Сайтқа кіру Тіркелу

Аманкелді

Тоғыз cyретті драма

ҚАТЫСУШЫЛАР:

Аманкелді – он алтыншы жылғы қозғалыс бастығы, батыр.
Мұқан. Сейіт – Аманкелдінің үзеңгі жолдастары.
Андреев – орталықтан келген жұмысшы, коммунист.
Мәмбет – оқытушы, коммунист.
Баян – бұл да.
Қамар – оқытушы қыз.
Әсия – қызметкер қыз.
Абдол – наборщик.
Қайдар,
Серке,
Құлатай – ауыл қазақтары.
Кәрім – Аманкелдінің көмекшісі.
Ахмет
Міржақып,
Шоңмұрын,
Мырзағазы,
Кенжеқара – «Алаш» бастықтары.
Тайбай – Міржақыптың көшірі.
Әбіш – Міржақыптың адъютанты.
Айбала – Міржақыптың әйел і.
Аманбай – болыс.
Әзірет.
Хан.
Тағы басқалар.

БІРІНШІ СУРЕТ

Ортада кеңсе бөлмесі. Екі есігі бар, бірі тысқа, екіншісі бөлмеге шығады. Кеңсе бөлмесінде Сейіт пен Мұқан. Сейіт қамшы ондап отыр. Мұқан жалбаланған ескі қысса оқып тұр. Аз тыныс.

Сейіт (орнынан тұрып, қамшысын білемдеп). Жаңа келісті білем... Мұның да керек орны болады, шырағым. Оқып тұрғаның «Қыз Жібек» емес пе, әй? Төлегенмен қосылған жерін соғып жібересің бе?

Мұқан. Ғашық па ең?

Сейіт. Қыссаның екі - ақ жерін жаратам: бірі соғыс, екіншісі ғашықтығы. Бірақ сол ғашық болғандардың мұратына жете алмай қалғандары - ақ өлтіреді.

Мұқан. Сен болсаң қайтер ең?

Сейіт. Мен болсам ба? Жауымның бәрін қырып салып сүйгеніме қосылар ем. (Жан - жағына қаранып, сыбырлап.) Біреуге көңілім ауып жүр, әй.

Мұқан. Кімге?

Сейіт. Осындағы Әсия дейтін қызға...

Мұқан. Сенің тәлкегіңе көнбес ол қыз.

Сейіт. Неге? Әлде өзіңді құдай ұрып қалып па еді? Кешегі күлісулеріңді жек көріп ем. (Мұқанды иығынан тартып.) Әй, шыныңды айт, түйісіп қалып жүрмейік. Мен саған одан зорын да қиям. Қайтейін... (Сейіт қайғырған болады.)

Мұқан (қадала қарап). Мазағыңды қоймасаң менен бір тартарсың сазаңды!

Сейіт (күліп). Қойдым, қойдым... Өзі соқтыққан әйел болмаса, сен... (Тыстан Әсия кіріп, үй ішін жиюға айналады.)

Сейіт (Мұқанды түртіп қойып, Әсияға). Қабағыңыз тым жабыңқы екен, қайғырудан саумысыз, қарындас?

Әсия (кеңсе үстелдерін дұрыстап қойып жүріп). Орынсыз қайғыру өз басыңыздан кетпесін!

Сейіт. Қыз қарғаса семіре беретін сайтаным бар.

Әсия. Байқаңыз, жазым боп жарылып кетіп жүрмеңіз.

Сейіт (Мұқанға сыбырлап). Шыға тұр деймін, сөзім кетіп барады. (Сейітке кейіген түрмен қарап Мұқан шығады, Сейіт Әсияға.) Көмекейіңде бір нәрсе бар секілденіп сөйледің - ау қарындас.

Әсия (бұрыштағы үстелге отырып). Жоққа дәмеленеді екенсіз.

Сейіт (орындық әкеп Әсияға жақындап отырады). Қызға салған қармағым қаппай қалған жігіт емес ем.

Әсия. Бұл отырысыңызға жол болсын!

Сейіт. Қолдамақ сізден болсын. Қарындасқа көңілдің қалауын сездірсем деп...

Әсия. Сезе алмай қалып жүрмесек.

Сейіт. Әңгіме – сездіре білуде ғой.

Әсия орнынан тұрып кете берем дегенде, Сейіт шап беріп білегінен ұстайды.

Әсия (сұрлана түсіп). Мұныңызды не деп білемін?

Сейіт. Сездіре бастағаным... Отыршы өзің.

Әсия (қолын жұлқа тартып). Тәлкек керек болды ма? Кім көрінгеннің тәлкегінде жүретін қорғансыз қыз деп отырсың ғой ойың? Жақсы, Көкемнің алдында сөйлесейік.

Сейіт (шошынып). Ау, Әсияжан... Әзілге ашуланғаның ба?

Әсия. Әбден ашуланам! Айтпай қоймаймын Көкеме!

