Сайтқа кіру Тіркелу

Жан қазынасы да өлшенеді

Жан қазынасы да өлшенеді
Абай атамыз «Адам» ұғымына сипаттама беріп, оның қалыптасу және даму сатыларын анағұрлым ашық сипаттаған еді. Сонымен қатар адамдық сипаттар немесе қасиеттер ретінде өзі үшін емес халық мүддесі үшін өмір сүрудің маңызын «өзі үшін өмір сүрген адам өз бетінше оттаған хайуанмен тең, ал көпшілік үшін тіршілік ететін адам «нағыз адам» дегенді келтіреді."Адам кемелдігі неде? Бақытқа қалай жетуге болады? деген сұраққа әл - Фараби білім мен іс - әрекет арқылы жетуге болатындығын айтады. Бақытқа жеткізетін барлық іс - әрекеттер мен қызмет әрқашан қайырымды. Әрекетшіл жанның мақсаты - әдейі көзделген ұмтылыс болуға тиіс. Оған іскерлік пен көрегендікті, яғни дүниені тану қабілетін бойына дарыту ұмтылысы ұйытқы болады. "Адам қайырымдылық, сұлулық, игілік және ұлылықты басқа адамдардан емес, өзінің жаны мен тәні арасындағы барлықтан алса, ол шынымен де қайырымдылық пен бақытқа қол жеткізеді". Қайырымды жан — ақыл - парасаттың, адам бақыты мен бақ - дәулетінің күрескері. Қайырымдылық - табиғи бейімділіктің іс - әрекетпен ұштасуы, маңызды міндет - мұрат үшін жігер мен табандылық көрсету. Адамның осы қасиетін ата - бабамыз ұрпағына қаншалықты жұғысты екенін, оның тал бойында бар - жоғын, өресін үнемі сынап, өлшеп безбендеп келген. Мен жан қазынасына қатысты бірнеше безбендік сауал ұсын -- амын. Әуелі өзіңізді, онан соң ұрпағыңызды безбендеп көріңіз
1. Адам ба адам өз пайдасын күйттеген. Адам нағыз ел пайдасын діттеген. Өз пайдаңнан гөрі, ел пайдасын ойла. Қайырымды бол! (Ж. Баласағұн.)
а). Сіз өз пайдаңыздан гөрі ел пайдасын артық ойлайсыз ба? (Иә - 1, 0. Жоқ - 0, 0)
ә). Сіз өз пайдаңыздан ел пайдасын кем ойлайсыз ба? (Иә - 0, 0. Жоқ - 1, 0)
б). Сіз өз пайдаңызбен ел пайдасын тең ойлайсыз ба? (Иә - 1, 0. Жоқ - 1, 0)
2. «Адамдар үшін адал қызмет жасай алдым ба? Мінез - құлқым жұртқа жайлы ма? Достарыммен қарым - қатынаста адалмын ба? Маған үйреткенді қайталап айтып, өнеге алып отырамын ба?», – деп мен өзімнен күніне үш рет сұраймын. (Конфуций)
а). Осы сауалдарды өзіңізге қойып көрдіңіз бе?(иә - 1, 0. жоқ - 0, 0)
ә). Мінез - құлқыңыз жұртқа жайлы ма? (Иә - 1, 0. Пәс - 0, 5. Білмеймін - 0, 0)
б). Үйренгеніңізді еске түсіріп, өнегеңізді байқай аласыз ба?(Иә - 1, 0. шамалы - 0, 5. Жоқ - 0, 0)
в). Адамдар үшін адал қызмет жасай аласыз ба?(Әлбетте - 1, 0. Шамалы - 0, 5. Мардымсыз - 0, 0)
3. Қайырымдылықтың ең абзалы – мұқтаж жандардың қажетін өтеу. Мәселен: қарызы көптің қарызын өтеп беру, жетімдерге, мүгедектерге, қарттарға т. б. қайыр - садақаға лайықты жандарға материалдық көмек көрсету. Қазақ халқында сақталған игі дәстүрлер - дің бірі – жылу жинау. Ағайынның, ауылдастың немесе кез келген адамның басына күн туғанда оған жанашырлық танытып, қаржы, көмек жинап береді. Мысалы, су тасқыны, зілзала, өрт сияқты табиғи апаттарда, не бір адам ауыр науқастан емделуге қаржы таппағанда және тағы басқа да жалғыз өзі шеше алмайтын қиындықтарға тап болғанда қоғам болып бірге көтерісіп, жәрдем берген. Зардап шеккен отбасыларға қолдан келгенше