Сайтқа кіру Тіркелу

Үкілі Ыбырай

Ұлы Дала елінің дарабоздары
ҮКІЛІ ЫБЫРАЙ
Ақын, аса көрнекті композитор, кезінде алдына жан салмаған әнші Үкілі Ыбырай. Оның «Үкілі Ыбырай» атануының себебін «Өзім жайлы» атты өлеңінде бабамыз өзі айтып кетіпті:
«Аралап талай елдің дәмін таттым,
Сұлудың асқақ әнмен бабын таптым.
Қалаған Сәмекеден қара қалпақ,
Қос буын шекесіне үкі тақтым», – десе қара қалпақтағы қос буын үні домбырадағы қос буын үнімен достасып, бірге үндесе желбірегендей көз тартып «Үкілі Ыбырай» атанды.
Біржан сал, Ақан сері секілді өз заманының еркесі болып, әндетіп дабылдатып өтсе де ақынның өмірінің соңғы кезеңі ХХ ғасырдың отызыншы жылдары әкелген зұлматтың құрсауында өтті. Голощекиншіл «ұр да жық» белсенділердің «асыра сілтеген» әрекеттері елді ашаршылыққа ұшыратты. Ұжымдастырудың зардабынан байғұс қазақтың жайлауында жаны, қыстауында қаны шықты. 1929 – 1932 жылдарғы қырғын аштықты көзі көрген ақтангер ақын ел мұңын ашық айтып, сұқ көзге түсті. Ащы тілі шымбайларына тиген ауылдағы шенділер соңына шырақ алып түсті. 1933 жылы Қазақстанды басқаруға Л. И. Мирзоян келіп, жағдайды түзей бастағанша, 1932 жылы Үкілі Ыбырай «халық жауы» атанып, атылып кетті.
Үкілі Ыбырай Сандыбайұлы осы күнгі Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданына қарасты № 5 ауылында 1860 жылы дүниеге келді. Кеңес үкіметі кезінде бұл ауыл «Өскен» деп аталды. Жалғызтаудың бауырын жайлаған Жақсылық қарауылынан шыққан ақынның ата тегі Деріпсал Сәбденнен тарайды.
Үкілі Ыбырайды сипаттағанда Сәкен Сейфуллин:
«Әні бар „Гәкку“ деген аңқылдаған,
Аққудай айдын көлде саңқылдаған.
„Кідігай“, „Қалдырған“ мен „Маңмаңкерді“,
Ырғалтса керней даусы қарқындаған», – деп Шаляпинге теңесе, бұл Ыбыкеңнің жетпіске тақап қалған шағы.
Біржан сал жас Ыбырайды алғаш рет тыңдағанда Ақан серіге қарап: «Ақанжан - ай, ертіп келген шәкіртіңе қанықтым, шын бақытты жан екенсің: қазақта жылқының перісі Құлагер саған бұйырса, ақынның перісі осы інің болар. Қазақ әнінде өзім жеке дара тұрмын, өзгелерге Ыбырай жеткізбес», – деген.
Үкілі Ыбырайдың төл шәкірті Молдахмет Тырбиұлының айтуынша, ол алдына жан салмаған әншілігімен қатар, қай сайысқа салсаң да дес бермейтін білімдар, тапқыр, ағынды айтыс ақыны. Оған қоса қаламгерлігі де мол, араб, парсы тілінде оқи білген, өте зерек болған көрінеді. Ыбекең хат танығаннан кейін қолына түскен кітапты жаттап аларлық өнер көрсетіпті. «Мұңлық - Зарлық», «Қыз Жібек», «Жүсіп пен Зылиха», «Тотының тарауы», «Сейфул Мәлік», «Мың бір түн» іспеттес лира - эпостық, батырлық һәм ғашықтық жырлары мен қисса - дастандарды жатқа өз әуенімен айта білген. Әсіресе, «Ер Тарғын” мен „Мың бір түнді” әнге қосып жатқа айтуға жалықпапты. Кейде қара сырнаймен, кейде үкілі домбырасымен қоса шырқап, поэзияның желісіне қарай ән мақамының өрісін жатық үйлестіре білгені үлкен өнер. Ұзақ дастанды әндеткенде, кейде қолындағы домбырасын жерге қоя салып, тақпақтатып кетіп, отырған жерінен ілгері - кейін жылжып қызғылықты қимылдармен жалықтырмас даланың дара әртісінше тыңдаған жанды жіпсіз байлағандай баурапты. Бойға қонған жан - жақты өнердің арқасында ауыз әдебиетінен әбден сусындап, жазба әдебиетіне иек артып, өз ақындық өрісін кеңейте білгені біз үшін сонау алыстан айдай анық көрініп тұр.
