Сайтқа кіру Тіркелу

Мерекеңмен анашым

Тақырыбы: «Мерекеңмен анашым!»

Мақсаты: Аналар мерекесімен бірге күннің нұрын төгіп келген көктем мерекесінің
ерекшеліктерін атай отырып, табиғаттың жаңаруын, құлпыруын
балаларға жеткізу.

Көрнекілігі: шарлар, гүлдер, «Көктем – ана, қыздар – гүл», «Менің анам» Ананың сүті - бал, Баланың тілі - бал, «Ана алақанның аясы, ақ шынардың саясы» нақыл сөздер. т. б.
Әсем безендірген зал. Көңілді әуенмен балалар кіреді.

Тәрбиеші: Армысыздар ақ жаулықты әжелер, ардақты да аяулы аналар! Өздеріңізге арналған мерекелік кешімізге қош келдіңіздер.
Сіздерді көктем айының алғашқы мерекесі 8наурыз – аналар күнімен құттықтаймыз. Әрқашан дендеріңіз сау, көңіліңіз жайдары бола берсін!

Құттықтау сөз: «Ақтілек» балабақшасының меңгерушісі Нүргүл Қабдырқызына сөз беріледі.

Тәрбиеші: Жанымызды жайнатқан,
Сіздерсіз ғой аналар!
Зор ден саулық, мол бақыт
Тілейміз біз балалар.

Әлпештеген, аялаған,
Ақ сүт берген апатайым
Сәлем жолдап бүгін саған
Мерекеңмен құттықтаймын

Бал бөбегін баптаған,
Мамам үшін мақтанам.
Аялайтын біздерді
Көп жасасын ақ мамам!

Ән: «Мерекеңмен анашым»

Көктем деген қыстағы
Әніміз ғой айтатын.
Көктем деген құстар ғой,
Туған жерге қайтатын.

Көктем күні шуақты,
Көктем күні қуатты.
Мал жағалап суатты
Сай – саламен су ақты.

Тәрбиеші: Балалар, көктем мезгілінің қандай ерекшеліктерін білесіңдер?
- күн жылынады
- қар ериді
- құстар ұшып келеді
- ағаштар бүр жарады
Дұрыс балалар. Көктем мезгілінде табиғат шаттанып, жыл құстары қайта оралып, малдар төлдеп, тіршілік жаңарып қалады.
Әдемі әуен ойнайды.

Тәрбиеші: Біздің мерекеге қонақ келе жатқан сияқты. Кім екен?
Залға көктем келеді.
Тәрбиеші: Саламат па ару көктем!
Сені асыға күттік көптен.
Жер – анамыз бір бусанды,
Күн де нұрын төгіп көптен.

Ару көктем: Сәлем, сәлем, балақайлар!
Әзиз әже, назды апайлар!
Мол шуақты ала келдім
Қуаныңдар, алақайлап!
Құстар әнін ала келдім
Жерге кілем жаба келдім,
Жан бітіріп табиғатқа
Гүлдерімді ала келдім.

Тәрбиеші: Қош келдің Ару көктем, күннің нұрын алып келген!
Ару көктем: Мен Ару көктеммін, өзіммен бірге күннің жылуын, қызғалдақтың жұпар иісін, шуақты күндерді ала келдім. Қыздарды, аналарды, әжелерді және апайларды мерекемен құттықтауға келдім!
Балалар, көктемнің алғашқы айы қалай аталады?
Балалар: Наурыз айы.
Тәрбиеші. Дұрыс балалар.

Ән: «Көктем»

Ойын: «Кім көп сөз біледі?».
Ортаға 2 ана шығады. Оларға қарама - қарсы балалары тұрады. Анасын баласына дейін әр қадам басқан сайын жылылық сөздер айтуы керек. Мысалы, айым, күнім, жұлдызым, алтыным, күмісім,…,…, Көп сөз айтқан бала жеңіске жетеді.