көмек көрсетіп, мал жинап беріп, ыдыс – аяқ, киім – кешек, көрпе – төсек апарып, қол ұшын созған. Адамға жақсылық жасау, қайырымдылық көрсету – халқымыздың мақтан етерлік дәстүрлерінің бірі. Бұл дәстүр қазақ тіршілігінде түрліше іске асып отырған. Мысалы: Көрші - қолаңның, ағайын туыстың мініс аты өлсе, оның етін көпшілік болып бөлісіп, орнына бірігіп ат сатып берген. Алыс сапарға аттанғанда, кедейлерге ет - май деп азық - түлік, ұсақ малын уақытша болса да қарасып тұру үшін, мініске деп жылқы берген. Көлік - жай деп көшуге, малға жем - шөп даярлауға түйе беріп көмектескен. Сауын деп кедей - кепшіктерге жаз кезінде сауын мал берген. Ал, қазақта; қаза асы, сынық асы, көрші қақысы, сыбаға, ерудік, қолкесер т. б. тұрмыстық қайырым ғұрыптары өте ауқымды еді.
Қазақтың елде бар болса ерінге жұғады деуі осыдан. Қайырымдылық қазаққа тән қасиет.
а). Осы ғұмырыңызда жоғарыда аталған қазақтың қайырымдылық өнегесіне тап болдыңыз ба? Кең ойланып еске түсіріңіз. Оларға қамтылып қатыса алдыңыз ба? (Иә - 1, 0. Жоқ - 0, 0.)
ә). Ізгі ниет, ақ тілек, уыз батаның қайырымдылыққа қатысы бар ма? (Әрине - 1, 0. Жоқ - 0, 0.) б). Бес түрлі ізгі ниет, ақ тілек, уыз бата жазыңыз.(әр біріне - 1, 0 ұпай беріңіз.)
в). «Таудай бол!»- деп, кімге, неліктен айтады? Бұл - ниет пе, тілек пе, бата ма? (д - 1, 0. б - 0, 0)
4. Абай адам болам деген әрбір талантты жастың бойында адамшылықтың қандай нәрі, ізгілікті сипаттары басым болу керектігін алғаш рет «Ғылым таппай мақтанба» атты өлеңінде саралап берді. Бес нәрседен қашық бол, Бес нәрсеге асық бол, Адам болам десеңіз,- деп, толық адам немесе инсанияттың кәмелаттығы туралы тезис жазған - ұстаз.
а). Бес нәрсеге асық бол... (тізіп жазыңыз, толық жаза алсаңыз - 1, 0. бірі кем болса - 0, 5.)
ә). Бес нәрседен қашық бол...(толық болса - 1, 0. бірі кем болса - 0, 5.)
б). Мына өлеңді көзіңізді жұмып тұрып айтыңыз.(Бес нәрседен қашық бол, Бес нәрсеге асық бол, Адам болам десеңіз, Тілеуің, өмірің алдыңда, Оған қайғы жесеңіз. Өсек, өтірік, мақтаншақ, Еріншек, бекер мал шашпақ – Бес дұшпаның білсеңіз. Талап, еңбек, терең ой, Қанағат, рақым, ойлап қой, Бес асыл іс, көнсеңіз.) Енді. асық болатын бес нәрсені, қашық болатын бес нәрсені санамалаңыз. Адамда, дұшпан мен асыл іс арасын не бөледі? Сіз оларды айыра тани аласыз ба? (Иә - 1, 0. Жоқ - 0, 0.)
5. Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» еңбегінде адамның кемелдену жолдарын айқындайды. Оның барлық көріністері өлең жолдарында айтылады және оның сапалық белгілерін нақты көрсетеді: 1. Адам баласының қадір - қасиеті – білім мен ақылда. Ол адам кемелденуінің алғашқы жолы. Ғылым іздеу – мұсылманның бір парызы; 2. Тілдің пайдасы мен зияны бірдей; 3. Ізгілік – адамзат үшін ең қажетті қасиет; 4. Даңқ пен дәулетке мастанба, ол бір орнында тұрмайды; 5. Әділеттің жолын қу, шыншыл бол; 6. Сараңдық пен ашкөздіктен аулақ бол; 7. Иттердің басшысы арыстан болса, иттер де арыстандай күркірер, ал арыстандардың басшысы ит болса, иттің тірлігін қылар; 8. Тексіз кісі уәзір бола алмайды. Бек қандай болса, уәзірі де сондай; 9. Намысшыл ер бол; 10. Өз пайдаңнан гөрі ел пайдасын ойла. Қайырымды бол! Кісі кемелдігінің дәрежесін көрсететін осы он сапаның өз бойындағы шама - шарқын безбендеп көр. Оныншысын жоғарыда жеке көрсеттік. Қалған тоғызын өз қалауыңа қалдырдым. Толық жауабы келесі кеңесте айтамын. «Үй тапсырмасы»