Сейіт (қысылып). Апырмай, енді... тым болмаса арам көңілім болса екен - ау. (Көпке қарап.) Көкемнің құлағына тисе, сорымның қайнағаны ғой! (Күрсініп, кетуге айналғанда Мұқан кіреді. Сейіт оған сыбырлап.) Бүлдіріп алдым. Көкеме айта көрмесін, сен ие бол.

Сейіт кетеді. Мұқан Әсияға күлімсіреп қарайды.

Мұқан. Ұрсысып қалдыңдар ма?

Әсия. Жоқ - ау, мінезі өрескел өзінің, тарпа бас салады кісіге.

Мұқан. Арамдық ойы жоқ болар, ауыр алып жүрме көңіліңе.

(Мұқан босағада тұрған мылтықты алып, шығады.)

Әсия (аз тұрып, күлімсірейді). Тым қысып жібердім бе байғұсты. Көкеме айтам дегенімде көзі ұясынан шыққандай болды. Жоқ, сөйтіп сескендіріп қоймасам, өзі тым... (Кішкене үстелге отырып, қағазға айналысады. Аз отырып басын көтереді.) Әлде шын ойы бар ма екен? (Күлімдеп.) Шын ойын дұрыстап сездіре алмайтын топас жігіттер жоқ дейсің бе. (Бірсыпыра жазып, қолы илікпей, жазғанын оқиды.) Әсия Шыныбай қызы... Енді не жазсам екен? Тоқта, өлең шығарайын оған.

Көрші бөлмеден Қамар шығады.

Қамар. Әсия - ау, Мәмбет бір жаққа кеткен бе? (Әсия жазып отырған қағазын жасыра қояды. Қамар жақындап.) Неге жасырасың? Жазғандарыңды көрсетіп отыр дегенім қайда?

Әсия. Әшейін еді.

Қамар. Әшейін болса да көрсет. Жаман жазған екенсің деп кетеді деймісің?.. Қатаң болса, дұрыстап берем. Кітабыңды оқыдың ба бүгін?

Әсия. Қамар - ау, соған тіпті, уақытым жоқ.

Қамар. Уақыт табу керек! Бәріміз де сен құсап жүріп оқығанбыз.

Әсия. Сен де мендей болдың ба, Қамар - ау?

Қамар. Сенен де ауыр күйде болдым. Әбдіғалім деген учительдің балаларын арқалап есіріп, тамағымды асырадым. Сөйтіп жүріп орыс тілін үйрендім.

Әсия. Бәтір - ай... (Қамар өз бөлмесіне кетуге айналады.) Қамар - ау, сенен бірдеме сұрармын деп ем.

Қамар. Не туралы еді. Сұрай ғой. (Әсия ұялған адамның түрімен төмен қарайды, Қамар оған жақындай түсіп, шашын сипайды.) Ұялшақсың Әсия. Менен ұялуың орынсыз ғой. Әкел жазуыңды көрсетіп берейін.

Әсияға жазу көрсетіп беріп, Қамар кетеді.

Әсия (аз отырып). Туған апамдай көрем - ау. Тіпті одан да жақын көрем бе - ay өзін... Жылап өскен сорлы ем, көз жасың құрғады - ау ақыр. Мәмбетті туған ағам секілді көрем; «қызым, ә қызым» дегенде, төбем көкке екі - ақ елі тимейді. (Ойланып, күлімсіреп.) Мәмбетті сұрайды келіп, сұрайды келіп. Қамарды айтам - ау... Қызық өздері: бетпе - бет келсе, «сіз - біз» деп сызылады да қалады. Әзілдесіп ойнағандарын бір көрген емеспін. Одан да Сейітке ұқсап... (Кенет бұртиып.) Қойшы,. соны несіне дәріптеймін..

Қағазына үңіледі. Тыстан Қайдар мен Серке кіреді.

Серке (Қайдарға). Сұрашы деймін: біреудің пәтеріне кірген болмайық.

Қайдар. Амансыз ба, қарындас... Қаталаспасақ, осы үй мәкәмә болар, ә?

Толық нұсқасын жүктеу
Кері қайту
Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Абайдың қара сөздері, Ашық сабақ, Бастауыш, Информатика, Мақала, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері, Ресей, Русский язык, Сабақ жоспары, Тәуелсіздік, Физика, Химия, абай құнанбаев қара сөздері, абай құнанбайұлының қара сөздері, ана тілі, ағылшын тілі, бала-бақша, балабақша, бастауыш сынып, баяндама, биология, география, дүниетану, жыр, математика, нақыл сөздер, презентация, сайыс, сайыс сабақ, сценарий, тарих, тақпақ, технология, тәрбие сағаты, Қазақ әдебиеті, Қазақстан, қазақ тілі, қазақ тілінен сабақ жоспары, қысқа мерзімді жоспар, өлең

Барлық тегтерді көрсету
×