Сырт жақтан «Мама – мама» деген үн шығады.
Тәрбиеші: Бұл не дыбыс? Кім екен мамасын жоғалтқан?
Залға қоян кіреді.
Қоян: Мама, мама! Мамамның артынан секіріп келе жатыр едім. Адасып қалдым. Енді қайдан табамын?
Түлкі кіреді: Мен ешкімнен қорықпаймын. Мен бәрін де алдаймын.
Қоянның қасына келіп: Әй қоян, сен неге жылайсың?
Қоян: Мен мамамды жоғалтып алдым.
Түлкі: Мамаң қандай?
Қоян: Менің мамам бәрінен де сұлу, әдемі.
Түлкі: Өтірік айтпа, менің мамам бәрінен әдемі. Нанбасаң қара! (артына қарайды. Мамасы жоқ) Ой, менің мамам қайда? (Басын ұстайды). Мен мамамды жоғалттым.
Екеуі жылайды.
Аю келеді: Бұл не шу, ұйқымнан ояттыңдар ғой.
Екеуі: Біз мамамыздан адастық.
Аю: Мамаларың қандай еді?
Екеуі: Сұп – сұлу, әп - әдемі!
Аю: Өтірік айтпаңдар, менің мамам әдемі.
«Жоқ, менің мамам әдемі.», - деп үшеуі дауласады.
Осы кезде қарға ұшып келеді.
Қарға: Қарқ, қарқ, бұл не айқай – шу? Сендер мында екенсіңдер ғой! Сендерді мамаларың іздеп жатыр.
Аңдар: Рахмет, қарға! Біз мамаларымызға кеттік, алақай!
Қарға: Сендер мамаларыңның айтқанын тыңдаңдар. Әйтпесе жоғалтып аласыңдар.
Барлығы шығып кетеді.

Тәрбиеші: Кейде осындай айтқанды тыңдамай, мамасынан адасып кететін балалар кездеседі. Бірақ, біздің арамызда ондай бала жоқ. Біздің балалар мамаларының айтқанын тыңдайды.

Ару көктем: Балалар, көктем мерекесі тек қана аналардың мерекесі емес, сонымен қатар әжелердің де мерекесі. Сендердің әжелерге де айтатын тілектерің бар шығар.

Дильназ: Шай ішетін қоюлап
Жақсы көрем апамды.
Сырмақ сырған оюлап,
Жақсы көрем әжемді

Айшабибі: Әжетайым, әжетай
Сізді жақсы көреміз.
Сізге өлең – тақпақты
Жатқа айтып береміз.

Еркін: Шуағыңды сепкен
Күнімізсің әже.
Жұлдыздарың боп,
Айналамыз әже.

Ілияс: Менің әжем, гүл әжем.
Алтын әжем, күн әжем.
Ана үшін, мен үшін,
Нағыз ана тілі - әжем.

Ән: « Әжетайым»

Тәрбиеші: Рахмет Сізге, Ару көктем!
Осы күнді бар бала
Тағатсыз – ақ күткенді,
Сыйлықтарын сіздерге
Сыйлайтұғын сәт келді.
Біздің балалар да аналарына, әжелеріне өз қолдарымен дайындаған кішкене сыйлықтарын сіздерге сыйлауға рұқсат етіңіздер.

Балалар аналарына сыйлықтарын ұсынады.

Тәрбиеші: Құрметті Әжелер мен аналар! Сіздерді көктемнің шуақты күнімен бірге келген төл мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймыз! Дүниеде ананың ыстық алақанынан артық еш нәрсе жоқ.
Өмірге бізді келтіріп,
Жарық дүние сыйлаған.
Жамандыққа баласын.
Ешқашан да қимаған.
Көрмесін қайғы балалар,
Аман болсын аналар!- дей келе бүгінгі «Мерекеңмен анашым!» атты ертеңгілігіміз аяқталды. Келгендеріңізге көп рахмет.
Кері қайту
Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Абайдың қара сөздері, Ашық сабақ, Бастауыш, Информатика, Мақала, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері, Ресей, Русский язык, Сабақ жоспары, Тәуелсіздік, Физика, Химия, абай құнанбаев қара сөздері, абай құнанбайұлының қара сөздері, ана тілі, ағылшын тілі, бала-бақша, балабақша, бастауыш сынып, баяндама, биология, география, дүниетану, жыр, математика, нақыл сөздер, презентация, сайыс, сайыс сабақ, сценарий, тарих, тақпақ, технология, тәрбие сағаты, Қазақ әдебиеті, Қазақстан, қазақ тілі, қазақ тілінен сабақ жоспары, қысқа мерзімді жоспар, өлең

Барлық тегтерді көрсету
×