ауыр екені анық. Алайда қолдан келетін, азаматтың әлі жететін дүние. Үлгі ретінде, «Әділеттің жолын қу, шыншыл бол» – деген, бесінші түйіннің безбендік көрсеткішін көрсетейік. Адалдық – сөздің таным мен сенімге ұштасуы оның іс әрекетке қайшы келмеуі. Шыншылдық адамның азаматтық борышына, ар - ұжданына қалтықсыздығы. Адал да шыншыл әділетті болу - еңбек пен білім алуға жалпы іс әрекетке дұрыс көзбен қарау, инабатты тіршілікте тиянақты принципті бөлу деген сөз.. Адалдық пен шыншылдық бар жерде әділет, кішіпейілділік, қайырымдылық та еріп жүреді, бұлар кісінің аты мен абыройына дақ түсірмейді.. Мұхаммед пайғамбар адалдық пен шыншылдық туралы хадистерінде былай деген:«Уа, адамдар. Тәңірден қорқыңдар, риздық несібені адал жолмен табуға талпыныңдар. Ешкім өз несібесі таусылғанша өмірден өтпейді. Ерте ме кеш пе әйтеуір бір өлімнің бары хақ. Сондықтан тіршілікте он жолда жүріп адалдыққа ұмтылыңдар, арамдықтан аулақ жүріңдер....
Шындықтан залал - зиян көресіңдер де әділ сөйлеңдер. Сонда береке табасыңдар. Пайда көріп тұрсаңдар да өтіріктен сақтаныңдар. Бәрібір өтіріктің құйрығы бір тұтам. Қауіп - қатер көрсеңдер де шындықты іздестіріңдер. Өйткені шындықта құтылу бар. Басың кессе де шындықты жақта...» Абай атамыз: "Адамшылықтың алды – махаббат, әділет, сезім"- деген. Абайда бұл үшеуі бірлікте, олар жеке - жеке күйінде жарамсыз. "Әділет ізгіліктің анасы", "Кімде әділет жоқ болса, оның ұяты да жоқ". Ал, ұят жоқ жерде, туыстық, бауырмалдыққа, махаббатқа орын жоқ. Себебі – ұят жоқтық барша адамгершілік қарыздарлық нормаларына сенімді жоғалтады: "Кімнің ұяты жоқ болса, оның иманы жоқ"Адамды ұят келтіретін барша жөнсіз істерден сырт ұстайтын, оған жібермейтін күш адамның бойындағы ұстамдылық. Бұл болмаса, ақыл қанша сезініп тұрғанымен, адам баласы ұят келтіретін қылықтан құр болмайды. Әріпте, ұятты сезінуге ақыл керек, егер ақылдың көзін қайратсыздық, әділетсіздік, жігерсіздік, байлаусыздық бүркесе, ақылды кісінің де адамшылдығы бұзылады. Сол үшін де Абай: "Адам баласының көбі ақылсыздығынан азбайды, ақылдың сөзін ұғып, Ақылдылық. аларлық жүректе жігер, қайрат байлаулықтың жоқтығынан азады", - дейді. Ал, А. Яссауи:«Әділетсіз зұлым патша болғаны - ай, Ордасына өңшең қудың толғаны - ай. Бірін бірі жиналысып қолпаштап, Су төгілмес жүр ғой бәрі жорғадай.»- деп, әділетсіздіктің қоғамдық кесірін көрсетеді. Әділеттің жолын қуып, шыншыл болудағы сіздің шанақты безбенделік.
а). Әділдік, адалдық. шыншылдық ұғымын түсініп, ұғына алдыңыз ба?(Иә - 1, 0. Жоқ - 0, 0.)
ә) Сіздің бойыңызда ұстамдылық қасиет бар ма?(Иә - 1, 0. Шамалы - 0, 5. әлсіз - 0, 0.)
б). Әділет ізгіліктің анасы екенін ұғынып, өмірде оны басшылық етесіз бе?(Иә - 1, 0. Жоқ - 0, 0.) в). Адамның азуы туралы Абай дананың өсиетін есте үнемі сақтайсыз ба?(Иә - 1, 0. Жоқ - 0, 0.)