Үкілі Ыбырайдың өзіне үлгі болған Арыстан, Орынбай, Шал ақын, Сегіз сері, Тезекбай, Шөже, Нұркей, Біржан сал, Ақан сері, Мұстафа сияқты саңлақтардың әндерін, айтыстарын ел арасына тарата білгендігі бір төбе. Қолына домбыра алғанда мынау Орынбайдың, мынау Біржанның, мынау Ақанның домбыраны қолдарына алғандағы өз ырғағы, өз құлақ күйі деп, әрқайсысының өз әуезімен, әуенімен, өздері сүйген сарынымен орындауға жетіктігін шебер көрсете біліпті. Молдекеңнің өзі де ұстазынан көргенін бұлжытпай қайталап елге таратып кеткені Есіл мен Көкше өңіріне аян.
Ыбекең тек қана ауыз әдебиетінің өкілі емес, ол өзінің ең жақын һәм жанашыр пір тұтқан ұстазы Ақан сері секілді суырып салма төкпе де, ойланып жазар жазба да ақын. Ыбырайдың ақындық талантынан әншілік дарынан да бөле жаруға болмайды. Ол алдындағы ұстаздары Біржан сал, Ақан серіге еліктеп алғашқы өлеңдерін де әнімен қоса шалқытты. Уыз туындылары ғашықтық сарында, әзіл - күлкі ауқымында дәстүрлі лириканы байытқаны анық. Қазақтың ежелгі салты бозбалалықтың қызығын күйттеу Ыбырайға да бастау берді. Шөбектің Мұқанының Мәлике атты сұлу қызын, бір жиында Ақан серінің ойынды басқару салты мен нұсқауы бойынша, алқа топта бірінші болып қасына өлеңмен шақырыпты.
“Бозбалаға бұл бір сын жеке - жеке,
Әркімнің қасындағы сәулесі ерке.
Бұйрығы ханзаданың екеу емес,
Жаныма келіп отыр, ей, Мәлике», – деген өлеңі сонда туыпты. «Ханзада» деп отырғаны Ақан сері ғой, ол кісіні ағайын ел іші әуелі «ақ жігіт» деп атап, артынан «Ақан аға» деуге көшті. Ал, бұл Мәликеге байланысты шумақтың жарық көруіне ол кезде жігіт ағасы болып қалған Ақан серінің жастардың ойынын бастап беріп, бірінші кезекті сенімді шәкірті Ыбырайға сілтеуінде жатыр. Жас Ыбырай: «Көсем қиында, шешен жиында» дегендей, көш бастап, өзі міндетін атқарыпты. Ол нағыз ішкі сенім мен қанына туа біткен жүректіліктің белгісі. Міне, сол сәтте шыдай алмай буыны босап, күміс шолпысын әсем үнмен сылдырлата, сызыла басып, сиқырлы сылқым Мәлике сұлу ашық ажарын жайната түсіп, жас ақын Ыбырайдың қасына отыра кетіпті. Сол ғажайып жастық шақ деген асыл дәурен озған сайын өлеңі де маңызданып, жанға жайлы, көңілге жылы тиер дәрежеге жете бастайды.
«Ән салып сері болып талаптандым,
Ақылын тыңдау қайда барлық жанның.
Он үш жаста ән салып ел алдында,
Жолына түспей кеттім дүние - малдың», – деп өзінің ана сүтімен ере келген ақындық, әншілік өнеріне белді бекем буғанын ұғымға жеңіл, жинақы тілмен осылайша қиыстырыпты. Әкесі Сандыбайға тартып ұста болмады, немере ағасы Әбілге еліктеп саясатқа кіріспесе де, ақындықтың сұрша құсы жебеп өнер жолына сиқыр күшпен еліктетті.
Өмір өрісіндегі жаңа белесіндей ақынның «Жиырма бес» атты өлеңі жарқ етті. Міне, ақындық жолында ауызға іліктірген бастамасы осы еді.
«Қызды ауылдың сыртынан,
Қылаң еткен жиырма бес.
Қызды көрсем қиқайып,
Құлай кеткен жиырма бес.
Суға келген жеңгейге,
Ұнай қалған жиырма бес.
Жеңге халің қалай деп,
Сұрай қалған жиырма бес.
Бесіктегі баладан,
Алғыс алған жиырма бес.
Төрде жатқан кемпірден,
Қарғыс алған жиырма бес…» – деп төгілте жөнелсе, ақындық қуаты да жасына қарай жаңарып, жауқазын гүлдей құлпыра түсіп, көз тарта бастағанын айқындайды. Бұл кезде суреттеу тәсілі, бейнелеу әдісі келесі бір биік белеске көтеріле бастады.
Үкілі Ыбырайды жақсы білетін классик жазушымыз Сәбит Мұқанов: «Қарақат көзді» деген өлең 50 – 60 ауыздай бар. Бәрін де: «Қарақат көзді», – деп бастайды. Бұл өлең осы күнгі махаббатшылардың өлеңдерін маңайына отырғызбайды, – деп жазған екен. Одан артық не айтпақпыз.
