Сайтқа кіру Тіркелу
загрузка...

Мұхтар Әуезов

Мұхтар Әуезов (1897-1961 ж.ж.)

Мұхтар Омарханұлы Әуезов қазіргі Семей облысының Абай ауданында (бұрынғы Шыңғыс болысы) 1897 жылғы 28 қыркүйекте дүниеге келген. Әкесі Омархан, атасы Әуез – екеуі де хат танитын сауатты, бала тәрбиесіне салғырт қарамайтын сарабдал, салиқалы адамдар. Оның үстіне Әуез де, Омархан да Абаймен көңілдес, ауылдары іргелес, сондықтан ақынның айналасымен аралас-құралас тіршілік кешіпті. Мұның өзі Мұхтардың қаламгерлік қызметінде, керек десеңіз, тіпті, бүкіл таланты мен талайында шешуші рөл атқарған.

1904 жылы дүниеден Абай кетіп, «Қазақ поэзиясының күні тұтылған» тұста, жетіге жаңа толған жас мұқатардың күллі ұлты мәдениетіне ұлы тұлға, алтын діңгек болар болашақ алып суреткер екенін, әлбетте, ешкім біле қойған жоқ-ты. Енді ойлап қарасақ, Абай мен Мұхтардың бұл әдеби жалғастығында Пушкин мен Лермонтовтың рухани туыстығындай бір тамаша туыстық бар екен.

Асылы, шын мәніндегі шынайы таланттың әдебиетке, яки өнерге келу тарихында жалпыға ортақ табиғи заңдылықпен қатар, өзгеге ұқсамайтын оқыс, оқшау құпиялар да болады. Бұл ретте бала Мұхтардың алғашқы сауатын әдеттегі әліппемен емес Әуез атасы ұсынған Мүрсейіт қолжазбасындағы Абай өлеңдері арқылы ашуы – арнайы назар аударарлық нәрсе!

Он бір жасында әкесі қайтыс болады да, Мұхтар ауылдан қалаға - немере ағасы Қасымбектің тәрбиесіне көшеді. Осыдан былай қарай оның оқу-білім жолындағы біршама ұзақ (1908-1930) сапары басталады. Алдымен, Семейдегі орыс гимназиясында бес жыл, мұғалімдер даярлайтын семинарияда төрт жыл оқиды. Бұл Мұхтардың алаңсыз кітап соңына түскен – орыс әдебиетімен, Батыс Еуропа классикасымен етене, кең және терең танысқан жылдары еді. Өзі де сөз өнеріндегі алғашқы адымымен осы тұстан бастап, қысқа-қысқа өлең, шағын-шағын әңгімелер жазып жүреді. Оқуда өте ынталы, қабілетті, ізденгіш, еңбекқор, озат шәкірт болады. Семинарияда орыс тілінен сабақ берген Василий Попов бұл туралы былай депті:

- Алдымен партада отыратын он сегіз жасар сыпайы, сұлу жас қазақтың денесі сыптай түзу, киімі тап-таза, қою шашы қап-қара, кең маңдайы кере қарыс, қоңырқай жүзі байсалды, маңғаз, көзінде ақыл тұнып тұр. Қадір-қасиеті өз ортасынан өзгеше бөлек осы жігіт орысшаға өте-мөте жетік; ал эрудициясына бәріміз таң қалатынбыз.

Бұл Қазан төңкерісінен кейін дүниеге келген жаңа өкіметтің алғашқы жылдары еді. Мұхтар Әуезов қаламгерлік еңбекпен қатар бірнеше жыл қоғам өміріне араласып, әуелі Семей облыстық кеңесінде, кейін Орынбордағы Қазақстан Орталық атқару комитетінде ресми қызметтер атқарады да, одан әрі оқуын қайта жалғастырады. 1922 жылы Ташкент мемлекеттік университетінде өз бетімен тыңдаушы болып түседі, бір жылдан соң Санкт-Петербург университетінде ауысып оның филология факультетін 1928 жылы бітіреді,ақыр аяғында Орта Азия мемлекеттік университетінде Шығыс факультетінің аспирантурасын оқып аяқтап шығады (1930).
Кері қайту
Пікірлер: 0
Пікір білдіру
загрузка...
Абайдың қара сөздері, Ашық сабақ, Бастауыш, Информатика, Мұқағали Мақатаев, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері, Русский язык, Сабақ жоспары, Тәуелсіздік, Физика, Химия, абай құнанбаев қара сөздері, абай құнанбайұлының қара сөздері, ана тілі, ашық тәрбие сағаты, ағылшын тілі, ағылшын тілінен сабақ жоспары, бала-бақша, балабақша, бастауыш сынып, баяндама, биология, география, дүниетану, математика, математикадан сабақ жоспары, презентация, сайыс, сайыс сабақ, сауат ашу, сценарий, тарих, тақпақ, технология, тәрбие сағаты, Қазақ әдебиеті, қазақ тілі, қазақ тілінен сабақ жоспары, қысқа мерзімді жоспар, өлең

Барлық тегтерді көрсету