Қобдабай Қабдыразақұлы (ғалым - жазушы) 06. 07. 2018
Кері қайту
Ұқсас жаңалықтар:
Әділет туралы ұлағатты сөздер

Әділет туралы ұлағатты сөздер

Заманның көз сал халіне. Халқыңның ойла пайдасын, Өзің үшін налыма... Басыңды тік бәйгеге,...
Қара сөздер. Абайдың он төртінші қара сөзі

Қара сөздер. Абайдың он төртінші қара сөзі

Тірі адамның жүректен аяулы жері бола ма? Біздің қазақтың жүректі кісі дегені - батыр кісі дегені. Онан басқа жүректің қасиеттерін анықтап біле...
Бес асыл, бес дұшпан

Бес асыл, бес дұшпан

Бес асыл, бес дұшпан Бес нәрседен қашық бол, Бес нәрсеге асық бол, Адам болам десеңіз... Өсек, өтірік, мақтаншақ, Еріншек бекер мал шашпақ, Бес...
Адамдардың қажетіне жарай біл!

Адамдардың қажетіне жарай біл!

Бәрі де адам бойындағы асыл қасиеттер мен мінезден басталады. Жақсы қасиеттерге қайырымдылық, мейірімділік, достық жатады. Адам дүниеге келгенде...
Адам бойындағы асыл қасиет

Адам бойындағы асыл қасиет

Солтүстік Қазақстан облысы Петропавл қаласы Қалалық классикалық гимназияның бастауыш сынып мұғалімі Абишева Камшат Сырымқызы...
Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Абайдың қара сөздері, Ашық сабақ, Бастауыш, Информатика, Мақала, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері, Ресей, Русский язык, Сабақ жоспары, Тәуелсіздік, Химия, абай құнанбаев қара сөздері, абай құнанбайұлының қара сөздері, ана тілі, ағылшын тілі, бала-бақша, балабақша, бастауыш сынып, баяндама, биология, география, дүниетану, жыр, математика, нақыл сөздер, презентация, сайыс, сайыс сабақ, сауат ашу, сценарий, тарих, тақпақ, технология, тәрбие сағаты, Қазақ әдебиеті, Қазақстан, қазақ тілі, қазақ тілінен сабақ жоспары, қысқа мерзімді жоспар, өлең

Барлық тегтерді көрсету
×