Не десек те, поэзияның бұл кесек үлгісінде Үкілі Ыбырайдың ақындық ерекшелігін тауда өскен әсем шынардай, алыстан айқын танытқандай тамашалық бар. Ақын сөзін өз әнімен шырқасақ, қазақтың керемет әні, ал романс сазына салсақ, өз көркемдігін, сезімталдығын, толқымалығын аша түсетіні сөзсіз. Жалғыз өлең ұзақ поэмадан кем емес, шағын роман, даланың романсы секілді. Бұл өлеңді тамаша поэма дәрежесіне жеткізу білу де үлкен шеберлік. Мұхтар Әуезовтің «аз көлеммен көп мағына беретін шеберлігін» академик Зейнолла Қабдолов айтқандай, Ыбырайдың да ақын тілімен аз сөйлеп, көп ой қозғай білгіштігі көп өлеңдерінде соқырға таяқ ұстатқандай көрініп тұр. Шеберлік деген ұғымның шырқау шебі де осы шығар.
Үкілі Ыбырай Абылай ханның батыры атанған Сәбден дауылпаздан тарап, немере ағасы Әбіле Шыңғыс Уәлиұлының хатшысы болып, өзі атақты ақын, әнші ретінде дүниенің қызығын көріп, көрешектің есесін қайтарғандай ән - жырын іркілмей төгілтіп өтсе де, оның тағдырының қиындығы да зор болды. Әсіресе, жасы ұлғайған кезде жазған өлеңдерінде сол баяғы ерке екпінмен өмір шындығын бояусыз, бүркемесіз шертеді. «Сұм дүние сумаңдаған сен бір қақпас, үйінде сені қуған үш күн жатпас», – деп тегіннен - тегін айтпаған ғой. Біреулер үйінде үш күн жатпай, қара бастың қамын ойлап шылқып жүр, біреулер бұрынғыдан жүдей түсті, әне, сондайды байқағыштығы тебіреністің ашық түрі болып ет - жүрегін жарып шығады. Ақынның әлеуметтік сарындағы өлеңдері толағай толғаулар іспеттес аз сөзбен шексіз ұғым береді.
Бұл пәлсапалы толғаныс қай заманда болсын өз құндылығын жоймайтын ойлы көкіректен туған жан сыры. Ыбекеңнің ақыл - ойға толы терең психологиялық толғаныста туған өлеңдері да баршылық.
«Шаш алмас өтпес пышақ қайрағанға,
Томар су суат бермес жайлағанға.
Талықсып қорғасындай денең балқыр,
Таңертең қара торғай сайрағанда», – деп теңізде жүзіп бара жатқан нән кемедей асықпай, саспай кемеліне келе тебіренер жерлері сүйсіндірмей қоймайды.
Одан кейін:
«Қызығың дүние өткен күн,
Кейінгі қуып жеткен күн.
Байланбаған асаудай,
Сырт айналып тепкен күн», – деп өмірінің шуағы өтіп, шөлейтті келеңсіз кезеңдері тебірендіре бастағанын үлкен күрсініспен айта білуі нағыз шеберлік.
«Жолдас болсаң жақсымен,
Терең ойлы, ақылы кең.
Кішіпейіл сыр шашпас
Мінез, білім келсе тең», – деп, өмірдегі үзеңгілес, сырлас, сыйлас болар жолдасың қандай болуын жырласа, мінезге білім сайлығы қажеттілігін әдемі келтірген. Бұл мың түрлі сарында ерте де, кеш те айтыла беретін тақырыптың ол кездегі поэзиямызға қосылған ойлы үлесі деп түсінерлік туынды.
Ақынның поэзиялық ерекшеліктері туған жері, өмір сүрген қоғамдағы ортасы, соған байланысты әлеуметтік һәм саяси құбылыстарды өз жүрегінен өткізіп, өзінше тебіреніп көңіл күйін, жүрек сезімін, ақыл - ой толғаныстарын ақ қағазға түсіре білуінде жатыр. Ерекшелік деген әркімнің өз болмысы, өз мінез - құлқының айнадағы бейнесіндей көрініс қой. Өмірде қаншама адам бар, соншама мінез - құлық бар, стиль – деп аталатын айқындауыш түрі бар. Сол стильде ақынның да ерекшеліктері әр теңіздің өз тасқынындай толқын ұрып жағалауға жетіп жатады.

әзірлеген
Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
Кері қайту
Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Абайдың қара сөздері, Ашық сабақ, Бастауыш, Информатика, Мақала, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері, Ресей, Русский язык, Сабақ жоспары, Тәуелсіздік, Физика, Химия, абай құнанбаев қара сөздері, абай құнанбайұлының қара сөздері, ана тілі, ағылшын тілі, бала-бақша, балабақша, бастауыш сынып, баяндама, биология, география, дүниетану, жыр, математика, презентация, сайыс, сайыс сабақ, сауат ашу, сценарий, тарих, тақпақ, технология, тәрбие сағаты, Қазақ әдебиеті, Қазақстан, қазақ тілі, қазақ тілінен сабақ жоспары, қысқа мерзімді жоспар, өлең

Барлық тегтерді көрсету
×