
Мақсаты: Сопақша туралы түсініктерін бекіту. Әдемі бояу әдет - дағдыларын қалыптастыру. Қиялын дамыту. Үй құстарына қамқор бола білуге тәрбиелеу.
Барысы: «Айдалада ақ отау
Аузы, мұрны жоқ отау» (жұмыртқа)
Жұмыртқаны қарау. Оның бойымен саусақты жүргізу. Оның пішінінің ерекшелігін атап өту. Ол дөңгелектен ұзын. Үшкір, доғал деген түсініктермен таныстыру. Жұмыртқаның астыңғы жағы доғалдау, үстіңгі жағы үшкірлеу келеді. Оны ауада салу. Балаларды оның бейнесін дәл бере білуге талпындыру. Жұмыртқаға ерекше ұқсас суретті алтын жұмыртқаға айналдыру (сары, т. б.). Сабақ соңында балалармен бірге салынған суретке қуану.

Біз не білдік?
Жұмыртқаның асытыңғы жағы доғал, жоғары жағы үшкірлеу.
Ол сопақшаға ұқсайды.
Оның негізгі түсі – ақ.

24. Алтын күн
Мақсаты: Шеңберді түзу сызықтармен үйлестіре білуге үйрету. Сызықтар туралы түсініктерін дамыту. Шығармашыл болуға тәрбиелеу.
Барысы: Күн туралы әңгіме. Мейірімділік - адамнан,
Жылулық - күннен.
Күн көзі бізге жарық, жылу сыйлайды. Ол шеңберге ұқсайды.
Балаларға күнді қалай бейнелейтінін көрсету. Қағазды тігінен қойып, шеңбер салу, жан - жағына сәулелерін түзу сызықтармен әшекейлеу. Күн шуағын кімге шашыратып тұр екен? Оған тағы не қосуға болады? Түсі қандай? Қосымша толықтырулар енгізген балаларды мадақтау. Салынған суреттерге қуану.

Біз не білдік?
Күн шеңберге ұқсайды
Оның шуақтары түзу сызықтарға ұқсайды.
Күн, ауа, су – біздің ең жақын достарымыз.

25. Қолорамал
Мақсаты: көлденең және тігінен тұратын сызықтардан, өрнектен сала білуге үйрету. Есте сақтай білу қабілетін дамыту. Әдептілікке тәрбиелеу.

Барысы: әртүрлі қолорамалдарды қарау. Оның өрнектерін сипаттау. Бояуды өздеріне таңдату. Шақпақ өрнектер салу үшін алдымен тігінен, келесі көлденең сызықтар салу керек. Әр торкөздің ішінен әртүрлі бояумен бояса, әдемі қолорамал болып шыға келеді. Қорыту кезінде қолорамалдың әртүрлі және әдемі болып шыққанын атап өту.

Біз не білдік?
Көлденең және тік сызықтар сызу арқылы әдемі өрнек жасауға болады.
Торкөздің ішін әртүрлі бояумен бояса, әдемі сурет шығады.
26. Тақырыбы: «Кесені әшекейле»
Мақсаты: Қазақтың ою - өрнектерімен таныстыру.
Қазақтың қол өнері туралы түсініктерін дамыту. Ұлттық дәстүрлерге құрметпен қарауға тәрбиелеу.
Барысы; Кесенің қиылған үлгісін көрсету.
Оның ішін қазақтың ұлттық ою - өрнегінің бір түрі - қошқар мүйізбен әшекейлеуді ұсыну. Бұл ою қошқардың мүйізіне ұқсағандықтан оны осылай атайды. Әр ою - өрнектің өз аты бар. Оюды ауада салып көрсету. Балалардың жұмысына бағыт беріп отыру.
- Әдемі кеселер көрмесі.
Біз не білдік.
Кесе - ыдыс
Оның сыртын әртүрлі оюмен әшекейлеуге болады.

Қолданылған әдебиет:
«Занятия по изобразительной деятельности в детском саду» Т. С. Комарова
Балаларға арналған «Балдырған» журналы.
«Балаларға арналған өлеңдер жинағы» М. Әлімбаев.
Кері қайту
Ілмек сөздер: бала-бақша, сурет салу
Ұқсас жаңалықтар:
Акварель бояуымен анималистік жанрда композициялық жұмыс жасау (композиция  ...

Акварель бояуымен анималистік жанрда композициялық жұмыс жасау (композиция ...

Бейнелеудің бірнеше техникалармен жұмыс жасауды үйрету, акварель бояуымен анималистік жанрда композициялық жұмыс жасау; Дамытушылық: • Сәндік сурет...
Бозторғай суретін салу

Бозторғай суретін салу

Мақсаты: құстар туралы білімдерін жетілдіру. Балаларды бар мүмкіндіктерімен құстың пішіні мен құрылымын көркемді беруге ынталандыру. Балалар қиялын...
Жау-жау жаңбыр, жау жаңбыр

Жау-жау жаңбыр, жау жаңбыр

Мақсаты: 1. Жаңбырдың жаууын саусақпен сурет салу тәсілі арқылы бейнелеуге үйрету....
Жас маманға көмек

Жас маманға көмек

Жаздағы көрген жайларды еске түсіру. Күн жарқырап тұрады. Көбелектер ұшып, алқап неше түрлі гүлдермен гүлденіп, дала кілемдей болып жатады....
Затқа қарап сурет салу

Затқа қарап сурет салу

Атырау облысы, Қызылқоға ауданы, Сағыз селосындағы №9 орта мектебінің бейнелеу пәні мұғалімі: Жумагалиева Бактыгул Зейновна...
Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Абайдың қара сөздері, Ашық сабақ, Бастауыш, Информатика, Мақала, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері, Ресей, Русский язык, Сабақ жоспары, Тәуелсіздік, Физика, Химия, абай құнанбаев қара сөздері, абай құнанбайұлының қара сөздері, ана тілі, ағылшын тілі, бала-бақша, балабақша, бастауыш сынып, баяндама, биология, география, дүниетану, жыр, математика, презентация, сайыс, сайыс сабақ, сауат ашу, сценарий, тарих, тақпақ, технология, тәрбие сағаты, Қазақ әдебиеті, Қазақстан, қазақ тілі, қазақ тілінен сабақ жоспары, қысқа мерзімді жоспар, өлең

Барлық тегтерді көрсету
×